«Шымылдықтау», «Көсегенің көк жоны»…

Ұмытылған жер-су атаулары жайлы толғаныс

Ежелден туа сала тілдің құнарлы  уызымен ауызданып, өзі өмір сүрген табиғи ортаның ерекше белгілеріне қарай айшықтап ат қоятын, өте аңғарымпаз ата-бабаларымыздың зерделілігіне таңғалмасқа шараң жоқ. Төңірегіндегі жер мен судың, тау мен тастың  ажары мен көз тойғысыз кескін-келбетін дөп басып, қиыннан қиыстырып, сары майдан қыл айырғандай асқан ұқыптылықпен поэтикалық суретін бір сөзбен немесе тұрақты тіркеспен дәл ашып беретініне әбден сүйсінесің. 

Сонау елуінші жылдардың басы, жеті-сегіздегі бала кезіміз. Жылда сәуірдің жиырмасына таман ауылдың күнгейіндегі облыс орталығына қарай асатын қасқа жолдың бойындағы қырқаның үстіне шығып гүл теретінбіз. Анау-мынау емес кәдімгі қызғалдақ теруге барамыз. Жауқазынды жотаға шыға келгенде ең алдымен сонау қарсы алдымыздағы көз ұшында ұзыннан-ұзақ көлбеп жатқан тау сілемі «мен мұндалап» көрінеді. Оның бас жақтарындағы айыр-айыр сай-салаларда алақаудан ақ қар жатады. Керемет көрініске таңырқап қарап қалған бізге ересек балалар «бұл – Қаратау тауы» деп түсіндіретін. Шығыстан батысқа қарай көкжиектің жартысынан астамын алып жатқан көкпеңбек көк мұнарлы биік қобы мынау ойлы-қырлы, бел-белесті ұшан-теңіз кең далаға айрықша айбар беріп тұрғандай. Біз тұрған жотаның етегінде көктемде тасыған Аса өзенінің суымен толып Ақкөл айдыны шалқып жатыр. Бала кеудеде келешекте алыстағы көгілдір таудың биігіне өрлеп, арғы жағындағы біз көрмеген, біз білмеген жерлерді шарлауға деген құлшыныс оянады.
Ат жалын ұстап мінгенде журналистік іссапармен өзіміздің Жамбыл облысымен көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін барып, қайтып жүрдік. Біз көрген сол сілемнің арғы жағында да қатпар-қатпар талай қырқалар бар екен. Қаратаудың ең биік қыр арқасы «Көсегенің көк жоны» аталатын болып шықты.
Алпысыншы жылдардың ортасында дүниеден өткен Дәуапам бала кезімде, оныншы шамның жарығымен қыстың ұзақ түнін қысқартып:
– Көктеуде төл аяқтанып, қозы мен құлын қарақұлақтанған шақта ең әуелі Қылшалы бетке (қазіргі Аққөл ауылының түстік-шығысында) еру болған соң жас төлді шаршатпай, асықпастан арада оншақты күн өткенде иегін Шымылдықтауға тіреген көш жаз жайлау Көсегенің көк жонын бетке алатын, – деп ұзын-сонар әңгіменің шиырын одан әрмен тарқата түсетін.
– «Шымылдық тау» қайда? –деймін әдемі, әуезді атауға құлағым елең етіп.
– Ауылдың алдындағы қырқаға шыққанда маңдай тұсыңнан көрінетін сонау көз ұшындағы биік жалпақ жота «Шымылдықтау» деп түсіндіреді сонда апам. Мен жоғалтқанымды жаңа тапқандай әсерде қалдым. Расында да көкжиекте көлбеген тау көгілдір шымылдыққа, тұтып қойған көк пердеге ұқсайтын. Қоңыр күзге қарай әлгі сілемнің өңі бірден өзгеріп қоңырқай реңкке көшетінін кейін аңғардық.

Ата-бабаларымыз қарт Қаратаудың қатпар-қатпар қырқаларының ортасындағы Көсегенің көк жонынан ары қарайғы оңтүстік бетті түгелдей «Күнгей» атаса, оған қарама-қарсы солтүстік тарапты «Теріскей» деп таныған. Қазір оның қолданар аясы тіптен тарылып, тек Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ өңіріне қатысты айтылып жүр. Композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскейім» әні сол ономас­тикадан қалған сарқыншақ қана. Жақында Шәмшінің аталмыш әсем әуені орындалғанда өлке тарихынан мүлде хабары жоқ бір кәсіпкер жігіттің «Қазақстанның Солтүстік облыстарына арналған ән» деп өжектеп отырып алғаны бар. Оған ежелден Қаратаудың бүткіл солтүстік беткейін ата-бабаларымыздың «Теріскей» атайтынын нақты дәлелдер келтіре отырып әрең түсіндірдік.
Менің туған жерім Талас ауданының басым бөлігі шөлді-шөлейтті аймақ. Табиғаты жұтаңдау өңірде өмір сүрген бабаларымыз мидай дала маңында бір бұтасы жоқ жалғыз бұлақты Жиделі атаса, жота басынан жарып шыққан қайнарға «Талдыбұлақ» есімін берген. Сонау Тәңірге табынған көне замандардан қалған Тәңірқазған, Бөріқазған, Тәңірбергеннің даласы атты жерлер бар. Қысы-жазы суы аузынан сыртқа шығып жатқан, қоралы қойды қандыратын «Көлқұдық» пен бойы алты-жеті метрлік ну қамысы сыңсыған арыстанның жалындай «Жалқамысты» басқаша атау мүмкін бе?
Талас өзені бойындағы су көктемде арнасына сыймай тасып, алты саймен 20-30 шақырым жерді аралап, жан-жағына жайылып, айналаға нәрін береді де бара-бара өзенге бір арнамен құйылады. Сол менің кіндік қаным тамған жер «Қоғылдың құйғаны» аталады. Ал Таластың бойындағы шалғыны белуардан келетін шабындықты әлі күнге «Тоғай» дейді. Бәлкім, бір кездері өзеннің бұл иінінде қалың ағаш өскен шығар.
Бұрынғы аудан орталығы болған Ақкөлдің маңы тас дәуіріндегі алғашқы адамдардың ежелгі тұрағы болып шықты. Оны сонау алпысыншы жылдары Х.Алпысбаев жетекшілік еткен Қаратау палеонтологиялық экспедициясы мүшелері тауып, зерттеді. Ол жерден алғашқы қоғамдық дәуірде өмір сүрген ата-бабаларымыздың қолданған тас құралдары табылды. Жазық даладан Қаратау етегіне иек артқан сайын бағзы замандардан қалған ескерткіштерді көптеп кезіктіруге болады. Мәселен, Ақкөлден Қаратауға қарай тартылған асфальт жолдың оң жағында «Бөлек қызыл» аталатын аласа жота жатыр. Оның күнгей жағындағы кісі бойынан асатын жартаста қаптаған петроглиф. Көбінесе таутеке мен арқар бейнеленген. Ара-тұра бір-біріне ат үстінде найза кезеніп тұрған адам мен түйелі кісі бейнесі кезігеді. Мұның өзі қола дәуірінде адамдардың жылқы мен түйені қолға үйреткенін көрсетеді. Тасқа түскен сурет-галереяның ұзындығы бір шақырымдай. Өкінішке орай, ата-бабаларымыздың тасқа қашаған таңбалары әлі күнге облыс ауқымындағы тарихи-археологиялық ескерткіштер тізбесіне ілікпей келеді.
Қызылдардың қырғын-сүргінінен аман қалған кейінгі ұрпақ баяғы ата-бабаның жазғы жайлауы – Көсегенің көк жоны ­туралы тек үлкендердің ауыз-екі сөзінен ғана еститін болды. Тіршіліктің тауқыметіне тап болған халық Шымылдықтау аспақ түгіл енді оның атын мүлде ұмытты. Оны айтасыз ел аман, жұрт тыныш заманда ойдағы қазақ пен қырдағы қазақты тоғыстырған, малына өріс, жанына қоныс болған ежелгі «Көсегенің көк жоны» аталатын поэтикалық жер есімі де бұдан былай төңкерістен кейінгі қызыл әскердің шорт кесілген атының құйрығындай келтесінен қайырылып, келімсек тыңгерлердің тіл орамына сәйкес бар шырайынан айырылып қарапайым, қарадүрсін «Жон» деген қалыпқа көшті. Басқа емес, қазақтардың өзі осылайша орыс тілділердің әуеніне төңкеріліп, баяғы інжу-маржан жер атауынан баз кешті.
Атадан қалған жер жауһарының бірі – Үш көкшенің құмы. Қазіргі «Мойынқұм» аталатын өңір төрт түліктің қысқы өрісі. Құм аталғанымен оның қойнауы, шағылдары тұнып тұрған от болатын. Қырық-елу жылдық сексеуіл тоғайларын «түлей» деп атайды. Сексеуілдің шырпысы түйе мен жылқының жеңсік оты. Одан бөлек қалың қараған, жүзген, ақтаспа, қоянсүйек сияқты қау бұталарының әр түбі мап-майда, шүйгін шөпке толы. Күзде күн суытқанда жеуге жарайтын ащы от – торғай оты, балық көзін қой сүйсіне жейді. Қалың сексеуіл мен топ-топ бұта қыста малға азық әрі ықтасын.
«Үш көкшенің құмы» атауы кең байтақ шөлейт өңірдің Қазақстанның оңтүстігіндегі үш өзенмен тоғысуына қатысты шыққанын аңғаруға болады. Ең үлкені – Шу. Ол біз әңгімелеп отырған құмды өңірдің әуелі – оңтүстік бетімен кемерлей ағып, одан кейін солға кілт бұрылып шығысын орайды, бірте-бірте иілген доға тәрізді біржолата солтүстік қапталына ойысып, батысқа қарай бет бұрады. Бара-бара Сарысу өзенімен қосылып Телікөл маңындағы су аяғы құрдымға барып сіңеді.
Ұзындығы мен суының молдығы жөніндегі екінші өзен – Талас. Ол Қырғыз Алатауынан бастау алып, Тараз қаласына келгенде бетін солтүстік-шығысқа бұрады да, аталмыш құмды алыстан жағалай отырып, солтүстікке қарай ағады. Талас ауданына жеткенде өзен арнасы сәл оңтүстік-батысқа қарай қиялап, Үшарал ауылы тұсына жеткенде теріскейді бетке алып құмға сұғына кіреді.
Үшінші өзен – Аса. Оның бір ұшы Ақсу-Жабағылы маңынан басталып Теріс аталады да күннің шығысына қарай құлдилап, Әулиеатаның түстігінде қырғыздың Күркіреу өзенінен басталатын Ақсай-Көксаймен тоғысқанда Аса өзені аталады. Ол солтүстікті бетке алып Билікөл, одан Ақкөл көлдерінің айдынын толтырғаннан кейін сол күйі Үшарал, Түгіскен ауылдарынан өткенде құмға тұмсық тірейді. Содан әрі қарай Талас пен Аса өзенінің суы құмға сіңіп майда-майда айдын, көлшіктерге айналады. Осы жерде ертеде өзендердің басы бұғалықтанбай тұрғанда алпыс көл болған екен. Төңірегі ну құрақ, көкорай шалғын шөп. Қалың масасы мен сонасы маза бермейтіндіктен жергілікті жұрт жазда Көсегенің көк жонына көтерілген. Бұл маңға тек күзге қарай бет бұрған.
Үш көкшенің құмына осы үш өзеннен басқа да құятын кішігірім, ұсақ-түйек өзендер өте көп. Олардың негізгі көзі – көктемгі еріген қар мен жауын-шашын сулары. Жазда тартылып қалады. Сондықтан да атамыз қазақ осы құмды өңірге нәр беретін – Шу, Талас және Аса өзендерін ғана есепке алып, орасан үлкен шөлейт даланы – Үш көкшенің құмы атаған.
Бүгінде «Мойынқұм» аталып кеткен құмды өңірді Жамбыл облысының Талас, Сарысу аудандары мен Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандарының жергілікті тұрғындары әлі күнге «Үш көкшенің құмы» деп атайды. Әсіресе Созақ төңірегінен шыққан жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Тәкен Әлімқұлов және басқалары өз шығармаларында Үш көкшенің құмын аузынан суы құри әңгімелейді.
Мәселен, Тәкен Әлімқұловтың «Жазушы» баспасынан 1976 жылы шыққан «Шежірелі сахара» атты кітабында: «Үш көкше» құмның аты. Көлденең тұрқы ұзын құмның үш шоқтығы бар. Самолетпен қарағанда үшеуі де көкпеңбек болып тұрады. «Мойынқұм» сол шоқтықтардың басы, түйе мойнағындай иіліп келгендіктен солай атанған» деген түсінік береді.
Табиғаттағы жер-судың басы, аяғы болады. Сол сияқты аталмыш құмның мойыны Шу өзенінің оңтүстікті жағалап, күншығысында Балқашқа соқпай үлкен доғаланып, батысқа кілт бұрылған тұсы Тәкен Әлімқұлов айтпақшы түйенің мойнағынан аумайды. Қазақта мұндай жерді «мойын» атайды. Ал ата-бабамыз жер-суға ат қойғанда оның орналасуына ерекше ден қойған. Мысалы, құмның даламен шектесетін тұсын, шетін әдетте «жиек» дейді. Құмның шеті әлі күнге «жиек» аталады.
ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстігіне мысықтабандап ене бастаған Орыс патшасының экспедициялық әскерлері құрамындағы топографтар мен картографтар жергілікті тұрғындардан Балқаш көлінің батыс жағында жатқан құмды өлкенің ­атауын сұрағанда: «Үш көкше құмының мойыны» деп жауап берген шығар. Ұзыннан-ұзақ шұбатылып жатқан поэтикалық, әсем атаудың мән-мағынасына терең бойламаған «аудармашы-толмачтар» (қазақтың «тілмәш» сөзінен шыққан) жер атауы мен бедерін қағазға түсіріп жүрген арнайы мамандарға келте қайырып: «Моинкум» деп түсіндірген тәрізді. Сол атпен картаға іліккен. Әйтпесе, төрт түлік малы қыс бойы қатар қыстайтын қазақтардың бір географиялық нысанды екі бөлек атпен атауы мүмкін емес. Бұл бір елдің арғы-бергі тарихында кезікпеген жайт. Үш көкшенің құмы осылайша бастапқы халық айдар таққан өзінің әсем есімінен айырылып, можантомпай «Мойынқұм» аталды. Кейінірек өткен ғасырдың жартысында киелі Қаратаудың шоқтығы «Көсегенің көк жоны» да соның кебін құшты. Аз жылда «жонға» айналып, күлтеленген құйрық-жалынан ажырап сымпиып шыға келді.
Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылығы халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдеттегі тұрмыс-тіршілігінің, шаруашылық бағытының бұзылуына әкеліп соқты. Соның салдарынан Қаратаудың теріскей бетіндегі ұзыннан-ұзақ көлбеп, жаңа түскен келіншектің шымылдығындай көкжиекті көлегейлеп жатқан көгілдір жотаның «Шымылдықтау» атауы әлдеқашан жұрт жадынан өшті, біржолата жоғалып тынды.
«О баста ата-бабамыздың үкілеген жер атау­ларын кейінгі ұрпаққа қайтару үшін не істеу керек?» деген сауал туады. Ол үшін ономастикамен айналысатын тілші ғалымдар мен байырғы жер атауларын зерттеп, зерделеп жүрген геог­рафтар бас қосып, ойласып ортақ ұйғарымға келуі ләзім. Өйткені жер-судың жауар атауы халқымыздың баға жетпес қазынасы. Аталарымыз айдар таққан аягөз аттарды иесіне сол қалпы кері қайтарып, еліміздің географиялық картасына ежелгі аталымға сәйкес түсіру өткен тарих пен кейінгі ұрпақ алдындағы қасиетті борыш.

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ

Жамбыл облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *