Қолтаңба

Көзі қарақты оқырман үшін белгілі қаламгер, көсемсөзші Жарылқап Бейсенбайұлының есімі жақсы таныс. Кезінде бірқатар бұқаралық-ақпарат құралдарында қызмет етіп, салмақты, ойлы, мағыналы дүниелерімен оқырман назарын аудара білді. Қазір де рухани саламызға аса қажет «Мәдени мұра» – «Культурное наследие» журналына басшылық жасап отырады. Ғалым ретінде де тындырған істері қомақты. Әсіресе шоқантанудағы еңбектерінің шоқтығы биік.
«Ана тілі» газеті, оның оқырмандары үшін Жақаңның орны тіптен бөлек. Ол – ұлт басылымының алғашқы басшысы. Өмірге жаңа келген газеттің қалыптасып кетуі жолында елеулі еңбек сіңірді.
Ардақты азамат бүгінде жетпіс дейтін жастың жотасына көтеріліп отыр. Әріптес ағамызды ғұмырының осы айшықты белесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық істе жетістіктер тілейміз.
Төменде «Ана тілі» басылымында кезінде Ж.Бейсенбайұлымен қатар жұмыс істеген азаматтардың мерейтой иесі жөніндегі ой-толғамдары ұсынылып отыр.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан – ZAMAN» газетінің
бас редакторы:

– Жақаң туралы көп білемін деп те, аз білемін деп те айта аламын. «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») бірге жұмыс істедік. Мен ол кезде тым жас едім. Уни­верситетті бітіре салысымен марқұм Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз барлық жур­налисті тезге салатын орын – секретариаттың қамытын мойныма салып, «ауыр» жұмысқа жекті. Ол кезде «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрудың бақыты кез келген журналистің маңдайына бұйыра бермейтін. Сөйтіп, мен бірден кілең алыптардың ішіне сүңгіп кеттім. Сол алыптардың бірі Жақаң, Жарылқап Бейсенбайұлы еді. Көп, аз білемін деп өзімше айтып жатқаным Жақаң көп ашыла бермейтін жан. Бірақ анда-санда бір күлген кезде Алматының ашылған аспанындай жүзі жарқырап кетер еді.
«Лениншіл жас» жігіттерінің дені макет сызуды білетін. Ал білмейтіндер мен үшін бір саты төмен адамдар сияқты көрінетін. Жақаңның макет сызуда өзіндік стилі бар-тын. Бізбен ерінбей ақылдасып, материалдарының жақсы орналасуына барын салатын. Сол кезде-ақ Жақаңның журналистика әлемінде өзіндік ерекшелігі бар екенін сезетінмін. Ең бастысы, жазған материалдары өзі тәрізді кесек, жұп-жұмыр келетін. Содан соң жаңашыл, ізденгіш, еңбекқор. Қай қайдағы тақырыптарға баратын. Ол кезде мораль тақырыбы өте нәзік тақырып еді. Ол кісі сол бөлімде біршама уақыт істеді. Бөлімнің материалдарын халық сүйсіне, іздеп оқитын. Жақаң авторларды іздеп тапқыш еді. Оның сол кездегі жазған «Буырқанған бояулар», «Шоқан ізімен», экспедициялық мақалалары бүкіл республиканы елеңдетті. Бұл журналистика әлеміндегі елең еткізер жаңалық болатын.
Кейін мен «Қазақ әдебиетіне» ­ауысып кеттім. 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Пай, пай сол кездегі қазағымның аспандаған рухы қандай еді десеңші! Бәріміз арқаланып, әлдебір таңғажайып жақсылықты күтіп жүрдік. Тәуелсіздігіміздің күні шықпаса да, оның аспан әлемін жарқыратқан шапағын көргендей едік. Соның бір анық белгісі 1989 жылы күзде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бөркімізді аспанға бір атсақ, Наурыз мерекесі тойланып, екінші рет шаттандық. Үшінші бір қазақты елеңдетіп, рухтандырған нәрсе «Ана тілі» газетінің ашылуы. Жақаңның бас редактор болғанын естіп жаттық. Бірақ газетке мені жауапты хатшы етіп шақырады деп ешқашан ойлаған емеспін. Бір күні Жақаң келді. Қолын мойнына асып алған. Құлап, жарақат алыпты. Мақала әкелді ме деп ойлағанмын. Жоқ, мені жұмысқа шақыра келіпті. Ол кезде марқұм Оралхан аға бас редактор. Жібермеді. «Бармайсың!» деді үзілді-кесілді. Біраз жүріп қалдым. Жақаң да ойынан қайта қоймады. Содан Ор-ағаң кезекті еңбек демалысына кет­кенде жұмыстан қашып кеткендей болдым. Жаңа жұмысқа кетіп бара жатсам жолымда марқұм Берсінбек Сәрсенұлы ағам тұр күтіп. «Сені жауапты хатшы етіп алады екен. Мені фототілші етіп алсайшы. Өкінбейсің» деді ол. «Кеттік» дедім. Сонымен бірге белгілі суретші, сатирик Төлеген Ильяшев ағамызды да ертіп алып үшеуіміз Жақаңа бардық. «Мәссаған! Жұмысқа өз тобыңмен бір-ақ келіпсің ғой» деп жаңа бастығым күлді. Бірақ үшеумізді де бірден жұмысқа алды.
Жақаң шынында да «Ана тілі» газетін жаңашылдықпен шығарды. Оның ­кадрларды танығыштығы керемет еді. Бақыт Сарбалаев ағамызды орынбасары етті. Бұл ағамның да шығармашылығы ешкімге ұқсамайтын ерен болатын. Ғарифолла Қабдолқайырұлы, Аманқос Мектеп-тегі, Дихан Қамзабекұлы, ­Амантай Шәріп, Раушан Мырзахмет, одан кейін келген Марат Қабанбай, Сабыржан Шүкірұлы, Сәкен Сыбанбай, Қонысбек Ботпай, Байбота Қошым-ноғай, Мақсат Тәжімұрат, Жұматай Сабыржандардың әрқайсысы бір-бір тұлға-тын. Жер-жердегі данышпан ақсақалдарды жазуға тартты. «Ана тілі» сол кезде маңдайы жарқырап БАҚ әлемінде ерекше шықты. Халық оны іздеп оқитын. Себебі неде? Шөлдеп, шөліркеген халықтың қажет еткен ұлттық дүниелерін бере білдік. Жақаң өзі тұңғыш рет түрен салып, «Қазақ шежіресін» қолға алды. Бұл өзі инемен құдық қазғандай ауыр жұмыс. Ерінбей, жалықпай ол қазағын осылай түгендеді. Шота ағамыздың Хандар шежіресі де қағыс қалған жоқ. Дінімізді жарқыратып бердік. Алаштың тұлғалары бірінен соң бірі шығып жатты. Бұқараның мұң-мұқтажына қолымыздан келгенше көмектестік. Әрине, тіл мәселесі газетімізде бірінші тұрды. Таралымымыз жүз мыңнан асып жығылды. Міне, осының бәрін Жақаң күні-түні ұйықтамай өзі ұйымдастырды. Ол кісі тақырыпқа зор мән беретін. Айдалада кетіп бара жатып маған қоңырау шалатын. «Ертай, мына тақырыпты тез жазып алшы» дейтін. Мінеки, жұмысқа берілгендік! Жақаңның мінезі қарапайым. Ал сырт көзге тәкаппарлау көрінетін. Мен өзім Жақаңнан көп нәрсе үйрендім.
Жақаң тек қана журналист емес, ғалым екенін сол газетте істеп жүргенде-ақ дәлелдеді. Енді, мінеки, тарихтың қатпар-қатпар терең қойнауына сапар шегіп жүр. «Арғы түріктер ақиқатының ізімен» кітабын оқып шықтым. Тамаша дүние! Бірақ, меніңше, сол дүниесі терең талданбай, айтылмай жүр. Басқа-басқа, Жарылқап Бейсенбайұлының редакторлығы, журналистігі өзінше бір әлем. Кейінгі жас журналистерге зор үлгі, өнеге болатын әдіснама десе боларлық. Жақаңның інісі, шәкірті ретінде мерейтойы­мен шын жүректен құттықтаймын! Бала-шағасының қызығын көруді Алла тағалам нәсіп еткей!

Ғарифолла ӘНЕС,
профессор:

– 1990 жыл. 22 наурыз. Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты. Айпарадай Акт залы. «Ана тілі» газе­тінің алғашқы саны. Қолы гипстеулі, сөзі жоқ, қабағы ашылмайтын бас редактор. Жалпақ жазарманға танымал жур­налист, Қазақстан Ленин комсомол сый­лы­ғының лауреаты Жарылқап Бейсенбаев.
1990-шы жылдардың басы. Сейдахмет ағаның (Бердіқұлов) бар кезі. Жәкең үйіне бір топ журналист әріптестерін жинап, дастарқан жайды. Маған орын есіктің аузынан бұйырды. Қонақтар арасында ең жасы да, журналистік тәжірибесі ең азы да менмін. Таныстыру сәті келгенде Сейдағаңа қарап: «Ғалымнан туған журналист балаңыз» деді. «Менің шинелімнен шыққан» дегенді де қосып қойды. Бұнысы, әрине, айнадай ақиқат-тұғын.
Сол жылдардағы «Ана тілінің» толағай табысы, оқырман санының күрт көбею себебінің бірі – ғылымға жақындығы, апталықтың мазмұны мен тілін ғылыми­ландыру жолындағы ізденістер жемісі болғаны сөзсіз.
«Тоқырау» атты заманның бөркін киген сол бір өліарада редакцияға хатпен де, аяқтай да келетін мақала-жазбаларға көміліп жатушы едік. Ғалымдардың ұсынған көлдей-көлдей сәлемхаттары менің «Тілтану» бөлімімнен өтетін. Неғұрлым атағы зор болса, әсіресе «ғылым докторы», «профессор», «Пәлен академияның академигі» дегенді көргенде жүрек лоблып, милықтата май жұтқандай болушы едік. «Мә, ағаңның «трактаты», қайта жазып шық» дейді бас редактор. Жазған құлда жазық бар ма, өзім «Ғылым» баспасында отырсам сол бойда авторға қайтарып беретін-ақ «трактатты» қайта толғатып, қайта туып, 200 жол, 300 жолға «жұтындырасың». Кейде «трактат жазуға» Жәкең де кірісіп кетеді. Осылай жұтынған, кейде жұтынбаған (әрине, осылай айтуға болса) жүздеген жазбасымақтармен алысып, арпалысып жүріп Жәкең де, мен де ғылыми-көпшілік стиль дегеннің жүйрігі болып алдық-ау деймін.
Талант қашанда талант қой. Газеттің тізгінін ұстаған бас сарашымыз (өз сөзі) бірте-бірте өзі де ғалым-зерттеушіге айналып шыға келді. Бүгінгінің тілімен бедерлесек, арнайы «Қазақ шежіресі» аталымды жоба жасап, әлдебір ғылыми-зерттеу институтының Қолжазба бөлімінің мүкәммалындай қисапсыз мол мұраны жинап, саралады. Ол қазына кейіннен әп-әдемі танымдық кітапқа айналды. Бір сөзбен айтқанда, көз алдымызда хас жүйрік бас журналисіміз трактат жазғыш ғалымға айналды.
Қазақтың шежіресін біржақты қылған соң Жақаң «ақтаңдағы» жетіп артылатын Алты Алашты бір түгендейтін шығар деп күтіп жүруші едік. Бірақ сынықтан басқаның бәрі жұғады демекші, су жаңа ғалымымыз тым «тереңге» кетті. Өзіміз бар қазақты, шашыраған түрік қандастарды түгендей алмай жүргенімізде ұстазымыз «Арғы түріктер ақиқатының ізімен» (2006) және «Орталық Азиядағы арғытүрік сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» (2015) атты шолып шығудың өзіне жан шыдамайтын трактаттарын дүниеге әкелді. Апыр-ай дейсіз-ау, арғытүркіміз біздің жыл санауымыздан берісі 10 мың жыл, арысы 40-50 мың жыл тереңге кетпек ғой! Бұл дегеніміз Жер шарының түп ортасында 2000 градуспен қайнап жатқан мантия-тақырып ғой… Иә, шынында, трактат! Өйткені осы бір жалпыжаһандық атау сонау Аристотель, Фараби замандарынан бері құнды ғылыми-зерттеу еңбек мәнінде ұғынылады.
Жарылқап ағамыз отызында Шоқан­ның ізіне түсіп, ғалым туралы сөз қозғап еді, енді, міне, жақсы жас – жетпісінде ғылымға соны із тастап, алтын жүлгесін тауып, өз кенін қазып жатыр. Осы жолда қазақ ғылымына салар олжасы көбейсін, марқасқа Марғұландай академик атансын деп тілек тілейміз.

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,
алаштанушы ғалым:

– 1990 жыл, наурыз айы. Ұлттық Ғылым Академиясының Тіл білімі инс­титутында гу-гу әңгіме. «Ана тілі» атты тіл мәселесін жан-жақты қаузайтын газет шықпақшы, соған институт қызметкерлері де тартылмақшы екен».
Директордың орынбасары Шора Шамғалиұлы Сарыбаев іздеді деген соң, ентелеп кабинетіне жетіп бардым. Шөкең жанында отырған Ғарифолла Әнес пен маған – Әбекең пікірлескісі келеді, кіріп шығыңдар! – деді. Институт директоры академик Әбдуәли Қайдаров көзәйнегін шешіп, еппен бізге орындықты нұсқады. – Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үнжариясы, апталық «Ана тілі» газеті жарыққа шығатындығын естіген боларсыздар! Бұл мерзімді басылым бұйырса, қазақ тіліне қатысты қордаланған түйткілдердің баршасын қоғамдық ортаның талқысына салатын ұлт руханиятының жаршысы болады деген сенімдеміз. Газеттің Бас редакторы, тәжірибелі журналист, қаламгер Жарылғап Бейсенбайұлына таңдау жасалды. Ендігі мақсат: газеттің сапалық деңгейі жоғары, қазақ тілінің мәртебесін биікке көтеретін салалық басылымға айналдыру. Әсіресе қазақ тілінің қоғамдық пәрменіне дем беретін ғылыми-көпшілікке арналған стилін қалыптастыру, ғылым-білімге, ғылыми-зерттеу, ғылыми танымдық жарияланымдарға біздің институт тарапынан айырықша қолдау көрсетуге тиіспіз. Соған орай сіздерге жүктелетін міндет кәсіби журналистермен шығармашылық бірлікте газет ісіне үлес қосу. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар? – деді Әбекең. Біз бұл жауапкершілікті абыроймен орындауға бірауыздан уәде бердік.
Газет редакциясының тұрақты мекенжайы шешілгенше уақытша институттың акты залына орналасты. Бас редактор Жарылғап Бейсенбайұлы жаңа басталған игілікті істің мән-жайын түсіндіріп, ұжымның жаңа мүшелерімен қысқаша таныстырып өтті. Олар газет жұмысының әбден майын ішкен, шеттерінен «сен тұр, мен атайын» дейтін қаламы жүйрік шығармашылық тұлғалар Бақыт Сарбалаұлы, Ертай Айғалиұлы, Қонысбек Ботбайұлы екен. Сол күннен бастап қазандай қайнаған газеттің қым-қуыт қарбалас тірлігіне араласып кеттік. Жақаңды бір көргеннен-ақ сыртқы түр-тұлғасы, қайратты қою қара шашы, отты жанарынан іштей талапшыл, қатал басшыға жорыдым. Қызмет барысымен Жақаңды жақыннан таныған сайын оның иіні жұмсақ, көңілінен шыға қалсаң шын мейірленіп, тісі ақсия рақаттана кеңкілдеп күліп, жүзі жадырап қоя беретін ақжарқын, парасатты жан екеніне талай мәрте куә болдық. Оның осы табиғаты редакциядағы әріптестерді жақын тартып, шығармашылығына шабыт беріп тұратын. Жасыратын несі бар, әуелгі әзірде апталық газет болса да, атына лайық етіп қалыптастыру оңай болған жоқ. Оның үстіне бүгінгідей цифрлы технологияның қолданысқа ене қоймаған кезі. Асыға күткен газеттің тұңғыш саны қоғамдық-рухани өмірде оң серпіліс туғызған мәдени құбылыс болды. Газет оқырмандардың сусап отырған ана тілінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саласының қыр-сыры мен ұлттық болмыс-бітімін сипаттайтын, жабық болып келген тарихи ақтаңдақ беттерін індете зерделейтін, зұлмат жылдардағы алаш арыстарының тағдыр талайынан мол мағлұмат беретін тақырыптарға кеңірек тоқталуға батылдық танытты. «Ана тілі» газетін қазақтың ары болған Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Қазақ» басылымын үлгі тұтып, рухани мұрагері санатында шығаруға Ғарифолла екеуміздің азын-аулақ идеямызды Жақаң бірден қолдады. Сөйтіп, газеттің бренді, жазба дәстүрі ертеден бар ежелгі руникалық таңбасы және араб қарпімен қолданыс­тағы графикалық эволюциясын көрсететін бейнесін, қазақша ай, жыл аттары, ұлттық нақыштағы айдарлар мерзімді бас­пасөз арасында өзіне тән ерекше орнын айқындады.
Қысқасы, «Ана тілі» газетінің бірден елдің ықыласына бөленіп, алыс-жақыннан оқырмандары мен авторларының көбеюіне қозғаушы күш болған тізгінді ұстаған Жақаңның – Жарылқап Бейсенбайұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылық қарымы, көсемсөз шеберлігі еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Жақаңнан үйренгеніміз көп, білімпаз жанмен қызметтес болғанымызды мақтаныш етеміз. Жақаңның мерейтойы үстінде деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылық биік белестен-белеске жете беруіне шын пейілден тілектеспіз.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *