Елімізде ауыл әкімдері сайлауы басталды

4-24 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар әкімдерінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме  жасап Kazgazeta.kz.

 Ауыл әкімдерін сайлау 2017 жылғы 11 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес өткізіледі.

Алғашқы ауқымды ауыл әкімдерінің сайлауы 2013 жылы тамызда өткен болатын. Әкімдердің өкілеттік мерзімі — 4 жыл.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің барлық саны – 2440.

2013 жылы сайланған әкімдердің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына, кейбір ауылдық округтердің жойылуына, сайланған әкімдердің өкілеттіктерінің уақытынан бұрын тоқтатылуына байланысты (бұл округтерде сайлау өткізілді) 4 — 24 тамыз аралығында 1413 ауыл әкімі сайланатын болады.

Ауыл әкімдерін сайлауды ұйымдастыратын орган облыстық, аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары болып табылады.

Аумақтық сайлау комиссиялары деректері бойынша қазіргі уақытта 4056 кандидат (1 орынға 2,8 адам) ұсынылған, олардың ішінде тіркелгендер саны – 3895 кандидат (аймақтар бойынша ақпарат жергілікті атқарушы органдардың сайттарында).

Заңнамаға сәйкес, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынған кандидаттардың ішінен жергілікті қоғамдастық өкілдерімен келіскен соң сайлайды.

Ауылдық округтер әкімдерін сайлау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.

Сайлау тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты депутаттары – таңдаушылардың отырысында өткізіледі. Отырысқа таңдаушылардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып табылады.

Таңдаушылар отырысында аудандық (қалалық) мәслихаттың хатшысы төрағалық етеді.

Таңдаушылардың тізімдерін аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары тиісті мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша жасайды және бұл тізім дауыс беруге арналған пунктте ілінеді.

Әр таңдаушыға жасырын дауыс беру үшін сайлау бюллетені беріледі.

Дауыс беру рәсімі аяқталған соң аудандық немесе қалалық аумақтық комиссия дауыстарды санауға кіріседі.

Дауыстарды санау кезінде салыстырмалы мажоритарлық жүйе қолданылады. Яғни, басқа кандидаттармен салыстырғанда сайлауға қатысқан таңдаушылардың көпшілік дауысын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.

Аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша сайлау нәтижелері туралы хаттама жасайды.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *