АСТАНА 10 МИЛЛИОН КӨЗДІҢ НАЗАРЫНДА

348

Ұлмира ҚАЛЖАН

1993 жылы Қызылорда облысында туған. Қ.Яссауи атындағы университеттің түлегі. Қазіргі таңда «Шалқар» радиосында тілші болып қызмет атқарады.

ЭКСПО атауы – өзінің аты айтып тұрғандай, «экспонат» деген сөзден шыққан. Қазақшаласақ, жәдігер болады, яғни ол – жер жүзін мекендеген барша халықтардың өмірдің түрлі саласында қол жеткізген жетістіктерін, жәдігерлерін көрсететін алаң. Онда ЭКСПО-ның кезекті таңдаған тақырыбына орай жұрттың бұрынғы-соңғы жеткен жетістіктері көпшілік назарына ұсынылатыны анық.
ЭКСПО «әмбебап», «халықаралық» және «арнайы» деп аталып, негізгі үш түрлі бағыт бойынша өткізіледі. Өткізілетін уақыты 3-тен 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды. Әлем елдері арасындағы мұндай көрмені өткізу құқығына ие болу жолындағы бәсекелестік Олимпиада өткізу үшін болатын бәсекелестіктен бір де кем емес.
Осындай көрмені ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет өткізу мәртебесіне ие болған Қазақстан мемлекетіне үлкен мақтаныш болып табылатыны сөзсіз. Еліміздің ЭКСПО-2017 өткізуге үміткерлігі Парижде 2014 жылы Халықаралық Көрмелер Бюросы атқарушы комитетінің отырысы шеңберінде мақұлданды. ХКБ 161 қатысушы-мүшесі өкілдерінің жасырын дауыс беруі барысында, Астананың өтінімін 103 қатысушы-елдер қолдаған, «қарсы» деп ХКБ 44 мүшесі дауыс берген. Астана қаласымен қатар ЭКСПО-2017 өткізу құқығынан сондай-ақ бельгиялық Льеж қаласы да үміттенген. Өз өтінімінде Бельгия «Адамдарды біріктіру» тақырыбын ұсынды.
Биылғы көрме бүкіләлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға, біздің халқымыздың қонақжайлылығын көрсетуге бағытталған. Көрме өткізу, сонымен қатар елорданың, тұтастай еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша күш болмақ. Аталмыш ауқымды шараны өткізуге арналған салынған нысандар болашақта Қазақстан мен оның елордасын ірі халықаралық, көрмелік және ақпараттық- презентациялық алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік жасамақ.
«Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада биылғы жылдың жаз мезгілінің басында басталады. Көрмеге бүкіл әлемнен 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Аталмыш ауқымды шараға 100-ден астам ел, 10 халықаралық ұйым мен инновациялық технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялар қатысады. Көрме шеңберінде бүгінгі күнгі өзекті энергияның баламалы көздері мен «жасыл технологияларды» шешу мәселесі талқыға салынады.
ЭКСПО-2017 көрмесі тұрақты энергия көздерін дамытуға, энергия үнемдеу сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеуге арналған. Негізгі мақсаты – жанамалы энергия көздерін пайдалануды және энергетикалық ресурстарды тиімді тұтынуды ынталандыру.
Бүгінгі күні бізге қол жетімді энергоресурстар адамзаттың ажыратылмас бөлігі болып табылады, оны жауапты және ұтымды пайдалану қажет. Бұл жаһандық іс-шараның міндеті – энергия тұтынуды жоспарлау мен бақылау, сондай-ақ болашақ ұрпақтардың өмірі үшін қажетті тұрақты энергия көздері мен біздің ғаламшарымыздағы бүкіл жандыны сақтап қалу үшін халықаралық қоғамдастықты жауапкершілік сезіміне шақыру.
Басты мақсаты – жауаптылыққа шақыру, пікірталастар тудыру және адамдардың табиғат үшін келетін зиянды барынша азайтып, энергия тұтынуды жоспарлап бақылай білуге үйрету білімін қалыптастыру болып табылады. Көрмеге 2 миллион турист келіп, келушілердің жалпы саны шамамен 5 миллионды құрайды деп болжануда. Келушілердің жалпы санынан 85 пайызын қазақстандықтар, ал 15 пайызын шетел мемлекеттерінің азаматтары құрайды деп жоспарланып отыр.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *