Б.Сағынтаев: Киноиндустрияны қолдау шараларын қайтадан қарап шыққанымыз жөн

240

Елімізде киноиндустрияға қатысты жаңа заң қабылданады. Үкімет отырысында отандық киноның  бүгіні мен болашағы талқыланды. Осы салаға еңбегі сіңген актерлер мен режиссерлер келелі кеңеске қатысып, пікірлерін білдірді. Қазақ киносының жеткен жетістігі мен кемшілігі қандай? Қандай өзгерістер қажет?

Министрлер кабинетінің бүгінгі мәжілісі бұрынғылардан өзгерек. Көбіне көгілдер экраннан көріп, кинодан тамашалайтын елге танымал өнер майталмандары Үкімет үйіне жиналды. Еңбегі ерен кадр сыртындағы режиссерлер де алқалы жиын ортасынан табылды. Әңгіменің әлқиссасын Мәдениет және спорт министрі тарқатты.

Министр есеп берген жарты сағаттың ішінде Үкіметтің мәжіліс залы кинотеатрға айналғандай. Арыстанбек Мұхамедиұлы отандық фильмдердің трейлерін көрсетіп шықты.

Елде жыл сайын 35 компания 250 кинокартинаны жарыққа шығарады. Оның ішінде телевизиялық және жеке жобалар бар. Соңғы үш жылда министрлік ұлттық фильмдердің өндірісі аясында 100-ден астам туынды түсірген екен.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

— Кинотеатрлардың жинауы 10 млрд теңгені құраса, оның 7%-дан астамы қазақстандық фильмдерден тұрады. Жалпы кинопрокатта отандық фильмдердің үлесі 6%-ды құрайды.

Отандық фильмдердің басынан әлі күнге дейін дау арылған емес. Қыруар қаржыға түсірілген «Көшпенділер» талай сынның астында қалды. О баста бірнеше серияға жоспарланған, кейін қысқартылған, кеше ғана жұртшылыққа жол тартқан «Алмас қылыш» туындысы да әупірімдеп жүріп әрең аяқталды. Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің айтуынша, даудың басы киноны түсіруге бөлінетін ақшаны кесіп тастаудан басталады.

Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі:

— Көп нәрсе жетіспей жатады. Смета бекітіледі. Соны кейде автоматты түрде жартысын қырқып тастайды. Сосын жартысын өздерін табыңдар дейді. Қайдан табамыз қазір. Қазір жөнді спонсорлар да жоқ.

Әшімов барлық режиссерлердің жанды жерін дөп басып айтты. Рүстем Әбдірашев те алдымен қолбайлау болған қаржы жайы шешілсе, көпшілік көңілінен шығатын дүниелер көп болатынын жеткізді.

Рүстем Әбдірашев, режиссер:

— Ел ағалары – сіздер қолдап, биыл дұрыс бюджет беріңіздерші. Өйткені қиналып жұмыс істейсің. Былай тартсаң аяғына жетпейді, аяғына тартсаң басына жетпейді.

Бюджет демекші, 2016 жылы «Қазақфильмге» 3,3 млрд теңге бөлінген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге аз. Жиында көтерілген тағы бір мәселе – елдегі кинозалдардың аздығы. Бас-аяғы 93 кинотеатр болса, көпшілік тек 247 экраннан фильм тамашалайды. Жылына орташа 9 млн адам киноға барады. Біздей 17 млн халқы бар Нидерландыда 900 кинозал бар. Бір жылда 33 млн адам кинотеатрға билет сатып алады. Тағы бір сорақылық, қазақтілді фильмдердің прайм-тайм кестесінен табылмауы.

Осы және өзге де өзекті проблемаларды шешу үшін енді киноиндустрияға қатысты заң қабылданатын болады. Тараптар пікірін таразыға салған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені жіті бақылауына алды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

— Кино – бұл бизнес. Әңгімені осыдан бастау керек. Егер қайтарымы болмаса, онда әрине даму болмайды. Сапалы туынды түсіру үшін тиісінше қаржыландыру қажет. Киноиндустрияны қолдау шараларын қайтадан қарап шыққанымыз жөн болар.

Киноиндустрияға қатысты заң қабылданса, бұл салада серпін болары сөзсіз. Сонымен қатар Премьер-министр аудан орталықтары мен моноқалаларда кинотеатрларды көптеп ашу қажеттігін айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Даму» қоры жергілікті жерде кинотеатр ашуға жеңілдетілген несие беру туралы ұсынысын да жасаған. Бірақ әзірге орнынан жылжыған көш байқалмайды.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Ержан Қанапияұлы

24.kz




3 thoughts on “Б.Сағынтаев: Киноиндустрияны қолдау шараларын қайтадан қарап шыққанымыз жөн

  1. Алтынай

    Қолдағаннан бұрын, не түсіргелі жатқандығын бақыласа, кино сапасына мән берсе, талап қойса…

  2. Шырын

    Ұлттық киноларды ғана қолдау керек, меніңше.

  3. Рүстем

    Қазақи киноларды арттырса, ең әуелі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *