АҚШ Барлау қызметінде қазақтың тарихы мен өмірі жайлы құжаттар сақталып келген

231

АҚШ Орталық барлау басқармасы (ОББ) 1995 жылы Билл Клинтонның президенттік жарлығымен құпиялылығын жоғалтқан  775 мың құжатты (13 млн. беттен тұрады) жария етті.

CREST (CIA Records Search Tool,) мұрағатында қырғи-қабақ соғыс кезіндегі ОББ қызметі жайлы ақпараттар және бірнеше беттен тұратын сараптамалар, ғылыми зерттеулер бар.

«ҚазАқпарат» ХАА Қазақстанға қатысы бар 6100 CREST материалына шолу жасап шықты. Олардың басым бөлігі кеңестік ғалымдардың ғылыми рефераттарының, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің, ауыл шаруашылығы, энергетика және т.б. арнайы маманданған ҚазКСР институттарының еңбектерінің аудармасы. Қазақ КСР Ғылым академиясының қызметіне ерекше назар аударылған: кадрлық ауыс-түйістер мен «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысында» жарық көрген симпозиумдар мен жарияланымдар бақыланып отырған.

Мұрағат мазмұнына қарап, АҚШ Барлау басқармасының КСРО секілді ҚазКСР-ға да асқан қызығушылық танытқанын көреміз. Мұрағатта экология, мал шаруашылығы, этнопсихология, география, геофизика, геология, медицина, ядролық физика, металлургия, лингвистика, гидрометеорология және өзге салалар бойынша ғылыми зерттеулердің аннотациялары бар.

Көптеген газет қиындылары, КСРО кітаптарының аудармалары (Мәселен, «Неке және отбасы қарым-қатынастары»), «Ғылым және өмір» журналының үзінділері және радиобағдарламалардың стенограммасы — Кеңес Одағы республикалары жайлы ақпараттың тірнектеп жиналғанын дәлелдейді.

Мұрағатта сақталған Шыңжаң қазақтарының өмір салты және Тибетке ауған қазақтар жайлы мағлұматтар қазақ тарихшылары мен зерттеушілерінің қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Мәселен, Шыңжаң қазақтары қарым-қатынасқа жеңіл, сыпайы, қонақжай және тұрмыста тазалықты сүйетін халық деп көрсетілген. Жағымсыз қылықтары жөнінде жалқаулық, жігіттердің орынсыз батырсынатыны жазылған.

Сондай-ақ, мұрағаттағы деректерде көшпенділер тағамының 50% сүттен, 40% — еттен және 10% — жармадан тұратыны айтылған.

«Олар көкөніс мүлдем жемейді, есесіне, етті сүйсіне жейді. Жақсы көретін деликатестері — жылқы етінен жасалған шұжық. Қой етіне қол жетімсіз кедей адамдар негізінен, сүтпен және ірімшікпен тамақтанады, ал байлар қой етіне басымдық береді. Жылқылар қазақ ауыз әдебиетінде әсем, батыл және соғыста сенімді серік ретінде айтылып келген. Жылқылар арасында ақ аттың еті деликатес саналады, ал қойлардың ішінен сары бастыларды ұнатады. Қазақтар қымызды жақсы көреді… Олар өте мықты көшпенділер», — делінген барлаушылардың хабарламасында.

ҚазАқпарат  агенттігі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *