«Анамның тілі – аяулы үні» тіл туралы шырқалған тұңғыш ән еді

Қасиетті қазақ жері, елі туралы әндер көп. Ал тіл туралы ән болды ма, болмады ма, оны анық білмейді екенмін. Егер жоқ болса, онда сазгер Әбиірбек Тінәлінің «Анамның тілі – аяулы үні» біздің ән өнеріміздегі қасиетті тілімізге арналған алғашқы ән болады екен. Бұл ән қалай жазылды, қашан жазылды деген сауал әркімді-ақ қызықтырары сөзсіз. Сондықтан да өзіміз әрбір санын асыға күтетін «Ана тілі» газетіне әдейілеп жібергенді жөн көрдім. 
Бұл сұхбат осыдан жиырма шақты жыл бұрын жазылып, суыр­мамда сүрленіп жатыр еді. Кәне, бірге оқиық…

Тіл – нәзік дүние. Әбиірбектің «Анамның тілі – аяулы үні» әні нәзік дүниеге нәзік келген әдемі ән. Сөзі де жақсы. Оны жазған – өмірден қасиетті қазақ тілінің күрескері болып өткен және мәңгілік жанашыры болып қала беретін Шона ғой, Шона Смаханұлы!
Әбдуәлі ҚАЙДАР

– Шыныңда, Әбеке, «Анамның тілі – аяулы үні» қазақ ән өнеріндегі тіл тақырыбында жазылған тұң­ғыш ән екен-ау!
–Тұңғыш ән. Тілге байланысты өлеңдер жазы­лып жатқанда, ән жазыл­мауы мүмкін емес еді.
Адамның өмір сүруі үшін ауа қандай қажет болса, жүрегінің соғуы үшін қан қалай қажет болса, қазаққа қазақ тілі сондай керек бо­латын. Ұлт болып қалуы үшін керек еді. Кісіні тыныстайтын ауасынан айырған сияқты, қазақ тілін тұрмыстық тіл деңгейіне дейін тұқырту, тіпті анасының тілінен айыру – адамның адамдық құқына қол сұғу. Кешегі кеңестік жүйе осын­дай сойқанды саясат жүргізді. Сібір халықтары «Иван» болып кетті. Бабала­рынан бермен келе жатқан есімдерінен жаңылды. Біздің ұлттың ішінде де осындай ұшырасады. Міне, осындай кезде тіліміз құрып бара жатыр деп, жұқалап, айтар ойын астарлап ұқтырған шығармалар жазылды. Шона ағаның өлеңі солардың бірі еді.
– Шөкең өзің туып-өскен, бал суын қанып ішкен Талас жерінен еді. Ән жазған кезде жерлес екенін білген шығарсың?
– Шыны керек, ол уақытта кітапты көп оқимыз. Кітаптың атын, авторының аты-жөнін білеміз де, ол кім өзі, қайда туылған, қай оқуды бітірген, ол жағына мән бермейді екенбіз. Әнім орындалып жүргенде бір кісілер «е, ағаңның өлеңіне ән шығарыпсың ғой» деді. Сонда ғана Шона ағаның өзіміздің Ойықтан екенін білдім. Бұл менің балалығым шығар, бәлкім. Бірақ мен оған өкінбеймін. Парықсыздыққа өкіну керек. Біздің Бөлтірік бабамыз соның әуелгісін сөзден бастапты.
Сөз мәнісін білмеген –
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген –
Жер мәнісін білмейді.
Жер мәнісін білмеген –
Ер мәнісін білмейді.
Ер мәнісін білмеген –
Бар мәнісін білмейді.
Бар мәнісін білмеген –
Мал мәнісін білмейді.
Мал мәнісін білмеген –
Ал мәнісін білмейді.
Ал мәнісін білмеген –
Бер мәнісін білмейді.
Бер мәнісін білмеген –
Не мәнісін біледі? – депті. Қалиман анам өсиеті озған бабаларымыздың ұлағат ұялаған сөздерін құлағымызға құйып өсірді.
– Әбдуәлі ағамыздың «Тіл – нәзік дүние» деуі­нің де себеп-сыры әріде, тереңде жатыр ғой. Ті­ліміз теперіш көруде, өзіміз кемдікте жүрміз деп айту былай тұрсын, ойлаудың өзі де қиын кез еді-ау, ол…
– Тіл үшін тайталасқа түскен қан­шама ағаларымыздың, арыстары­мыз­дың бар екенін білмейтін едік қой онда. «Советтік сойыл» затын да, атын да өшіре жаздатты. Одан бейхабармыз. Бақытты өмірді, жарқын болашақты жырлаған жырлар ғана оқитынбыз.
1976 жылы екінші курста оқып жүргенде Күлән Шілдебаева деген ақын апайымыз сахна тілі пәнінен сабақ берді. Өмірді білетін, өнерді терең түсінетін кісі. Талабы күшті. Бұрыннан да кітап оқуға әуес басымыз кітап дүкендеріне жиі баратынды шығардық. Өйткені сатиралық шығармалар жаттаттырады, кейде қарасөз оқытады. Әр сөздің әрін қалай кіргізіп айтуға болады? Кай сөздерге ерекше мән беру керек? Ойды еркін жеткізудегі тілдің атқаратын қызметін, не керек, әйтеуір шағып оқыпты. Сондай кезде менің қолыма Шона ағаның «Қоңыраулы шеңгел» кітабы түсті. Шымшымаларымен дараланған ағаның лирикасы да осал көрінбеді. Ұнады. Әсіресе «Анамның тілі – аяулы үні» деген өлеңі жан-дүниемді баурады. Жанымдағы жігіт­терге еріп көше кезу жайына қалды. Әдемі күлкі, әуезді ән жаңғырығып жататын жатақхананың бір бөлмесінде өзім-ақ қаламын. Қолымда гитара. Әлі күнге дейін ұмытпаймын, ол елу бірінші бөлме еді. Мен сол бөлмеде екі жарым жыл жаттым. Жападан-жалғыз отырып гитараның қылын қағамын. Құлағыма бір әуен келеді. Үзік-үзік әуен. Ыңылдап ілескен боламын. Толғаныстың тұйығына бір енсең-ақ айналаны ұмытасың. Ештеңе естілмейді. Мейлі көшіріп жатсын, қарамайсың, селт етпейсің. Мен өмірімде тұңғыш рет сондай сезім күйіне түстім. Малтықтым. Қарнымның ашқанын да ұмыттым. Жан әлемімді жарқырататын жұмбақ бір кеңістікке еніп кетіппін. Бірте-бірте себезгілеп келген сырлы әуен жатталды. Қайталаймын, тағы да қайталаймын. Он рет, бәлкім, жүз рет айтқан шығармын. Әрине, содан кейін әннің сөзі де, өзі де санаңа ұмытылмастай жазылады.
«Анамның тілі – аяулы үні» осылай жатақ­ханада дүниеге келді.
Алғаш рет аудиторияда орындадым. Ұстаз ретінде жүгінген, шын жүректен айтылатын лебізін естігім келген кісі – Күлән Шілдебаева.
– Апай, мен бір ән жазып едім, соны айтып берсем бола ма? – дедім кезекті бір сабағында.
– Жақсы ән, апай. Айтсыншы, қазір өзіңіз де айтасыз осы сөзді, – деді Жақсыбек. Ол менің бөлмелесім ғой, талай мәрте тыңдаған.
– Кәне, Әбиірбек, орындашы, бәріміз естейік, – дегеннен кейін толқи басып курстастарымның ал­дына шықтым. Даусым дірілдеп, әзер орын­да­дым. Аудитория қол соқты. Күлән апай мақтады.
Міне, содан бастап әнім ауыздан-ауызға тарады. Естіген ел іліп әкетті. Әйтпесе авторы мен едім деп газет-журналдарға бермедім. Теле-радиоға жаздырмадым. Ол кезде авторлық құқық деген болатынын, әлдекім иеленіп кетпеуі үшін жариялату керек екенін қайдан білейін?.. Сөйтсем, ән деген де бір балаң екен ғой. Сәбилі болған адам салып ұрып, баласы перзентханадан шықпай жатып тууы туралы куәлік алушы еді. Бұл да сондай бір перзентің екен. Оның жайын келе-келе ұқтық.
– Абай мен Ақан сері, Біржан сал мен Балуан Шолақ сияқты шығарған әніңді ел арасына ауызекі таратып жүрген екенсің-ау, Әбеке!
– Аталардың дәстүрімен жүріппін ғой. Күнделікті театрға барамын, елге өнерімді тамашалатып қайтамын. Бір күні, бұл 1987 немесе 88-ші жылдың іші болу керек, радиодан «Анамның тілін» беріп жатыр, Алматыдан. «Әні – Ескендір Хасанғалиевтікі, сөзін жазған – Шона Смаханұлы» дейді. «Әй, мына дикторың не дейді?» деп ішім бір түрлі болып қалды. Арада біраз уақыт өткен. Теледидардан алыс бір облыстан келген өнерпаз оқушылар концерт беріп жатты. Қарап отырсам, бір кезде хабарлаушы: «Енді тыңдайтын әндерің, балалар, «Анамның тілі – аяулы үні». Әнін жазған Әсет Бейсеуов» деді. Тағы да ішім ашыды. Апырмай, өз әнімнен өзім ажырай бастадым-ау! Не істесем екен деп бөлменің ішін кезіп кеттім. Қой, бұлай жүре беруге болмайды екен. Алматыға, Шона ағаның өзіне бару керек шығар. Ол кісі – үлкен адам, танитын, сөйлесетін таныстары көп. Республикаға таралатын көп газеттердің біріне бастырмай болмайды екен деген ойға бекіндім.
Театрда Жүніс Әлімбеков деген актер жігіт бар болатын. Жақсы әнші. Екеуміз екі дауыста ән саламыз. «Анам­ның тілін» де елге әуелі жеткізген сол екеуміз едік. Ертеңінде театрға бары­сымен бірінші іздеген адамым Жүніс болды. Жолықтым. «Алматыға барып қайтайық» деген сөзімді естісімен, келісе кетті. «Осы ойды баяғыдан бері айтуды ойлап жүр едім» деді.
Сол күннің кешінде-ақ жүріп кеттік. Зуылдаған автобусқа алыстық етпейді екен Алматы, таң ата Алатаудың койнауындағы әдемі қалаға жеттік. Ол уақытта миллионыншы тұрғыны дүниеге келіп дүрлігіп жатқан шағы. Бірақ қала қанша үлкен болғанымен, Шонадай шоқтығы биік ардақты ағамызды тауып алу қиынға түспеді. Тіпті үйінің телефон нөміріне дейін берді. Жазып алған қағазымызға қарап Кұрманғазы көшесі­нің бойындағы іздеген үйімізге жетіп бардық. Бірін­ші қабатта екен, есіктің түймесін қаймы­ғың­­қы­рап тұрып бастық. Жеңгей ашты. Қазағы үшін шыр- пыры шығып жүрген ағамыздың әйелі емес пе, «Жамбылдан едік, театрдың әртісі едік» деген сөзімізді естісімен төрге шақырды.
– Иә, балалар, сәлеметсіңдер ме? – деп жұмыс бөлмесінен шыға келді сөзі де, қимылы да жылдам Шона ағамыз.
Амандастық. Төрге оздық. Жұмсақ диванға тізе бүккеннен кейін: «Мен Әбиірбек деген бауырыңызбын, аға. Сіз өскен топырақта мен де өсіппін. Жазған шығармаларыңызды өте жақсы білеміз. «Анамның тілі – аяулы үні» деген өлеңіңізге ән жазған мен едім» деп әңгімемді бастай бергенім сол, тулай жөнелді. «Сендер – композиторлар, бәрің білгішсіңдер, бәрін өзгертесіңдер. Білгіш болмасаңдар, айналайындар-ау, мен жазған өлеңде «Анамның тілі – қуатым менің, анамның тілі мені ұғатын» деген жол жоқ еді ғой, оны неге кіргіздіңдер?! «Қуатым менің, ұғатын мені» деген не сөз? Көкем-ау, кім қосты оны?» деп шыж-быж болды. Біз енді актер болғаннан кейін адам психологиясын зерттейміз ғой. Ағамыздың күйіп-пісетін себебін іштей ұғып тұрмыз. Ызаланатын да жөні бар. Жүніс те үндемеді. Екеуміз не де болса шыдап бақтық. Әрі-беріден кейін ағаның алдын кес-кестеудің өзі көргенсіздік қой. Айтып алсын, тыңдайық, содан соң да үлгерерміз дедік ішімізден. Біз қарсыласа қоймағаннан кейін ағамыз да бәсеңси бастады.
– Аға-ау, біз сол үшін келдік қой. Өзіңізді іздеген себебіміз де сол. Әйтпесе әні біреудікі болып, сөзі бұрмаланып, шыны керек, біздің де жүйкемізге тиіп болды, – дедім байсалды қалпымды бұзбай. – Бір жағы өзімнен де кінә бар. Ертерек келмей балалық қылған шығармын…
– Кештеу болса да келгенің өте жөн болды, шырағым, – деп әп-сәтте жадырап сала берді Шона аға. – Әйтпесе мен жер-жерге хат жазып, облыстық Мәдениет бөлімінің басшыларымен хабарласып, әннің авторын табуға жәрдемдесіңдер деп өзімше әрекетке көшіп едім. «Қазақстан пионері» газетінің редакциясына барып, сұрау салып едім, өзіңнің келгенің бәріне нүкте қойды, айналайын.
Жеңгеміз ағамыздың қас-қабағына қараған кісі екен. Қимылы мұндай ширақ болар ма? Ас үй жақтан мұрынға пісіп жатқан еттің иісі жетті. Шай да дайын болыпты. Әлгіндей емес, Жүніс екеуміз өзімізді еркін сөзіне бастадық.
«Әкең кім, шешең қай туған? Қай елсің?» деп үлкен кісілердің тегіңді сұрайтын әдеті бойынша, Шона ағай да шай үстінде сұрап отырды. Мен шама-шарқымша жауап бердім. – Елге жиі барып тұратын шығарсың, шырағым? Егер барып тұрсаң, «Ақкөл» деген совхозда Әуелбеков деген партком хатшысы бар. Менің нағашым болып келеді. Соның Қаракөз есімді қызы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқиды. Ән салады. Қала мектептерінде болған кездесулерге Қаракөзді де ерте барып, өзіңнің әніңді орындатып жүрмін. Сөзін осы қыз сияқты бұзбай айтыңдар деймін, – деп шайдан кейін Шона аға Жүніске бір, маған бір қарап әңгіме өрбітті.
– Аға, әлгінде жанымдағы жолдасым туралы «әртіспіз» деппін де қойыппын. Бұл Жүніс деген ініңіз. Театрға бізден кейін келген. Актер атаулының бәрі бірдей ән сала бермейді. Жүністің бір ерекшелігі – әнші. Негізінен, қосылып халық әндерін орындаймыз. Енді рұқсат болса, әнді өз сөзіңізде жазылғандай етіп орындап көрсек, – деп едім, құптай жөнелді.
Үйде жақсы домбырасы бар екен, қолыма ұстатты.
Ас үйде жүрген жеңгейді де шақыр­тып алды. «Ал ән тындайық» деді.
Сөйтіп, «Анамның тілі – аяулы үні» әні Шона ағаның шаңырағында қос дауыста орындалды. Екі рет орын­далды. Тағы да айтуымызды өтінген ағамыздың өзі.
– Әннің иесі емессің бе, айналайын, өзің өте жақсы орындайды екенсің, – деді.
– Жүніс екеуміз қосылып айтқан кезде ғана осылай әдемі шығады, – деп үшінші рет өз ықыласымызбен орындадық.
Ет желінді. Шай ішілді. «Әннің иесі табылды. Енді нотасымен жариялатуға болады» деп мәз болды Шона аға­мыз. «Сізге де рақмет, аға. Біздің де жо­лымыз болып, көңіліміз орнына түсті» деп ол үйден куанышпен аттандық.
Арада үш айдай уақыт өтті. Алғашқы қар жауып, жер беті қырбақтанып жатқан. Күнделікті әдетімше театрға келіп, кіре берістегі бөлмеге сырт киімімді іліп, бері шығып келе жатыр едім, Мағзұм Бақытжанов деген актер әріптесім қарсы жолықты. Қолында бүктеулі газет.
– Ой, Әбеке, бүгінгі қуаныш өзіңізде болып тұр. Бұны жумай болмайды, – деді күле қарап.
Баласы «Қазақстан пионері» газетін жаздырып алады екен. Маңдайына «Оқушылардың сұрауы бойынша» деп жазып, әнімізді жариялапты. Өзі қып-қызыл бояумен басылған.
– Әбеке, құтты болсын! Енді нағыз авторы болдыңыз. Көптен бері әніңіздің әр композиторға телінгеніне біз де қынжылып жүр едік. Бәрі есімізде… Алматы жұртының сүйікті азаматын мәңгілік сапарға қалай шығарып салғаны да есімізде. Елім деп, халқы үшін қызмет қылған ақынын ел-жұрт ұмытпайды. Сонда қимай-қимай қоштасқанбыз…
Бірде Өзбекстан жерінде өткен гастрольдік сапардан қамығып, қайғы жұтып оралсам, алдымнан Шона ағаның әлгі хаты қарсы алсын. Сенер-сенбесімді білмедім. Қолым дір-дір етіп конвертті ұстадым. Ол кісінің жазуы әдемі еді. Әр әрпі сурет секілді.
Әрине, не жазғанын айтып, бәрін көшіріп берудің қажеті жоқта шығар.
«Құрметті Әбиірбек! – деп бас­талыпты хаты. – Өзің, келін сау-саламат, бала-шағаң аман-есендікте болар. Соған тілектеспіз. Ана тілі туралы өлең жарыққа шықты! Әнін балалар біледі… Қаракөздің даусымен соңғы текспен радионың балалар музыка редакциясы жазып алған. Үйде орта­­шалау жазылған. Мұны да бір жігіт кешіктіріп жүр. Енді қалайда студия­сында жаздыртамын. Мұндай әдемі дауыс, әзірше, басқа әнші балаларда жоқ.
Бұл да мүмкін кешігер. Әйткенмен, жеңіске жетеміз.
Төрт-бес әндік өлең жіберіп отыр­мын. Қара шалдар қайда жоқ? Қандай кездесуде де, концерттерде де отырады олар. Көңілді ән болуы керек. «Сәбиім» де солай. Балаға, сәбиге, бөпеге деген ата-ана махаббатын әнге айналдыру керек.
«Жеңеше» – бұрынғы радиода беріліп жүрген «Жеңеше» туралы әндерден бөлек. Әні де өзгеше болуы керек. Соңғы екі жолын қайырмасы етсең.
«Ақбикеш – Шәмшиялар» қайда жоқ? Шымкент жақта мұндай есімді келіншектер көп-ақ.
Бір айдай күндіз-түні «ыңылдап» көрсеңші. «Ана тіліндей» ән шығарған адамнан басқа да жақсы ән шықпауы мүмкін емес. Сәлемім осы. Сәтті творчестволық жеміс тілеймін.
Шона ағаңыз. 19.11.88 ж.»
Шона аға осы хатымен бірге «Қара шал», «Жеңе­ше» деген ән текстерін де жіберген екен. Әлі сақтаулы. Бола­шақта, құдай қаласа, Шөкең­нің аманатын орындаймын деп ойлаймын. Ағамыздың шығармашылығын білемін, лирикалық өлеңдері де керемет болатын. «Сағындым» деген бір өлеңін жатқа білемін. Ел жайлы, жер жайлы. Осы өлеңіне ән жазсам ба деп үлкен тебіреніс үстінде жүрген жайым бар қазір. Туған ел туралы дүниені әркім әрқалай жазады ғой. Кейде біреулер, «туған жерің жөнінде неге ән жазбайсың, әлде сағынбайсың ба?» дейді. Сағынасың ғой, неге ойламасқа! Бірақ менен гөрі жырақта, сағынышы сарытап болған кісілер бар. Сол кісілердің туған жерге деген сезімін айт, бәрінен де! Сол себепті мен «Атажұртты аңсау» деген ән жаздым. Олардың қайғысы Қаратаудай қатпарлы, қалың, туған жердің бір уыс топырағын алтыннан да артық көреді. Ашық күнде адасқан бауыр­ларымыздың бар мұңы – бір уыс топырақ. Туған жерге деген ыс­тық махаббаттың сырын ұғу үшін солардың көз жасын көру керек, зарына құлақ түру қажет! ­­­Шө­кеңнің, менің Шона ағамның «Сағындым» деген өлеңі тереңдеу. Ақынның жүрегі – сезімтал жүрек. Егер солай болмаса, былайша жыр төгер ме еді?
Көңілдің күйін қозғаған
Атаның даусын сағындым.
Енесін тосып боздаған
Ботаның даусын сағындым, – дейді. Көрдіңіз бе, сағыныш деген сезімнің не екенін?!
Не десең өзің біл дескен
Ағайын сені сағындым.
Толарсақтан гүл кешкен
Тоғайым сені сағындым…
Міне, сағыныш!.. Міне, сезім селі!.. Шона аға жырақтағы ағайын-туыс, бауырлардың, қапияда ауып кетіп, үйірінен адасып қалған елдің атажұртқа деген жүрек үнін осылай жеткізген.
Иә, ол – Шона ағам ғой менің! Егер сол хатта жазыл­ған «Ана тіліндей» ән жазған адамнан басқа да жақсы ән шықпауы мүмкін емес» деген қамшылайтын сөзі болмаса, кім біледі, мен ән әлемінде жалғыз әніммен-ақ жүре берер ме едім. «Сен ізден, сен ән жаз» деген ағаның ақ тілегі менің әншілік жолыма, сазгерлік өміріме бағдар болып келеді. Осы әңгімеде әнімнің ұзын санын айтпай-ақ қояйын, Құдайға шүкір, әйтеуір өзімнің көңілім толатын әндерім бар. «Болдым-толдым» деуден аулақпын. Ондайдан құдай сақтасын! Деген­­мен, шығармашылық жолымды тілден баста­­ғаныма өзім де қайран қаламын. Бұл да бір Алла­­ның бұйрығы болар. Өз басым солай деп ұғамын.
Талай кездесулерге барып жүремін. Сонда: «Анамның тілі – аяулы үні» бұл менің алғашқы әнім!» деп еңсемді көтеріңкіреп сөз айтамын.Оның сөзін жазған – Шона Смаханұлы!».
Шона ағаны білмейтін кісі жоқ. Кеудемді тағы да мақтаныш кернейді.
– Өзіңді білетін, өнердің не екенін түсінетін бір жігіттер «Әбиірбек осы әнімен үлкен-үлкен тақырыптардың басын қосып тұр» деп еді.
– Енді қалай болушы еді? Өйткені бұл – тіл туралы ән ғой. Тіл ойдың да, істің де, бәрі-бәрінің анасы емес пе?! Анаға арналып айтылатын «аяулы» деген сөзді сөз қадірін білетін Шона аға тілге тектен-текке телімеген ғой…

Сұхбаттасқан 
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ




4 пікір “«Анамның тілі – аяулы үні» тіл туралы шырқалған тұңғыш ән еді

  1. Досбол

    Бұл әннің үні әлі құлағымда. Сондай ыстық. Қазір балама жаттатып, айтқызып жүрмін.

  2. Алуа

    Керемет ән ғой, бұл. Қазір мектептерде неге бізздің балаларымызға осы әнді айтқызбайды екен?

  3. Марғұлан

    Қазіргі заманның балалары мүлдем керек емес шет елдің әндерін тыңдап, мультфильмдерін көріп өсуде.Шіркін ай осындай әндерді тыңдаса, мәнді мультфильмдер мен кинолар түсірсе деп ойлаймыз.Тірршілік деп дұрыс уақыт та бөле алмай келе жатырмыз…

  4. Сәкен

    Осы әннің арқасында ана тілінің қадірін түсінгендей болып едік. Қазіргі балалар басқа ғой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *