Тимур Сүлейменов: Міндет айқын, жұмыс ауқымды

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында еліміздің жаңа дәуірдегі дамуының негізгі басымдықтарын белгілеп, Үшінші жаңғырту міндетін алға қойды. Бар салада жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуды жүзеге асыру аясында сандық индустрияны, экономиканың негізгі салаларының технологиялық қайта жарақталуын дамытуға басымдық берілді. Осы ретте ұлттық экономика министрлігіне жүктелген тапсырмалар аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен жоспарлар төңірегінде ведомство басшысы Тимур Сүлейменовке бірқатар сұрақтар жолдаған едік. Төменде осы сауалдарымызға орай министрліктен келген ресми хабарды жариялап отырмыз.    

Неизвестный объект

– Мемлекет басшысы үкіметтің ақпан айындағы кеңейтілген отырысында дамудың ұзақмерзімді кезеңінде 5 пайыздық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды. Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы деп аталатын 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты ретінде айқын­далған осы міндетті іске асыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндап берсеңіз.
– Ұзақмерзімді кезеңде 5 пайыздық өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның ұлттық техно­логиялық бастамасы деп аталатын 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында айқындалған міндеттерге сай төмендегідей шаралар кешені қарастырылатын болады. Атап айтқанда, алдағы онжылдық мерзімде жаңа жайғдайда өсім беретін жаңа салаларды жолға қою жоспарланып отыр. Осы орайда бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, елді жаңа индустриялар құрудың жаһандық үдерісіне белсенді түрде тарту қажет. Осы мақсатта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы және «4.0. индустриялары» элементтерін енгізу жөніндегі тұжырымдама әзірленетін болады.
Астанада «ЭКСПО – 2017» нысандары бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық техно­паркі құрылады, жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және Алматыдағы «Алатау» инно­вация­лық технологиялар паркі базасында ғылыми-инновациялық әлеует дамитын болады.
«Жаңа дағдылар бәсекелестігі» жағдайында құрылатын жаңа салалар креативті әлеуетті дамытуды және инновацияларға бейімделуді талап етеді.
Жаңа индустрияларға мысал ретінде өнеркәсіптік интернетті (3D-басып шығару), Интернет арқылы сату, ұялы телефондар арқылы банктік қызмет көрсету, цифрлық телевизияны және өмірдің түрлі салаларындағы цифлық сервистерді келтіруге болады. Бұл дамыған елдер экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі қызмет саласының сапасын жаңартты.
Сонымен қатар, экономиканың базалық салаларын жаңғырту мақсатында 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру шаралары жүргізілетін болады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі елеулі артпақ.
Әлем нарықтарында бәсекеге қабілетті қазақ­стан­дық өнім экспортының көлемін өткізу георафиясын кеңейте отырып ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғасын табады. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін экспортты дамыту және ілгерілету құралдары бір министрлікке шоғырландырылатын болады. Экспорттаушыларды қолдау өңірлерде де «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін болады.
Жаңа ұлттық экспорттық стратегия әзірленіп, қабылданады. Сондай-ақ экспорттық саясат жөнін­дегі кеңес құрылады. Сонымен қатар, экспортты қаржылық-сақтандыру бойынша қолдау функциясын кеңейте отырып, ұлттық экспортты қолдайтын бірыңғай орталық ретінде «KAZAKH EXPORT» компаниясы құрылады.
Қазақстанға жаңа әлемдік технологиялар мен құзыреттерді трансферттей отырып, шетелдік инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау шаралары қабылданатын болады. Ол үшін Инвестициялар тарту стратегиясы әзірленеді. Тауарлар өндіру мен өткізу және қызметтер көрсетудің жаһандық тізбектеріне бейімделу үшін трансұлттық компаниялар тартуға баса назар аударылады.
Экономикаға мультипликативтік әсері зор сала­ларға ерекше көңіл бөлінетін болады. Олар – агро­өнеркәсіп кешені, көлік логистикасы, құрылыс секторы және өзге де салалар.
Енді бір бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамыту және  халықты өнімді жұмыспен қамтамассыз ету. Осы мақсатта биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қолға алынды. Бағдарлама аясында Қазақстан азаматтары өз бизнесі үшін ауылда немесе қалада 16 миллион теңге көлеміндегі сомаға дейін шағын несие ала алады.
Биылғы жылы кәсіпкерлік бастамаларды шағын несиелеуге қалаларда 2,5 мың адамды қамти отырып, 10 млрд теңге көзделген, ауыл және моноқалаларда 3 мың адамды қамти отырып, 27 млрд теңге көзделген.
Бизнеске сыйақы мөлшерлемесі 6 пайызға дейін, салалық шектеусіз 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін жеңілдігі бар шағын несиелер берілетін болады.
Кепілдік проблемасын шешу мақсатында шағын несиелерге кепілдік беру енгізіледі. Өз ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері шағын несиенің 85 пайызға дейінгі, ал жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер үшін – 50 пайызға дейінгі құнын құрайды.
Үміткерлердің кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарын өткені туралы сертификаттары болуы тиіс. Сертификаттары болмаған жағдайда, кәсіп­керлер «Бастау бизнес» жобасына қатысу үшін немесе кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына жіберіледі.
Келесі – адами капиталды, ең алдымен ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы ретінде білім беру және денсаулық сақтауды дамыту. Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту, сондай-ақ үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшу қамтамасыз етілетін болады.
Жаңа өндірістерге мамандар даярлау үшін ай­қын­далған экономика аясында 2017-2019 жылдар бойы еңбек нарығының талаптарына және өндірісте оқытудың озық әлемдік тәжірибесіне сай кәсіптік стандарттар жаңартылатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастайды. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ еңбекке қабілетті жастағы азаматтар тегін білім берумен қамтылуы тиіс.
Денсаулық сақтау саласында биылғы 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымды медициналық қызметтер көрсетіледі. Оған халықтың әлеуметтік осал топтарының қатысуына мемлекет көмектесетін болады.
– Жолдауда экономиканың бәсекеге қабілетті­лігін арттыруда жаңа индустриялар құрумен қатар, дәстүрлі салаларға инвестиция тартудың маңызды­лығы тағы бір мәрте айқындалды. Осыған орай бизнес саласындағы қазіргі заңнаманы ізгілендіру тапсырылды. Салық заңнамасы іскерлік белсенділікті, инвестиция тартуды ынталандырып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға тиіс. Инвестицияның көптеп келуі мен кәсіпкерлік ортаны кеңейтуге жол ашар осы бағытта қандай жүмыстар жүзеге асуда?
– Елімізде «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсынымдарын жүзеге асыру шеңберінде инвестициялық ахуал түбегейлі жақсартылды. Халықаралық сарапшылар осы тұрғыда қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалауда. Қазақстан Doing Business рейтингінде 41-орыннан 35-орынға көтерілді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес, инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде 2016-2017 жылдарға арналған жоспар әзірленді. Онда 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуы мақсатында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ынталандыратын инвестициялық жағдай жасауға бағытталған негізгі іс-шаралар қарастырылған. Аталған жоспар инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруына және оны ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін жеткізуге жол ашады.
Экономиканы әртараптандыру үшін инвестициялар ең алдымен өңдеуші өнеркәсіпке бағытталатын болады. Бүгінгі таңда Қазақстанның жаңа инвестициялық стратегиясы тікелей шетел инвестицияларын тарту әдістерінің сапалы өзгерісін көздейді. Ол үшін Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, Инвестициялар тарту жөнінде стратегия әзірлеу жоспарланған. Онда мемлекеттік органдардың, өңірлер мен шет елдердегі мекемелердің қызметін тиімді үйлестіру тетіктері қарастырылып, сондай-ақ инвесторларды тарту үшін перспективалы бағыттар анықталады. Аталған стратегия бірінші жарты жылдықтың соңына қарай қабылданады деп күтілуде.
«KaznexInvest» АҚ базасында Үкімет атынан инвесторлармен бірыңғай келіссөз жүргізуші ретінде, сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторларға қызмет көрсететін және жобаларды жетелейтін инвестиция жөніндегі «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы құрылатын болады. Бұл тұрғыдағы барлық ұйымдастыру мәселелері осы айдың ішінде аяқталмақ.
Сондай-ақ, трансұлттық компанияларды тарту үшін тауашалы жобаларды қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта салалық министрліктермен, әкімдіктермен және ұлттық компаниялармен тиісті салаларда инвестициялық жобаларды дайындау мәселелері бойынша кездесулер жүргізілуде.
Кәсіпкерлік ортаны жақсарту және кеңейту мақсатында жүйелі реформалар жүргізіліп, біршама нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, мемлекеттік бақылау және қадағалауды жетілдіру саласындағы саясатты іске асыру бизнестегі ауыртпашылықты айтарлықтай төмендетті. Өзін-өзі реттеу институты енгізілді, ол мемлекеттік реттеудегі қоғамның маңыздылығын арттыруға ықпал етеді. Заңнамада өзін-өзі реттеу ұйымдарын құру шарттары реттелген, олардың қызметі өндірілетін тауар мен қызмет көрсету сапасын арттыруға, сондай-ақ өндірушінің тұтынушы алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, жалпы барлық жүйені жеңілдету және рұқсат беру құжаттарын 50 пайызға қысқарту арқылы рұқсат беру жүйесін оңтайландыру бойынша реформа жүргізілді. Атап айтқанда, табиғи монополия, квазимемлекеттік кәсіпорындар тарапынан берілетін рұқсат беруді қайта түгендеу, кейін оларды оңтайландыру және заңды үйлестіру жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлер алдынан шығатын әкімшілік кедергілердің бірі – үкімет органдарына және өзге де әр түрлі дәрежеде есептер беру болып табылады. 2016 жылы ақпараттық құралдар мен ақпараттық талап ету тізімін анықтау бойынша жұмыс атқарылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде шамамен 1500 ақпараттық құрал мен талаптар айқындалды.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының Қа­зақ­­стан халқына биылғы Жолдауын іске асыру үшін бизнес-ортаны жақсарту және кеңейту мақ­сатында реформалар жалғасуда. Бұл бағытта кәсіпкерлік қызметін қайта реттеу бойынша мем­лекеттің алдағы саясаты мемлекеттік бақылау-қадағалау, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, биз­нестің әртүрлі дәрежедегі есептерін қысқарту, «өзін-өзі реттеу» институтын одан әрі дамыту, табиғи монополия және квазимемлекеттік кәсіп­орындар тұрғысынан берілетін рұқсаттарды оңтай­ландыру және жүйелендіру саласында биз­нестің шығындарын төмендетуге бағытталып отыр.
Сонымен қатар, бизнес-ортаны одан әрі жақсар­ту мақсатында ағымдағы жылы Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінде Қазақстан­ның ұстанымын жақсартуға бағытталған кейбір заң­намаларға түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ биылғы жылдан бастап бизнесті жүр­гізу жеңілдігі бойынша қалалар мен өңірлерде Дүниежүзілік банктің рейтингісі жүргізілетін болады. Нәтижесінде ең жоғары рейтингке ие болған өңірлерге арнайы сыйақы тағайындалады.
– Жазира даласы мыңғыртып мал, жайқалтып егін өсіруге қолайлы, жер қойнауы пайдалы қазбаға толы кең байтақ еліміздің жаңа даму дәуірінде әлемдік нарыққа шикізаттық өнімдер­мен ғана емес, экологиялық тұрғыда таза, құнарлы да жоғары сапалы азық-түлік және дайын өндірістік тауарлармен танылу арқылы ірі экспорттаушылар қатарынын көріну мүмкіндігі зор. Осынау мүмкіндікті нақты іске асыру жолдарын неден көресіз?
– Қазақстан Республикасының агроөнер­кә­сіп­тік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдар аралығындағы мемлекеттік бағдарламасының аясында экспорттық саясат өнімнің әлеуетті өткізу нарығы бойынша жылжытуды мақсатты қолдау негізінде құрылатын болады. Бұл мақсатта «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ өз қаржысы есебінен агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық орталығы рөлін атқарады және «ҚазЭкспортГарант» АҚ және «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, сонымен қоса Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз байланыста болады.
Сондай-ақ жоғары бағаланатын ауылшаруашы­лық шикізаты мен азық-түлік өнеркәсібі өнімдері­нің үздік экспорттық брендтерін жасау, соның ішінде органикалық өнім және көтерме сауда-тарату орталықтары желісін дамыту мәселелері пысық­талады. Аталған шаралардың жүзеге асырылуы 2021 жылы азық-түлік тауарлары экспортының көлемін 2015-пен салыстырғанда шамамен 600 млн АҚШ доллары сомасына жеткізуге мүмкіндік береді.
– Өңірлік даму бағдарламасының басты мақсаты – аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін дамыту, яғни жер-жерде халықтың тұрмыс-тір­ші­лігіне қолайлы жағдай жасау, әл-ауқатын көтеру. Осы орайда жергілікті жерлерде бизнес ортаны кеңейту, қала құрылысын көркейту, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық салаларындағы өзгерістер қандай?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына орай кәсіпкерлікті аймақтық деңгейде кеңінен өрістету мақсатында биылдан бастап Кәсіпкерлікті жаппай дамыту және нәтижелі жұмыспен қамту жө­нін­дегі жаңа бағдарлама толыққанды іске асырылады. Оның аясында кәсіпкерлік қызметін шағын кредиттеу, қалалар мен ауылдарда шағын несиелеуді кепілдендіру, «Бастау бизнес» жобасы бойынша ауылдық жерлердегі жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды оқыту қарастырылған.
Қалаларда шағын несие «Даму» КДҚ» АҚ ар­қылы, ауылдарда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін болады. Тұрғындарды барынша көп қамту үшін микроқаржылық ұйым­дар, екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ «Қазагро» холдингінің еншілес ұйымдары тартылатын болады.
Қалаларда жаңа микроұйымдар құруға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге екін­ші деңгейдегі банктер мен микроқаржылық ұйымдар арқылы 6 пайыздық соңғы сыйақы мөлшер­лемесімен 17 млн теңгеге дейін (8 мың айлық есептік көрсеткіш) шағын несие берілетін болады.
Жұмыссыз және өнімсіз еңбекпен қамтылған тұрғындардың кепілдікке қатысты күрделі мәсе­леле­рін шешу мақсатында микрокредиттерді ке­піл­дендіру қарастырылған. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің микрокредиттің құнынан кепіл­ден­діру мөлшері 85 пайызға, ал жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер үшін 50%-ға дейін құрайды. Қалаларда микрокредиттерді кепілдендіруге биылғы жылы жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1,2 млрд теңге, ауылдық жерлерде – 2,8 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде қалаларда берілетін несиелер арқылы кем дегенде 20 пайыз стартап жобаларды іске асыру, ауылдық жерлерде 15 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды оқыту көзделіп отыр.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі мақсаты елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру, эконо­ми­калық өсу орталықтарында халықтың және ка­питалдың шоғырлануын ынталандыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады. Бағдарлама аясында 2020 жылға дейінгі кезеңде келесі міндеттерді шешу қарастырылған: әр макроөңір үшін инвестициялық басымдықтарды айқындау; елді аумақтық дамытуды жетілдіру (өңірлердің инженерлік инфрақұрылымын және абат­тан­дыруды дамыту, аумақтардың қала құры­лысы саясатын жетілдіру); тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаңғырту; халық­ты ауыз сумен және су бұру жүйесі арқылы көрсе­тілетін қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар еліміздегі қала құрылысын ұзақмерзімді кезеңге (25-30 жыл) арналған даму келешегі ескеріле отырып дамыту мақсатында бағдар­лама шеңберінде барлығы 84 бас жоспар әзірленді. Оның ішінде агломерациялар орталықтары – Астана және Ақтөбе қалалары  (2 бірлік); «екінші деңгейдегі» қалалар – Атырау қаласы (1 бірлік); Қостанай, Қызылорда облыстарының «үшінші деңгейдегі» қалалары (2 бірлік) және ауылдық елді мекендер (79 бірлік).
Өңірлік ерекшеліктерге бейімделген халық­аралық тәжірибеге сүйене отырып, үкіметтің №302 (24 мамыр, 2016 ж.) қаулысымен Алматы агломерациясының өңіраралық сызбасы әзірленді. Ол тұрғындар үшін жоғары өмір сапасы қамтамасыз етілген, бәсекеге қабілетті және көпбейімді аумақты қала құрылысын қалыптастыру стратегиясы болып табылады. Аталған қала құрылысы стратегиясының негізгі бағыттары: орталық пен агломерацияның шалғай аумағын өзара байланысты дамыту; мультимодальдық көлік жүйесінің дамуы және халықтың жұмылғыштығын арттыру; ішкі және сыртқы көші-қон ағымын реттеу; орталықтың және агломерация аймағының экономикалық және әлеуметтік үйлесімді дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Қазіргі уақытта Астана агломерациясының өңір­аралық сызбасы мемлекеттік органдарда келісілу үстінде, ал Ақтөбе және Шымкент агломерациялары – әзірлену кезеңінде.
Елімізде тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың был­тыр­ғы жыл қорытындысы бойынша 10 512,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2015 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 117,6 пайыз. Тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары 146 пайыз болды. Былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар 1 021,451 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Республикада пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемінің 9,7%-ы ғана мемлекеттік секторға тиесілі. Есепті кезеңде жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдар және жекелеген азаматтар тарапынан жалпы алаңы 9 140,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Жыл ішінде барлығы 89 385 тұрғын үй, оның ішінде 35 884 жеке үй пайдалануға берілді.
Баспананың қолжетiмдiлiгiн арттыру мақса­тында биылдан бастап тұрғын үй құрылысын дамыту «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүргі­зіледі. Бағдарлама ипотекалық кредит берудің қол­жетімділігін арттыру, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін кредиттік тұрғын үй салу, халықтың әлеуметтік жағынан осал қорғалған топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, халықты жалға берілетін және коммерциялық тұрғын үйлермен қамтамасыз ету, сондай-ақ үлестік тұрғын үй құрылысын қолдау міндеттерін шешуге бағытталған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту шеңберінде былтыр 531,2 шақырымдық жылу және сумен қамтамасыз ету, су бұру желілері салынған, оның ішінде жылумен қамтамасыз ету желісі – 57,5 км, сумен қамтамасыз ету және су бұру желілері – 473,7 км. Сондай-ақ топтық сутартқыштарды салу және қайта құру іске асырылып, 480 ауылдық елді мекенде ауыз су және шаруашылық үшін жер асты суларына іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді.
– Еліміздің жаңа жаһандық болмыс жағдайын­дағы даму міндеттері айқындалды. Дамыған отыз­дықтың қатарынын көрінер-көрінбесіміз үшінші жаң­ғыртудың қалай жүзеге асырылуына байланысты. Демек, оны іске асыратын білікті мамандар қажет. Екінің бірі – заңгер, екінің бірі – экономист болған осыған дейінгідей емес, сан-салалы өндіріске қажетті инженерлер, техникалық сала мамандарына сұранысты қайтсек қамтимыз?
– «Білім туралы» заңға сәйкес Білім және ғылым министрлігі жыл сайын еңбек нарығының қажет­тіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар маман­дарды даярлауға, сондай-ақ жоғары оқу орын­дарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыру қағидаларын әзірлейді. Бұл жұмыстың барысында елдің еңбек нарығы қажеттіліктеріне мониторинг жүргізіп отыратын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастықтарының ұстанымдары ескеріледі. Осы­ның негізінде үкімет жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысын, яғни мемлекеттік гранттар санын бекітеді. Мысалы, 2016-2017 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының жалпы саны 31 402 болды. Оның ішінде «Әлеу­меттік ғылымдар, экономика және бизнес» маман­дықтарына 700 орын (2%-ы) бөлінсе, «Құқық» мамандығына 100 грант (0,3%-ы) қана бөлінген.
Ал, осы жалпы 31 402 гранттың 10 785-і немесе 34,5%-ы «Техника ғылымдары және технологиялар» бағыты бойынша техникалық маман­дықтарға, яғни инженерлер даярлау үшін бөлінген. Көріп отырғанымыздай, мектеп түлектері үшін техникалық мамандық бойынша мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізу мүмкіндіктері жоғары. Айта кетейік, елімізде 2015-2016 оқу жылында техникалық мамандықтар бойынша жоғары білім алып жатқан студенттер саны 98 253 болса, 2016-2017 оқу жылында олардың саны 103 902-ге жетіп отыр.
Сонымен қатар Елбасының «Болашақ» халық­аралық стипендиясы бойынша инженерлік, техни­калық мамандар даярлау үшін арнайы «инже­нерлік техникалық қызметкерлер» бағыты қарас­тырылған. Аталған бағыттағы мамандықтар бойынша «Бола­шақ» бағдарламасы аясында жеңіл­детілген шарт­тармен білім алуға жағдайлар жасалған. Сондай-ақ биылдан бастап кәсібибілікті жұмысшы ма­ман­дар даярлау мақсатында «Жал­пыға бірдей тегін тех­никалық және кәсіптік білім беру» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба аясында дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қаланып, өмірден өз жолын табуға ұмтылған барша жастың тегін білім алуына толық мүмкіндік бар.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *