Ауылды жердегi мәдениет ошақтарының жабылуына ендi жол берiлмейдi

Бүгiн Сенат отырысында «ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне мәдениет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заңының жобасы екiншi оқылымда қабылданды. Енгiзiлген өзгерiстерде ауылды жерлердегi мәдениет ошақтарының негiзсiз жабылуына жол бермеу тетiгi қарастырылған, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсiне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

 «Алдарыңыздағы заң жобасы мәдениет және тарихи-мәдени мұра саласында орын алып отырған бiрқатар проблемаларды шешуге бағытталған. Бiрiншi, 2015 жылы мәдениет саласындағы бiлiм беру ұйымдары Мәдениет және спорт министрлiгiнiң қарамағына берiлген болатын. Бiрақ, бұл заңда мамандарды даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырмасын бөлу және орналастыру, мәдениет саласындағы бiлiм беру ұйымдарының қызметiн үйлестiрудi осы министрлiктiң құзыретiне беру сияқты бiрқатар нәрселер ескерiлмей қалған екен. Осы заң жобасында бұл коллезияларды жоюға тырыстық», — дейдi баяндамасында Мәжiлiс депутаты Майра Айсина.

Депутат өз сөзiнде ауылды елдi мекендерде мәдениет ошақтарының жабылып қалғандығы баршаға мәлiм, дейдi. Оның айтуынша, 2013-2015-жылдары 40 мәдениет объектiсi, оның iшiнде 2 театр, 1 музей және 37 кiтапхана жабылған.

«Бұл ел арасында шыққанда халықтың көтеретiн өзектi мәселелерiнiң бiрi. Оны шешу үшiн бiз мәдениет ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерiн уәкiлеттi органмен мiндеттi түрде келiсудi көздедiк. Бұл мәдениет ошақтарының негiзсiз жабылуын болғызбаумен қатар, министрлiктiң тұтас Қазақстан бойынша мәдениет ұйымдарына қатысты болып жатқан жағдайларға нақты мониторинг жүргiзуiне, жағдайды толық байқауына және тиiсiнше шара қабылдауына мүмкiндiк бередi», — деген депутат мәдениет саласындағы басқа да мәселелерге тоқталып өттi.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *