Mutanov-

ЖАҚСЫЛЫҚ АТАУЛЫНЫҢ ЖАРШЫСЫ БОЛА БІЛУ ДЕ ӨНЕР

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановпен сұхбат

– Ғалеке, жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өзіңіз басқарып отырған университетті республикамыздағы ең үздік екі жоғары оқу ордасының бірі деп атады. Бұл Сізге, Сіз басқарып отырған ұжымның жұмысына берілген зор баға. Құттықтаймыз!
– Рақмет!
– Сіз бен біз Көк пен Жерге шуағын төгер Наурыз мерекелерінің қарсаңында жолығып отырмыз. Осы орайда адамдарды ізгілікке жетелейтін «Айналаңды нұрландыр!» деген бастамаңыз еріксіз ойға оралады. Бұған түрткі болған не нәрсе? Әңгімені осыдан бастайықшы.
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi – көптеген инновациялық әрi рухани жан дүниенi байытатын жобалардың ұйымдастырушысы. 80 жылдан астам тарихы бар бiлiм ордасында сапалы бiлiм берумен қатар студенттi бәсекеге қабiлеттi маман, жан-жақты бiлiмдi, сезiмтал, ұлтжанды тұлға ретiнде қалыптастыру жолында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Соның бiрi – «Айналаңды нұрландыр!» жобасы.
«Айналаңды нұрландыр!» жобасы – ­Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің дамуы бойынша қойып отырған стратегиялық мақсаттарды шешуге бағытталған ірі жоба. Бұл қоғамды дамытушы ғана емес, жанымызды тазартып, айналаны нұрландыратын бірден-бір бағдарлама. «Айналаңды нұрландыр!» – айналаңа қамқорлық танытып, ізгілік дәнін себу, жарқын да нұрлы өмірге жол бастау деген ұғым. Қоғамымыздың әр мүшесі жеке тұлға дейтін болсақ, әр адам өзінің әл-Фараби бабамыз жазып кеткен «Қайырымды қала», яғни қайырымды һәм өркениетті қоғамға қол жеткізу үшін, оның әрбір толыққанды мүшесі өзінің өмірде жүктелген міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқару керек. Кез келген жан өмірде қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстағаны жөн. Көреалмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиет емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойында қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының діттеген мақсаты осы.
– Ал атақты «100 кітап» бастама­сы­ның да осымен сабақтас болғаны ғой.
– «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ұсынған жобасы. Адам өмір бойы оқуы керек. Бұл алғашқы ­бастама. Алдағы уақытта кітаптардың тізімі толыға бермек. Біздің мақсат – ҚазҰУ-ға оқуға келген жасқа студенттік төрт жылда жүз кітапты оқып шығу олардың азаматтық борышы екендігін сезіндіру. Өзге жоғары оқу орындарының студенттерінен ерекшеленетін басымдығы да осы болмақ. Осылайша, жастар арасында кітап оқуды дағдыға айналдыру қажет. Міне, «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы осындай мақсатта қолға алынып отыр. Бұл үлкен жоба. Әр университет өз түлегімен мақтанатындығын ескерсек, дайындаған мамандарымыз рухани дүниемен сусындап шықса, болашақта мықты маман, тұлға болары сөзсіз.
Ал тұлға дегеніміз жауапкершілігі мол азамат. Ол өз ісімен, өз ойымен қоғамға пайдасын тигізетін жан деп санауға болады. Сол себепті жастардың арасында мына жүз кітапты оқу үрдісін қолға алған болатынбыз. Студенттер жүз кітапты оқыған кезде санасы жетіліп, түйсігі кеңейеді. Тарихты, дәстүрді біледі. Адами қарым-қатынастарға қанық болады. Соның арқасында олар толысып, жетіліп бір жақсы деңгейге көтеріледі. Сондықтан төрт жылда кемі жүз кітап оқып шықса кейін ары қарайғы өміріне азық болады. Жақсылыққа бастайтын ең ізгі құрал осы – кітап.
Аталған екі жобаны қолға алып, әрмен қарай дамытатын болсақ үлкен жетіс­тіктерге жол ашылары сөзсіз.
– Осы бастама қалашықтағы әл-Фараби кітапханасының бүгінгі тынысымен тікелей байланысты болғаны ғой, сірә?
– Бұл кітапхананы әл-Фараби баба­мыздың атымен атаған себебіміз қоғамның назарын, жұрттың ықыласын аудару керек болды. Отырар кітапханасын алсақ та, Александрия кітапханасы да сол кезде бір үлкен мәдени ошақ, өркениеттің орталығы болғаны белгілі. Жастар арасында жақсы орта қалыптассын деген оймен әл-Фараби кітапханасын тұрғыздық.
Білімге сусындап, іздегенін табу үшін, студенттер өз уақытын осы бір ортада өткіземін десе де барлық жағдай жасалған, мұнда кітап қоры жеткілікті. Кез келген нәрсе жайында әлемдік ақпарат аламын десе осы кітапханаға келіп оқуға толық мүмкіндік бар. Әсіресе ғылыми бағытта мол мәлімет алуға болады. Қаншама спутник телеведение тұр. Соған қарап әлемде қандай өзгеріс болып жатқанын білуге болады. Қазақстанда жалғыз кітап болса, соның мыңдаған көшірмесін жасап беретін мүмкіншілігіміз бар. Осындай орталық қалыптасқаннан кейін қай жерде болсын жастар бас қосатын жақсы бір орта болу керек. Сондай орталықтың бірі осы кітапхана.
– Студенттік жылдарым еске түсіп отыр. Емтиханға, семинарлық сабақтарға дайындалу үшін біз артынып-тартынып Масанчы көшесінің бойындағы ғылыми кітапханаға, одан Пушкин атындағы орталық-көпшілік кітапханаға жететін едік. Ал қазір студенттерді жанының рақатына бөлеп қойдыңыз. Кітапхана таяқ тастам жерде. Ара-тұра осында өтетін іс-шараларға, әдеби-мәдени кездесулерге университеттің түлегі ретінде біз де қатысып тұрамыз.
– Оныңыз рас енді. Мұнда семинарлар, кештер, іс-шаралар, түрлі әдеби, мәдени кездесулер өткізуге болады. Адамның рухани жетілуіне, дамуына барлық алғышарттар қарастырылған.
Осы кітапханада Азия ректорлары­ның жиналысы өтті. Тұрақты даму бағдар­ла­масы бойынша біз Рим клубымен бірігіп, әлемнің мықты зиялы қауым өкілдерімен осы жерде «Адамзат өркениеті­нің тұрақты дамуы» мәселесі бойынша үл­кен халықаралық кеңес өткіздік. Оған Қа­зақстан Республикасы Парламенті Сена­тының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және өзге де әлемнің мықты ғұла­ма ғалымдары қатысты. Әрине, мұн­дай жоғары дәрежедегі мәслихатты ұйым­дастыру, оны өткізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
Осындай адамзат өркениеттінің дамуына әсер ететін ірі жобаны қолға алу, біріншіден, алдыңғы қатарлы университетке міндеттелері сөзсіз. Екіншіден, осындай бастамалар арқылы зиялы қауымның бас түйістірер ірі шаңырағына айналдыру үлкен міндет. Жоғары дәрежедегі кісілерді қарсы алып, лайықты қызмет көрсететін орта болғаны жөн. Осы өлшем тұрғысынан қарағанда кітапхананың маңызын айрықша атап өтуге тиіспіз.
– Қазір ҚазҰУ шығаратын «Өнегелі өмір» сериясы ел аузында жүр. Ілгерідегі әңгімемізге осы сауал сабақтасып отыр ғой.
– Қазақ ұлттық университеті жақсы бір ғалымдардың, тұлғалардың ортасы десек болады. Аталған білім ордасында қызмет еткен ақсақалдарымыз, ардагер ұстаздарымыз қаншама. Сол кісілердің еңбегін бір кітапқа біріктіріп, жастарға ұсыну, халыққа жеткізу туралы ойландым. Ақыры осы мақсатта «Өнегілі өмір» сериа­сын қолға алдық. Бастапқыда көптеген ақсақалдарымыз келіп маған өздерінің том-том кітаптарын ұсынып, жинақ шығарып беруін өтінді. Сөйтіп, бірінші болып Салық Зимановтың 90 жылдығына орай ғалым жайында айтылған пікірлерді, оның еңбегін жинақтадық. Бұл бастамаға қызығушылық танытқандар өте көп болды. Негізінен бұл еңбекті Қазақ ұлттық университетінде қызмет істеген мұғалімдерге, профессорларға ғана арнаймыз ба деп ойлағанмын. Көптеген ғылым, қоғам қайраткерлері, мемлекет қайраткерлері өз ұсыныстарын, өз тілектерін білдіре бастады. Жинақтың аты «Өнегелі өмір» болғаннан кейін олардың өмірі кейінгілерге өнеге болып жатса, оларды неге жастарға насихаттамасқа деген ой келді. Осы уақытқа дейін жүзден аса еңбектер шығарылды. Тізімде тұрғандар да көп. Ендігі мақсат осының деңгейін түсіріп алмау.
– Бұрын ҚазҰУ-дай қара шаңырақта әдеби, поэзиялық кештер, тұлғалармен кездесу кеші болып тұратын. Осы үрдіс әлі де жалғасын тауып жатыр ма?
– Ол барлық факультетте қолға алынған. Оқуда болсын, оқудан тыс уақытта болсын мұндай кештер ұйымдастырылып тұрады. Әр сала бойынша сол мамандықтың ­майын ішіп, жілігін шаққан мамандарды шақырып солармен кездесу өткізуді, олардан ақыл-кеңес сұрау, бағыт-бағдарын анықтау мақсатында кеш өткізу жақсы жолға қойылған. Мұндай кездесулерді, кештерді әр факультет, әр кафедра өздері жүргізе береді.
Кейде үлкен ғалымдар, жазушылар мысал ретінде Олжас Сүлейменов секілді тұлғалар болып жатса өзіміз ректорат деңгейінде өткіземіз. Олардың мерейтойына орай шығармашылығына байланысты іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған.
– Халқымызда «Жақсы жүрген же­рінде із қалады» деген сөз бар. Біз Шығыс Қазақстандағы Д.Серікбаев, Солтүстік Қазақстандағы М.Қозыбаев атындағы мем­лекеттік университеттерімен хабар­лас­қанымызда ондағы әріптестеріңіз Сіздің бастамаңызбен атқарылған жұмыс­тарды сүйсіне айтып отырады.
– Осы оқу орындарындағы өткізген жылдарымды ерекше бір сағынышпен еске аламын. Жастық шағымның жалынды кезі сол университеттерде өтті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 1995-тен 2001 жылға дейін еңбек еттім. Солтүстікке мен барған кезде мұндағы қазақтардың үлесі қалада 7-і пайыз ғана, ал облыста 15-17 пайыздай болды. Сол уақытта бірде-бір қазақ мектебі болмады. Ұлтаралық мәдениет қатынасын мүлтіксіз сақтай отырып, осы өңірде жергілікті халықтан кадрлар дайындау мәселелеріне айрықша ден қойдық. Әрине, қиындықсыз, кедергісіз ештеңе де аяғынан тік тұрып кете алмайды. Бірақ соның бәрі үздіксіз ізденістің, төзімділіктің арқасында жүзеге асады. Алматыдан көп академик докторларды шақыртып алдым. Кенже қалған қазақ тілі мәселесінің беделін арттыруға мүмкіндігінше ат салыстық.
Шығыс Қазақстан облысында Д.Серікбаев атындағы мемлекеттік универси­теттің ректоры болған кезімде ол жақта да осы бағытта біраз жұмыстар жасадым. Кетерде аталған ұжым да қимастықпен шығарып салды.
– Сіздің «Ақсақалдар алқасын» құруыңыз да бір бөлек әңгіме. Ол жайында жыл сайын газет беттерінде де жарияланып жүр. Ағаларды ардақтап, ақыл-кеңесіне жүгініп отырасыз.
– Үлкендер әр іске сын көзбен қарайды. Одан кейін өзгеріп жатқан бір жағдайларға, жобаларға өз пікірін білдіреді. Жақсы десін, жаман десін өз ойын ортаға салып отырады. Біз ол кісілердің сөзі арқылы ақылдасқан түрде, бірлесіп жұмыс жасап отырамыз.
– Сіз басқарып отырған оқу ордасының даму философиясы ғұлама бабамыз ­әл-Фарабидің «Ақылды қала» қағидатына сүйенетінін білеміз. Орта ғасырда өмірге келген осынау қоғамдық ой жауһарын бүгінгі үдерістік, яғни процестік менеджментпен, ақтық нәтижеге бағытталатын басқару тәсілімен қалай ұштастырудасыз?
– Адам бақытты өмір сүретін қоғам қандай болуы тиіс деген сұрақ адамзат дамуының барлық кезеңдерінің философтары үшін өзекті болды. Гректің әйгілі ойшылы Платон ұсынған «мінсіз қоғамнан» бастап, қазіргі заманғы «ақылды қалаға» дейінгі үлгілер әлем ойшылдарының осы сұрақтың төңірегінде жүргізген ізденістерінің нәтижесі болып табылады. Өркениет биігіне ұмтылған дамыған елдерде ақылды, смарт қалалар қалыптастыру бүгінде әлемдік құбылысқа айналған. Бұл үрдісті ұстанған елдердің басты мақсаты – қоғамның, қалалардың тұрмыстық қызмет көрсету деңгейін барынша дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру дәрежесін биік деңгейге көтеру. «Ақылды» қалалар қатарына экономикалық, экологиялық және әлеуметтік деңгейлері тұрақты, қызмет көрсету инфрақұрылымы дамыған қалалар жатады. Өз кезегінде «ақылды» қала жобасына қосылған қалаларға дарынды мамандар және заманауи инновациялар көптеп тартылады. Қазіргі әлемде 150-ден астам «ақылды қала» бар. Олардың қатарына Токио, Копенгаген, Сеул, Торонто және т.б. қалаларды жатқызуға болады. Келешекте бұл қалалардың қатарына Астана да кірмек. Мысалы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін Астана қарапайым тұрғындар үшін қауіпсіз, ұтқыр, эргономді және жайлы қалаға айналуға тиіс.
Бірақ смарт-қалалар мен смарт-қоғамдардың қазіргі заманғы жобала­рының маңыздылығы да, кемшілігі де бар: смарт-қалалар көбіне смарт-технологиялар ретінде түсіндіріледі де, бұл смарт-қоғамда өмір сүріп отырған адамдар да, адами қасиеттер де ұмыт бола бастайды. Шындығында, адамгершіліктік құндылықтарды ешқашан да басқа бірдеңелермен алмастыру мүмкін емес. Смарт қоғам дегеніміз – ең әуелі онда өмір сүріп отырған адамдар. Бұл мәселе Қазақстан қоғамының жас ұрпағына ерекше қатысты. Осы ой смарт қоғам идеясының негізінде біздің университетте іске қосылған «Al-Farabi university – smart city» атты ғылыми-инновациялық жобасының басты ұстанымы.
Бұл жоба түркі дүниесінің ұлы ойшылы Әбу Нәсыр әл-Фарабидің ізгілік қаласы туралы іліміне негізделген. Қазіргі заман талаптарына сай университеттің жаңа формациясын құру мақсатында жасалған жоба бойынша технологиялық және рухани-ізгіліктік ұстанымдардың негізінде қоғам дамуының инновациялық жолдарын жоғары оқу орнының қабырғасында қалыптастыру міндеті қойылды және ол біртіндеп жүзеге асырылуда. Өз трактаттарында әл-Фараби ізгілік қаласы деп мінездеме берген қала – әділетті және игілікті. Оның ең негізгі сипаты – әмбебап рухани құндылықтар мен жақсы өмір жағдайының ажырамас тұтастығы.
Ғұлама ғалымның ізгілік қаласы іліміне қатысты атап көрсететін тағы бір мәселе – университет қызметінің екі құрамдас бөлігі – технологиялық және рухани-адамгершілік платформа қатар дамып отыр. «Ақылды университет» тұрғындарының, ең алдымен, студенттердің жайлы өмірін қамтамасыз ететін смарт-кітапхана, смарт-кампус, смарт-корпоративтік желі, студенттерге қызмет көрсететін орталық – «Керемет», технопарк, бизнес-инкубатор, жүзу бассейні және тағы басқа ақылды жүйелер іске қосылды. Жақында «Жасыл технологиялар Орталығы» да «ақылды қала» тұрғындарына есігін айқара ашпақ. Яғни, «ақылды қаланың» ғылыми-технологиялық платформасы қалыптасты. Бірақ, жоғарыда айтып кеткеніміздей, ол рухани-адамгершілік платформасымен ұштаспаса, ақтық нәтижелер жеміссіз болып шығады. Сондықтан да университемізде оқытушылар мен студенттердің ар-намыс кодексіне негізделген жаңа корпоративтік идеология, студенттерді тәрбиелеудің жаңа сапасына жетуді көздеген әлеуметтік жобалар әңгімеміздің әлқисасында тілге тиек еткен «Айналаңды нұрландыр!» «100 кітап», сондай-ақ «Салауатты өмір салты», «Green Campus» және т.б. жобалар енгізілді. Бүгінгі күні бұл жобалар өздерінің жағымды нәтижесін беріп отыр деп айта аламыз. Студенттеріміздің рухани келбеті мүлдем өзгерді, өздерінің өмірлік мақсаттарын анықтап, терең түсінуге ұмтылған жаңа ұрпақ университетімізде қалыптасып келеді. Яғни әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қағидасы үнемі қаперде ұстаған жөн.
Әл-Фарабидің ізгілік іліміне негізделген смарт университет – интеллектуалды ұлт қалыптастырудың сенімді кепілі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сияқты университеттер смарт қалалардың негізі бола отырып, болашақта смарт Қазақстанды қалып­тастырады, ұлт көшбасшысы белгілеген мақсатқа – әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуіне және берекелі қоғам құруға лайықты үлесін қосады.
– Сөзіңізден байқап отырғанымыздай, оқу ордасында осы аталған бағытта қолға алынып жатқан ғылыми зерттеулер Елбасымыздың биылғы жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен тығыз үндесіп жатыр. Енді осы мәселеге кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Осы бағытта Университет ­стратегиясы ғылым мен білімнің және өндірістің тығыз ынтымақтастығына негізделеді. ҚазҰУ-да оқу орнымызды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру жөніндегі «Al-Farabi university – smart city» өзіндік бірегей бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Экономиканы жеделдете жаңғырту және цифрлық Қазақстанды құру үшін университетте қазіргі заманғы инновациялық инфрақұрылым жасақталған. «Электронды кампус» жобасы жүзеге асырылды, Ахуалды басқару орталығы, электрондық үкіметке ұқсастырылып студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» орталығы ашылды, электрондық құжат алмасу енгізілді, «Универ» бірегей ақпараттық-коммуникациялық жүйесі іске қосылды. ҚазҰУ -ақпараттық-коммуникациялық жүйелердің соңғы жетістіктеріне негізделетін көпшілікке арналған ашық онлайн курстардың ұлттық тұғырнамасын жасаудың бастамашысы. ҚазҰУ-дің «Smart Health» диагностикалық орталығын­да «U-Health» телемедицина жүйесі қол­данылатын жоғары ­технологиялы меди­циналық қызметтердің ауқымды желісі келушілерге қызмет көрсетеді.
Университет негізінде «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konika Minolta», «Fujitsu», «Samsung», «Касперский ­Лабораториясы» сияқты жетекші әлемдік компаниялардың ғылыми және білім беретін орталықтары құрылып, жемісті жұмыс істеуде. ҚазҰУ әлемнің ең технологиялық дамыған 50 университетінің санатына кіргенін, рейтингте 31 орын алғанын атап өтуіміз керек.
ҚазҰУ алдыңғы қатардағы университет ретінде экономикалық да­мудың жаңа қазақстандық моделі құ­рылысының маңызды буыны және елдің ғылыми ­сыйымды инновациялық экономикасының «өсу нүктесі» болуы тиіс. Жоғары оқу орны өнеркәсіптік химия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ­наноматериалдар және нанотехнологиялар, индустрияға арналған жасыл энергетика бағыттары бойынша ГПИИР-2 білім беру бағдарламаларына мамандар даярлайды. Университетте «идеяны өмірге әкелуден оны коммерциялан­дыруға» дейінгі технологиялық дәліз қалыптастырылған.
Университетте Ғылыми-технология­лық парк, үдерістік инновациялар, инжиниринг және коммерцияландыру Орталығы, сондай-ақ «жасыл» технологиялар Орталығы жұмыс істейді. Бірегей инжиниринг және коммерцияландыру Орталығы құрамына эксперименттік-өндірістік база, 3D принтинг және робототехника лабораториясы, сертификациялық ­лабораториялар, инновациялық шеберханалар және FabLab пен коворкинг-орталық кіреді.
«Жасыл технологиялар» Орталығы энергия алудың түрлі технологиялары қолданылатын «жасыл энергетика» бойынша инновациялық жобалардың «Шағын ЭКСПО-сы» болып табылады. ҚазҰУ-де экологиялық таза тамақ өнімдерін вируссыз өсірудің «Plant Factory» микроклоналдық бөліну лабораториясы ашылған, мұнда биотестер мен ғылыми эксперименттер, зерттеулер жүргізуге қажетті ресурстардың барлығы қамтылған.
ҚазҰУ кампусы аумағында экология­лық тұрғыдан тұрақты және жайлы орта қалыптастыру жөніндегі қызу жұмыс басталып та кетті. Жоба Кереңқұлақ өзенінің бойын абаттандыруды және «Аквапоника» жасанды экожүйесін салуды көздейді. ҚазҰУ ғалымдарының бірнеше инновациялық ғылыми әзірлемелері халықаралық «EXPO-2017» – «Болашақ Энергиясы» көрмесіне қойылады. Бұл орайда ҚазҰУ «UI Green Metric Ranking» ғаламдық рейтингіндегі ең үздік «экологиялық» университеттердің озық 200-дігіне кіретіндігін атап өткеніміз жөн.
– Университеттің халықаралық байланыстары ұлғайып келеді, озық тәжірибе алмасу негізінде жаңа мамандықтар өмірге келді. Мәселен, Қоғамдық денсаулық сақтау факультеті Оңтүстік Корея ғалымдары мен мамандарының жәрдемі арқылы құрылды. Жуырда осы факультетте белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Төрегелді Шармановтың ұсынысымен жаңа кафедра ашылды…
– Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық уни­верситетімен және Енсе университетімен бірлесе отырып, ҚазҰУ медициналық-биологиялық кластер жасауды қолға алды. 2014 жылғы 8 желтоқсанда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатпен ашқан КазҰУ-дің «Smart Health» медициналық диагностикалық орталығы ауқымды жобаны жүзеге асырудың алғашқы қарлығашы болды. Іле-шала елімізде бірінші болып медицина факультеті – Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі өз жұмысын бастады.
Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі «Медицианлық-профилактикалық іс», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Жалпы медицина», «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандықтары бойынша дәрігер мамандар даярлайды, сондай-ақ «Спорт медицинасы», «Биология», «Биотехнология» және басқа бағыттар бойынша біріктірілген білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі базасында ­нутрициология кафедрасының ашылуы халықтың дұрыс тамақтану мәдениетін және салауатты өмір салтын қалыптастыру көкейкестілігінен туындап отыр. Оны белгілі ғалым, медицина ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Қазақ тамақтану академиясының және Салауатты тамақтану ұлттық орталығының президенті Төрегелді Шарманов басқарады.
Университет пен Академия білімді, ғылым мен тәжірибені тығыз ұштастыру арқылы медициналық білім беру сапасын арттыруға қажетті зияткерлік және техникалық әлеуетті біріктіріп отыр. ­Нутрициология, диетология, микронутриенттер зәрулігінің алдын алу саласындағы оқу-білім беру, ғылыми-зерттеу, консалтингтік ынтымақтастық Қазақ тамақтану академиясы мен ҚазҰУ-дің бірлескен қызметінің негізгі бағыттары болып табылады.
Президентіміз Нұрсұлтан ­Назарбаев ғаламдық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін, адами капиталдың сапасын, соның ішінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сапасын жақсартатын елдің қуатты ғылыми-технологиялық тұғырнамасын құру міндетін алға қойып отыр. Бұл орайда ұлттық жоғары оқу орындары түйінді рөл ойнауы тиіс.
– Ислам дүниесі оқу орындарымен, атап айтқанда Иран, Иордания университеттерімен қарым-қатынасты жолға қойдыңыздар. Сондай-ақ ­бастауын сонау 1453 жылдан алатын Ыстанбұл университеттерімен де маңызды мәмілеге қол жетті, мұнда «әл-Фараби» орталығы ашылды. Жуырда ғана осы университет делегациясы жұмыс бабындағы сапармен болып қайтқанынан құлағдармыз…
– ҚазҰУ әлемнің 400-дей маңдайалды университеттерімен, ғылыми зерттеу орталықтарымен, беделді ұйымдарымен және қорларымен белсенді ынтымақтастық жасап келеді. ҚазҰУ-дің орталықтары мен лабораториялары Германияда, Қытайда, Пәкістанда, Иорданияда, Жапонияда жұмыс істейді. 2016 жылы Ыстанбұл университетінде «әл-Фараби» Еуразиялық зерттеу орталығы ашылды. Бұл есімін оқу ордамыз иеленіп отырған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеу мен әлемге тарату жөніндегі жетекші орталық болып табылады. Оның қызметі бүкіл түркі әлемінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге және біріккен ғылым-білім жобаларын жүзеге асыруға бағытталған. Үстіміздегі жылы қаңтарда ҚазҰУ ғалымдары мен сарапшылары Түркия студенттеріне арнап қазақ тілі мен әдебиеті тарихы ­бойын­ша дә­рістер мен семинарлар жүргізді, Қа­зақ­­станның қалыптасу мен қазіргі қол жет­кізген жетістіктері туралы әңгімелеп берді.
Жуырда ҚазҰУ-да Ыстанбұл универси­тетінің делегациясы қарымта сапармен болып қайтты. Ғылыми зияткерлермен ресми кездесулер барысында біз стратегиялық әріптестікті нығайтып, ҚазҰУ-де «Түркі әлемінің медиа-орталығын» бірігіп ашу жөнінде келістік. Медиа-жоба түркі халықтарын жақындастыру және олар­дың тарихы мен мәдениетін зерттеу жөніндегі бірыңғай ақпараттық-комму­ни­кациялық алаң қалыптастыруға, жастардың бірыңғай телеарнасын құруға және сұранысқа ие ғылыми-білім беру бағдарламаларын жасауға бағытталған. Біз өз университеттеріміз әлеуеттерін қолданбалы зерттеулер, инновация, «жасыл экономика», өнертабыс және патент алмасу, академиялық ұтқырлық саласындағы өзара тиімді ғылыми қызметті, «Mevlana» бағдарламасы бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыру және тағы басқалар бойынша біріктіріп отырмыз.
– Осы сауалды әрі қарай өрбітсек. Бүгінде «Сіз цифрлық Қазақстан» аясында «Цифрлық-университет» жобасын қолға алдыңыз, ал жуырда бұл бастама америкалық әріптестеріңіз тарапынан қызу қолдау тауып, өзара ынтымақтастық жөнінде уағдаластыңыздар. Аталған жоба қазіргі ғылым мен білімнің алдыңғы шебінен табылып отырғанынан хабардармыз…
– Әлемге әйгілі «Microsoft» компа­ниясының шақыруы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы «Campus Connections-2017» – Жоғары оқу орындарының ғаламдық саммитіне қатысып, «Электрондық кампус» (E-campus) жобасының тұсаукесерін өткізді. Бағдарламалық қамтамасыз етудің ең ірі Рэдмонд қаласындағы (АҚШ) штаб-пәтерінде университет пен «Microsoft» арасындағы старатегиялық әріптестік жөніндегі келісімге қол жетті.
«Campus Connections» жоғары білім беру жүйесіне және әлем универси­тет­терінің кампустарын басқаруға IT-технологияларды енгізудің көкейкесті мәселелерін талқылау жөніндегі бірегей алаң болып есептеледі.
ҚазҰУ саммитте «E-campus» жобасы­ның тұсаукесерін жасау мәртебесіне ие болған ТМД елдерінің біден-бір жоғары оқу орны болып табылады. Тұсаукесер «Microsoft» пен шетелдік жоғары оқу орындары тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Корпорация ІТ-технологияларды дамыту және оларды университеттің бүкіл қызметіне кеңінен енгізу жөніндегі жұмысын жоғары бағалады.
«Al-Farabi university – smart city» кешенді ғылыми-инновациялық жобасы ауқымында ҚазҰУ-де университет инфрақұрылымы жаңғыртылып, цифрлық технологиялар негізінде бірегей коммуникативтік орта қалыптастырылуда. Жоба жаңа цифрлық экономика үшін жоғары білікті мамандар даярлауға және бәсекеге қабілетті ұлттың дамуына қажетті қуатты рухани-адамгершілік және зияткерлік тұғырнама жасауға бағытталған.
– Қазақ зиялы қауымының тарихнамасында сөзге ілігіп, жанын қинаған кедергілерге кездескен тұлғалар болмады емес, болды. Осы тұрғыдан келгенде әттеген-ай дегізген мәселелер болды ма? Сіз де ет пен сүйектен жаралған пендесіз ғой…
– Осыдан біраз бұрын менің эко­но­микалық процесстерді матема­тикалық модельдеу және басқару бағы­тында зерттеген еңбегімді әлемдегі ең үздік баспа «Шпрингер» жеке кітап («Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgetting») етіп басып шығарды. Айта кету керек кезінде осы еңбек Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезде, кейбір техникалық ақауларды пайдаланып, кейбіреулер қоғамдық теріс пиғыл қалыптастыруға әрекет жасалды. Сөйтіп, олар жала жапқан болатын. Бірақ әділдік үстемдік құрып, бұл кітап шетелдік танымал ғылыми баспадан ең көп таралыммен шыққан тұңғыш жеке қазақ авторының еңбегі ретінде белгілі болып, әлемдік деңгейде өз бағасын алды. Экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэш өз пікірінде: «Сіздің кітабыңызбен танысқанымда, керемет әсер алдым. Біздің заманда эконометрия – экономика саласында мамандар даярлайтын университеттер мен экономистер үшін аса бағалы. Қысқасы сіз ұсынған ғылыми нәтижелер мені өте риза етті» дей келе, бізді еңбегімізді эконометрия саласында ­Нобель сыйлығына ұсынылған американдық профессор Кристофер Симс, венгер ғалымы Гарольд Кун зерттеулерімен салыстыра отырып, жоғары баға берді. 2016 жылдың қорытындысында осы еңбек ISESCO сыйлығына лайық деп танылып, математика саласы бойынша алтын медальмен марапатталғанын атап өту керек деп ойлаймын.
– Ғалеке, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ұжымыңызға, «Ана тілінің» қалың оқырман қауымына айтар тілегіңіз.
– Менің осы жасымда көзімнің жеткені қай жерде де ұжымыңмен жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істесең алынбас қамал болмайтындығы. Осынау айтулы мерекеге орайлас университетте үлкен мәдени іс-шаралар атқарылмақ. Наурыз тойына қаламыздағы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері, зиялы қауым, қоғам және мәдениет қайраткерлері шақырылмақ. Олар наурыз нақыштарының бір белгісі ағаш көшеттерін отырғызып, жиылған қауым алдында ой-пікірлерімен бөліспек. Наурыз көжесінен дәм татады.
«Ана тілі» республикамызға белгілі рухани әлемімізде өзіндік орнын айқын­даған басылым. «Қазақ газеттері» Медиа­холдингіндегі осы басылымға, оның құрамындағы өзге де газеттер мен журнал­дар­дың ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Жұмабек КЕНЖАЛИН




4 пікір “ЖАҚСЫЛЫҚ АТАУЛЫНЫҢ ЖАРШЫСЫ БОЛА БІЛУ ДЕ ӨНЕР

  1. Айжан

    Қазақ ұлттық университеті қашанда қазақ білім ордаларының қара шаңырағы болып қалмақ. Алға қойған жоспарары көп, жетістіктері сансыз.

  2. Досбол

    Бұл оқу ордасы қаншама талантты студенттерді түлетіп ұшырды! Олар еліміздің, тіпті шет елдердің түкпір-түкпірінде биік қызметтерде жүр.

  3. Шарипа

    Сұқбат өте тартымды, әрі жақсы жазылған екен. Еліміздегі бірден бір алдыңғы қатарлы оқу орнын осындай Ғалымхайыр Мұтанұлындай азаматтың тынымсыз еңбегінің арқасындаі талай жетістіктерге жетіп келеді.ТМД елдеріндегі ең алдыңғы қатардағы оқу орны болуының өзі, университеттің бұл күндері дәрежесінің әлемдік деңгейде екенін көруге болады.

Пікір қалдыру