«Таңғаламын өмірдің ғажабына»

242

Қазақ әдебиеттану ғылымының, қазақ руханияты мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтың есімі елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі екені мәлім. Мырзекеңнің бірқатар лауазымды қызметтерді жемісті атқарғанынан жұртшылық хабардар. Әдебиеттану саласындағы еңбегі  бір төбе. Мәселен, жыр алыбы Жамбыл ­Жабаев шығармашылығын зерттеуі, ­Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін қазақ тіліндегі аудармасын ғылыми айналымға енгізуін айтсақ та жеткілікті болар. Ардақты азамат бұл күнде 80 жасын атап өтуде. Жақында мерейтой иесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап,  мемлекет қайраткерін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Елбасы өз сөзінде: «Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап Сіз әрдайым менің жанымда болдыңыз. Маған қолдау білдіріп, кеңесшім, Премьер-министрдің орынбасары болып қызмет атқардыңыз. Мен Сізді жауап­ты лауазымдарға тағайындадым. Елші, университет ректоры болдыңыз, дипломаттарды тәрбиелеуге атсалыстыңыз. Белгілі ғалым, қаламгер ретінде кең танылдыңыз» деп атап өтті. Біз төменде ­Мырзатай ­Жолдасбеков туралы ғұмырнамалық роман жазған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Болат БОДАУБАЙМЕН сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. 

– Сіздің соңғы жылдарда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтымыздың сөзін сөйлеп жүрген асыл азаматы, бүгінде сексен жастың сеңгіріне шыққан абыз ағамыз, ел ағасы Мырзатай Жолдасбеков ­туралы екі кітаптан тұратын сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық роман жазып бітіргеніңізді білеміз. Осындай кітап жазу туралы ой қай уақытта және қалай туындап еді?
– 2011 жылдың 28 желтоқсанында «Егемен Қазақстан» газетінде Мырзатай Жолдасбеков туралы «Алдымызда ағалар бар аймаңдай» атты айқара екі бет мақалам жарияланды. Мақаланы оқып, риза болған, құттықтаған кісілер көп болды. «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі президенті ­Сауытбек ­Абдрахманов: «Бөке, мына мақалаңыз елдің көкейінен шықты. Сіз Еркеғали Рахмадиев туралы сұхбатқа құрылған жақсы роман жазған едіңіз. Сондай үлгідегі, сол тұрғыдағы бір кітап Мырзекең туралы да жазылса, ұлтымыз үшін, халқымыз үшін, қоғамымыз үшін өте пайдалы еңбек болар еді. Және оны жастарымыз, жұрттың бәрі сүйсініп оқыр еді. Өйткені Мырзекеңнің жүріп өткен жолы – халқымыздың жүріп өткен жолы. Өткен ғасырдағы, осы ғасырдың басындағы ол кісінің басынан кешкен, өзі кейде қатысушысы, кейде ұйтқысы болып ортасында жүрген оқиғалар бүгінгілер үшін де, келер ұрпақ үшін де қызғылықты болары сөзсіз. Өйткені ол біздің тарихымыз. Қоғамымыздың тарихы. Әрі онда өмірдің талай тылсым сырларымен бірге ұлтын сүйген, ел-жұртының үмітін, сенімін, алғысын арқалаған, балалықтан даналыққа жеткен азаматтың айшықты өмір сапары, басынан кешірген қилы-қилы оқиғалары көрініп тұрар еді. Сондай кітапты қызықты етіп жазу сіздің қолыңыздан келер еді деп ойлаймын» деді.
Сол мақаланы жазу үстінде, жазғаннан кейін өзім де Мырзекең туралы сыр-сұхбатқа құрылған роман жазсам деген ойда жүр едім, Сауытбектің мына сөзі қамшы болды да, тәуекел деп сол ниетімді іске асыруға бел байладым. Менің ұсынысыма Мырзекең келісті…
Арада біраз уақыт өтті. Мырзекеңмен телефон арқылы сөйлесіп, «кездесейік, әңгімелерімізді бастайық» деп бәтуаласқанбыз. Сол сәтте бұрыннан ұстап жүрген диктофонымның бұзылып қалғаны есіме түсті. Аяқ астынан диктофонды қайдан алсам екен деп ойланып, «Егемен Қазақстан» газетін еске алдым. Газеттің жолға шығатын тілшілеріне беретін диктофондары бар ғой деп. Газеттің вице-президенті – бас редакторы Жанболат Аупбаев ініме телефон соғып едім, ол:
– Жарайды, аға. Жағдайды анықтап, өзім хабарласайын, – деді.
Ертеңіне түстен кейін менімен хабарласты.
– Бөке, өтінішіңізді президентіміз Сауытбекке айтқан едім. Ол: «Редакцияның диктофондарына тимей-ақ қояйық, ұжымның мүлкі ғой. Бөкеңе диктофонды өзім тауып берейін» деген. Жаңа ғана сізге бер деп су жаңа диктофонды маған қалдырып кетті, – деді.
Бардым. Алдым. Жапон елінде жасалған соңғы үлгідегі әдемі диктофон екен. Бұрынғылардай емес. Кішкентай. Ыңғайлы. Электронды. Қамшы салдырмайды. Көп уақытқа дейін жаза береді. Қай дүкеннен алғаны, бағасы жазылған чегі ішінде жүр. Түймешігін басып қалып едім:
– Бөке, жаңа диктофоныңыз құтты болсын! Мырзекең туралы кітабыңыз жақсы жазылсын! – деген Сауытбек інімнің өзіме таныс қоңыр даусы естілді.
«Рақмет, бауырым! Гәп – сенің көп ав­тор­ларыңның бірі болып жүрген маған қалтаңнан жүз доллар шығарып, жаңа диктофон сыйлаған жомарттығыңда емес, гәп – сол жүз доллардан әлдеқайда артық, баға жетпейтін елпілдеген елшілдік жүрегіңде, халқымызға, ұлтымызға жақсылықтар бола берсе екен деген періште тілегіңде, маған деген інілік ілтипатыңда, тілектестігіңде ғой. Бұл кітапты енді қалайда жазуға, аяқтауға тиістімін» деген ой жарқ етіп, қамшылап, ширықтыра түсті. Содан бастап осы жаңа романды жазуға бар ынтаммен кірісіп кеттім.
– Енді Мырзекең туралы, жаңа рома­ныңыз­дың мазмұны жайында азырақ әңгімелеп беріңізші.
– Осы романды жазуға 2012 жылдан бастап өмірімнің бес жыл уақытын арнадым. Әсіресе соңғы үш жылда бас алмай отырдым деуге болады. Жазу барысында үзінділері газеттер мен журналдарда үзбей жарияланып тұрды. Олар жөнінде жұртшылықтың пікірі жақсы болды. Бұл да маған қосымша қуат берді.
Ал Мырзекеңнің өзі туралы айтар болсақ, ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиетіміз бен өнеріміздің терең тамырларын зерттеуші, солар жөнінде аса құнды шығармалар жазған, айтыс өнерінің, ата тарихымыздың, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің қайта жанданып, қанаттануына қамқор болып, шешендік, күйшілік өнеріміздің де зерттелуі мен дамуына аса зор үлес қосып келе жатқан ұлтымыздың айтулы, мақтан тұтар тұлғасы ғой. Бұрын, Кеңес Одағы кезеңінде қазақ әдебиетінің тарихы XVIII ғасырдан, Бұхар жыраудан басталады деген жаңсақ тұжырым берік орнығып, жетпісінші жылдарға дейін барлық жоғары оқу орындарында солай оқытылып келген еді. Осы тұжырымның терістігін, әдебиетіміздің тарихы осыдан 1200 жыл бұрынғы Түрік қағанаты кезеңінен басталатындығын ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың тапсыруымен ғылыми тұрғыда негіздеп, толық дәлелдеп шыққан, сол кездерде тасқа қашалып жазылып, бүгінге жеткен Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған жырларының мәтінін қазіргі қазақ тіліне аударып, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында оқулықтарға алғаш енгізген, әдебиетіміздің тарихын он екі ғасырға тереңдеткен, мұны енді ашып айтуымыз керек, басқа ешкім емес, Мырзатай Жолдасбеков ағамыз. Бұл жөнінде Мырзекеңнің өзі менің сұрағыма берген жауабында: «1964 жылы аспирантураға түстім. Оқу мерзімі үш жыл еді. Аспирантураның екі жылын түгел Орхон ескерткіштерін – Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жырларын аударуға, жаңашалауға жұмсадым. ­Жиырма редакциясын жасадым. Сол көне мұраларды оқып-үйренуге көп күш-жігерімді жұмсадым. Ол дәуірді тану, көне мұраларды игеру, ескі жазуларды меңгеру оңайға түскен жоқ. Жүйке де тозды. Шашым да содан ағарды, көз де талды. Аударманың алғашқы нұсқаларынан үзіндіні «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарына, бірнеше газеттерге жарияладым. «Тастар сөйлейді» деп жеке кітап етіп бастырмақ болдым. Оным «Қазақстан» баспасының жоспарына кіріп тұрған жерінен Олжастың «Аз и Я» атты кітабының сол кездегі дауынан сызылып тасталды. Менен кейін ол ескерткіштерді ешкім аударған да жоқ. Менің аудармама осы күнге дейін ешқандай сын да болған жоқ. Мен жаңашалаған «Күлтегін» де, «Білге қаған» да, «Тоныкөк» те бүгінде оқулықтарға кіріп, халық шығармасына айналып кетті» деген болатын. Мырзекеңнің қазақ әдебиетінің тарихын 1200 жылға тереңдеткен еңбегі жөнінде Әбіш Кекілбаев та, Мәскеудегі «Вопросы литературы» журналы да жазған. Осы жерде мынадай бір көпе-көрнеу әділетсіз жағдайға назар аудара кетуді жөн деп білемін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғынан бастап қырық жылдай уақыт ішінде қазақ әдебиетінің тарихы туралы біраз оқулықтар жарық көрді. Менің досым, академик Рымғали Нұрғалиев кезінде, менімен бір әңгімесінде, сол оқулықтарды жазып жариялаған ғалымдарымыздың қазақ әдебиетінің тарихы ертедегі түрік қағанаты кезеңінен бастау алады деген концепцияны, тұжырымдаманы бейне бір өздері зерттеп, өздері тапқандай, орнықтырғандай болып, Мырзатай Жолдасбековке сілтеме жасап, атын атамай-ақ пайдаланатын әдетке, ауруға ұшырағанын айтқан еді. Бұл жөнінде Мырзатай ағаның өзі: «Рымғали сұңғыла ғой. Дұрыс байқаған. Ондай жағдай бар. Мұны ғылымдағы плагиат деуге болады. Әбден жеңілдетіп айтқанның өзінде ондай авторлардың мәдениетінің төмендігінен демеске лажымыз жоқ. Шынтуайтына келгенде осы күнгі «сол тақырыпты зерттеді, соған үлес қосты» деп айтылып жүргендердің барлығы, енді мұны айтпай болмайды, менің жазғандарымнан көшіргендер. Қазір әртүрлі оқулықтар шығып жатыр. Жазсын, шығарсын. Бұған мен қуанбасам, ренжімеймін. Оқулық жазатындар өздерінен бұрын зерттелген, ашылған жаңалықтардың жемістерін пайдалануға қақысы бар. Бірақ қалыптасқан дәстүрді, жазу мәдениетін сақтауға, зерттелген еңбектердің, ашыл­ған жаңалықтардың алғашқы авторларын сілтеме жасап, көрсетіп отыруға міндетті ғой» деген еді.
Тоқсаныншы жылдардың басында халқымыздың ең асыл арманы – тәуелсіздікке қолымыз жеткенде, бұрынғы Одақ ыдырап, экономика құлдыраған, берекесіздік, жұмыссыздық жайлаған, қатардағы қарапайым жандарға нан тауып жеудің өзі қиындыққа айналған, қолымыз әрең жеткен тәуелсіздіктің өзін сақтап қала аламыз ба, жоқ па деген тарихтың қатал сынағы алдымыздан шыққан алмағайып, қиын кезде тәуекелге бел буып, ел тізгінін, халық сенімін, ертеңгі күніміз, болашағымыз үшін бар жауапкершілікті мойнына алған, халқымыздың бағына туған асыл перзенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрын-соңды болмаған жаңа қоғам орнатуға кіріскен кезде оның жанынан табылған сенімді серіктерінің бірі тағы да Мырзатай ағамыз болды. Мырзекеңнің күні бүгінге дейінгі бүкіл ғұмыры ұлты үшін, халқы үшін аянбай қызмет етудің жарқын үлгісі сияқты.
Мырзекең туралы ойлансам, оның өмірінің осы кітапта айтылатын кей сәттері еске түседі. Мектепте жүргенде ғалым болуды, профессор болуды армандаған бала Мырзатай. «Профессорлар туралы неше түрлі алып-қашпа сөздер еститінбіз. «Жаңғалақ болады екен, лекцияға кейде аяғындағы бәтіңкесін ұмытып, тәпішке киіп келеді екен» деген сияқты. Бәрі балалық наным ғой сол кездегі. Көзіме профессор деген тамақ ішпейтін, түзге бармайтын, дәрет алмайтын, сондай бір бүтін, ерекше әулие адам сияқты болып елестейтін. Кейін есейе келе оның да бойында адамға тән нәрсенің бәрі болатынын білдік қой» дейді Мырзекең. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүріп, сол кездегі екінші хатшы Меңдібаевтың әділетсіздігіне қарсы тұрып, аппарат қызметкерлері алдында өзінен кешірім сұрауға мәжбүр еткен Мырзекең.
«Жас Қазақстанның бас жаршысы, жаңа идеологияның алғашқы қарлығашы болғаны әмбеге аян. Ел тарихының ең бір шешуші шағындағы шарапатты шаралардың басында тұрды. Ірі де ізгі істерді жүзеге асырды. Атап айтқанда, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына, көзден кеткен, көңілден өшкен арыстарымыздың ақталуына, халықтық қалпымыз бен сабақты салтымыздың жаңғыруына, бір сөзбен айтқанда, ұлттың рухы мен санасының өсуіне өлшеусіз үлес қосты. Ақылы мен сезімін, білімі мен білігін, қабілеті мен қасиетін, қажыры мен қадірін осынау иманды жұмысқа жұмсады. Басқа еңбектерін есептемегеннің өзінде Мырзатай Жолдасбековтің сол кездегі халыққа жасаған қалтқысыз қызметі үшін енді ел болып алғыс айтса артық емес» дейді Мырзекең туралы ұлтымыздың тағы бір тау тұлғасы, тәуелсіздігіміздің елең-алаңынан бастап Елбасының жанында болып, тәуелсіздігімізді баянды етуге аянбай атсалысқан, Мырзекеңмен қатар жүріп қайрат көрсеткен, Мырзекеңді алыстан да, жақыннан да білетін Әбіш Кекілбаев.

????????????????????????????????????

Иран елінде елші болғанында туған жерге жете алмай, «елге жетіп, сүйегіміз сонда қалса арман жоқ» деп зарығып жүрген мыңдаған қандастарымызды елге көшірген Мырзекең. «Иранда 12 мың қазақ, 2 миллион түрікмен бар екен. Біз іздеп барған соң, бізбен басқосуға сондағы қазақтар түрікменнің шалдарын да шақырыпты. Солар: «әй, Нұрымшат, не деген бақытты халықсыңдар, біздің елшінің келгеніне жыл асып кетті, әлі дидарын көрмедік, сенің елшіңнің келгені кеше ғана еді, дидарын көріп отырсың» деді. Сондағы тағы бір қазақ қария: «Шырағым Мырзатай, шетте елін аңсап жүріп өлген қазақтың сүйегі көрде де қызып жататын шығар» деп қалды. Сұмдық сөз ғой, сай-сүйегім сырқырады» деп еске алады Мырзекең. Иран Президентімен қандастарымыздың елге қайтуын келіскен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Ирандағы Отанына қайтқысы келген мыңдаған қандастарымыздың барлығын елге көшірді. Ұлы бабамыз Фарабидің Иран елінің ежелгі кітапханаларында сақталған, басқа жерде жоқ он үш трактатының көшірмесін жасатып әкеліп, өзі білім алған нұрлы шаңырақ – ҚазГУ-дің кітапханасына тарту еткен Мырзекең. Халқымыздың ардагер ұлы Мұстафа Шоқайдың зиратын іздеп Германияға, Батыс Берлинге барып, зиратты ­тауып, буырқанған дауыл, шелектеп құйған жаңбыр астында, Мұстафаның басындағы құлпытасқа қарап: «Халқыңның арысы едің сен, жат елдің топырағын жамылмай, өз атамекеніңнің төрінде жататын адам едің ғой» деп, тебіреніп, табиғатқа қосылып, бірге жылап тұрған Мырзекең…
Осылай айта берсек, таусылмайды. Екі кітаптан тұратын романда Мырзатай ағамыздың балалықтан даналыққа дейінгі бүкіл өмір жолы жарқырап көрініс тапты. Өткен ғасырдағы, тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі халқымыздың, ұлтымыздың басынан кешкен азабы да, тозағы да, зобалаңы да, жетістіктері де мол тарихы шынайы баяндалуын басты мақсат тұттым. Соның нәтижесінде әдебиеттегі Александр Бектің «Волокаламскі тас жолы» (қазақшасы «Арпалыс»), Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» сияқты әйгілі шығармаларының үлгісімен жазылған, кейіпкерінің өмірін де, ерлігін де өзіне айтқыза отырып баяндайтын тұшымды роман дүниеге келді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Нұрперзент Домбай




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *