«Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері қайта құрылады

262

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырды. Олардың функциялары оңтайландырылады, деп хабарлайды Bnews.kz  тілшісіне  сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz

ҚР Президентінің айтуынша, ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді.

Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.

«Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай  тоқтатылуға тиіс.Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет»,-деп есептейді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыруды тапсырды.

«Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын.

Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен  оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.

Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.

Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар,  соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже  беруге тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.

Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

31 қаңтарда Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялаған болатын.

Бұдан бұрын, 25 қаңтарда  ҚР Президенті билік тармақтары арасында өкілеттікті бөлу бойынша арнайы үндеу жасады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *