Күмбір де күмбір-күмбір күй! (Жарқын Шәкәрімнің 70 жасқа толуына орай)

Нұргүл Әкімғожина,
Білім беру саласының үздігі

Халқымыздың аспаптық музыкасының, оның ішінде домбыра, қобыз, сыбызғы аспаптарының зерттелуі және
әйгілі күйшілер мен орындаушыларымыздың зерттелуі академик Ахмет Жұбанов еңбектерінде баршылық. Әйткенімен, қазақтың үш ішекті домбырасы жайлы мағлұмат мұрағат қойнауларында ұшырасқанымен, осы музыкалық аспапты зерттеу мәселесі қолға алынбады. Үш ішекті домбыра түркі дүниесіндегі барлық елдерде, аңыз болып айтылып және бүгінгі ұрпаққа жеткені белгілі. Қазақта да үш ішекті домбыра болғандығы жайлы профессор Болат Сарыбаев кеңінен зерттеп дәлелдеді.
Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбырадан айырмашылығы – сонда, мұнда оң бұрау мен теріс бұрау қатар тұр. Құлақ күйi қазақтың негізгі оң (кварта) және терiс (квинта) бұрауына қатар келтірілетіндіктен ел ішінде үш ішекті домбыраны – қосбұрау домбыра деп те атайды. Осы домбырада орындалатын күйлер үш үн үндестігінде естіледі. Қоңыр сазды әуендермен, күй сарындарымен және аккордты ырғақтармен айшықталады. Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбыраға қарағандағы айырмашылығы тыңдаушы құлағына бір дыбысы, бір үні артық естіледі. Үш ішекті домбырада ежелгі Сақ дәуірінен бастап Түрік қағанаты дәуіріне дейінгі, одан бергі Алтын Орда замандарындағы сарындарды, Қазақтың хандық заманынан жеткен әуендер мен күйлердің сарындарын, саздарын орындауға мүкіншілік береді. Үш ішекті домбыраның үнінде құлақ шымырлатар, жан тебірентер әдемі дыбыстар үндестігі бар. Үш ішекті домбыраны кайың, үйеңкi, қарағай тәрiздi ағаштардан жасайды. Құрылысы кең шанақты, жалпақ мойын үлгiде жасалынады. Шығыс Қазақстан өңірінде үш бұрышты тұмар үлгісінде жасалған домбыралар және бітеу ағаштан жасалған домбыралар да бар.
Үш ішекті домбыра туралы алғашқы деректер ХIХ ғасырда өмiр сүрген этнограф ғалымдар А.Алекторов, Д.Исаев, П.Юдин, А. Харузин еңбектерiнде кездеседi. Жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт- азаттық күрес заманында өмір сүріп сол соғысқа қатысқан халық композиторы Байжiгiт, Құлыншақ домбыралары және Абай ұстаған үш ішекті домбыра бүгiндерi Ықылас атындағы саз аспаптары мұражайында сақтаулы тұр. Үш ішекті домбырада Абайдың баласы Ақылбай, немересi Исрайл, халық ақыны Шәкiр Әбенов,Т. Мамырбеков, М. Әзiмханов, Ә. Қапсәләмұлы, Ш. Әлмағамбетов,  М. Әзілханов тәрiздi майталман орындаушылар болған. Абай, Шәкәрім және Шәкір Әбенов аталарымыз күй сарындары мен ән әуендерін үш ішекті домбырада орындап оның дамуына айтарлықтай үлес қосқандар.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында тек мұражайларда ғана болған, әйткенімен, ел ішінде пайдаланылудан қалған үш ішекті домбыраға қайтадан жан бітіргендей жаңғыртып дамытқан адам белгілі күй орындаушы әрі зерттеуші Жарқын Шәкәрім болды. Ол басында атап өткеніміздей ұлылардың игі істерін жалғастырып, мына біздерге және бізден кейінгі келер ұрпаққа насихаттап жүрген бірегей ұстаз.
Жарқын Шәкәрімнің бір ерекшелігі, табылған күйлерді зерттеп, қайта жаң­ғыртқан ғылыми жұмыстары болып табылады. Абай атамыздың өзіне серік болған үш ішекті домыраны, түбегейлі зерттеп, зерделеуі, бұл кісінің бойындағы үлкен адами қасиеттерінің көрінісі екені шындық. Өзгенің жеткен жетістігіне, өзінікінен артық қуанып, шын жанашырлық танытып жүру, менің Жарқын ағам сияқты жүрегі үлкен азаматтың қолынан ғана келетін дүние. Біз сияқты соңынан ерген шәкірттерінің титтей жетістігін көрсе балаша марқайып, қоштап, қолпаштап дүркіретіп жібереді. Шабытымызға қанат бітіретін қасиетіне шексіз ризамын. Жарқын Шәкәрім өз ұстаздарының үлгі өнегесін талмай зерттеп, кейінгілерге насихаттаудан ләззат алатын адам. Соның бір айқын айғағы, сайын даласынан сайғақ құрлы пана таппаған Мәди Бәпиұлының фотосуретін табуы. Жақында ғана атақты Әміре Қашаубаев туралы орыс тілінде «Амре в Париже» деген кітап шығарып, көпшілік қауымға таныстырылуы, өте жоғары деңгейде өтуі бұл сөздерімізді дәлелдей түседі.
Менің естен кетпес екі естелігім әрдайым ойымда жүреді. Әуелгісі, 1986 жылы абыз ақын, күйші Шәкір Әбенов атамыздың батасын алуым. Сонда, Шәкір қария – Алматыға барсаң «Үш ішекті домбырада ойнайтын күйші Жар­қын ағаңа жолық» деген еді. Ол кісі маған менің бойымдағы талабымды көріп батасын берді және қолындағы домбырасын сыйлады. Содан жолым ашылып, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға оқуға түстім. Естен кетпес екінші естелігім Шәкір Әбеновтың айтуы бойынша, Алматыға келіп Жарқын Шәкәрімге жолығуым болды. Содан бастап өнер жолым айқара ашылды десем болады. Жарқын ағаның алдына барғанда: «Айналайын-ау қайда жүрсің осы уақытқа дейін біз сені күтіп жүрміз ғой» деп қатты қуанды. Мен ол кісіге Шәкір атаның домбырасын көрсетіп, күйлерін орындап бердім. Риза болды. Жарқын ағамен алғашқы жұмысымызды көбінесе халық күй­лерін орындаудан бастадық. Кейін ол кісімен бірлесіп Қазақ радиосының алтын қорына бірнеше күйлерді жазып өткіздік. Қазір ол күйлер алтын қорда сақталып, өз кезегін күтуде. Бұл күнде, осы еңбегімді Жарқын ағаның шарапатымен байланыстырамын. Содан бері де біраз уақыт зымырап өте шығыпты. Ағалы қарындастай араласып келеміз. Жарқын аға өте бауырмал, кішіпейіл, өзім дегенге өзегін жұлып беретін тамаша жан. Ол кісінің бүкіл еңбек жолы туған халқының көз алдында өтуде. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын, халқымыздың баға жетпес асылы, інжу маржаны болып табылатын, дәстүрлі музыкасын дәріптеуге арнаған бірегей тұлға. Жарқын ағаның туған жерін, оның ғажайып сұлу табиғатын сүйіп, құрметтеуі, сонау бала кезінен бастап қалыптасты. Табиғаттың тылсым сырларын шешсем деген қызы­ғушылықпен, тау тасты аралап, көп күндерін сонда өткізіп, ата-бабалардан қалған жәдігерлердің құпиясына үңілді. Жайғана, үңіліп қоймастан сол байқаған жұмбақ таңбалар жөнінде мақала жазып, жұртшылық назарын аударды. Талапты баланың жазған мақаласы атақты археолог, ғалым Әл­кей Марғұланның назарына ілігіп, ол кісінің жүрек жарды ақ батасын алды. Бұл бата болашақ ғалымның ізденіс жолдарына берілген жолдама іспетті.
Жастайынан өнерге оның ішінде көнеден келе жатқан дәстүріміздің мақтанышы халық аспаптарына, халық күйлеріне, қызығушылығы артып, соңынан осы саланың бірегей жоқтаушысы, әрі зерттеушісі болғаны да көпшілікке белгілі. Әсіресе, бұл кісінің зерттеп зерделеп, халқына ұлықтаған аспабы қазақтың көнеден келе жатқан жәдігері үш ішекті домбыра. Үш ішекті домбыраға қызығушылығының оянуы да, тектен тек болмаса керек, өйткені, оның әуезді үні Хакім Абайдың өзін тәнті еткен. Ақ көңіл, қайырымды мәдениеті өте жоғары. Білсем өнер қусам деп осы жолға түскен талай дарынның көзін ашқан ұстаз. Жасынан бойына ана сүтімен дарыған еңбекқорлығы, бұл кісінің мәртебесін асқақтата түседі. Ажарын ашады. Білгенін үйретуден жалықпайды. Адамды жатырқамайтын, баладай мінезі бар. Бөліп жармай кім болса сол болсын көмектесуге дайын тұрады. Мен, Құрманғазы атындағы консерватория жанынан құрылған эксперименттік мектеп студиясында және Глиер атындағы балалар музыка мектебінде домбыра пәнінен дәріс бере жүріп ұйымдастырған «Арнау» фольклорлық ансамблі. Ансамбль мүшелері мектеп қабырғасындағы шәкірттерден құралған. Жылдар өте уақыт талабына сәйкес, дәріс алуға келген кішкентай оқушылырдан домбырашылар ансамблін құрдық. Әр баланың қабілетіне қарай, қазақ өнерінің бай екендігін таныс­тыра жүріп, домбырадан басқа қосымша қазақтың көне аспаптары, үш ішекті домбыра, жетіген, асатаяқ, сазсырнай, адырна, қыл қобыз, шаңқобыз үрлемелі, ұрмалы аспаптар да үйрете отырып, сол балалардың ойнауымен фольклорлық этно­графиялық ансамбль ұйымдастырдық. Ансамбль атын «Арнау» деп қойған да Жарқын ағаның өзі болатын. Өйткені, ансамбль, Жарқын ағаның үйретуімен Мүтәліпұлының «Арнау» күйін орындайтын. Ансамбльмен ойнап отырған кезімізде келіп тыңдап, дайындығымызды тексереді, қандай дыбысты қосу керек қандай дыбыс артық деген сияқты ақыл кеңестерін аямай айтып отырады. Аспаптардың үндері жақсы әуезбен шығуы үшін, музыканттарды отырғызу ретіне дейін қадағалайтын. Уақытым жоқ деген сияқты бәлсінуді білмейді. Ағаның ақ батасы қабыл болып, «Арнау» ансамблі Республикалық, Ха­лықаралық байқаулардын және де І-ші Бүкіләлемдік «Қуыршақ» фестивалінде өнерлерін сынап, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жарқын аға, бұл кішкентай ұжыммен күндіз түні хабарласып барлық уақытта өзінің алтын уақытын бөліп, хал жағдайымызды сұрап, іс жүзінде ақыл-кеңестерін айтып, жөн-жосығын көрсетіп, балапандай баптаған нағыз жа­нашыр. Қанаттарының қатайып қияға ұшырудың алғы шарты ретінде, Шығыс Қазақстан облысына, Семей қаласы Абай музейінде, Абай ауданы Қарауыл селосында және Шәкір Әбенов атамыздың аулына концерттік сапармен барып, өз өнерлерін паш етіп танылуына ықпал етті. Бұл балалар үшін өте құнды, мәңгі есте ұстар маңызды уақиға болып қалды. Ол кісі үш ішекті домбыраны «Арнаудың» бағдарламасына кіргізуге ұсыныс жасап, арнайы үш ішекті домбыра жасатты. Соның басы қасында болды. Жарқын ағаның кім-кімнің де жанын жадыратып, қанын тасытатын, көне аспаптардың, сарыны мен күмбіріне деген, сүйіспеншілігі өзгеше. Еліктіреді. Қазақтың күй өнерін зерттеп дәріптеудегі еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай. Тіпті, сол көне аспаптар туралы ойлағанда, алдымен есімізге сол аспаптардың іздеушілері Болат Сарыбаев, Жарқын Шәкәрім ағаларымыз түседі.
Өз ісінің нағыз саңлақтары деп айтуға болатын, мұндай тұлғалардың еңбек­терін ашып айтып насихаттаудың өзі үлкен жетістік. Бұл адамдардың жанкешті ең­бегіне баға беру осы саланың нағыз біл­гірлерінің ісі. Қазір жазуға оңай бол­ғанымен, осындай тамаша жетістіктерге жету жолында өткен, қаншама сапарлар, елдің түкпір-түкпірін аралау, қилы оқиғалар, төккен тер, алдымен адамнан үлкен ыждахаттылықты талап етеді. Күндіз-түні сабылып уақытпен санаспай, түрлі танымайтын ортаға сапарға шығу, Бабалар әуеніне деген үлкен махаббаттың жемісі. Нағыз жанкештілік. Көздеген мақсатқа жетудің таңқаларлық үлгісі. Мұндай адамдар некен саяқ кездеседі. Сол көне аспаптарды табу өз алдына, зерттеп зерделеу, хатқа түсіріп кейінгіге насихаттау да өте машақаты көп жұмыс. Мұнымен де тоқтамай сол аспаптың үнін халық құлағына жеткізу үшін өзің күшті музыкант болуың керек екендігі айтпаса да түсінікті. Жарқын аға осындай қиыншылықтардың барлығын, тек көне сарынға деген ерекше ықыластылығының арқасында жеңе алды. Бабалар әруағы қолдап, еңбегі жанып өз биігін тапқан тұлға. Елден суырылып шығып дәстүрлі музыкаға жаны құмар, бабалар әлеміне еркін кіріп, өнерін танып, оны нотаға түсіруді жүзеге асырған Болат Сарыбаев, Жарқын Шәкәрім ағалар болмаса не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты. Қиыншылығы мол, әрі қызығы да бар, осы жұмыстың басы-қасында болып, белгілі бір мәреге жеткізуді дәл осы кісілердің пешенесіне жазып қойған сияқты. Өзі де солай. Сенбеске шараң жоқ. Тап сол уақыттарда ардақты ағала­рымыздың, ізденіс жолына жан-тәнімен белсене кірісуінің нәтижесін, бұл күнде молынан көріп отырмыз. Бабалар мұра­сы болып табылатын, құдіретті сарын­дардың, алтын көпірі бола білген үлкен жүректі ағаларымыздың сауапты ісі ұшан-теңіз. Ағаның шебер орындаушылығымен қатар, қаламы қарымды жазушылығы өз алдына бір төбе. Ол кісі оқырмандары өте жылы қабылдаған «Әміре», «Малайсары биден Шәмілге дейін», «Ән асқары», «Құр­манғазы», Дариға Тілендікелінімен бірігіп жазылған «Нұрғиса Тілендиев», «Әміре Қашау­байұлы», «Көне дүние күмбірі» кітап­тарының авторы. Күйшілік репертуары «Жорға аю», «Көктөбел», «Ке­ңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» тәрізді халық күйлерімен ерекшеленеді. Өзінің жүрекжарды шығармалары «Таскескен», «Абы­ралыдағы Ата зары», «Дүние-кезек» сияқты авторлық дүниелері бұл күнде ел игілігіне қызмет етуде. Ағаның бар болмысымен толық ашылған кезеңі, кезінде көрермендер көзайымына айналып, үлкен қызығушылық тудырған теле-радио хабарлары. Атап айтқанда, эфирге әр жылдары шыққан «Замана бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», Музыкалық киножылнама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан», «Жетісаз», «Күй-аманат», «Сағындырған дауыстар». Бұлардың қай-қайсысы да бүгінгі рухани жаңғыруымызға қызмет ететін бірегей дүниелер. 1985 жылы Мәскеуде өткен ХІІ Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне қатысып, домбыра мен шертерде жоғары кәсіби деңгейде күй ойнағаны үшін дипломат ата­нуының өзі ұлт үшін мақтаныш.1988 жылы музыка зерттеу саласына қосқан еңбегі еленіп, КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Ерен еңбегі үшін» меда­лімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының құрметті азаматы!
Міне, көнеден жеткен музыкалық аспабымыз үш ішекті домбыраның дамуында ұстазымыз Жарқын Шәкәрімнің еңбегі осылайша сайрап жатыр. Мен өзімнің жеке атымнан және өзіңіз баптап тұсауын кесіп, ақ батаңызды беріп ұшырған, періште балаларыңыз «Арнау» фольклорлық этнографиялық ансамблі атынан шын көңілден ризашылығымызды айтамыз.
Жарқын аға! Жетпіс атты мерей­тойы­ңыз құтты болсын! Ел үшін атқарған еңбегіңіздің жемісін молынан көруді нәсіп етсін. Ізбасарларыңыз көп болсын! Сізді, зама­нымыздың көрнекті тұлғасы десек әбден жарасады.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *