7 айда «Нұрлы жол» бағдарламасының 190 млрд теңгесі игерілді – ҰЭМ

Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инфрақұрылымды дамытуға 484 млрд теңге бөлінген. 7 айда бөлінген қаражаттың шамамен 190 млрд теңгесі игерілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасаған  Kazgazeta.kz.

 «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша инфрақұрылымды дамытуға 2017 жылы 484 млрд теңге бөлінді. Оның шамамен 190 млрд теңгесі 7 айда игерілді. Яғни өткен жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда игерілген қаражат 62,9 млрд теңгеге артық», — деді ол.

Сонымен қатар Айбатыр Жұмағұлов автожолды салу бойынша бөлінген қаражаттың жоспарға сай жүзеге асырылып жатқандығын алға тартты. Оның айтуынша, биыл тағы 602 шақырым автожол пайдалануға берілмек.

«Автожол жобаларында қаражатты игеру 35,6 млрд теңгеге ұлғайтылды. Жалпы, жылдың аяғына дейін қаражаттар толықтай игеріледі деген сенімдеміз. Сондай-ақ, жылдың аяғына дейін 602 шақырым автожолды пайдалануға беру жоспарда бар. Жылумен, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту жұмыстарында қаражаттарды игеру 5 млрд теңгеге ұлғайтылды. 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша 700 шақырымға жуық желіні жөндеп, салу көзделген», — деді министрдің орынбасары.

Сөз соңында Айбатыр Жұмағұлов білім беру саласы мен кәсіпкерлік дамыту саласында оң үрдіс қалыптасып келе жатқандығын айтты.

«Білім беру саласында қаржыны игеру 11,3 млрд теңгеге артқан. Жылдың аяғына дейін 70 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. «Бизнестің жол картасы-2020» аясында кәсіпкерлік нысандарының жетпей тұрған инфрақұрылымдарын жүргізу бойынша да қаражатты игеру көлемі 1,01 млрд теңгеге ұлғайтылды. Қазіргі таңда ақшаның игерілуі жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Жылдың аяғына дейін жоспар толық орындалады деп күтілуде», — деді вице-министр.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *