ab62b9c7e09b59cd550052679e299101_resize_w_520_h_

Жастардың өмірі бізден жақсы болатындығына сенімім зор – Елбасы

Жастарға оңай болмасы анық. Алайда олардың өмірі бізден жақсы болатындығына сенімім зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz.

 Кездесуге белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков және Смағұл Елубаев қатысты.

Елбасы таяуда отандық БАҚ-та жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының кейбір бағыты мен басымдықтарына тоқталды. Осы орайда Президент жаһандану заманында ақпараттың көз ілеспес жылдамдықпен келіп жатқандығын мысалға келтірді. Бұл ақпарат кейбір маңызды салаларға өзгерістер алып келуде.

«Өз ісін білетін, бәсекеге қабілетті болатын адамдар керек. Мысалы, қазіргі инновациялық дәуірде бізге көптеген жаңалық келіп жатыр. Мысалы, жыл сайын денсаулық сақтау саласында 10-15% өзгерістер болып отырады. Оған ілесудің өзі біздің буынға оңай емес. Ал жастардың ілесуі қалай болады?», — деді ол.

Кейін Елбасы өз ойын былайша тарқатты.

«Машина жасау саласында роботтар жұмыс істейді. Үйдің ішінде де роботтар болады. Үй салатын 3D принтерлер сияқты роботтар болмақ. Нәтижесінде қазіргі мамандардың көбі жұмыссыз қалады. Қазіргі таңда жеңіл машина жүргізушісіз жұмыс істеп жатыр. Байқайсыз ба? Интернеттегі сауда деген бар. Осыны ойлауымыз керек. Бұл өзгерістер елімізге өте тез келеді», — деді Президент.

Оның айтуынша, әлемдегі өзгерістерге жастар қазірден дайын болуы қажет.

«Сауатты адамның басқа мамандықтарға ауысып кетуге қабілеті жоғары болады. Білімі бар адам, қай жерде нені оқу керектігін, мамандықтың қыр-сырын біле алатын адамдар ғана басқа жұмысқа ауыса алады. Одан қорқудың да қажеті жоқ», — деді ол.

Осы орайда Елбасы жастарды әлемдегі өзгерістерден қорықпай батыл қимылдауға шақырды.

«Жастарымызға осыны түсіндіруіміз керек. Оларға оңай болмас. Бірақ олардың өмірі бізден жақсы болатындығына сенімім зор», — деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.




Пікір қалдыру