image-18-04-17-01-33

Алаш асылын ардақтады

KulzhanovaҮстіміздегі жылы аса көрнекті ағартушы-педагог, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналист, аудармашы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың туғанына 130 жыл толғалы отыр. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан Торғай орыс-қазақ мектебін және Қостанай қаласындағы қыздар гимназиясын тәмамдаған Нәзипа Құлжанова ұстаздық ете жүріп, ұлт істеріне де белсене араласқаны, 1914 жылы Семей қаласында ұлы Абай өмірі мен шығармашылығына  арналған этнографиялық, әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырғаны белгілі.

Қарымды қаламгер «Айқап» журналына, «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш» газеттеріне әйел теңдігі туралы мақалалар жазды. Абай мен Ыбырайдың өлеңдерін орыс, ал Лев Толстойдың, Александр Куприннің, Владимир Короленконың туындыларын қазақ тіліне аударды. Белгілі этнограф А.А.Затаевич «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін Нәзипа Құлжановадан алған.
Қысқа ғұмырын Алаш идеяларын насихаттауға арнап, ұлт әдебиеті мен мәдениетіне жаңа леп қосқан, қазақ ғылыми педагогика ілімінің негізін қалаған ұлт қайраткері Нәзипа Құлжанованың ­мерейтойына арнап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналис­тика факультетінің баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы мен «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «ХХІ ғасыр баспа өнері мен баспасөзі: ғаламдастыру үдерісі және ұлттық ерекшеліктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Университеттің «әл-Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми форум аясында ұйымдастырылған басқосуға «Қазақ газеттері» ЖШС-ына қарасты басылымдар ақпараттық қолдау жасады.
Конференцияның жұмысына Н.Құлжанова шығармашылығын зерттеуші қауыммен қатар белгілі қаламгерлер, сондай-ақ жоғары оқу орын­дарының оқытушылары мен ­магистранттары, докторанттары қа­тысты. Баяндамалар мен хабарламалар Алаш қозғалысы және Нәзипа Құлжанова; баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер; аударма өнері; коммуникология және салалық журналистика; қоғаммен байланыс және жарнама сияқты секцияларда талқыланды.
Нәзипа Құлжанованың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогтік және шығармашылық қызметіне арнап «Хабар» арнасы әзірлеген «Өмір жолы» атты деректі телефильм көрсетілімінен басталған конференцияда журна­лис­тика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, филология факультеті­нің деканы Өмірхан Әбдиманұлы және «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редактор­лар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин қабыр­ға­лы қайраткердің тұлғалық қырла­рын кеңінен ашып көрсеткен мағыналы баяндамалар жасады. Сондай-ақ белгілі қаламгер, ұлт ұраны – «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін жаңа ғасырымызда өмірге қайта әкелген Қоғабай Сәрсекеевтің жары Гүлбаршын Мүталлапқызы, жазушы-журналист, өлкетанушы Жұмат Әнес, техника ғылымының докторы, профессор Жантемір Хамзин, өлкетанушы Болат­бек Әбіқаев Нәзипа Сегізбай­қы­зы­­ның туып-өскен өңірі, қалыптасқан орта­сы және оның Алаш ардагерлерімен рух бірлігі жөнінде әсерлі әңгімелеп берді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары Аманқос Мектеп, Назгүл Шыңғысова, Жетпіс­бай Бекболатұлы және басқалар Нәзипа Құлжанова шығармашылығын зерттеудің бүгінгі жай-күйі жөнінде сөз етті. Бұл орайда Мәскеу, Орынбор архивтерімен қатар Қызылорда, Алматы, Семей, Қостанай қалаларының мұрағаттарында, кітапханаларында сақталып қалған құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Торғай өңіріне арнайы барып, жазбаша және ауызша деректемелерді іздестіру, жәдігерлерді жинастыру мәселелеріне баса көңіл бөлінді.
Нәзипа Құлжанова ұрпақтары атынан техника ғылымының докторы, профессор Жантемір ­Хамзин кафед­ра студенттеріне арнайы сти­пендия тағайындады. Үздік шәкірт­терге арналған осындай сый-сияпат қай­раткер-жазушы Қоғабай Сәрсе­кеевтің жары Гүлбаршын Мүталлапқызы тарапынан да ұсынылды.

Гүлбахор ОМАРОВА,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дің аға оқытушысы




Пікір қалдыру