af12407fbd8f4b4d6890c9161f7b7a8c_resize_w_520_h_

Астанада ШЫҰ саммиті өтеді

Астанада ШЫҰ саммиті өтеді. ШЫҰ сыртқы істер министрлері маусымда Астанада өтетін саммитінің күн тәртібін айқындады, деп хабарлайды Baq.kz  тілшісіне сілтеме  жасаған  Kazgazeta.kz.

 2017 жылғы 21 сәуірде Астанада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен ШЫҰ бас хатшысы мен ШЫҰ Терроризмге қарсы өңірлік құрылымы Атқарушы комитеті директорының қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) кезекті отырысы өтті. Кездесу ұйымға мүше мемлекеттер Басшылары кеңесінің маусымда Астанада өтетін отырысына қорытынды дайындық кезеңі болды.

«2016 жылдың маусымынан бастап Қазақстан ШЫҰ-да төрағалық етіп келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің өткен отырысында белгілеп берген, Ұйым шеңберіндегі Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары Сіздерге мәлім. Ол ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру тұрғысынан өңірлік қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, транзиттік-көлік әлеуетін ашу, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдету», – деді Қ. Әбдірахманов өз сөзінде.

Отырыста министрлер ШЫҰ-ға жаңа мүше ретінде Үндістан мен Пәкістанның қосылу процесін аяқтау мәселелерін талқылады. Қатысушылардың пікірінше, бұл екі ел толыққанды мүше етіп қабылдануы даму мен көпжақты ынтымақтастықтың түбегейлі жаңа кезеңін ашып, Ұйымның халықаралық ықпалы мен беделін нығайта түседі.

Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Ұйымның экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттілігіне баса назар аударды.

Қ. Әбдірахманов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «ЭКСПО-2017» шеңберінде бірқатар іс-шаралар, сондай-ақ Астанадағы XI білім аптасы, Өнер фестивалі және «Жасыл экономика, туризм мен спортты дамыту» тақырыбында ШЫҰ Жастар форумы өтетінін хабарлады.

СІМ отырысы барысында қатысушылар өңірлік қауіпсіздікті нығайту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі шараларды, ШЫҰ-ның алдағы кеңеюі шеңберінде ынтымақтастықты дамыту перспективаларын да талқылады.

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары күн тәртібінің жобасы туралы шешім қабылдады. ШЫҰ Астана декларациясының жобасы келісілді. Сондай-ақ, Ұйым саммитінің қорытындылары бойынша қол қоюға енгізілетін Құжаттар тізбесінің жобасы туралы шешімге және басқа да құжаттарға қол қойылды.

Айта кетейік, ШЫҰ саммиті 2017 жылғы 8-9 маусымда Астанада өтеді.




Пікір қалдыру