Ұраны – Алаш азамат!

586

Азаттық пен тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің өткен тарихын бажайлауда орын алып келген қате танымдағы көзқарастан, зерттеу әдісінде жөн-жозықсыз үстемдік еткен қасаңдықтардан арылуға деген қадамдары ұлтық рухани кемелдену үрдісін айқындайды. Бастапқы отаршылдық кейінгі кеңестік саясаттағы ұлтсыздандыру зардаптарынан түбегейлі арылу үшін де Отан тарихын ұлттық мүдде тұрғысынан кешенді зерттеп зерделеудің маңызы зор. Ұлттық идеяның ілкі бастаулары мен саф қайнарларынан бастап қазіргі тәуелсіздікке қол жеткізудегі тар жол, тайғақ кешулі тарихи белесті кезеңдерін жүйелі қарастыру өзектілігі күн тәртібінен түскен жоқ.

Соның ішінде қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруде тарихи қызмет атқарған Алаш қайраткерлерінің терең қатпарлы ренессанстық сипаттағы ғылыми және рухани мұрасын зерттеп-зерделеуге еліміздің барша ғалымдары қомақты үлестерін қосулары қажет. Бұл бағыттағы тың да соны мазмұндағы ғылыми ізденістерде ғалым Тұрсын Жұртбайдың алаштанудағы іргелі еңбектері айрықша аталады.
Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі жаңашыл реформатор буынының елдік қасиеттерінен суарылған саяси және мәдени құбылыс. Осынау Отан тарихындағы ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі сынды қастерлі ұғымдардан ажырағысыз күрмеуі қиын ғылым саласында еңбек ету мемлекетшілдік ұстанымдарға мәңгілік адал болып өту деген сөз. Гуманитарлық ғылым саласында адал еңбек етіп жүрген Тұрсын Құдакелдіұлының барша саналы ғұмыры қазақтың тұрлаулы тағдыр-талайы матасып жатқан елдік тақырыптармен біте қайнасып келеді. Бозбала шағындағы алғашқы тырнақалды қадамынан басталған өршілдік қазіргі таңдағы күрделі зерттеулеріне дейінгі аралықта үзілмеген желі Алаш идеясы болып өріліп келеді.
Қазақ жасампаздығының болат ұстыны Алаш идеясын зерттеуге деген адалдық Тұрсын Құдакелдіұлының қанына сіңісті қасиет. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Әзімхан (Әлихан Бөкейханов) бейнесіне бойласа, университетте білім алған жылдары Алаш қайраткерлерінің рухы сіңген «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Сана» басылымдарына ден қояды. Аяулы ұстаздары Х.Бекхожин, С.Бегалин, Р.Нұрғали шапағатымен А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы сынды Алаш перзенттерінің асыл мұрасынан рухани нәр алады. Өзгеше бітімдегі елшіл тұлғалардың кемел ғылыми еңбектері мен классикалық әдебиет биігіндегі кесек туындылары көркем өнердің шынайы сұлулық әлеміне, ақиқат ұғымының заңғарына жетеледі. Сондықтан да советтік идеология, социалистік реализм қағидаттарына еш үйлеспейтін туындылар жазды. «Жер-бесік» (1976) роман-новелласындағы Кәрібоз абыз (Шәкәрім Құдайбердіұлы), Саржан ақын (Мағжан Жұмабайұлы) бейнелерімен коммунистік жүйе тарапынан қасақана бұрмаланып отырған Алаштың тарихи шындығына бойлады. Кеңестік қоғамның таптаурын қалыбына сыймайтын осы сипаттағы азаматтық ұстанымы айқын суреткерлік қасиеттер алып даламызға ажал уын сепкен Семей полигонының қасіретін арқау еткен «Беті тілінген тарғыл тастар» шығармасының жазылуымен сомдала түсті. Ата тарихтың байырғы да бағзы дәуірлердегі алтын тамыры «Дулыға» кітаптарымен қазақ топырағында қайыра жаңғырып жатты.
Әдеби шығармашылық қарымымен қатар кәсіби біліктілігі жоғары әдебиетші екенін қазақ ұлтының рухани әлемінің асқарлы бейнесіне айналған Абай, Мұхтар Әуезов мұрасын жаңаша танымда зерттеудегі еңбектерімен көрсете білді. Ол Абайтану мен Мұхтартануды өзара тоғыстырған ілімге тың олжа болып қосылды. Әдебиетшінің қарымды қаламынан «Абай алдында», «Күйесің, жүрек… сүйесің», «Құнанбай», «Бейуақ», «Талқы», «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..» сынды ерен еңбектер туды. Бүтіндей арнаулы ғылыми орталықтар мен институттар ұзақ жылдар бойы сарыла атқаратын ұжымдық еңбектерді бір өзінің жазып шығуы архивист ғалымның ұзақ жылдардағы жанкешті еңбектерінің жемісі. «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «Әуезов әлемі», «Абай жолы» эпопеясының текстологиялық салыстырудан өткен нұсқасы», 50 томдық толық жинағының 7 томының, «Ескермедім, қабылдамадым» ашық хаттар топтамасын дайындаудағы қажыр-қайраты ғылымға деген шынайы адалдығының көрінісі болатын.
ХХ ғасыр басындағы Алаш қайрат­керлерінің сан қатпарлы телегей теңіз рухани мұрасы тарих толқынындағы қазақтың елдік мұратындағы қасиеті мен азаттық жолындағы қасіретін ұғындыратын асыл арна. Міне, қазіргі Алаштануға күрделі тақырыптардағы ғылыми еңбектерімен өлшеусіз үлес қосып жүрген Тұрсын Жұртбайдың үш томдық «Ұраным – Алаш!» зерттеуі архив қойнауында тұмшаланып келген маңызды тарихи құжаттар мен тың деректерді ғылыми айналымға енгізуімен құнды.
Отаршылдық езгі мен кеңестік саясат қысымына алынған ұлттық рух пен мемлекетшілдік сана жасампаздығын айқындап берген Алаш арыстарының сан салалы рухани мұрасы мен қоғамдық қызметін зерттеп зерделеу Тұрсын Жұртбайдың өмірлік ұстанымы. Алаш қазақ баласының мәңгілік жасампаз рухының киесі. Ғалымның өзі дөп басып атап көрсеткендей, «Рух өлген тұстан, рухани тәуелділікке телінген сәттен бастап адамзат – ақыл парасаттың дербес шешімінен, ұлт – тәуелсіздігінен, тұлға – дара ойлау жүйесінен, талант – танымнан, адам – ар-ождан бостандығынан айырылады. Ал рух еркіндігінің көрінісі – рухани мәдениет, өнер, әдебиет болатын». Сондықтан да ғалым еңбектеріндегі ұлтымыздың тұрлаулы тағдырға толы қилы тарихын яғни тәуелділік пен тәуелсіздік аралығындағы үш жүз елу жыл тартқан қасіретін толғайтын желі «Бұзылған бесік…» кітабынан басталып, үш томдық «Ұраным – Алаш!» зерттеуіне дейінгі аралықта заңды жалғасын тауып отырды.
«Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық кітапта Алаш қайраткерлеріне қатысты кеңестік озбыр жүйенің 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүйелі түрде жүргізіп отырған қанды тергеуге толы қылмысты ісінің құжаттары қамтылған. Іргелі еңбекті Тұрсын Жұртбайдың 1987 жылдың қаңтарында Жазушылар одағы жанына құрылған Құқық комиссиясындағы жұмысынан бастап, 1988-1992, 1997 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттарды игерудегі табанды еңбегінің, жанкешті ізденісінің жемісі деп айтуға толық негіз бар.
Үш томдықтың әрбір кітабы қазақ тарихындағы Алаш кезеңінің беймәлім шындығын тереңнен байыптау, азаттық пен тәуелсіздік үшін жанын қиған алыптарымыздың азаматтық тұлғасын тану, елдікпен біте қайнасқан арман-аңсарларын ұғынудағы өтелмеген парызымызды қамшылай түседі. Мәселен, үш томдықтың бірінші кітабындағы қырық бір Алаш қайраткерінің үстінен жүргізілген тергеу ісі бойынша жазылған «Жегі» бөліміндегі «Кәрі көсем» (Әлихан Бөкейханов), «Бәйібше-тоқал» трагедиясының құрбаны (Халел Ғаббасов)», «Дала қашқыны» (Дінмұхамед Әділов), «Сөзі де ақ, өзі де ақ» (Міржақып Дулатов), «Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов» тараулары,«Жегі» бөлімінің заңды жалғасы болып табылатын екінші кітаптың «Жегі», «Тез» бөлімдерінде Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермекұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Абдолла Байтасұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Әбдірахман Байділдин, Иса Қашқынбаев, Мұхтар Мұрзин сынды 30 тұлғаға қатысты бұрындары белгісіз не қате пайымдалып келген тарихи оқиғалар тергеу деректерімен, сондай-ақ тінту кезінде тәркіленген хаттар, құжаттар негізінде салыстырыла отырып талданған.
Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 71 қайраткерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған «Жегі», «Тез» бөлімдерінің әрбір тарауы архив деректерін жинау, оларды ғылыми айналымға түсірудегі зерттеушілік қарым, ғылыми түйсік, кешенді саралау мен байыпты талдаудағы кәсіби біліктілікке қанықтырады. Қазақ тарихының күрделі кезеңіне, ұлт зиялыларының қилы тағдыр-талайына бойлататын әрбір тарауда кеңінен талданған өмір мен өлім тайталасындағы жоталы тақырыптар тергеу ісі қалай жүргізілді, ұлт зиялыларын аяусыз атып-асқан тоталитарлық қанды жүйенің қылмысы неде, тергеу барысындағы ұлттық мүдде ұстанымынан бір табан шегініс жасамаған Алаш қайраткерлерінің азаматтық ерлігінен алар тағылым қандай болу керек деген күрделі мәселелерге бойлатады. Мәселен, «Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа», «Ахмет Байтұрсыновтың да жауаптары сондай сөзге сараң, байыпты», «Міржақып Дулатов – өжет пікірінен тергеу барысында да қайтпапты», «Халел Ғаббасов – түрменің өзінде шындық үшін күресіп, пікірін дәлелдеп, заңды талаптарынан бас тартпаған», «Жүсіпбек ­Аймауытов – шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған», «Ең көп сұрақ-жауапқа алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған» деген соны пайымдаулардың құр долбардан емес, «мемлекеттік аса құпия» тергеу құжаттарымен танысу барысында алынуын баса көрсетеміз.
«Ұраным — Алаш!..» түрме әфсанасының «Талқы» атты үшінші кітабында Мұхтар Әуезовтің 1917-1961 жылдардағы қудалануы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивіндегі «аса құпия құжаттар», сирек деректер, өзара жазысқан хаттар бойынша талданады.
Елдің ел болып қалуының басты өлшемдерінің бірі азаттық үшін, бір сүйем жер үшін қанын төгіп, жанын берген бабалар аманатына деген перзенттік адалдықта. Ел жегісі – ер жегісі, жер жегісі – жан жегісі болып өрілген алмағайып дәуірде Алаш қайраткерлері қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі тарихи миссияларын атқарып кетті. Тұрсын Жұртбай атап көрсеткендей, «Мәңгілік елдің» түпкі ұлы ұйытқысы – Жер мен Су». Міне, «Ұраным — Алаш!..» еңбегіндегі «Жегілер жүйесінде» жер жегісіне екпін жасалуы Алаш идеясының елдік пен мемлекетшілік сана биігіндегі жасампаздығын тарихи жадымызда жаңғыртудан туындап жатқаны анық.
Жатқа тізгін берген қилы кезеңдері бөтеннің еншісіне басы бүтін меншіктеліп берілген ұлан-ғайыр қасиетті жеріміз үшін болған текетірестерде жанкештілік танытқан Алаш қайраткерлерінің ерлігіне бас иеміз. Оны «Жер жегісі» тарауын оқу барысында ұғына түсеміз.
Қазақтың ұлттық біртұтас Алаш идеясын тұңғыш рет тұжырымдай жүйелеп берген Тұрсын Жұртбайды «Ұраным — Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын зерттеуі отандық гуманитарлық ғылымдағы Алаш қозғалысы туралы жазылған бірден бір толымды еңбек. Тарих тағылымына жетелейтін әрі ұлт тарихын қадірлеуге ой салатын іргелі еңбек ұлттың рухани қазынасы. Тәуелсіз сана арқылы біртұтас Алаш идеясын қастерлеу исі қазақ баласының басты міндеті.
Қазіргі жаһандасу дәуірі Алаш қайраткерлері айқындаған «Бірінші және ең маңыздысы – Жер, Жер және Жер. Жерсіз Отан жоқ. Екінші ұстаным – жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барша игілік қазақ мемлекетіне қызмет ету керек. Үшінші ұстаным – толықтай экономикалық тәуелсіздік. Төртінші ұстаным – мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болу керек. Бесінші ұстаным – ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру» сипатындағы ұлттық ұстанымда жаңғыруды әрі сол ұлы мұратқа адал болып қалуды талап етеді. Тұрсын Жұртбай жазғанындай, жігерімізді жанып, намысымызды қамшылайтын ел, ер, жер жегілері жүйесіндегі елдік биігінде ұйысып отыру шарт.
Түйіп айтқанда, ғалым Тұрсын Жұртбай­дың «Ұраным – Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын зерттеуі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Бұл трилогия сондай мәртебелі марапатқа лайық іргелі еңбек. Қандай да болмасын өрелі марапатқа лайықты еңбекті қолдау –елдікке сын. ­Лайым қашанда елдік биігінде болайық, ағайын!

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
қазақ әдебиеті кафедрасының 
профессоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *