Омбылық өрен өнері

846

Шалғайда жүрсе де қазақ екенін мақтан тұтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген қандастарымыз аз емес. Осындай ұлтжанды азамат­тар­дың бірі Ресейдің Омбы қаласында тұратын талантты сәнгер Ермек Хапизов есімі бүгіндері тек Ресейге ғана емес, шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Өткен жылы «Ресейдің ең үздік жас шығармашылық қайраткері» атанған ол осы ел  Үкіметінің «Өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» Алғыс хатымен марапатталды. Ресей Суретшілер ода­ғы­ның, Халықаралық Суретшілер одағының мүшесі, «Ресейдің бола­шағы» қоғамдық сыйлығының иегері атанып отырған ол қай жұмысын бастаса да ұлттық нақышқа баса мән береді.  Жас та болса сән әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған азамат таяу күндері Омбы қаласында «KHAPIZOV ERMEK» сән үйін ашқалы отыр. Алматыға келген өнер иесімен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Ең әуелі әңгімемізді Сіздің өмір жолыңыздан бастасақ. Шығар­ма­шылықтың бұл саласына қалай келгеніңіз жайлы айтсаңыз.
– Мен 1992 жылы Омбы қаласында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келдім. Біздің әулетте өнер мен шығармашылыққа бет бұрған бірінші адаммын. Ата-анам бала күнімнен еңбекқор, адал ­болуды бойыма сіңірді. Сол кезден бастап спортпен, орниталогиямен де айналыстым. Ал 13 жасымда сәнгерлікке қызығушылығым оянып, «фитодизайн» курсына жазылдым. Бір жыл осы студияда тәлім алған соң, қазақтың ұлттық мәдениетін, өнерін дамытуға өз үлесімді қосамын деп мақсат қойдым. Өмірімді өнерсіз елестете алмайтынымды ұғындым. Содан Омбы қаласындағы көркем сурет мектебінде білім алдым. Ал мектеп бітірер шағымда, менің бес қосымша дипломым болды. Атап айтсақ, «Фитодизайн» студиясынан флорист-дизайнері, Өнер мектебінің көркем сурет бөлімінің түлегі, ­интерьер дизайнері болдым. Бұған қоса Томск Радио электроника жүйесін басқару университетінде қашықтықта оқып графикалық бағдарламаларды меңгеріп шықтым. Алған білімімнің барлығы қажетіме жарап жүр. ­Сонымен, 2007 жылы Омбы қаласындағы «Фитодизайн» студиясында алғашқы киімдер топтамасын шығардым. Ал 2008 жылы екінші топтамамның тұсауын кестім. Облыстық байқауда үздіктер қатарынан көрініп, Туниске ЮНЕСКО фестиваліне қатысуға жолдама алдым. Онда еңбегім жоғары бағаланып, ЮНЕСКО-ның ­халы­қ­аралық мектебінің дипломымен ­марапатталдым.
2009 жылы Владивосток қала­сын­да анамның құрметіне «Биғайша ана» деп аталатын топтамамды таныстырдым. Ұлттық бояуы қанық бұл топтамам көпшіліктің көңілінен шығып, көрші халықтың үлкен қызығушылығына бөленді. Міне, осы уақыттан ­бастап ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді тереңірек зерттеп, ­этностильге келдім. Бұл топтамамды шақыртумен Мәскеу жұртшылығына да таныстырдым.

2Ресей халқы ұлттық топтамамды жоғары бағалап, кейін Омбы қаласында да көрсетілім ұйымдастырдық. 2010 жылы алғаш рет этностильдегі ер адамдарға арналған киімдер жасау ісін қолға алып, «Жаңа дәуір» топтамасын шығардым. Бұл жалпы Орта Азия халықтарының ұлттық киім үлгілерін негізге ала отырып бүгінгі дәуірмен үндестік тапқан жұмыс болды.
2010 жылы Омбы мемлекеттік сервис институтына оқуға түстім. Ал 2012 жылы «Alfarabius» деп аталатын философия­лық топтамамды дайындадым. Бұлай атауымның өзі де кездейсоқ емес еді. Шығыс халықтарының мәдениеті мен әдебиеті осы топтамамның дүниеге келуіне түрткі болды. Бұл топтамадағы әр киім үлгісінде терең философиялық сыр жатыр. Мәскеудегі «Этно-Эрато» байқауына қатысып, Үкімет үйінің үлкен залында болған ақтық сынға жолдама алған үздік ондықтың қатарынан көріндім. Ресейдің ұлттық Дельфий кеңесінің Омбы облысындағы делегаты болып, лауреаты атандым. Бұнымен қоса Франциядағы атақты «Пьер ­Карден» сән үйіне тағылымдамадан өту жолдамасын жеңіп алып, білімімді сонда шыңдай түстім. 2012 жыл өмірімде шешуші сәттерге толы болды. Мәскеуге қоныс аударып, авторлық ательеде қызметімді бастадым. Сонымен бірге оқуымды Мәскеуде жалғастырдым. Жанна Фриске, ­Маргарита Дробязка, Анфиса Чехова, Прохор Шаляпин, Марина Орлова, Мария ­Арбатова сынды белгілі өнер адамдарының тапсырыстарын дайындадым. Атақты дизайнер Вячеслав Зайцевпен танысып, бірге жұмыс істей бастадық. Сөйтіп, 2014 жылы Мәскеудегі Вячеслав Зайцевтің Сән үйінде «Hafiz» атты ерлерге арналған киімдер топтамасын шығардым. Кейін Волгоградта Дельфий ойындарында да осы топтамамның көрсетілімі болды. Топтама таза жүннен жасалған бас киімдерімен ерекшеленіп, көздің жауын алады. Ал өткен жылы шығармашылығымның 10 жылдығына орай «Рубаи» атты жаңа киім топтамасын жасадым. Өзінің аты да айтып тұрғандай, шығыс халықтарының поэзиясы арқау болған топтамадан ұлттық қамзолдар, кең етек көйлектер және кимешектің бүгінгі заманға сай үлгісін көруге болады.
– Ұлттық нақышты жаңғыр­туыңызға не себеп болды?
– Өнердің бұл саласына келуімнің өзі де кездейсоқ емес. Мен – көшпенді қазақтың баласымын. Атадәстүріміз бен ұлттық мәдениетімізді тереңірек зерттеп, барша әлемге ұлттық киімдерімізді танытуды мақсат тұттым. Омбы қаласы мен облысында 300 мыңға жуық қазақ тұрады. Бірақ әлі күнге дейін мұнда қазақ мектебі ашылған жоқ. Ресейдің Білім және ғылым министрлігінің заңнамасына сәйкес, қазақ тілі, Қазақстан тарихы тек қосымша курс ретінде ғана оқытылады. Міне, осындай жайттар қазақ баласының өз ана тілін, тарихын тануға мүмкіндік бермейді. Ресейде көптеген ұлттар тұрады. Қай ұлтты алып қарасаңыз да, бір-бірімен өз тілінде тілдесетінін көріп таңданасыз. Ал бізде жағдай бөлек. Сондықтан қазақ қазақтығын сақтау керек. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұранды осындағы барша жастарға айтып жүремін. Шынын айту керек, жастардан бұрын апталдай азаматтардың өзі ұлттық киімдеріміздің атауларын дұрыс білмейді. Міне, осының өзі менің ұлттық дүниені насихат­тауыма ­сеп болды. Ұлттық киімдерімізді жаңғыртып, қайта шығарсақ қана бүгінгі өскелең ұрпақ оның мән-маңызы мен тарихын ұғынатыны айдан анық.1
Омбы қаласында мектепте оқитын оқушыларға арнап «Қазақтың ұлттық киімдері» тақырыбында лекциялар өткізіп тұрамын. Қазақтың өзге ұлттарда жоқ ерекшелігі – жеті атасын сақтауы. Атасының ғана емес әулетінің шежіресіне қанығып өскен баланың ата тегін қадір тұтатыны белгілі. Сондықтан қазақ халқының мұндай тектілігін қай жерде жүрсек те ұмытпағанымыз абзал.
Омбыда «Мөлдір» атты қазақ мәдениетінің Сібір орталығы жұмыс істейді. Оны 28 жылдан бері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жүнісова апайымыз басқарып келеді. Ол апайы­мыз қазақ тілін, мәдениетін дәріптеу жо­лында қыруар жұмыстар атқаруда. Мәдени, әдеби кештер ұйымдастырады. Омбы қазақтарының басын да қосатын мәдени орталықтардың бірі. Сол кісінің ұсынысымен мен өткен жылы Ресейдің ең үздік жас қайраткері атағын алған едім. Сонымен бірге Ресей Үкіметінің «Өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» деген Алғыс хатымен де марапатталдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік.
– Қазақтың ұлттық киімдері Ресейде қаншалықты танымал?
– Біздің ұлттық киімдерімізге, мәдениетімізге таңдана қарайтындар көп. Өзге ұлт өкілдері ұлттық оюларымыздың әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар екеніне қызығады. Қазақтың барқыт қамзолына тапсырыс беретін орыс қыздары да аз емес. Әр оюдың өзінің қолданылатын орны болған. Ал қазіргі сәнгерлер мен тігіншілер бұл ерекшелікті сақтамай, оюды орынсыз қолданатынын байқап жүрміз. Сонымен бірге базарларда қырғыздың оюланған қамзолдары мен көйлектері тұрады. Ал мұны айырмаған адамдар қазақтың оюы деп киіп жүреді. Киім тігу де өнер. Ал ұлттық киім үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Этникалық стильге келген адам ұлттық тарихпен танысып шығуы қажет.
Қазақстанға келгенімде отандық дизайнерлердің дүкендерін аралап, жаңа туындыларымен танысамын. Сонда байқағаным, маталардың көпшілігі Қырғызстаннан әкелінген. Тіпті қыз ұзатуға арналған салтанатты көйлектердің өзінен қырғыз халқының нақышы байқалады. Бұл да үлкен қателік. Қазақы оюды ажырата алмағандықтан орын алып отыр.
Ал ең арзан және жеңілдікпен деген көйлек 100 мың теңгенің шамасында тұрады. Мұндай киімді әркім сатып ала алмайды. Бұл бір адамның жеке кәсіпкерлігі болғандықтан, оның бағасы да қымбат болатыны түсінікті. Алайда осылайша біз ұлттық дүниені бүгінгі заманмен үндестіріп, халыққа таныстыра алмайтынымызды түсінген жөн. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпті дамытып, тікелей киім тігу саласына субсидиялар бөлінсе деген ойым бар. Отандық өндірісті дамыту өте маңызды. Ал арнайы гранттар бөлу бұл салаға жаңа дем беретіні анық.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.
– 31 қаңтар күні Омбы қаласындағы Шоқан Уәлиханов көшесінде «KHAPIZOV ERMEK» сән үйін ашамыз. Ұлттық мейрамдар болғанда Омбы қазақтары осы Шоқан Уәлиханов көшесіне жиналамыз, елшілік те жанында. Бұл жерді таңдағаным да бекер емес. Сән үйі бес түрлі бағытта жұмыс істейді. Бірінші жеке тапсырыс­пен киім тігу бөлімі, екінші этникалық стильдегі киімдер дүкені болса, үшінші ұлттық зергерлік бұйымдар жасау бөлімі, төртінші үйге арналған ұлттық стильдегі бұйымдар бөлімі. Ал соңғы бөлімде тері мен былғарыдан жасалған бұйымдарды дайындаймыз. Омбыда ұлттық киімдер мен кәдесыйлар дүкендері баршылық. Алайда тікелей өндіріс орны, жаңа дүние шығаратын алғашқы бастама болмақ.
Биыл Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысамын. Аманшылық болса жаңа туындыларымды да әкелуге дайынмын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ақбота ИСЛӘМБЕК




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *