Елбасы «Қазанат» ипподромына барды

Елбасы «Қазанат» ипподромына барды. Мемлекет басшысы мұнда жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирін тамашалады. Шара «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында қолға алынған. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ипподром аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралады. Президентке халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық тағам мен спорттық ойын түрлерімен келушілерді таныстыратын экспозициялар көрсетілді.

Жыршылар Елбасының алдында терме айтып, шығармашылық ұжымдар халық әндерін ұлттық аспаптарда нақышына келтіре орындады. «Этноауыл» – «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында құрылған мәдени-туристік және имидждік бірегей жоба. Онда қазақ музыкасы мен театр өнері фестивалі, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік мектептер, қолөнер және көркемөнер көрмелері этникалық музыка фестивалі өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек атты спорт шаралары, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып жатады.

«Қазанат» ипподромының 2 жарым мың шаршы метр аумағында орналасқан этноауылда 40 киіз үй тігілген. Кешен «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері», «Ұлттық ойындар», «Шеберлер» деп аталатын бірнеше бөлімнен тұрады. Концерттік зал секторында түрлі шаралар, театрлық қойылымдар мен спектакльдер өткізіледі. Қонақтар назарына айтыс, күй, жыраулық өнер, терме сияқты қазақ музыкалық өнерінің айрықша жанрлары ұсынылады. Көрме өтетін 3 ай бойы республикалық және өңірлік мәдениет мекемелерінің жеке орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары өнерімен көпшілікті тәнті етіп келеді. Ал қолөнершілер ауылында киіз басу, кілем тоқу және кесте тігу, зергерлік өнер, тері өңдеу мен қыш өнері, қару-жарақ түрлері көрсетілген. Орайы келгенде Президент халық дәстүріне сай екі бірдей кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті. Игі тілегін айтып, ақ батасын берді.

Хабар 24




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *