Әлиханның көркем аудармасы

416

Тіл мерейінің үстем болуының негізгі себептерінің бірі бұл аударма саласының дамуына тікелей байланысты екені айтпасақ та түсінікті. Аударма өнері – сан-салалы әрі көп қырлы. Мәселен, дүниежүзілік рухани мұраларды, көркем әдебиеттерді өз тіліңе тәржімелеу немесе ана тіліңдегі классикалық туындыларды әлем оқырмандарына таныс­тыру үшін шет тілдеріне тәржімелеуге әр кезеңде ақын-жазушылар, қаламгерлер, жазушы-аудармашылар тарапынан көңіл бөлініп келді. Әр аудармашы шығармашылығының өз кеңістігі бар. Бұл орайда біз газетіміздің осы нөмірінен бастап «Тәржіматану» атты жаңа айдар ашуды жөн көрдік. 

Алаштың ардақты ұлы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, энцикло­педия­лық білім иесі, саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнаған Әлихан Бөкейханның соңында қалған мұраларының елеулі бөлігі – аудармалары. Аудармашылық – оның шығармашылық қызметінің маңызды қыры. Ол аудармашылық кәсіптің сырына алғаш үңілген, аударманың барлық саласына араласып, бұл іспен тікелей айналысқан қазақ оқымыстылары­ның бірі. Қайраткер қалам иесінің осы қыры әлі көп зерттеле қоймаған, тың тақырып. Оның аудармашылық шеберлігі мен ерекшеліктерін терең зерделеуді айтпағанда, аудармалары жөніндегі негізгі мәліметтердің өзі нақтылауды қажет етеді.
Алаш көсемі көркем аудармамен, ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси әдебиеттер мен түрлі пән оқулықтарын, оқу-ағартуға арналған құралдарды аударумен де айналысты. Ол өзімен замандас, қаламдас алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып ­Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров сынды ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері Абай, Шәкәрімнен бастау алатын қазақ әдебиетіндегі көркем аударма жасау дәстүрін жалғастырған, оның негізін қалауға атсалысқан ұлт зиялыларының бірі. Аудармашы қаламынан туындаған еңбектердің көлемі жағынан көбірегі де осы көркем аудармалары. Олардың арасында қысқа-қысқа мысалдар мен әңгімелер де, көлемді повестер мен романдар да бар. Алаш зиялысы қаламынан туындаған шығармалары әлем әдебиетінің жауһарлары саналатын Ги де Мопассан, О.Уайльдтің, көрнекті орыс классиктері Л.Н.Толстой, А.П.Чехов, И.С.Тургенев және ­В.Г.Ко­роленко, Д.Н.Мамин-Сибиряк­тің шығармаларын, көне гректің әйгілі ақын-мысалшысы Эзоп мысалдарын, орыс генералы, этнограф, археолог, тарихшы, фольклор зерттеушісі, профессор Н.А.Маркстің «Қырымның ескі әңгімелерін» аударды.

Әлихан Бөкейхан батыс пен орыс классиктерінің, танымал жазушылардың көркем шығармаларын аударуда қазақ халқын әдебиеті мен өнері дамыған жұрттардың үздік шығармаларымен, озық ойларымен таныстыруды мақсат етті. Ол қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының дамуына да үлкен үлес қосты. Ол аударған мысалдардың басым көпшілігі Эзоп мысалдарының сюжетіне негізделеді. 

Қайраткерлігін қаламымен де көрсете білген алаш зиялысы көптеген көрнекті жазушылардың көркем шы­ғармаларын ана тілімізге еркін аударды. Аты әлемге мәшһүр орыс классигі Л.Н.Толстойдың «Қажы-Мұрат» («Хаджи-Мурат») повесін, «Сурат кафеханасы» («Суратская кафейная»), «Кавказ тұтқыны» («Кавказский пленник»), «Жұмыртқадай бидай» («Зерно с куриное яйцо»), «Күн» («Солнце – тепло»), «Жеті қарақшы» («Большая медведица»), «Бір адамға қанша жер керек?» («Много ли человеку земли нужно?»), «Магнит» әңгімелерін аударды. Сонымен қатар Эзоп пен Л.Н.Толстойдан аударған мысалдары «Жетпіс жеті мысал» деген атпен жарық көрді. Ги де ­Мопассаннан: «Симонның әкесі» («Отец Симона»), «Күзетте» (У смертного одра), «Жарасын жасырған ана» (Старуха Соваж»), «Ақсақ кемпір» шығармаларын ­аударды. О.Уайльдттан: «Жұлдыз бала» («Мальчик-звезда»), И.С.Тургеневтен: «Торғай» («Воробей»), Жириковтан: «Ер тоғай» («Смелый воробей») А.П.Чеховтан: «Қамелеуін» («Хамелеон»), В.Г.Короленкодан: «Мақардың түсі» («Сон Макара»), «Жұмбақ қыз» («Чудная»), «От»//«Шырақ» («Огонки»), Д.Н.Мамин-Сибиряктан: «Баймақан» («Баймаган»), «Қара ханым» (Кара-ханым), «Өзі», Джеймс Барриден «Ана күн» («Дер таг») пьесасын және Н.А.Маркстің «Ескі Қырымның сөздері» («Легенды Крыма») жинағынан: «Пайғамбарға хат» («Письмо Магомету»), «Азамат Юсуф» («Мюск-джами»), «Ешкі тау» («Эчкидаг-Козья гора»), «Герейдің жойылуы»//«Герейдің ажалы» («Гибель Гирея»), «Құрбан қия» («Курбан-Кая – жертвенная скала»), «Тілік қия» («Деликли Кая»), «Сұлтан Сәли» («Султан-Салэ»), «Жынның моншасы» («Чертова баня»), «Қыздың сарайы» («Девичья башня»), «Жын мен қызыл» («О Шайтане и кизиле»), «Махаббат» («Святая могила»), «Антарам» сынды аңыздар мен әпсаналарын аударды.
Әлихан Бөкейхан батыс пен орыс классиктерінің, танымал жазушылардың көркем шығармаларын аударуда қазақ халқын әдебиеті мен өнері дамыған жұрттардың үздік шығармаларымен, озық ойларымен таныстыруды мақсат етті. Ол қазақ әдебиетіндегі мысал жанрының дамуы­на да үлкен үлес қосты. Ол аударған мысалдардың басым көпшілігі Эзоп мысалдарының сюжетіне негізделеді.
Ә.Бөкейханның Қырымның оң­түстік-шығыс жағалауындағы Феодосия қаласында туып-өскен, қырым татарларының тұрмысы мен тілін жақсы білген орыс генералы, тарихшы-этнограф ғалым Никандар Александрович Маркстің «Қырымның ескі әңгімелерін» аударуы кездейсоқ емес. Н.Маркс қырым аңыздары мен әпсаналарының бұл жинағы алғашқыда 1913 және 1914 жылы Мәскеуде, 1917 жылы Одессада үшінші рет басылған. Алаш көсемі «Ескі Қырым сөздерін» араға уақыт салмай бірден аударып, ізінше 1915 жылы «Қазақ» газетінің бірнеше санында жариялаған. Ә.Бөкейханның бұл аңыз, әпсаналарды қазақшаға ­аударуда туыстас түркі халқының өмір-тарихына қатысты құнды деректерге толы, тартымды баяндалған еңбекті қазақ қауымына кешіктірмей жеткізуді мақсат еткен деуге болады.
Ол діни адасушылық, діни өзім­шілдік, діни фанатизм мәселе­леріне де ерекше ден қойды. Оның «Сурат кафеханасы» немесе «Дін таласы» деп аталған аудармасында «Дiн турасында адасу түбi намыстан, өзiмшiлдiктен. Әр адам құдай өзiмдiкi, я отанымдiкi, я дiндесiмдiкi болса екен дейдi. Күллi дүниеге сыймайтын ұлығ тәңiрiн әр жұрт өзiнiң ғибадатханасына қамағысы келедi. Адамдар үшiн құдайдың өзi жасаған ғибаддатханасы – жиһан» деген жолдар бар. Бұл орайда онымен замандас алаш зиялыларының бірі Қошке Кемеңгерұлы ұлт көсемiнің бұл саладағы қызметі туралы «Ол өз серiктерiн, қазақ оқығандарын татардың дiни фанатизмiнен арашалап қалды» деген пікір айтады.
Ә.Бөкейхан аударған ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси, оқулық әдебиеттер: К.Фламмарионнан аударған «Астрономия әліп-биі» («Общедоступная астрономия»). Мәскеу, 1924.-225 бет; Д.Граведен аударған «Дүниенің құрылысы». Мәскеу: Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасы, 1926.-101 бет; Т.Тутковскийден аударған «Жердің қысқаша тарихы». Мәскеу, 1926. — 102 бет; Мұғалімдерге хат: Пыланеттер. «Жаңа мектеп», 1926. №14-15. — 21-25-бб. және «В.И.Лениннің күнделіктері», Н.И.Бухариннің «Тарихи затшылдық қисыны» («Теория исторического материализма»),Н.К.Крупскаяның «Халықты ағарту туралы Лениннің өсиеті»(«Заветы Ленина в области народного просвещения») сияқты еңбектер. Ғылыми, ғылыми-танымдық және саяси әдебиеттерді ол қазақ танымына сәйкестендіріп, тұпнұсқаға өз тарапынан өзгерістер енгізе отырып аударады. Түпнұсқа мәтініне байланбай, қазақ оқырманына лайықтап, өзінің сөз саптау мәнерімен, өз стилімен баяндайды. Осы еңбектерінде ол көптеген астрономия, география және қоғамдық-саяси терминдерді қазақ тілінде жасап, қолданады.
Ә.Бөкейхан аудармаларының ХХ ғасыр басындағы жариялануы. Оның қазіргі уақытқа дейін әлихан­тану­шылар тарапынан жинақталып, жұртшылыққа ұсынылған мол мұрасының ішінде 1900 жылы «Дала уәлаяты» газетінің 10,11 сандарында жарияланған Л.Н.Толстойдан аударған «Сурат кафеханасы» («Суратская кафейная») атты көлемді әңгімесі алғашқы аудармасы деп саналады. Араға он үш жыл уақыт салып, бұл әңгіме 1913 жылы «Қазақ» газетіне жарыққа шыққанда оның 1, 3 және 4 сандарында «Дін таласы» деген атпен екінші рет жарияланды. Ал Л.Н.Толстой бұл шығарманы француз жазушысы Бернардин де Сен-Пьерден аударған.
1915 жылы «Қазақ» газетінің бір­неше санында Ә.Бөкейханның аудармалары жарияланды. Олар: Н.А.Маркстің «Ескі Қырымның сөздері» жинағынан аударған «Пайғамбарға хат» («Қазақ», 1915. №97.), «Азамат Юсуф» («Қазақ», 1915. №133), «Ешкі тау» («Қазақ», 1915. №134), «Герейдің жойылуы» («Қазақ», 1915. №135), «Құрбан қия» және «Сұлтан Сәли» атты екі әңгімесі («Қазақ», 1915. №136), Джеймс ­Барриден аударған «Ана күн» пьесасы («Қазақ», 1915. №115), Л.Н.Толстойдан аударған «Жұмыртқадай бидай» («Қазақ», 1915. №139), А.П.Чеховтан аударған «Қамелеуін» («Қазақ», 1915. №140), В.Г.Короленкодан аударған «От» («Қазақ», 1915. №141).
Әлихан Бөкейхан Мәскеуде КСРО халықтарының орталық баспасында қазақ секциясының әдеби қызметкері болып еңбек еткен 1922-1927 жылдары көркем аудармаға көбірек ден қойған. Оның көркем аудармаларының басым бөлігі осы кезеңде 1923-1927 жылдары жарыққа шықты. Ә.Бөкейхан орысшадан аударған В.Г.Короленконың «Мақардың түсі» әңгімесі 1923 жылы Мәскеуде жеке кітап болып басылды. 1924 жылы Л.Н.Толстойдан аударған «Қажы-Мұрат» повесі «Сәбет Одағындағы халықтардың Кіндік баспасынан» жарық көрсе, Ташкентте шығып тұрған «Сәуле» журналында «Күн» (№4. 16-18 б.) және «Магнит» (№4. 21-22 б.),«Жетіқарақшы» (№5. 21 б.) әңгімелері жарияланды. Ал ұлы орыс жазушысының «Қыр баласы» аударған «Кавказ тұтқыны», «Жұмыртқадай бидай», «Жеті қарақшы» атты үш әңгімесі енген жеке жинақ 1925 жылы Мәскеудегі «Сәбет Одағындағы халықтардың Кіндік баспасынан» араб әрпімен басылып шықса, 1926 жылы «Жаңа мектеп» журналында «Бір адамға қанша жер керек» (№9-10. 77-88 б.) әңгімесі жарық көрді. Эзоп пен Л.Н.Толстойдан аударған мысалдары «Жетпіс жеті мысал» деген атпен 1925 жылы Мәскеуде «Кеңес одағы елдерінің Кіндік баспасынан» жеке кітап болып басылды.
Алаш зиялысының О.Уайльдттан аударған «Жұлдыз бала» ертегісі 1923 жылы Ташкентте «Ақ жол» газетінің 381-384 сандарында, Ги де Мопассаннан аударған «Күзетте» («Сәуле», 1924. №4. 9-13 б.), «Жарасын жасырған ана» («Жаңа мектеп», 1925. №4. 65-71 б.), «Симонның әкесі» («Жаңа мектеп», 1926, №6. 57-64 б.), «Ақсақ кемпір» («Әйел теңдігі», 1927. №10-11. 109-112 б.), Л.Толстойдан аударған «Қажы-Мұрат» («Ақ жол», 1923. №377-378. Орынбор), «Күн» («Сәуле», 1924. №4. 16-18 б.), «Магнит» («Сәуле», 1924. №4. 21-22 б.), Н.А.Маркстің «Ескі Қырымның сөздері» аударған «Герейдің ажалы» («Темірқазық» журналы, Мәскеу, 1923 жыл. №1. 23-б.), Пайғамбарға хат» («Темірқазық» журналы, Мәскеу, 1923 ж. №2-3.104 б.), «Қыздың сарайы» («Ақ жол», 1924. №393. Ташкент), «Жын мен қызыл» («Ақ жол», 1924. №405. 2 б. Ташкент), «Махаббат» («Сәуле», 1924. №1.), «Тілік қия»(«Ақ жол», 1924. №441. 2-3 б. Орынбор), «Жынның моншасы» («Сәуле» журналы, Ташкент, 1924ж. №4. 13-15), «Антарам» («Сәуле», 1924. №4. 18-21 б.), «Құрбан қия» («Сәуле», 1924. №4. 23-24 б.), И.С.Тургеневтен аударған «Торғай» («Сәуле», 1924. №1. Ташкент), Жириковтен аударған «Ер торғай» («Сәуле», 1924. №1. Ташкент), Д.Н.Мамин-Сибиряктан аударған «Қара ханым» («Жаңа мектеп», 1926. №7-8. 81-94 б.), «Өзі» және «Баймақан» әңгімелері (Мәскеу, «Кеңес одағы елдерінің Кіндік баспасы», 1926.), В.Г.Короленкодан аударған «Түндегі от», «Жұмбақ қыз» әңгімелері (Мәскеу, «Кеңес одағы елдерінің Кіндік баспасы», 1926) жарыққа шықты.
Аудармашы Әлихан Бөкейхан өзі аударған көркем шығармалардың кейбіреулерінің атауларын дәл автордікіндей сөзбе-сөз аудармай, мазмұнына қарай өзгертіп қояды. Мәселен, Қырым аңыздары мен әпсаналарынан «Мюск-джамиді» – «Жұпар иісті мешіт» немесе басқалай аудармай, «Азамат Юсуф» деп аңыздың негізгі кейіпкерінің атымен атайды. «Письмо Магомету» аңызын «Мұхаммедке хат» демей – «Пайғамбарға хат», «Святая могиланы» – «Махаббат» деп аударған. Ги де Мопассаннан аударған «Старуха Соваж» әңгімесін «Соваж кемпір» демей, оған әңгіме мазмұнына қарай «Жарасын жасырған (алдырған) ана» деген атау береді.
Ә.Бөкейхан кейбір шығармаларды араға уақыт салып жаңаша аударып, олардың атауларын да өзгерткен. Мысалы, В.Г.Короленкодан аударған «Огонки» әңгімесін «От» деген атпен «Қазақ» газетінің 1915 жылғы №141 санында жарияласа, екінші рет «Шырақ» деген атпен 1923 жылы «Темірқазық» журналының №2-3 сандарында жариялаған. Шағын әңгіменің екі аудармасының атауында ғана емес, мазмұнында да елеулі өзгеріс бар. Бұл әңгіме бастан-аяқ қайта аударылған деуге болады.
Н.Маркстің «Ескі Қырым сөздерінен» аударған «Гибель Гирея» аңызын «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 135-ші санында «Герейдің жойылуы» деген атпен жарияласа, «Темірқазық» журналының 1923 жылғы 1-ші санында бұл тақырыбын өзгертіп, «Герейдің ажалы» деген атпен қайта жариялаған.
Ә.Бөкейхан аудармалары Қазан төңкерісіне дейінгі «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ» газеттерімен бірге төңкерістен кейінгі Кеңестік кезеңде ХХ ғасыр басында шыққан «Темірқазық», «Жаңа мектеп», «Кедей туы», «Әйел теңдігі», «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Сәуле» және тағы басқа мерзімді басылым беттерінде жарияланып тұрды және жеке кітап түрінде де жарық көрді.
Алаш көсемі өзі аударма жасаумен қатар өзге авторлар аударған көптеген еңбектерге де пікір білдіріп, рецензиялар жазып отырды. А.Байтасұлы аударған профессор Ю.Вагнердің, «Жануарлар туралы әңгімелер», М.Әуезов аударған «Жердің жаратылысы жайында әңгімелер», М.Томскийдің Ешмағамбетұлы аударған «Ресейде кәсіпшілер қозғалысы» туралы кітаптарына рецензиялар жазады. Осылайша ол отандық аударматанудың негізін қалауға, оның қалыптасуына елеулі үлес қосты. Ол қазақтың аударма өнерінің, аударма кәсібінің бастауында тұрған, бұл саладағы алғашқылардың бірі ретінде өзіндік өрнегі бар, авторлық қолтаңбасы айқын көрініп тұрған алаш зиялысы.

Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының
докторы, профессор,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент
мүшесі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *