Дәурен Абаев ХҚКО-да кезектің неге көп болатынын айтты

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өткізген баспасөз конференциясында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бүгінгі қызметіне өз бағасын берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап  Kazgazeta.kz.

 «Грузияда 15 Халыққа қызмет ету орталығы бар, ал Қазақстанда олардың саны 350. Бізге де 14 облыс орталығымен Астана және Алматы қаласында салтанатты ғимаратта орналасқан ХҚКО ашып, қарап отыра беруге болар еді. Бірақ біз керісінше, олардың санын көбейтуді, жұмысын жақсартуды көздейміз», — деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ министр еліміздегі ХҚКО қызметкерлері өзге мемлекеттерге қарағанда ұзақ жұмыс істейтін атап өтті.

«Еуропада қызметкерлер дүйсенбі-жұма аралығында таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін немесе 5-ке дейін жұмыс істейді. Ал елімізде мұндай қызметкерлер сенбіні қоса алғанда таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін халыққа қызмет көрсетеді. Тоқтаусыз жұмыс істейтін Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің жалақысы еліміздегі орташа АЕК-тен де төмен. Сол себепті олардың жалақысын көбейту керек» — деді министр.

Баспасөз конференциясында министр ХҚКО-дағы бітпейтін кезектің туындау себебіне жауап берді.

«Өкінішке қарай, бұл тек мемлекеттік корпорацияға қатысты мәселе емес. Нақты жұмыс тәртібі бекітілген оператордың да мәселесі емес. Бұл мәселе — ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Ақпараттық жүйе тұрақты жаңартуды талап етеді. Меніңше, бірде-бір ақпараттық жүйе тікелей мемлекеттік корпорацияға тиесілі емес. Мұндай жүйелер мемлекеттік органдардың меншігінде, — деп атап өтті Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, министр ХҚКО қызметкерлері көп жағдайда «ең соңғы адам» ретінде кінәлі болып қалатынын айтты.

— Әрбір мемлекеттік орган өзіне тиесілі ақпарат жүйесін жүргізеді. Содан соң ғана мемлекеттік корпорация сол органдардың мәліметтеріне қол жеткізеді. Бірақ барлық жағымсыз пікір мемлекеттік органдарға емес, ХҚКО қызметкерлеріне тиеді», — деді министр Абаев




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *