Аңызға айналған Асанәлі

Асанәлі Әшімов! Бір өзі бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, қазақ драма театры мен киносының ең танымал тарланы, Алаштың ардақтысы! Ұлы дала ұлағатына лайық өнерімен, барша көрерменнің көңілінен шыққан дара таланты мен ерен еңбегінің арқасында оның есімі шебер актер, ойлы режиссер, қайраткер тұлға ретінде қазақ мәдениеті тарихының бетіне ғана емес, халқының жүрегіне жазылды. Өмірі өнерімен өрілген дарын иесі – қазақтың Асанәлісі биыл мерейлі 80 жасын қарсы алуда.
Ұлттық өнердің көрнекті тұлғасы, Қазақстан және КСРО халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толу мерейтойы ұлт руханияты мен мәдениетінің ордасы, тәуелсіздіктің алтын бесігі Алматы қаласында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы салтанатты кештен бастау алды. Қазақ өнері қарашаңырағының залына лық толған халықтың өнер тарланына деген ықыласы мен қошеметінде шек болған жоқ. Осы кеште нағыз биік өнер ешқандай жасанды жарнама мен қолдап-қолпаштауға мұқтаж емес екенінің куәсі болдық.

Салтанатты кешке елі­міздің зиялы қауымы, қазақстандық театр және кино саласының үлкені мен кішісі, мерейтой иесінің замандастары, қасиетті өнерді қадір тұтқан қалың көрермен қазақ өнерін ұлықтап, телегей теңіздей талантты тұлғаға тағзым ете келді.
Бүгінде алты алаштың қадір тұтар тұлғасына айналған Асанәлі Әшімовтің халық сүйіспеншілігіне бөленуінің бір сыры ел мен жердің киесін терең сезініп, туған топырақтан тамыр үзбей, ұлтының ұлық қасиетін бойына сіңіруінде болса керек. Кіндік кесіп, кір жуған мекені – Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылын ол әрдайым мақтан тұтады. Өзі айтқандай, «кім де болсын, өз туған жерінің қадірін білмей тұрып, барша қазақтың қадіріне жете алмайды». Ол үшін туған жерден асқан ұжмақ жоқ. Иә, киелі де келісті өңірде дүниеге келген Асанәлі – соғыс дәуірінің ұрпағы. Жеңіске 20 күн қалғанда қаза тапқан әкесі Әшімнің аяулы алақанының жылуын көрмесе де, үлкен әкесі Ысқақтың аталық мейіріне қанып өсті. Әшімовтің әртістік өнерінің алғашқы ұшқыны да сол бала кезінде-ақ білінген екен. Ауылға сирек келетін әртістерге еліктейтін әдет тапқан бозбала Асанәлі келістіріп ән де айтқан. Бойындағы бұла талант осылайша оны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетіне алып келеді. Оқуын аяқтай салысымен, яғни 1961 жылдан «Қазақфильм» киностудиясына актер болып қабылданады. Ал 1964 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына алынған А.Әшімов осы сахнада М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан бейнелері арқылы айшықты өнеге мен өрнекті із қалдырды. Ал бүгінгі күні қасиетті қарашаңырақтың абыз ақсақалына айналған актер әлі де тұғырынан түспей, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузеннің рөлін өзіне тән өрнегімен сомдап жүр.
Қазақ халқының асқақ рухын, көркем де бай тілін, ежелгі салт-дәстүрін жоғалтпай сақтап келе жатқан бірден бір өнер ошағы – театр екені мәлім. Тіпті кеңестік кезеңнің өзінде ұлттық ерекшелігіміздің жоғалып кетпей, осы күнге жетуіне өнер ошақтарымыз бен сахна саңлақтарының қосқан үлесі орасан зор. Ұлттық мәдениеттің, ұлттық әдебиеттің бастауынан нәр алған, тұла бойы ұлттық болмысқа тұнған тұлғалардың көзін көрген, солардың үлгісін алған А.Әшімов өз ізашарларының жолын жалғамауы мүмкін де емес еді. Міне, ол өзінің бүгінгі шығармашылық биігіне осылай жетті.
Актердің кейіпкерлері оның ішкі жан-дүниесімен сабақтаса өріліп, көрерменді шынайылығымен баурап алды. Ол ойнаған «Қыз Жібек» те, «Еңлік-Кебек» те, «Қара қыпшақ Қобыланды» да – қазақ халқының өмірін, дәстүрін, дүниетанымын, әдет-ғұрпын суреттейтін туындылар. Мұндай бірегей көркем шығармалардың болмысы бөлек кейіпкерлерін бойында қазақтың жаны, қаны және рухы бар, ұлттық тамыры терең адам ғана ойнай алатыны анық. А.Әшімов өзінің табиғи талантымен, қажырлы еңбегімен осы міндеттің үдесінен шыға білді. Оның театр мен кинодағы әрбір рөлінің халық жүрегінен шығып, берік орын алуы да осыдан деп білеміз.
Кино демекші, салтанатты кеш барысында сахна төріндегі экраннан А.Әшімов ойнаған фильмдердегі қайталанбас кадрлар көрсетілді. Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актердің Бекежан («Қыз Жібек»), Шадияров («Атаманның ақыры»), Қасымханов («Транссібір экспресі»), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел») рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Атақты режиссерлер Ш.Айманов, С.Қожықов, А.Қарсақбаев, М.Бегалин фильмдерінің өміршең туындыға айналуында А.Әшімовтің үлесі зор. Оның ұлттық киномыздың классикасы «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежаны әлем киносы тарихындағы үздік рөлдердің бірі болып саналады.
Міне, өнер шеберінің осындай жемісті шығармашылық еңбегі мен ғибратты өмір жолының айшықты нәтижелері мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, әр жылдары ең жоғары мәртебелі атақтармен және сыйлықтармен марапатталды. Асанәлі Әшімов Қазақ КСР және КСРО халық артисі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты сынды кеңестік кезеңдегі марапаттарынан бөлек, тәуелсіз еліміздің өнеріне қосқан үлесі үшін «Отан» және «Құрмет» ордендері, «Тарлан» сыйлығы және І дәрежелі «Достық» ордені, әлемдік кинодағы үлесі үшін ЮНЕСКО Халықаралық академиясының «Алтын қыран» орденінің иегері атанды.
Хас актердің кәсіби шеберлігіне, қоғамдық қайраткерлігіне әрдайым тәнті Елбасы Н.Назарбаев бұл жолы да ардақты азаматтың мерейтойына орай арнайы құттықтау хатын жолдапты. Қазақстан ­Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы жеткізген бұл хатта Елбасы мерейтой иесін құттықтай келе, «Қазақ театрының тарихында сіздің қайталанбас, дара қолтаңбаңыздың ізі сайрап жатыр. Сіз сомдаған кейіпкерлердің қай-қайсысы да өнерсүйер қауымды шынайылығымен, ерекше сыр-сипатымен баурап, ұмытылмас сәт болып жадында қалып жатады. Тәжірибесі мен тағылымы мол ұстаз және қайраткер тұлға ретінде де қоғамда алатын орныңыз зор» деп, А.Әшімовке деген ыстық ілтипаты мен шексіз құрметін білдірген екен.
Ана тілінің уызына қанып өскен А.Әшімов жазушылығымен де танымал. Өмірді мұңсыз, қамсыз сүру мүмкін бе, тағдырының өнегелі де өкінішті тұстарын халқымен бөлісіп, қасиетті қаламға қолқа салған Асанәлі Әшімұлы «Майраның әні», «Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік», «Ғұмыр-дария» сынды кітаптардың авторы. Өмірден ерте кеткен қос құлыны Сағи мен Мәдидің, Майрадай асыл жарының нұрлы жүзімен сырласып, рухтарынан күш-қуат алып, сол сырларын көркем туынды қалпында көз алдымызда қалдырды. Кейінгілерге көңіліндегісін бүкпесіз айтып кетуді парыз санады. «Хас өнер қасіреттен де туады» дегендей, көкіректегі қайғы-мұңын күнделіктегі жазбаларымен жуды. Сонда да сарыуайымға салынбай, еңсесін тік ұстап, халқына қызмет етуін жалғастыра берді. Осы қайыспас қара нардай қасиетінің, парасатты ерлігінің өтеуіндей дүниеге Асанәлі атты тағы бір ұл келді.
Мерейтой салтанатында өнер иесін құттықтай келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Н.Оразалин А.Әшімовтың жазушылық қырына тоқталып, мәңгілік елдің өнерінде алатын орнын атап өтті. Ол, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының, ҚР Жоғарғы сотының құттықтауларын жеткізді. А.Әшімов өнерін құрметтеуден ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова, сондай-ақ Білім және ғылым, Дін істері, Ауыл шаруашылығы министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан халқы ассамблеясы, Республикалық ардагерлер кеңесі де тыс қалмай, А.Әшімов өнеріне бастарын иді. Ал Алматы қаласының әкімі Б.Байбек қала халқының ыстық ықыласын жеткізіп, иығына шапан жапты. Астанадан арнайы келген Парламент депутаты Б.Әйтімова Сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың құттықтауын оқып, сый-сияпатын тапсырды.
Қайталанбас дарын иесі А.Әшімовтің өнеріне қазақ қана емес, алыс-жақын елдер де қанық. Салтанатты кеште мерейтой иесіне ресейлік әріптестері, атақты әртістер О.Табаков, А.Джигарханян, Н.Михалков құттықтау хаттары мен ізгі тілектерін жолдағаны айтылды.
Мерейтойлық кеш соңында Асанәлі Әшімов өзінің сырласы мен мұңдасына айналған туған сахнасының төріне шығып, жиналған қауымға алғысын айтты. Өзіне халықтың ыстық ықыласынан артық мақтау да, марапат та жоқ екенін жеткізген ол жиналған қауымға, дала мен қаладағы тілектес ел-жұртқа терең ризашылығын білдірді. «Қазір елімізде Елбасының бастамасымен мәдениет пен өнерді дамытуға жаңаша серпін берілді. Мен қазақ елінің ұлттық болмысын сақтауда және озық дәстүрлерді жаңғыртуда театр мен кино өнерінің алатын орны зор деп есептеймін. Еліміз дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, халқымыздың тілі мен мәдениеті мәңгі жасай беруі үшін әлі де қызмет ете беруге әзірмін» деді ол.
Аты аңызға айналған Асанәлі Әшімовті мәртебелі мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық толайым табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз! Қазақ өнерінің көгінде, туған елінің төрінде Қазақтың Асанәлісі жасай берсін!

Рахымжан Отарбаев, жазушы:
– Асекеңнің тойы бүкіл Алаштың тойына айналып отыр. Өйткені ол халықтың қалың ортасынан шығып, әлемдік деңгейге көтерілген хас шебер. Шетелде қазақты танытқан үш тұлға бар, олар – әдебиетте Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Олжас Сүлейменов және кинода Асанәлі Әшімов. Басқа қазақты олар танымайды. Міне, өнердің ұлылығы. Әшімов сияқты қазақтың өнерін кинода да, театрда да биікке көтерген тұлға қазақта бұрын-соңды болған жоқ. Мұны біз Қаллеки мен Шәкендердің алдында басымызды ие отырып айтамыз. Бірақ Асекең солардың тәлімі мен тәрбиесін алып осындай дәрежеге жетті.
Кезінде Д.Қонаев Үндістанға ресми сапармен барғанда 18 қабат үйдің қабырғасын тұтас алған Асанәлінің «Транссібір экспресі» фильмінде түскен фотосын көріпті. «Мынау кім?» десе, «Орта Азияның белгілі бір актері» деп жауап береді ондағылар. Сонда Қонаев «Жоқ, бұл Асанәлі Әшімов, қазақ!» деген екен. Сол жылы-ақ Асекең 43 жасында КСРО халық әртісі атағын алды. Міне, «қазағым өнерімен әлемге танылды» деп, талантты тұлғасымен Қонаевтың өзі мақтанған Асекең бұл.

Ақұштап Бақтыгереева, ақын:
– Асанәлі Әшімов деген есім өнерімен ұлтына қызмет етудің үлкен үлгісі. Ол театр мен кино өнеріндегі жарық жұлдызымыз. Асекеңмен замандас ретінде алғашқы аяқ алысынан бері куә болып келеміз. Өмір мен өнер жолын бүкіл халық біледі. Талантын еңбегімен ұштап, өзінің есімін өнер тарихына мәңгі жазған ол ұлттық мақтанышқа айналды. Үлкендердің көзі болып, кейінгіге үлгі-өнегесін көрсетіп жүрген осындай замандасымыздың барына қуаныштымыз. Бүгінгі кино өнеріндегі ұлттық келбет, ұлттық мінез туралы айтсақ, ең алдымен Асанәлі Әшімовтен болашақ актерлардың үйренері көп. Ұлт өнері, еліміз бен халқымыз жасай берсін. Асекеңе ұзақ ғұмыр, денсаулық тілеймін.

Мархаба Толқынова, көрермен:
– Жас күнімізден Асанәлі Әшімов ойнаған киноларды көріп өстік. Қазақ киносын онсыз елестете алмаймыз. Әсіресе Бекежан рөліндегі Асанәлі Әшімовті қанша көрсек те жалықпаймыз. Сол өнері үшін қазақ халқы ғана емес, әлем мойындап отыр. Актерлық жолынан бөлек «Шәкен жұлдыздары» атты кинофестивальді өткізуге ұйтқы болып жүргенін, жазушылық қырын да жақсы білеміз. Сүйікті актерымыздың 80 жылдық мерейтойы құтты болсын дегіміз келеді. А.Әшімовтің келер ұрпаққа берері әлі де көп, ғұмыры ұзақ болсын!

Дина Имамбаева




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *