Ұлттық білегейлік және қазақ жазуының мәселелері

ҚР Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың бірегей бағдарламасын ұсынды. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірқатар атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі – рухани бірегейлікті, сондай-ақ ұлттық құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді сақтап қалу және оны жаңғырту. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» екенін атап көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы рухани жаңғыртудағы ұлттық сана-сезімді дамытудың екі бағытын көрсетті. Оның бірі – ұлттық код. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея – болашақ пен өткенді сабақтастыра білу, бірегейлікті сақтау екені белгілі.

Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы.  Елбасы ұлы мақсатқа қол жеткізудің, яғни рухани жаңғырудың басты 6 құрамдас бөлігін айқындап берді. Олар – заман талабына сай бәсекеге қабілетті болу, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, елдің эволюциялық жолмен дамуы және сананың ашықтығы.

Ұлттық бірегейлікті сақтау деген терең ұғым. Ол – этностық бірегейлік, мәдени бірегейлік, тілдік бірегейлік, діни бірегейлік және т.б. категориялардан тұрады. Проф. Н.Уәлиұлы  «Бірегейлік белгілі бір объектіге қатысты элементтерден тұрады. Мысалы, ұлт – «объект» тіл, мәдениет, салт-дәстүр, дін т.б. объектіні (ұлтты) құрушы элементтер болып табылады. Бірегейлігін сақтаған объект (субъект) әдетте бекем болады» деп көрсеткен болатын. Шындығында да, кез келген ұлттық қоғамдастықтың ұлттық бірегейлігі тарихи, саяси, мәдени, тілдік, территориялық, діни, өркениеттік  және т.б. әртүрлі факторлармен анықталады. Ұлттық бірегейлікті сақтауда аталған факторлардың әрқайсысының атқарар рөлі ерекше. Соның ішінде  біз жеке-дара бөліп алып қарастырып отырған тілдік фактордың аса маңызды екенін айтқымыз келеді. Ұлт бірегейлігі үшін ең алдымен тіл бірегейлігін сақтау маңызды. Ал тіл бірегейлігін сақтаудың  бірден бір жолы  – латын графикасына негізделген  әліпбиге көшу екені белгілі. Осыдан он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазіргі кезде қазақ жазуын латыннегізді әліпбиге көшу  қажеттігін мәселе ретінде көтеріп жүргендердің шоғыры анағұрлым басым. Латынды  қолдаушылар өзіндік дәйектерін көп аспектілік тұрғыда дәлелдеп жүр. Олардың пікірінше, қазақ тілі жазуын латын әліпбиіне көшіру Қазақстанның  түркі халықтары  әлемімен жақындасуына мүмкіндік беретіндігін, ал бұл дегеніміз Қазақстанның мәдениетін және ұлттық бірегейлігін нығайтуға септігін тигізетіндігін; латын графикасына өту Қазақстанның Ресейдің империялық ықпалынан, сыналап енген орыс мәдениетінен құтылудың жолы ретінде ұлттық бірегейліктің ғұмырын ұзартатын, әлем қазақтарын біріктіретін құрал екендігін, Қазақстанның өзінің дербес ұлттық жазуы болатындығын басты критерий етіп көрсетеді. Айта кетерлік жайт, бұрынғы посткеңістік түркі елдері тәуелсіздік алысымен ұлттық бірегейлігін нығайту, ұлттық тілін дамыту, орыс тілінің және әліпбиінің отарлық әсерінен құтылу мақсатында өткен ғасырдың  1990 жылдарында-ақ  өз жазуларын  латын әліпбиі үлгісіне көшірген  болатын.

Латыннегізді қазақ жазуы – қазақтың дербес ұлт екендігін сездіретін, ұлттық бірегейлікті бекітетін және ұлттық мүддені  қорғауға  мүмкіндік беретін құрал екенін мәселе ретінде көтеріп жүрген Ә.Қайдардың, Е.Қажыбектің, Ә.Жүнісбектің, З.Базарбаеваның, Н.Уәлидің,  Қ.Күдеринованың, А.Фазылжанованың  тұжырымалары мен пікірлері аса маңызды. Аталған ғалымдар латын әліпбиі қазақ халқының тілін, рухын, ділін сақтайтын мәдени элемент болу үшін тілді компьютерге емес, компьютерді тілге икемдеуді  дұрыс деп есептейді.

Жаңа жазу – экстралингвистикалық және лингвистикалық  шарттарды өзара үйлестіре отырып қарастыруды міндеттейді. Сондықтан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ графикасын реформалауға байланысты көпшіліктен келіп түскен жобаларды қарап, сараптама жасап отыр. Латын негізді әліпби түзу барысында тіл жанашырларының әрбір ұсыныстары жаңа әліпби әзірлеуде  аса құнды екені сөзсіз. Жоба ұсыныстарда көрсетілген графемалық, емлелік ерекшеліктерді Институт ұжымы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты «Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру» жұмыс тобының отырысында белгіленген тәртіппен тыңдап және талқылап келеді.

Қорыта айтқанда, жаңа әліпби қазақ жазуының кемшіліктерін болдырмауға мүмкіндік беретін, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, дамуына ықпалын тигізердей деңгейде болып, ұлттық сананы жаңғыртатын әрі  бірегейлендіретін құрал болуы қажет.

Н.ӘМІРЖАНОВА,   А.Байтұрсынұлы атындағы

 Тіл білімі институты  Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымының кандидаты




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *