Серіктестіктер шаңырағында болды

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақ газеттері» ЖШС-і және «Жас өркен» ЖШС-на келіп, Серіктестіктердің тыныс-тіршілігімен танысты. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин және «Жас өркен» ЖШС-нің Бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі.

Министрдің ұйғарымымен былтыр Серіктестіктер ұжымдары бұрынғы «Қазақ радиосы» орналасқан ғимаратқа қоныс аударған болатын. Ұжымның жаңа қонысқа көшіп келуіне орай министр өзінің құттықтауын да жолдаған еді. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтіп, газет-журналдар өнімді еңбек етуде. Сапар аясында Д.Абаев «Қазақ газеттері» ЖШС-нің алдында тұрған міндеттердің орындалу барысымен танысты. «Қазпошта» АҚ мен «Қазақ газеттері» және «Жас өркен» Серіктестіктердің арасында тығыз әріптестік байланыс орнаған. Баспасөзге жазылу кезінде ғана емес, былайғы күнбе-күнгі жұмыста да мекемелер арасындағы ниеттестік, тілектестік қарым-қатынас өз жемісін беріп келеді.

«Қазақ  газеттері» ЖШС-нің басшысы министрге Серіктестіктің ақпараттық кеңістіктегі рейтингін көтеруге байланысты ұйымдастырылып жүрген «Ана тілінің» аруы, «Жігіттің сұлтаны», журналистер арасында өтетін «Шахмат турнирі», «Үркер-Үміт» жобалары туралы айтып берді. Серіктестік шаңырағында зиялы қауым өкілдері бас қосатын «Келелі кеңес» клубы ашылып, ол нәтижелі жұмыс істеп келеді. Оған қатысушылардың ой-тұжырымдары «Ақиқат» журналының «Келелі кеңес» айдарымен берілетін материалдарында жарияланып жүр. Шара соңында журналистер қауымы министрмен естелік суретке түсті.

Дәуіржан Төлебаев




5 пікір “Серіктестіктер шаңырағында болды

  1. Нұрлан

    Кездесу серіктестік ұжымдарына жаңа серпін берді.

  2. Есбол

    «Қазақ газеттеріне» шығармашылық табыс пен шабыт тілеймін. Сіздердің басылымдарды халық сүйіп оқиды.

  3. Жазира

    Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өз қызметін белсене, білек сыбана атқаруда.

  4. Асан

    «Қазақ газеттері» ЖШС ғұмыры ұзақ болсын.Әр басылымның оқырмандары арта түссін.Тек биіктен көріне беріндер.Д.Абаев мырзаның ігі істері қүантарлық.

  5. Назгүл Шыңғысова

    «Қазақ газеттері» ЖШС құрылғалы 18 жыл ішінде өзіне жүктелген міндетті адал атқарып келеді. Кез келген мәселені ұлттық мүдде тұрғысынан қаузап, салмақты, салиқалы материалдар жариялау арқылы тәуелсіз еліміздің ізгілік мұратын тасқа басып, тарих қойнауына сабақтастыруда. Серіктестікке топтасқан алты басылымның мазмұны, пішіні, аудиториясы әртүрлі болғанымен, бағыты бір мақсатқа тоғысқан, ол — мемлекет пен ұлттың мүддесін көздей отырып, еліміздің саяси-экономикалық, рухани және мәдени өміріндегі мәселелерді шынайы көтеру. Айшықты, ажарлы айдарларымен тақырыпты терең ашып, қоғамдық өмірдегі жарқын оқиғаларды көрсету арқылы азаматтардың рухын шыңдау, жастарды жаңа заман талабына сай тәрбиелеу. Газет-журналдардың безендірілуі де соңғы жылдары көз тартарлықтай жаңаша түрге енді. «Қазақ газеттері» республикамыздың жоғары оқу орындарымен де тығыз бірлестікте жұмыс істеп келеді. Бүгінгі студент — ертеңгі мамандардың қаламын ұштап, жазуға икемі бар талантты жастарды баулып, өндірістік тәжірибеден өткізу өз алдына, университет қапбырғасында шеберлік сыныптарын өткізіп, іс-шараларға да белсене атсалысуда. Бір ғана мысал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткізілген PR Жазғы мектебіне серіктес ретінде қатысып, өңірлерден жиналған жас журналистер, PR-мамандары, ЖОО оқытушылары мен студенттерге «Қазақ газеттері» тәжірибесінен дәрістер оқып, газет маркетингі мен менеджментінен зор мағлұматтар берді. Бұл әсіресе газет жұмысына жаңа араласа бастаған жас журналистерге үлкен тәжірибелік сабақ болды. Өз дәуірінің айнасы болып келе жатқан тың идеялы «Қазақ газеттері» болашақта әлі талай биіктерді бағындырары даусыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *