Н.Назарбаев: Халықаралық аренада Түрікменстан мен Қазақстанның байланысы жаңа белеске көтерілді

Елімізге Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келді. Тараптар аймақтағы қауіпсіздік, экономика мен саяси мәселелерді саралады. Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестікке серпін беретін бірқатар құжатқа қол қойылды.

Биыл 12 ақпанда үшінші мәрте Түркіменстан Республикасының Президенті болып сайланған Гурбангулы Бердімұхамедов Астанаға ат басын бұрды. Тарихы тамырлас, әрі бауырлас көрші ел Қазақстанмен байланысты бекемдеуге мүдделі. «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деген қағиданы ұстанған Түрікменстан алыс-берісті еселей түсуді көздейді.

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Гурбангулы Бердімұхамедов Ақорда табалдырығын алғаш аттаған жоқ. Дегенмен мәртебелі мейман қазақы қонақжайлылыққа кезекті рет тәнті болды. Сымдай тартылған сарбаздар, әуелеген әуен – бұның барлығы 1992 жылдан бері орнаған дипломатиялық байланыстың құрметіне орайластырылған ілтипат.

Қос ел басшылары кідірместен екіжақты кездесу өткізді, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді саралады. Көшбасшылар талқылайтын тақырып та жетерлік. Дегенмен тараптар әуелі жоғары деңгейдегі бұл сапардың маңызы мен мазмұнына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас қалай орнады, солай дамып келеді. Сыртқы саясат жағынан да ынтымақтастық бар. Біз Түрікменстанның xалықаралық бастамаларын үнемі қолдап отырамыз. Түрікменстан да біздің бастамаларымызды қолдап келеді. Екіжақты ірі жобалардың бірі – «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы. Жібек жолының бағыты деуге болады. Аталған мәселе мамырдың 15-сі күні Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» атты үлкен форумда да талқыланады. Оны басты маршрут ретінде қарастырып жатыр. Біздің ендігі мақсатымыз – осы жолды барынша толтыру.

Гурбангулы Бердімұxамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:

— Біз сіздің барлық бастамаларыңызды әрдайым қолдаймыз. Әсіресе, Қауіпсіздік кеңесінде көтерген мәселелерді қызу қуаттауға дайынбыз. Әрине, бейбітшілікті бекемдеп, қауіпсіздікті күшейту басты міндет болып қала бермек. Қазір Қазақстан мен Түрікменстанның тауар алмасу процесі жоғары деңгейде дамып келеді. Әлемде экономикалық дағдарыс күшейген кезде, экономикалық байланысымыз нығая түсті. Бұл жағдайға бірнеше салада үкіметаралық комиссияның құрылғаны оң әсер еткен. Бүгін де бірқатар маңызды құжатты бекіткелі тұрмыз. Яғни, экономикалық ынтымақтастығымыз одан әрі дамиды деген сөз.

Кездесу әрі қарай кеңейтілген құрамда өрбіді. Тәуелсіздікті ту еткелі қазақ-түрікмен ынтымақтастығы жаңа белеске көтерілді. Түрлі салалар бойынша байланыс нығайды. Оны жиынға жиналғандар бірауыздан мақұлдады. Бұл ретте Елбасы ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктеріміз алдағы уақытта да еселене түсетіндігіне сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Государственный визит Президента Туркменистана проходит в год 25-летия установления дипломатических отношений. Мы оба отметили 25 лет независимости. За четверть века отношения складывались как отношения взаимного доверия и поддержки. Туркменистан для нас важный партнер и союзник в нашем регионе. Народы наших стран – братья и добрые соседи. Испокон веков нас объединяют общеисторические корни, язык и религия. Двусторонние аспекты развиваются в транзитно-транспортной, энергетической сферах, имеются большие перспективы в других областях.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының Президенті:

— Бұл сапардың негізгі мақсаты – екіжақты ынтымақтастықты арттыра түсу. Бүгінде халықаралық аренада Түрікменстан мен Қазақстанның байланысы жаңа белеске көтеріліп, ерекше беделге ие болды. Екі елдің де ұстанымы бір, мақсаты ортақ. Біз тұрақтылық пен әлем елдерінің тыныштығын қалаймыз.

Екі елдің көшбасшылары келелі келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бауырлас түрікмен елімен шешілмеген мәселесі жоқ екенін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан Орталық Азиядағы бауырлас әрі көршілес ел болып табылады. Түсіністікке қол жеткіздік. Сындарлы диалог өткіздік, арамызда шешімін таппаған бірде-бір түйткілді мәселе жоқ. Бізде отын энергетикасы, көлік саласы қарқынды дамыды.

Көрсеткіштер көңіл көншітерлік. Алайда Елбасы қос елдің де әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын ашық айтты. Дағдарыс қыспаққа алған тұста екі ел де мүмкіндіктерді мүлт жібермей, алыс-берістің тың тетіктерін іздеуі тиіс еді. «Енді осы олқылықтың орнын толтыру үкіметаралық комиссияға жүктеледі», — деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— На фоне глобальных кризисных явлений особое внимание было уделено торгово-экономическому сотрудничеству. И мы отметили, что существует большой неиспользованный потенциал как транзитный, так и в экономическом сотрудничестве. И межправительственная комиссия будет над этим работать по нашему поручению. Особая роль в достижении этих задач лежит на межправительственной комиссии, которую мы создали на уровне вице-премьеров обеих стран. Отдельное внимание мы уделили совершенствованию торгово-правовой сферы. На сегодня существует 50 договоров, сегодня мы подписали. И будет 10 важнейших соглашений.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай ақ Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолының бүгінде шоқтығы биік екендігіне тоқталды. Бұл магистральдің құрылысы елдерімізге Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік берді. Демек екі елдің де кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндіктер ашылды. Күрмеуі күрделі мәселелерді жіпке тізе келе Президент үзеңгілесімен бірге Арал теңізіне қатысты алаңдаушылық білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Казахстан и Туркменистан активно работают также над развитием космической индустрии. Пришли к согласию налаживания сотрудничества и в этой отрасли. Важной темой переговоров стала водно-энергетическая сфера и активизация деятельности международных фондов спасения Арала. Мы вместе призываем наших соседей все возникающие вопросы решать взаимным доверием и выгодой для наших государств. Мы еще раз подтвердили, что водные ресурсы трансграничных рек Центральной Азии являются нашим общим достижением, пунктом нашей дружбы, нашего взаимопонимания. От их разумного использования зависят судьбы десятков миллионов людей.

Түрікменстан – индустриалды-аграрлы ел. 5 млн-дан аса халқы бар Орталық Азиядағы мемлекет негізінен жеңіл өнеркәсіп өндірісіне жіті көңіл бөлген. Бүгінде осы елмен экономикаға оң ықпал ететін бірнеше бірлескен жобаны жүзеге асырған. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 283,5 млн доллардан асты. Қазақстан Түрікменстан тарапына күнбағыс, ұн, металл, ағаш өнімдерін экспорттаса, олар бізге минералды және химиялық өнімдер, тоқыма бұйымдарды тасымалдайды.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:

— Біздің елдеріміздің әлеуеті қай салада да жетерлік. Осы мүмкіндіктерді біз шағын және орта бизнесті өркендетуге бағыттауымыз керек. Демек үкіметаралық комиссия тиісті деңгейде өз шаруаларын атқарып, экономикаға аса мән беруі қажет.

Жиынды қорытындылай келе екі елдің көшбасшылары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік және қазақ-түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты рәсімдеп, бірқатар құжатқа қол қойды. Н.Назарбаев мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттап, ізгі ілтипатын білдірді.

Авторлары: Елдар Бақпаев, Жандос Битабаров

Хабар 24




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *