«Үш тұғырлы тіл» саясаты мемлекеттік тілді бірінші болып дамытуды көздейді

229

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» — деген ескерту айтқан болатын.

Әрине, дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үштұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Бұның мақсаты-көп ұлтты елімізде ұлтаралық татулықты сақтау, ұлттық-мемлекеттік біртұтастықты қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді негіз ете отырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл-елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуының бірінші баспалдағы.

«Үш тұғырлы тілдің», шын мәнінде, мемлекеттік тілге мүлде зияны жоқ. Бұл жерде мәселе сол стратегияны, сол саясатты дұрыс жүргізуде, жарқын болашақта нәтижесінің оң болуын қамтамасыз етуде болып отыр. Мәселен, орыс тілі мен ағылшын тілін оқытатын мұғалімдер міндетті түрде қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді өте жақсы білуі тиіс. Жоғары оқу орнында да ағылшын мен орыс тілін қазақ тілімен біріктіріліп ғана оқытылуы керек. «Үш тұғырлы тілді» тек мәдениетаралық қатынас негізінде қарап, ақпарат алмасу, білім үйрену, тәжірибе жинау үшін үйретіледі.

Біздің елімізде «Үш тұғырлы тіл» саясатынан бөлек, еліміздегі әрбір ұлыс өз тілдерін еркін меңгеріп, өз тілдерінде сөйлей алады. Бірақ, үш тұғырдың қатарына төртінші, я болмаса бесінші болып орналаса алмайды. Әрбір ұлттың өзінің ана тілдерінде еркін сөйлеуі қазақстандық демократияның айқын көрінісі. Біз осындай демократияның арқасында ғана әлемге танылып, жер жүзінде бейбітшілік үстемдігін жасай аламыз. Билік үш тілді үйрену, қолдану аясын бір сызықтың бойына емес, үш сызыққа, әрқайсысының өз орнын көрсететін саясат жүргізіп, мемлекеттік тілдің бірінші болып дамуын қадағалайды. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Үш тұғырлы тіл арқылы ғана Қазақстан тілдік саясаттың оң нәтижесін көре алады. Мемлекеттік тіл — мемлекеттік қызметте жұмыс бабында қолданылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы үшін билік аянбай еңбек етіп келеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында «Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз» дей келе: «Қазақ тілі-біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз-оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл-өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» атап көрсетті.

Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда.

Алмагүл Ибраимова,

Қызылорда қаласы,

№217 Б.Шалғынбаев атындағы орта мектептің

тарих пәнінің мұғалімі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *