Жеңіс тағылымы

97

Патриотизм! Жүрекке жылы тиіп, санамызға ерекше әсер ететін сөз. Бұл ұғым Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікпен астасып жатыр. Патриотизмнің көрініс таппайтын жері жоқ. Шын­туайтына келгенде, патриотизм аспанда қалықтап жүрген ұғым емес, ол әрқайсымыздың жүрегімізде, көңілімізде, санамызда болуы тиіс. Оған мән беріп, кәдеге жарата білсек, мықты елге айналарымыз хақ. 

Салт-дәстүріңді, тари­хыңды, тілің мен діліңді білу, халқың­ның қастерлі құндылықтарын құр­меттеудің өзінде патриоттық бар. Кейбір шет мемлекеттерге қарасақ, олардың өз елдеріне деген патриоттық сезімдері таңдандырмай қоймайды. Өз елдері дегенде шығар жандары бөлек. Туларын төріне іліп, ел­дік құндылықтарын төбелеріне көтереді. Бәрі де жарасымды. Неге олай? Салыстырмалы түрде қарасақ, оларда бар Отан, олар­да бар мемлекет, туған жер бізде де бар. Ал бірақ көзқарас бірдей емес. Сүйіспеншілік пен құр­меттің дәрежесі әркелкі.
Тәуелсіздігімізге ширек ға­сыр­дан енді асты. Әлі де көп нәрсені үйреніп, көп дүниені меңгеруіміз керек. Бізге жетпей жатқаны отансүйгіштік сезім. Яғни туған еліңді ардақтау, туған жеріңді құрметтеу, елің­нің асыл мұраттарына адал болу, тәуелсіздіктің іргета­сын нығайтуға күш салу, азатты­ғы­мыздың айбынын асырып, мәртебесін биіктету, сапалы білім алу, жақсы маман атану, адамгершілік талаптарына сай келетін азамат болу тәрізді қарапайым қағидалар кейде ұмыт қалып жататыны бар. Керісінше, қоғамға іріткі салатын әрекеттерге бару, теріс жолға түсу, жемқорлыққа белшеден бату, құрыққа сырық жалғап бір-бірін алдап соғу, уәдеден тай­қып кету, ата-ананы сыйламау, адамгершілікке сызат түсіру сияқты жағымсыз дүниелер жиірек қылаң береді.
Негізі біз елге беріл­ген­ділікті, отаншылдықты майдангерлерден үйренгеніміз дұрыс. Олар бізге Ұлы Жеңісті алып берді. Күллі адамзат баласына қауіп төндірген фашизмнің көзін жойды. Жігер мен намыс, ерлік пен қаһармандық сыналар шақта аға-апаларымыз аянып қалмады. Жандарын пида етіп, өмірлерін қиды. Бауыржан Момышұлы айтқандай, Отан үшін отқа түссе де күймеді.
Биыл Ұлы Отан соғы­сының аяқталғанына 72 жыл толады. Күллі адамзат ба­ласына аждаһадай төнген фашизмнің күйрегеніне де дәл осындай уақыт. Мұндайда Ұлы Жеңістің қадір-қасиетін қаншалықты қадірлей алып жүрміз деген ­сауал туын­дайды. Оны жан-жүрегіңмен бағалай білудің өзі, керек десеңіз, патриоттыққа жатады.
Өткен нәрсенің бәрі уақыт тұрғысынан алғанда маңызды болса да, солардың қатарында ерекше қастерлейтін құн­дылықтар болады. Ол, әрине, Ұлы Жеңіс күні! Біз ар­да­герлердің алдында мәңгі қа­рыздар екенімізді ұмытпасақ екен. Әлемде бейбітшіліктің сән-салтанат құруы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағаны үшін де қарыздармыз.

Дәуіржан Төлебаев




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *