2018 жылдан бастап Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізу жоспарлануда – Министр

1008

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BNews.kz .

Министр Мемлект басшысы «100 нақты қадам» ұлт жоспарында аудан, ауыл және кенттерде жергілікті өзін өзі басқару органдарына дербес бюджет түзу қажеттігін тапсырғанын айтты.

«Сіздерге таныстырылған заң жобасында ЖӨӨБО-на дербес бюджет және коммуналдық меншік құру, осы тұрығда олардың құзырларын кеңейтуді енгізу қарастырылған»,- деді министр.

Оның айтуынша еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұрады. Ал аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. Бұл дегеніміз шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлік.

«Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан астам әкімшілік аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4 — деңгейі ретінде енгізілетін болады»,- деді ол.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін жергілікті қоғамдастық жиналысында талқыланғаннан кейін аудан мәслихаты бекітетін болады, ал жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін атқару ауыл әкімінің аппаратына жүктеледі. Осылайша, жергілікті қоғамдастықтың мүдделері ескеріле отырып, бюджет шығыстарын жоспарлауға мүмкіндік беретін тиісті тетіктер көзделген.

Шығыстар, Бюджет Кодексіндегі ауыл әкімі шығыстарының 19 бағыты деңгейінде айқындалған, бұл дегеніміз: мектепке дейінгі тәрбие және оқыту; елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру; автомобиль жолдарын салу, реконстукциялау, жөндеу және күтіп ұстау; елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру және тағы басқалары.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу қазіргі кезде жоқ «Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі» институтын құру қажеттілігін де байқатады.

Ауыл аумағындағы барлық коммуналдық меншік ауданның коммуналдық меншігінің құрамына кіреді және оны аудан әкімдігі басқарады. Жергілікті өзін-өзі басқару мүлкі жергілікті қазына мүлкінен (жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің қаражаты, коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік) және коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен құралатын болады.

«Жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін қалыптастыру және басқару тәртібі ауданның коммуналдық мүлкіне ұқсас жүзеге асырылатын болады»,- деді Сүлейменов.

Бұл ретте, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншiгiн басқару жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша ауыл әкімінің аппаратына жүктеледі.

Министрдің айтуынша, жалпы заң жобасын қабылдау: жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешу кезінде жергілікті әкімдіктердің қаржылық және экономикалық дербестігін кеңейтеді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы тұрғындардың шешiм қабылдау процесiне қатысу мүмкіндіктері кеңейеді.




2 thoughts on “2018 жылдан бастап Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруға дербес бюджет енгізу жоспарлануда – Министр

  1. Абылай

    Жоспар жаман емес сияқты. Көрерміз, қалай орындаларын.

  2. Ринат

    Әзірге түсініп отырған жоқпын. Бұның қандай пайдасы бар?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *