Ж. Ешмағамбетов: Қазақстанда сот шешімдерін орындау сапасы артты

150

Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру туралы баспасөз конференциясы барысында ҚР әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов хабарлады. 

Жекеменшік сот орындау институтына көшу халықаралық тәжірибені ескере отырып жүргізілуде. 2015 жылы «Атқарушылық iс жүргiзу» туралы Заңға сот орындауының жекеменшік жүйесіне іс жүзінде толық көшуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.

2016 жылдан бастап мемлекеттік сот орындаушыларға тек қана мемлекет мүддесіндегі құжаттар келіп түседі. Қалған барлық санаттар құқықтары мен міндеттері едәуір ұлғайтылған жекеменшік сот орындаушыларының құзыреттілігіне жатқызылады.

«2015 жылдың соңында елімізде шамамен 1 000 ЖСО жұмыс істеді, қазіргі таңда олардың жалпы саны 1 498-ді құрайды, көмекшілер мен іс жүргізушілерді есепке алғанда, аталған салада 4 000-ға жуық жұмыс орны ашылған», — деді Жанат Ешмағамбетов.

Көбіне жекеменшік орындауға ауысуға байланысты олардың қызметтерімен республиканың барлық аумағын, аудандық деңгейге дейін, қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылған. Жекеменшік сот орындаушы жүйесін енгізген кезден бастап барлығы 4 784 лицензия берілген.

«27 қадамның екінші бағытын іске асыру мақсатында 2016 жылы мемлекеттік сот орындаушыларының саны 30%-ға қысқарды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы мемлекеттік сот орындаушыларының үштен бір бөлігі қысқартылуы тиіс. 2018 жылы — 15%. Қорытындысында барлығы 303 мемлекеттік сот орындаушысы қалады. Нәтижесінде жыл сайын шамамен 1,8 млрд. теңге бюджет қаражаты үнемделеді», — деді ҚР әділет министрінің орынбасары.

Сонымен қатар, спикер жекеменшік сот орындаушыларындағы орындау құжаттарының саны артып келе жатқанын атап өтті. Егер 2014 жылы 352 мың, 2015 жылы — 936 мың болса, 2016 жылы олардың саны 2 млн-нан асты.

Жанат Ешмағамбетов қолданылған шаралардың арқасында министрлікке түскен сот орындаушыларына шағымдар саны азайғанын айтты.

 



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *