Сыйдырғам мына әлемді жанарыма…

Алма Түсіпбекова

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында дүниеге келген. 1999 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін үздік тәмамдаған. 2004 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Заңгер» факультетін бітірген. 2003 жылы Жезқазған қаласының №22 орта мектебінде қызмет жасаған. 2005 жылы Қарағанды облыстық сотының бас маманы. 2013 жылдан бастап Жоғарғы Соттың бас консультанты, 2013 жылы «ҚР Жоғарғы Сотының Бюллетенінің» жауапты редакторы. «Жанарымдағы жазулар» және «Ақ қанатты періштем» атты кітаптардың авторы.

 

СҮЙДІҢ МЕНІ…

Сүйдің мені…
Жалыныңа өртендім,
Сол сәтімде махаббаттан дерт емдім.
Жиегіне жазып қойдым «бақыт» деп,
«Арман» атты желкеннің.

Сүйдім сені…
Тұра алмадым көрмесем,
Сүйреп шықтың қиялымда өрге сен.
Бұлақ болып кезігесің мөлдіреп,
Ғашықтыққа шөлдесем.

Сүйдің мені…
Сезіміңмен самғаттың-ау ғарышқа,
Тіпті одан да алысқа.
Қатар түстік, жаным, сосын екеуміз,
Тағдыр деген жарысқа.

Сүйдім сені…
Кілті сенде сезімнің,
Сені ойласам келмес, тіпті, көз ілгім.
Шытынатып әп-әдемі әйнегін,
Кетем кейде төзімнің.

Сүйдің мені…
Сүйдім сені…
Жыладым,
Өн-бойымды дуылдатып бір ағын.
… Үндеместен үңілесің біздерге,
Өмір!
Сенің таусылды ғой сұрағың?!

Сүйдім сені…
Сүйдің мені…

ЖАПЫРАҚТЫҢ  ЖАНАЗАСЫ

Арқа жаққа қыс келіп,
Қатыгездік төріме озды тістеніп.
Өз мезгілі теуіп кетіп өзекке,
Күз жатқандай түс көріп.

Кездеспесе кездеспесін көп арай,
Сізге менің айтатыным жоқ, ағай.
… Тек ана ағаш қалың қарды көтермей,
Морт сыныпты…
Обал-ай!

Ал, жапырақ ажал қысып ақылын,
Дем алады баяу ғана, ақырын.
Жапыраққа жаназа-жыр оқуға,
Барар емес батылым.

Бойымда еді мәрттігіңнің дәнегі,
Есігіңіз ашық па екен, ар елі?
Бір-ақ түнде үсік шалып өлердей,
Жапырақтың не жазығы бар еді?..

Нәзіктігім түскен кезде талауға,
Айналады жаным менің алауға.
… Дәтім менің жетер емес, құдай-ау,
Жапырақтың жанарына қарауға…
Тағдыр шіркін тартады кеп түнекке,
Тіршілікте жеткен кім бар тілекке?
Дегенменен… жердегі анау жапырақ,
Ұқсайды екен жүрекке…

СЕНІҢ КҮЛКІҢ

Иығымнан жүк түсірген жүз батпан,
Көз жасымды құрғатқан.
Сәлем алып келген маған нұр-бақтан –
СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Арманыма ақ қанатын қақтырған,
Тылсым сырлы бір сезімге тап қылған,
Үмітімнің шырағданын жақтырған –
СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Қабағыма тұрған сәтте мұң қатып,
Тұңғиыққа баратқанда шым батып,
Табындырған, бір сәт қана тыңдатып –
СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Ойға батып, үнсіз жүрген кезімде,
Жан бітірген мына сырлы сезімге,
Мені үйреткен қиындыққа төзуге –
СЕНІҢ КҮЛКІҢ!
О, махаббат!
Бізге ғажап сый неткен?!
Қаталдықтың қақпасын кеп күйреткен,
Сор артында бақ тұрарын үйреткен –
СЕНІҢ КҮЛКІҢ!

Сен бар кезде гүлге оранар жер демде,
Сен болмасаң күй кешемін шерменде,
Күліп келші, жаным, маған келгенде!..
СЕНІҢ КҮЛКІҢ?!

ҰЯТТАН КҮН ТҰР ӨРТЕНІП…

Аққудай аппақ дүние,
Жаралған маған, саған да.
Ғаламат отқа күн ие,
Жылуын сыйлар ғаламға.

Шуақтан бойға нұр сіңіп,
Таранады кеп тіршілік.
… Жасаған кейде жөн шығар,
Көктегі күнге құлшылық…

Жылуын жерге сыйлаған,
Күн берді көңіл-күй маған.
… Жер басып жүр-ау кей адам,
Жылуын жұртқа қимаған.

Ізгілік үнін жоқтаған,
Көңілде әлі көп-ті алаң.
Жылуы несі?
Солардың
Іштері – тоң ба деп қалам!

Сезімнен кеткен суынып,
Байлықпен қатқан буыны.
Жүзінен ұрып тұрады,
Саяздығының суығы.

Санаға сауал салмаған,
Жан-жағын түгел жалмаған.
Таң қалам күнге – тексізден,
Шуағын аяп қалмаған.
Жәдігөйлерден жиіркеніп,
Қасиет кеткен ерте өліп.
… Істеп жүр надан білгенін,
Ұяттан күн тұр өртеніп…

КІМ БАР?..

Сансыз сауал санаңызды тесе ме,
Қиналсаңыз, оны өзгелер ұнатар.
… Анау бір жан жылап тұр ма көшеде,
Кім бар, оны жұбатар?

Ал, сүріндім.
Мерейіңіз өсе ме,
Мен шығармын, түнектейін түнді емер?
… Анау бір жан құлап жатыр көшеде,
Қолтығынан кім демер?

Қасіретке қайырлай ма, бар кеме?
Оралайық адамилық жайтқа мың.
… Анау бір жан айтпақ болды әлдене,
Кім тыңдайды айтқанын?

Тиын шығар, біреулерге бағасы,
Дөкей көкем алтын түйме тағыпты.
… Анау бір жан кеткен, сірә, адасып,
Кім көрсетер бағытты?

Төгіледі дейсің ғажап жыр қандай,
Тағдыр соры татып тұрған таңдайдан?
… Анау бір жан жетімсіреп тұрғандай,
Кім сипайды маңдайдан?

Көз жасы боп, шарасынан төгілдім,
Музамменен қосылыпты мұң бүгін.
Өксігінен өлең туды көңілдің,
Кім кеседі кіндігін?..

ЖАУ ЖАҢБЫР…

Кетіп ед, өксік басып өмірімді,
Жау, жаңбыр!
Жушы менің көңілімді.
Тамшының құлаққа ұрған тырсылын-ай,
Домбыра секілденген қоңыр үнді.

Тамшы үні!
Осы сенен дерек үзіп,
Жүрген ем елеңдеумен елегізіп.
Санамды сойылдаса сансыз ойлар,
Ақылым алағызып, дене қызып.

Ашылсын көңілдердің сан құлыбы,
Жауа бер!
Кереметсің, жаңбыр үні!
Тілгіле, найзағай боп көк аспанды,
Жанымның жапандағы жаңғырығы!

Тамшылар!
Көңілімнің демделгені,
Жанымның жарасының емделгені.
Сезімнің жетер енді сенделгені,
Болмаймын ауыр ойдың енді ермегі!

Жан емен тілегені теріс келер,
Сырларым!
Іште қалса – беріштенер.
… Көңілін бір ақынның таптық-ау деп,
Көктегі жылап жатыр періштелер…

КИІКТІҢ МОНОЛОГЫ

Адамзат, жанарыңа сыйып-күліп,
Жалғанның жайын жүр ем, жиі ұқтырып.
Азғындап кете ме деп, адам қылсам,
Құдайым жаратыпты киік қылып.

Танып ал, таныр болсаң ең дараны:
Киік ем, мекен еткен кең даланы.
… Аралмен бір тартылды пейілдерің,
Адамдар, ашамыз-ау енді араны.

Көркіммен серік болып сан арыңа,
Сыйдырғам мына әлемді жанарыма.
Тіліме бал боп тиген киікоты,
Көзімнен аққан жасым тамады ма?

Саулатқан көңілдерден күй-ағынды,
Текті едім, мөр ғып басқан тұяғымды.
Ұмытпа!
Менің атым – киік-күйік,
Көріп қал, құлап жатқан сияғымды.

Жаныңа кіріп әлі сыналай мұң,
Сендерді әлі талай сынар ай-күн.
…Адамдар кінәлі емес өліміме,
Салқыны ұрды деймін құралайдың!..

Сұмдықтың қызыл шоғы қоздағанда,
Сарыарқа!
Нең қалды енді тозбағанда?
… Тірілем бір күндері рух болып,
Кең далам сағыныштан боздағанда…

ПАРНАС

Ит талаған етегін,
Бұл қоғамға не етемін?
…Бәрін тастап шығам да,
Парнас тауға кетемін.

Жырға толы етегі,
О, Музалар мекені!
Құшағыңа ал!
Шаршатты
Жәдігөйдің жетегі.
Жанса үміттің шырағы,
Қаулар көңіл құрағы.
Қандыр, менің шөлімді,
Касталия бұлағы!

Кезсем таудың бөктерін,
Сарай тапсам көп-көрім.
(Қамқоршысы өнердің,
О, Аполлон!
Текті едің!).

Жанның сен боп күн-айы,
Сені ес көрдім ұдайы.
Құшағыңды аш, Аполлон-
Көктегі күн құдайы!

Өзге ақылын ұғам ба?
Кеттім, білем, шығанға.
Арманымның ақ тауы —
Парнас!
Саған шығам ба?..

ЖАСАНДЫЛЫҚ

Тауға біткен тастардан қашап жүріп,
Жасап алдық біз бүгін жасандылық.

Жасандылық ұғымын біліп терең,
Күл дейсің бе?
Өтірік күле берем.

Көңіліңді кезбесін құмай-алаң,
Жыла десең өтірік жылай алам.

Дарытпасын көп аса бойға алаңын,
Ойлан десең – өтірік ойланамын.

Әртістікті бойыма сай қыламын,
Қайғыр десең – өтірік қайғырамын.

Осы ісіме мен іштей мақтанамын,
Шаттану ма?
Өтірік шаттанамын.
Қандай жанмын?
Оны да білсін елім,
«Елім-ай» -лап өтірік күрсінемін.

Орашолақ, оспадар не біледі,
Шындай қылып сапырам шежірені.

Жете бермес білімі қолы бардың,
Ел жоқшысы осылай болып алдым.

Тауға біткен тастардан қашап жүріп,
Жасап алдық біз бүгін жасандылық.

МЕН БАРМЫН ҒОЙ!…

Санамалап сезімдердің түр-түсін,
Жабығумен күте көрме, жыл құсын.
Керек етпе, өзгелердің күлкісін —
Мен бармын ғой!

Бұйдаланбай бойды буған ерікке,
Көрінгеннің келбетіне елікпе.
Ұқсайтұғын ерке мінез елікке —
Мен бармын ғой!

Көздеріне көп қараумен өзгенің,
Күн өткізбе.
Ұялатпа көзге мұң.
Өзің жақтан алатұғын өз демін —
Мен бармын ғой!

Тамылжыса арайлаған таңдағы ән,
Сағыныш боп саған қарай самғаған,
Бар ғұмырын бір өзіңе арнаған —
Мен бармын ғой!

Арбалып қап адастырар арманға,
Не дей алам, қара басы қалғанға?
… Сені ғана сүйетұғын жалғанда —
Мен бармын ғой!..




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *