«Қазақ газеттері» ЖШС-інің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

Жанғабыл Қабақбаев  1950 жылы 17 ақпанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының  №1 ауылында туған. Білімі жоғары.  Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының 1970 жылдан мүшесі  (мүшелік билет №1076).

          Мұғалжар, Шалқар, Қарабұтақ, кейін Әйтеке би аудандық газеттерінде корректорлықтан газет редакторына дейінгі барлық қызмет сатыларынан өтті. 1988 жылдың ақпан айы мен 1993 жылдың қыркүйек айы аралығында Қарабұтақ, кейін Әйтеке би аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты, аудандық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамының төрағасы ретінде ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Облыстық «Коммунизм жолы», кейін «Ақтөбе» газетінің редакциясында меншікті тілші, жауапты хатшы, бөлім редакторы қызметтерін атқарды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім бастығы, бас маман, «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясында редактор болды. Зейнет демалысына шықса да қоғамдық-саяси өмірден қол үзген жоқ: 2014 жылдың 18 желтоқсанынан бергі уақытта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасының орынбасары, 2011 жылдың тамыз айынан «Қазақ газеттері» ЖШС-інің Ақтөбе облысындағы өкілі.

Очерк-репортаждары, суреттемелері, сықақ әңгімелері республикалық «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көрді. Әнге арналып жазылған бірнеше өлеңдері «Жыр жазамын жүрегімнен» атты Ақтөбе сазгерлерінің шығармалары жинағына енгізілді. 2008 жылы баспадан «Қолтаңба» атты кітабы басылып шықты.

          Бірқатары дүниеден озған, бірқатары арамызда жүрген азаматтар жайлы танымдық-естелік жиырмаға жуық кітаптардың авторы, құрастырушысы.

          2009 жылы кәсіби шеберлігі үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолынан екі бөлмелі пәтер кілтін алды.

          «10 жыл – Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің, Ақтөбе облысы Әкімінің, Ақтөбе облыстық мәслихатының, Ақтөбе қалалық мәслихатының, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

          2012 жылы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің Күніне орай облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығына ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 21 жылдығы мерекесі қарсаңында облыста мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыруға зор үлес қосқаны үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің Алғыс хатына және жеңіл автокөлікке ие болды.

2016 жылы Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының Алғыс хатымен, және де, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің бұйрығымен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

          Отбасылы, бес баланың әкесі, жеті жиен немеренің атасы. Зайыбы Бәдигүл Күзеуова – «Қазақстан Республикасының білім озаты» төсбелгісінің иегері, зейнеткер.

                                      «Қазақ газеттері» ЖШС-інің редакторлар кеңесі




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *