АЛТЫН БЕСІК – АТАЖҰРТ

Құрылтайға дайындық қалай?

Биыл елордамыз – Астана қаласында Әлем қазақтарының бесінші құрылтайы өтеді. Осының қарсаңында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевпен сұхбаттасып, көкейдегі сауалдарға жауап алған едік.

– Талғат Асылұлы, Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайында қандай мәселелер көтерілмек? Бұл құрылтайдың бұған дейінгі құрылтайдан ерекшелігі, өзгешелігі бар ма?
– Ұлтымыздың басты жиыны саналатын Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайын биыл өткізбекшіміз. Жақында Президенттің келісімімен Үкіметтің қаулысы қабылданды. Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы Астана қаласында 22-25 маусым аралығында өтетін болды. Ұйымдастыру комитеті құрылып, іс-шара жоспары бекітілді. Төраға – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы Мамин. Ұйымдастыру комитетіне барлық министрліктер енді.
Биылғы құрылтайдың ерекшелігін сұрап отырсың ғой, құрылтайдың негізгі тақырыбы – «Қазақстанның рухани жаңғыруы және шетелдегі қазақтар». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелер тек еліміздегі қазақтарға ғана емес, шетелдегі ағайындарға да қатысты.
Бесінші құрылтайдың бағдарла­масына қысқаша тоқтала кетейін. Құрылтайдың бірінші күні келген қонақтарға Астананың көрікті жерлерін, мәселен, Ұлттық музей, Әзірет сұлтан мешіті, Президенттің кітапха­насы, т.б. аралатып, танысты­рамыз. ЭКСПО аясында үлкен кешен – этноауыл жұмыс жасайды. Онда жеке ісмерлер ауылы болады. Сондай-ақ бірнеше спорттық, концерттік алаңдар бар. Салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыз, мәдениетіміз, тарихымыз… тереңірек үңілген адам бәрін сол жерден табады. Астана Операда классикалық туындымыз «Қыз Жібек» жаңа нұсқада қойылады.
Екінші күні Назарбаев Универ­ситетінде негізгі пленарлық отырыс өтеді. Күннің екінші жартысында ЭКСПО-ны аралайды. Сол күні шетелден келген ағайындар Президенттің қабылдауында болады.
Үшінші күні құрылтай делегаттары рухани, дін істері, білім, көші-қон, бизнес мәселелері бойынша төрт секцияға бөлініп, жұмыс жүргізеді. Ағайындарды алаңдатып отырған мәселелер көп. Мәселен, қазір шекара жабылды, малды айдап өткізе алмайды, карантин дейді, т.б. сылтау көп. Құдайға шүкір, жағдайы жақсы ағайындар бар. Олар Қазақстанға малын айдап көшкісі келеді. Міне, бұл үлкен проблема. Сондай-ақ білім саласын алайық. Елге келіп, білімін жетілдіріп, магистратура, докторантура оқысын. ЖОО-ға түсуге екі пайыздық квота бар, дегенмен, дайындық бөлімінде оқыған 1500 баланың бәрі дерлік оқуға түсіп кетуі мүмкін емес. Әркімнің өз деңгейі бар. Сондықтан биылдан бастап кәсіптік-техникалық училищелерге, колледж­дерге оқытуға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Бұрғышы, құрылысшы, жол салушы бола ма, өзінің қалауымен бір мамандық алса, ары қарай кәсібін ашып, жұмысын істеп, ақырындап інісін, қарындасын жанына алып, тамырын жайып кетер ме еді деген ниет. Бұл да жастарды елге тартудың бір жолы деп есептейміз. Осындай өзекті жайттарды секцияда талқылап, ақылдасамыз. Секция жұмысына барлық министрліктің өкілдері қатысады.
Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі – келетін делегаттардың 80 пайыздан астамы жастар. Әр елдегі жастар ұйымдарының көшбасшыларын арнайы шақырып отырмыз. Олардың арасында Қытайдағы қазақ жастарының көшбасшысы, Моңғолиядағы қазақ жастары альянсының төрағасы деген сияқты лауазымды азаматтар кездеседі. Бұған қоса шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен оқып жүрген өзіміздің жастарымыз бар.
Бір жылы Санкт-Петербургке барғанымда білгенім, онда үш мыңға жуық қазақ жастары білім алуда. Оның 700-і ғана мемлекеттің қаржысымен грантта оқыса, қалғандары ата-анасының қаржысымен, басқа да келісімшарт арқылы білім іздеп барғандар. Сондай-ақ Қытайда бес мыңнан астам студент оқиды. Менің білуімше, Қытайдағы қазақ студенттері бір-бірімізбен араласып жүрейік, елді ұмытпайық деп екі рет өздерінің құрылтайын өткізді.
Жақында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездестім. «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты бар. М.Құл-Мұхаммедке рақмет, қолдап, тапсырма берді. Осы жастардың барлығының басын қосып, біз «Әлемдегі қазақ жас­тары көшбасшыларының форумы» дегенді қолға алмақшымыз. Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының құрыл­тайы бес жылда бір рет өтеді. Ал «Әлемдегі қазақ жастары көшбасшыларының форумын» екі-үш жылда бір өткізіп, оны бір жүйеге түсірсек деген ойымыз бар. Құрылтайдың негізгі жаңалықтарының бірі осы.
Биыл Халифа Алтайдың 100 жылдығы. Осыған байланысты ол кісінің еңбектерін шығарып жатырмыз. Ол кітаптар құрылтай қонақтарына тапсырылады. «Халифа Алтай және қайта оралған тарих» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді, көрме ұйымдастырылады.
– Шетелдегі қазақтарға қатысты шешілуі тиіс қандай мәселелер бар?
– Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы құрылғаннан бері жиырма бес жылдың ішінде шеттегі ағайын мен Қазақстанның арасын жалғайтын алтын көпірге айналды. Қауымдастық шетел қазақтарының мәдени-рухани, оқу-білім, ана тілі, экономикалық жағдайы, демографиялық өсіп-өнуі жөніндегі бүкіл мәліметтерді бір ортаға жинақтап, жүйеге түсіріп отырады. Алыстағы ағайынның ұлттық-рухани және көші-қон жөніндегі мұң-мұқтаждарын, өтініш-тілектерін Қазақстан үкіметіне, басқа да тиісті орындарға жеткізіп, олардың шешілуіне шама келгенінше ықпал жасайды. Сондықтан да сырттағы қандастарымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын өздерінің қара шаңырағы санайды. Қолдау күтіп келген ағайынға бағыт-бағдар беріледі.
Ал енді негізгі сұрағыңа көшсек, шешімін тауып жатқан мәселелер де, шешімін табуы тиіс мәселелер де жетерлік. Қай-қайсысы болсын, осының түбі бір жақсылық әкелетін шығар деген үмітпен жұмыс жасап жатырмыз. Мәселен, Ресейде, Қытайда, Еуропада, т.б. елдерде Қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейді, бірақ ғимараттары жоқ. Парижде Ресейдің мәдени орталығы бар, бір орамды алып жатқан мекеме. Ол жерге, тіпті шіркеу де ашып қойған. Бүкіл саясатын сол жерден жүргізіп, жұмысын жасап отыр. Біз де осындай орталықтар ашуымыз керек. Еуропада былтыр мәдени-экономикалық орталық ашылды, конференц залы да бар ғимарат. Бірақ оның штаты бекімеген, орталықтың директоры жоқ, кем дегенде 2-3 қызметкері болуы керек, ал Сыртқы істер министрлігінде ондай штат қарастырылмаған. Жарайды, енді ол Еуропа, тым құрығанда қазағы қалың жерлерде көші-қонмен айналысатын біреу болу керек қой. Оларға қаржы бөлінбейді, не штаты жоқ, енді олар не істей алады? Аракідік болса да «Диаспора менің жұмысым емес» дейтін елшілер де кездеседі. Негізі дұрыс. Диаспорамен жұмыс істе деп оған ешкім бұйыра алмайды. Дегенмен, елшінің қолында талай дүние бар. Егер елші ұлтжанды болса, ұлтына бүйрегі бұрып тұрса, ол көп шаруаны тындыра алады.
Өткенде Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М.Тәжинмен кездескенде осы мәселені көтердім. Мүмкін Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган болуы керек шығар.
– Осы жерде бір сұрақ туындап отыр, жалпы шетелде қанша қандасымыз бар? Сіздер статистикалық зерттеу жүргізіп отырасыздар ма?
– Біз өз тарапымыздан хат жазып, ұсыныс жасадық. Шетелдегі қазақтың нақты санын анықтағымыз келді. Негізі ол үшін ғылыми экспедициялар ұйымдастыру керек. Бұл оңай шаруа емес.
Әзірге қолымызда бар статисти­калық мәліметтерге сүйенеміз. Мәселен, Ресейде 2010-2011 жылдары санақ болды, сол статис­тикалық мәліметтік кітап қолымызда. Екіншіден, әр елдегі мәдени орталықтарымыз да санап отыр. Демографияның өзі ғылым. Олардың да болжамдары бар. Біз соған сүйенеміз. Сырттағы қазақтар шамамен бес миллионға жақындайды. Екінші жағынан, статистика – саясат. Мәселен, өз ұлтының санын көтеру үшін қазақтың санын азайтып көрсететін жағдайлар да кездеседі. Тіпті сіздің ұсыныс хатыңызға жауап қатпайды да. Бұл да бір өзекті мәселе. Нақты дерек алу қиямет-қайым. Дегенмен, демографияда өсім бар, сол қуантады. 1992 жылдары Моңғолиядағы 150 мың қазақтың жартысы көшіп келді. Жетпіс мыңдайы қалды. Араға 10-15 жыл салып, қазір қайтадан 150-160 мың болып отыр. Біз сырттағы ағайынның жылдағы табиғи өсімін ғана Қазақстанға қарай бұрып отырсақ, оның өзі жетістік.
– Қауымдастықтың шетелдегі бауырларымызбен байланысы қандай?
– Алғашқы жылдардағыдай емес, Құдайға шүкір, жиырма бес жылда біраз жұмыс атқарылды. 32 елде Қазақ мәдени орталықтары құрылды. Олармен тығыз байланыстамыз. Менің күнделікті жұмысым, электрондық поштаны ашудан басталады. Сырттан келген әрбір хат жауапсыз қалмауы керек деген қағиданы ұстанамын.
Шетелдегі ағайындар ұйымдас­тырып жатқан іс-шараларды қолдауға тырысамыз. Еуропаның он елінде тұратын қазақтар федерация құрған, жылда Еуропа қазақтарының кіші құрылтайын өткізіп тұрады. Өз араларында футбол турнирі бар, т.б. ұйымдастырады. Біз өз тарапымыздан ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрімізді насихаттап, көрсетуге тырысамыз.
Қауымдастықтың «Туған тіл», «Алтын бесік» журналдарын, «Атажұрт» баспасынан шыққан 100-ден астам кітаптарды, т.б. мемлекеттік тапсырыс­пен шығатын еңбектерді жібереміз. Мәдени орталықтардағы кітапхана қорын жылда толтырамыз. Былтырдың өзінде, Моңғолияға бес мыңнан астам кітап жібердік.
Жалпы Құрылтай барысында қауымдастықтың мәртебесі, қаржылық мәселелері жөнінде де айтылуы мүмкін.
– 32 елде Қазақ мәдени орталықтары бар деп айтып қалдыңыз. Оларға қамқорлық қай деңгейде, қазақ тілінің жағдайы қалай, салт-дәстүріміз сақталған ба?
– Әр елде әртүрлі. Мысалы, Өзбекстанда республикалық Қазақ мәдени орталығының тоғыз облыста және аудандарда бөлімшелері бар. Бір-біріне бағынады, бәрі тығыз жұмыс жасайды. Солай бола тұра, мәселен, елге келген бір миллион ағайындардың 61%-ы Өзбекстаннан келген бауырларымыз. Жұрттың көпшілігі Қытайдан, Моңғолиядан келіп жатыр деп ойлайды. Шын мәнінде Қытайдан 15%, Моңғолиядан 13%, Қырғызстаннан 3% келді. Бір елден бір елге көшу оңай шаруа емес. Жақын болғаннан кейін көшіп келіп жатқан жоқ. Әр елдің саяси, экономикалық, экологиялық қи­ын­дықтары болады. Біз осыны түсінуіміз керек.
Қытайда бір жарым миллион ағайын болса, ондағы қазақ мектептеріне қос тілділікті енгізді. Мұны түсінуге болады, бұл өз елін, мемлекетін сыйлау дегенді білдірсе керек. Ал ертең биология, химияны… бәрін өзге тілде оқытып, қазақ тілі мен әдебиетін ғана қазақша қалдырса, оның соңы не болады?.. Қазір Моңғолияда да қос тілділік саясаты жүргізіліп жатыр.
Бес миллион ағайынның түгелдей Қазақстанға көшіп келуі екіталай. Ашығын айтқанда, дәл қазіргі уақытта бес миллионды қабылдап алатын біздің де жағдайымыз жоқ. Сондықтан біз олармен рухани-мәдени байланысты үзбеуіміз керек. Үнемі қолдау көрсеткеніміз жөн. Сол үшін де мемлекеттік дұрыс саясат қажет.
– Шетелдегі қандастарымыздың атамекенге оралуы қалай, оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде?
– Әрине, мемлекет тарапынан көмек-жеңілдіктер бар. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты сәл саябырсып қалғаны да рас. Дегенмен, биылдың өзінде 32-34 мың адам көшіп келді. Былтырдан бері ішкі миграция басталды ғой. Қазір ішкі миграция мен сырттағы ағайынға көші-қонда бірдей жәрдем жасалады. Айтқан жерге баратын болса жолы төленеді, квотамен өкіметтен қаржысын алады, мамандығы жоқ болса алты ай тегін оқытып, мамандық береді, қызметтік пәтер береді. Ол жерде бес жыл тұрса, оны жекешелендіріп алуға болады. «Бар, орналас, тамырыңды жібер, бала-шағаңды оқыт, жұмыс істеп, қазақты көбейтуге үлесіңді қос» дейді мемлекетіміз. Бұдан артық не керек? Осының бәрі демографияның реттелуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Құрылтайға оралайық. Атамекенін бір көруге аңсары ауып, қатысуға ниет еткен азаматтар көп болар. Қатысушыларды қалай іріктеп аласыздар?
– Осыдан бір ай бұрын мәдени орталықтарға хабарласып, ғаламтор арқылы хабардар еттік. Қазақ көбірек шоғырланған жерден көбі­рек шақырылады. Ол заңды да. Бұ­рынғы құрылтайға қатысушылар бұл жолы жастарға жол береді. «Мен 3-4 құрылтайға қатыстым, мені неге шақырмайсыңдар?» деп реніш білдіріп жатқандар да бар. Олардың бізге ешқандай өкпесі болмауы керек. Жол – жастардыкі. Тағы да қайталап айтамын, әр елдің жастар ұйымдарының көшбасшылары, оның орынбасарлары міндетті түрде шақырылады. Алаш ардақтыларының да үрім-бұтақтарын ұмыт қалдырып жатқан жоқпыз. Мысалы, Мұхамеджан Тынышпаевтың ұрпағы Канададан, Ермұхан Бекмахановтың ұрпағы Мәскеуден, Халифа Алтайдың ұрпақтары Франциядан келеді. Бұдан бөлек халықаралық ұйымдар бар, «Түрік кеңесі», Әзербайжанның диас­пора жөніндегі мемлекеттік комитеті, Моңғолияның моңғолдар конгресі, Венгриядан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, өзіміздің халықаралық ұйым ТҮРКСОЙ бар, т.б. осылай тізім жалғаса береді.
Осы Құрылтайды ойдағыдай өт­кізсек, қыркүйек айында қауымдас­тықтың құрылғанына 25 жыл болады. Құдай қаласа, сол мерекемізді кең көлемде ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *