«Қазақ газеттері» ЖШС- ның Маңғыстау облысы бойынша өкілі Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Төлеуғалиев Бектұр 1940 жылы 27 қаңтарда Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық елді мекенінде дүниеге келген. Білімі жоғары. Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумының механикаландыру бөлімін және Москвадағы «Шверник» атындағы кәсіподақтардың жоғарғы мектебінің экономика факультетін бітірген.

Өзінің еңбек жолын туған ауылында механизатордан бастаған, механик, орталық жөндеу шеберханасының меңгерушісі, бас инженер болып қызмет атқарған. 1978 жылы Маңғыстау ауданының Куйбышев атындағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, 1980 жылдан 1991 жыл аралығында Маңғыстау ауданындағы «Октябрдің 50 жылдығы» атындағы кеңшардың директоры болып жұмыс атқарған. 1991 жылы сайлану жолымен ауылшаруашылығы саласы кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы болып 1998 жылға дейін жұмыс жасаған. Бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты болып сайланған.

Бектұр Төлеуғалиев Ералиев кеңшарында бас инженер болып жасап жүрген кезінде мал азығын дайындау жұмысын сапалы жүргізіп 1973-1976 жылдары қатарынан төрт жыл бойына облыс бойынша жоғары көрсеткішке жеткені үшін 1975 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

«Октябрдің 50 жылдығы» атындағы совхозға директор болған уақытында еңбегі ерекше еленіп, республика бойынша үш кеңшар директорының атқарған қызметтері қорытылып, іс тәжірибесі «Дербестік және жауапкершілік» деген атпен 1988 жылы Алматыдан «Қайнар» баспасынан «Озат тәжірибе көпке ортақ» айдарымен 20 мың таралыммен кітап болып шығарылып, бүкіл республика көлеміне таратылды. Мұның өзі Бектұр Төлеуғалиұлының басшылық қызметінде қол жеткізген жетістіктерінің бүкіл  еліміздің кәдесіне жарар жаңалық есебінде қабылданғанын көреміз.

1991-2004 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Маңғыстау облыстық кәсіподағы комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Бектұр өзінің еңбекшілер мүддесін қорғау мен өтпелі кезең қиындықтарынан шығу жолындағы қолдан келген көмегін аяп қалған жоқ. Өтпелі кезеңдегі ел басына түскен ауыртпалықты жеңілдету, жекешелендіру жөніндегі үлестен мал шаруашылығы еңбеккерлерінің құр қалмау жайын күйіттеу, шопан- бақташылар балаларының жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын ұйымдастыру, титықтаған ауылға өңірдегі ірі мұнайгаз мекемелері басшыларының назарын аудару секілді сан салалы шаруаларды үйлестіруде кәсіподақ жетекшісі ретінде көріне білді. Бұл істе Бектұрдың ел ішіндегі беделі мен іскерлік қабілеті көп септігін тигізгенін ел көрді.

Жекешелендіруге байланысты 1993 жылы Қазақстан кәсіподақтарының құрылтайына делегат болып барған сапарында Елбасының жеке қабылдауында болып, жүргізіліп жатқан жекешелендіруге байланысты кейбір түсінбестік мына төмендегі жағдайларды әңгімелеген:

-Кеңшарда бұрын ұзақ жылдар бойы мал бағып, зейнеткерлікке шығып, баласы өндіріске оператор, жөндеуші немесе жүргізуші болып жұмыс жасап жүргендіктен кеңшардың жерінен көшіп, өндіріске жақындап келгендеріне бір жыл болмаған шопан бақташыларға пайлары олардың кетіп қалғандығы себепті есептелініп берілмейтіні, ал кеңшарға малшы немесе зоотехник болып кіргендеріне 2-3 жыл болғандарға үлестері беріліп жатырғандығы;

Кеңшардың орталығындағы үйлер иелеріне жекешендіріліп берілгенде, малшылардың үйлері қораның басында болғандықтан, ведомостывалық үйлер деп берілмей жатқанын, сондай- ақ мектеп жанындағы интернаттар жабылып жатқандықтан, онда жатып оқитын малшы балаларының бұдан әрі оқуы қиын болып жатқанын Елбасының алдында әңгімелеп оң шешім қабылданғаны әлі есімізде. Сол жылы Бекең Президенттің өте қарапайымдылығы мен елжандылығына, елдегі жағдайларды түгелдей біліп отырған сұңғылалығына тәнті болып, оның көрегенділігі мен парасаттылығының арқасында елі үшін көп пайда келтіретін Тұлға екендігіне нық сенім артып, оның «еліме құйттай болса да пайдамның тигеніне қуанамын» деген сөзін күні бүгінге дейін айтып келеді.

Бектұр Төлеуғалиұлы 1998 жылдан бастап осы кезге дейін «Мұнайтелеком» ЖШС мекемесінде аудармашы және Республикалық «Қазақ газеттері» ЖШС- ның Маңғыстау облысындағы өкілі болып қызмет жасайды, сонымен қатар Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарып келеді.

Б.Төлеуғалиұлы облыс орталығы мен облыстағы мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін өсіру бағытында маңызды жұмыстар атқаруда. 2005 жылдан бері Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаев еңбектерінен шығарма жазудың байқауын өткізуді қаліптестірді. Сол секілді қазақтың салт- дәстүрі, әдет- ғұрпы жөнінде ғылыми-танымдық жұмыстардың байқауын өткізіп тұру дәстүрге айналды. Жастарға Отанын сүйгіштік, патриоттық тәрбие беру мақсатында ел мақтаны әрі батыр, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының және халық батыры Шотан Назарұлының ерлік істері мен үлгі- өнегесі туралы шығарма жазудан тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып келеді. Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамы облыс пен қала көлемінде көптеген игі шараларға мұрындық болып, нәтижесінде облыс көлемінде тілдің мәртебесі өсіп, қолданыс аясының кеңейгендігіне 2013 жылдың қортындысын шығарған Қазақстанның халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының шешімі мен Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы Республика бойынша 1- ші орынға шыққаны дәлел бола алады. Осыған байланысты 2013 жылдың қорытындысында Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Бектұр Төлеуғалиұлының «Тіл жанашыры»белгісімен марапатталғанын айтпай кетуге болмайды.

Асылы, тіл мен әдебиет- Бекеңе етіне жақын екені байқалады. Сонау Мәскеуде оқып жүрген кезінде О.Сүлейменовтың «Аз и Я»кітабын оқып түсініп, үлкен әсер алып, оны талдап көсіліп бір әңгімелегені есімізде. Одан кейін де, Олжас ағасының өткен ғасырдың соңына таман Римде басылып шыққан әйгілі «Таңбалар тілі» кітабы туралы әуелі «Жұлдыз» журналына, соңынан Москваның «Русская литература» газетіне көлемді мақала жазып білгірлікпен талдау жасап, байыпты пікір айтқаны оқушы қауымды елең еткізген болатын.

Бекең кәсіби жазушы болмаса да қаламгерлікке үлкен дайындықпен келген адам. Оған дәлел халықтын ауызша тарихы мен шежіресінің ізімен әлі көпшілікке таныла қоймаған жазбаша тарихи деректерді сабақтастыра отырып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, оны деректі көркем, этникалық тұрғыда елге танытуды мақсат тұтты. Сөйтіп соңғы оншақты жыл ішінде «Балдағы алтын Ақболат», «Бас сардар», «Адай тарихы сыр шертеді», және жас ұрпақ тәрбиесіне арнап «Салт- дәстүр және қазақ тілін оқыту» атты Ә.Қабыловпен бірігіп жазған кітап және «Ғасырлар құндылықтары» атты үлкен еңбегі жарық көрді. Бекеңнің қаламынан шыққан шығармалары жұртшылық арасында жылы қабылданып, зор қызығушылық тудырды. Ол туралы баспасөз беттерінде әдебиетші, тарихшы ғалымдар мен журналисттердің, қаламгерлердің көптеген пікірлері жарияланды. Олардың ішінде ғалымдар Е.Бексейітов, Ө.Мұқай, А.Айтқұлов, Д.Байғұнақов, қаламгерлер Т.Сәукетаев, С.Адай, А.Мекебай, С.Хасан, Б.Бегенішов, Ә.Спан, А.Өтегенов т.б бар. Оқырмандар арасында бұл еңбектер жоғары бағаланып, мемлекеттік марапатқа ұсыну туралы да ұсыныстар айтылды. Осы ұсыныстардың әсері болуы керек, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисті Бектұр Төлеуғалиұлына Қазақстанның «Мәдениет қайраткері» атағы берілді.

Бекең өз ортасына да сыйлы. Ол Маңғыстау облысының, Маңғыстау ауданының  және Ақтау қаласының құрметті азаматы атағының иегері. Бекең күні бүгінге дейін де шығармашылық жұмыспен айналысып келеді. Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы энциклопедиясын шығару жөнінде бастама көтеріп, облыс әкімінің қолдауымен өте сапалы етіп дайындап, Маңғыстау халқы ризашылықтарын білдірді.

Бекең Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын талқылап түсіндіруде де ел арасында ақаусыз қызмет атқарып келе жатқанына куә болып отырмыз. Тәуелсіз елін дамытудың сара жолына бастаған Ұлт Көшбасшысының «Қазақстан 2050 стратегиялық» жоспарын орындау мақсатында «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Жүз нақты қадам» атты Қазақстан халқына Жолдауының біздің еліміз үшін тарихи маңызын Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тіл жанашырларының ұйымдастыруымен өткізген мәжілісінде талқылап, туындайтын міндеттерге тоқталып, оны орындаудың жолдарын түсіндіре білді.

Көпке сыйлы азаматтың алдағы уақытта да еліміздің саяси өміріне араласып, Елбасының ерен еңбектерін облыс жұртшылығына кеңінен түсіндіру жұмысын бұрынғыдан да жандандырып, қаламы мұқалмай, шығармашылық қызметін жалғастырып, бұрынғы кітаптары сияқты жұртшылық бас алмай оқитын еңбектерді өмірге әкеле беруіне тілектеспіз.

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның редакторлар кеңесі.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *