ГЕОМЕХАНИКА ғылымының атасы

Жақан Сүлейменұлы Ержанов 1922 жылдың ақпан айының 10-да Павлодар облысы Баянауыл ауданында мұғалім отбасында дүниеге келді. 1944 жылы Қазақ политехникалық институтының маркшейдерлік бөлімін, одан кейін КСРО Ғылым академиясының (ҒА) Қазақ филиалының аспирантурасын механика саласы бойынша бітірді. 1949 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Қазақ мемлекеттік университетіне ғылыми-педагогикалық жұмысқа ауысты. 1951-1960 жылдар аралығында Днепропетровск тау-кен институтының доценті болып қызмет істеді.

1960 жылы ҚазКСР Ғылым академиясына сол кездегі академия президенті, КСРО академигі К.И.Сәтбаевтың шақыруымен Математика және механика секторының зертханасын меңгеруге келді.
Ол – ҚазКСР ҒА-ның Механика және математика институтын ұйымдастырушылардың бірі. 1965-1968 жылдары осы институттың директорының орынбасары, құрамына бір­неше зертхана кіретін механика бөлімінің же­текшісі болды.
Ж.С.Ержанов Қазақстандағы ғылымды ұйымдастырып, дамытуға көп үлес қосқан тұлға. 1968-1976 жылдары ҚазКСР ҒА Пре­зидиумының бас ғылыми хатшысы қыз­метін атқара жүріп, сан түрлі ғылым саласын жетілдіруге аянбай еңбек етті. Жер туралы ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы қызметін атқарып, өзі ұйымдастырған Сейсмология институтының директоры болды (1976-1986 жж.). Механика және математика инс­титутының директорының орынбасары, зерт­хана меңгерушісі қызметтерін атқарды (1987-1999 жж.). 2000 жылдан бастап Қазақ­стан Республикасы білім және ғылым минис­трлігінің Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және мәшинетану институтының Механика бөлімін басқарды.
Академик Ж.С.Ержанов шет елдермен ғылыми байланыстар орнатып, оны барынша дамытуға зор үлес қосқан ғалым. Атап айтсақ, 1971-1985 жылдар аралығында табаны күректей 15 жыл бойы үзіліссіз ҚазКСР ҒА мен Лейпциг және Потсдам қалаларындағы ГДР институттары бірігіп жүргізген механика бойынша зерттеу жұмыстарының жетекшісі болды.
1963 жылы ол докторлық диссертациясын қорғады. 1969 жылы оған профессор ғылыми атағы беріліп, 1970 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. 1971 жылы «Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді. 1993 жылы ҚР Инженерлік академиясының академигі болып сайланды.
Ж.С.Ержанов механика саласы бойынша іргелі зерттеулер жүргізді. Қазіргі Жер механикасының жаңа бағыттарын жасады. Солардың нәтижесінде «геомеханика» деп аталатын жаңа ғылыми мамандық ашылды. Тау-кен және құрылыс ісінде кеңінен қолданылатын тау жыныстарының жылжымалық теориясы, жерасты құрылым­дарының беріктігі мен деформациялануын есептеу әдістері, сейсмикалық алдын-ала белгі берушілерді анықтаулар, статикалық және динамикалық есептер кешенін шешу, жер қыртысында қатпарлар және мұнайлы тұз қуыстары құрылымдарының пайда болуының математикалық теориялары жасалды.
Академик Ж.С.Ержановтың көп жылдық ғылыми-зерттеу еңбектерінің нәтижесінде жердің тектоникалық дамуының механикасы бойынша іргелі заңдылықтар алынды. Жердің айналуының жалпы теориясы бойынша ғылыми жұмыстар кешені дамытылды. Бұл теорияның бірнеше варианттарын Бүкіләлемдік астрономиялық одақ, Уақыт бюросы, Полюстер қозғалысы қызметі, Геодезиялық және геофизикалық одақ секілді бірнеше халықаралық ұйымдар редукциялық есептеулердің стандарты ретінде қабылдады.
Ж.С.Ержанов Қазақстандағы механика ғылыми мектебінің негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі. Оның қаламынан шыққан 350-ден астам ғылыми еңбек, 40 монография жарық көрді. Бұлардың үштен бірі шет елдерде жарияланды. Ол кісінің ғылыми жетекшілігімен 50-ге жуық ғылым докторы мен 100-ден аса ғылым кандидаттары даярланды.
Академик Ж.С.Ержанов ғылыми-ұйым­дастыру жұмыстарымен қатар көптеген ма­ңызды қоғамдық қызметтер атқарды. Ол Теориялық және қолданбалы механика бойынша халықаралық одақтың Бас ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасының Теория­лық және қолданбалы механика бойынша ұлт­тық комитеттің төрағасы, Ресей теориялық және қолданбалы механика бойынша ұлттық комитетінің мүшесі, геомеханика саласы бойынша докторлық диссертациялық кеңестің төрағасы, механика бойынша ғылыми семи­нардың жетекшісі, Киев және Нью-Йорк қалаларында шығатын «Қолданбалы механика» халықаралық журналының редакция кеңесінің мүшесі, басқа да көптеген ғылыми жарияланымдардың редколлегия мүшесі болды.
Оның ғылыми бағыттары мен еңбектері ірі ғалымдар мен мамандардан жоғары баға алды. Атап айтсақ, оның 1963 жылы Новосибирск қаласындағы КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімінде «Тау жыныстарының жылжу теориясы және оның құрылыстардың кернеу-деформациялық күйіне әсері» деген тақырыпта қорғаған докторлық диссертациясы ірі ғалымдар – КСРО академиктері Ю.Н.Работнов, П.Я.Полубаринова-Кочина, С.А.Христианович, Т.Ф.Горбачев және К.В.Руппенейт тарапынан өте жоғары баға­ланды. КСРО академигі А.Л.Яншин, Ж.С.Ержановты Жердің тектоникалық дамуын зерттеудің математикалық негізін жасады деп бағаласа, Социалистік еңбек ері, КСРО академигі С.А.Христианович Ж.С.Ержановтың зерттеулерінің үлкен практикалық маңызы бар екендігін атап айтқан. Ал академик Е.И.Шемякин Ж.С.Ержановтың Қазақстанда құрған геомеханика ғылыми мектебінің жеткен жетіс­тіктері және келешектегі алар орны бойынша алдыңғы қатардағы мектеп екендігін жазып кеткен.
Ж.С.Ержанов ғылымды дамыту мен ғылыми мамандарды даярлаудағы сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО мен ГДР медальдарымен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдары мен Құр­мет дипломымен марапатталды.
Жақан Сүлейменұлы Ержанов 2003-жылы ақпан айының 27-де 82 жасқа қараған шағында мына дүниеден өтті. Ол артына ғылым мен білімге құштар келер ұрпаққа шамшырақ сияқты, құнарлы азық болатын бүтін бір әлем қалдырып кетті. Оның есімі үлкен ғылым тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Бағдат ТЕЛТАЕВ,
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу
институтының президенті,
техника ғылымдарының докторы,
профессор,
Әлібай ЫСҚАҚБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
физика-математика
ғылымдарының докторы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *