4336f1a4a781343db57188e23f5ef8df_resize_w_520_h_

Дәурен Абаев Әзірбайжан банкіне салынған БЖЗҚ ақшасына қатысты пікір білдірді

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасындағы «Ашық сұхбат» бағдарламасында банкротқа ұшыраған халықаралық әзірбайжан банкіне салынған қазақстандықтардың зейнетақы қорының салымына қатысты өзінің көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасаған  Kazgazeta.kz.

 «Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Осы мәселеге қатысты барлық деректер жұртшылыққа жарияланады. Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы қорын мемлекеттік кепілдендіру жүйесі бар, ешкім оны өзгерткен жоқ, онда тіпті инфляция да ескерілген. Сондықтан зейнетақы тиесілі барлық азамат, оны алатын болады. Бұған еш алаңдаудың қажеті жоқ, ешқандай күмән болмасын», — деді министр.

Дәурен Абаев мұндай инвестициялардың қаншалықты дұрыс екеніне бағаны тиісті тексеру жұмыстары береді деп есептейді.

«Сіз айтқандай, бұл ақшаның салынғаны дұрыс па, бұрыс па? Бұл басқа мәселе. Қазір бұл мәселе ерекше бақылауда тұр және тексеру жүріп жатыр», — деді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстанның БЖЗҚ активтерінің 71,3 миллиард теңгесі Әзірбайжанның халықаралық банкіне салынған. Жақында Әзірбайжан банкінің банкротқа ұшырағаны жөнінде сотқа арыз бергені хабарланды. Мұнай экспортына тәуелді елдің ұлттық валютасы құнсызданып, банк шетелден алған қарыздарын қайтаруға қауқарсыз боп қалған.

Әзірбайжан Үкіметі БЖЗҚ-ның Халықаралық банкке салған ақшасын қайтаратыны жөнінде уәде беруде. Сондықтан, сарапшы халықаралық банкке қаржы салған БЖЗҚ-ға да, басқа компанияларға да ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтады.




Пікір қалдыру