Ауырып ем іздегенше…

Елімізде еңбекке қабілетті жастағы ерлер өлімі 24 пайыздан жоғары,  отбасылардың 50 пайызы белсіздік салдарынан бала  сүйе  алмайды. Бұл демографиялық өсімді шектейтін факторлардың бірі  екені белгілі. Осы өзекті мәселе жайында «Almaty» интегралды  медицина орталығының директоры, жоғары  дәрежелі дәрігер-уролог, андролог Орынбасар Жұматаевамен әңгімелескен едік.   

– Статистикалық деректер ер адам­дар­дың денсаулығының төмен екенін көрсетіп отыр. Ер азамат­тарымыздың көпшілігі зейнеткерлік жасқа жетпейді. Бұның себебі неде?
– Адамның денсаулығы – мем­лекеттің, ұлттың саулығы. Қазіргі таңда ерлер денсаулығы төмендеуінің себептері өте көп. Ең алдымен, ер адамдар көбінесе өз денсаулығына салғырт қарайды, медициналық сауаты төмен. Олар отбасын асырауды, жұмысты бірінші орынға қояды. Ал денсаулығын шешесі немесе әйелі ойлауы тиіс. Кейде дәрігердің қабылдауына келетін ер азаматтардың «маған емес, әйеліме айтыңызшы» дейтіні бар. Мен оларға «Сіз өзіңізді қалай сезінесіз, ұйқыңыз қалай, оның бәрі тек сізге ғана мәлім. Сондықтан өз денсаулығыңызға өзіңіз жауаптысыз» деймін. Елді, халықты айтпағанда, бала-шағаңды, отбасыңды ойласаң, оларға пайдаңды тигізгің келсе, бірінші кезекте денің сау болуы тиіс.
Ерлердің денсаулығына әйелдерге қарағанда аз көңіл бөлінетіні рас. Жалпы ата-аналар ұл баланы туған кезінен бастап-ақ уролог-маманға жыл сайын көрсетіп отыруы тиіс. Мәселен, балалардағы варикоцеле (шәует көктамырының кеңеюі) дер кезінде анықталса, жазылып кетеді. Жалпы несеп-жыныс жүйесіне қатысты кез келген ауырсыну кезінде уролог, андролог дәрігерге көріну әдетке айналуы қажет. Және де бір жылдан астам уақыт бойы бала сүйе алмай жүрген жұбайлардың екеуі де маманға көрінуге міндетті. Алайда бүгінгі күні профилактикалық тексеріске келетін жас жігіттер көп емес. Олар көбінесе денсаулық пен ұрпақ өрбіту мәселесіне мән бермейді. Тіпті бұл тақырыптағы әңгімеден мүлдем қашатындар да бар.
Жақында біздің орталыққа 20-25 жастағы үш науқас жігіт келді. Екеуі бүйрек ауруымен, біреуі қант диабетімен ауырады, мүгедек. Үшеуі де дер кезінде толыққанды емделмеген, дәрігерлер жетесіне жеткізіп түсіндірмеген, содан барып ауру асқынған.
– Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы Өскемен, Павлодар, Ақтау, Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорған, Астана, Қостанай, Шымкент, Атырау және Орал қалаларында жүргізген зерттеу бойынша ер адамдардың 85 пайызында уроандрологиялық патология анықталған. Оның ішінде тексеруден өткен 1 жастан 16 жасқа дейінгі 296 ұл баланың 263-і түрлі науқаспен ауырады, яғни 90 пайызы іштен туа біткен ауру. Жалпы ер адамдардың урологиялық ауруларына кеңінен тоқтала кетсеңіз?
– Қазіргі заманда ер азаматтардың негізгі аурулары – жүрек, қан тамырлары және репродуктивтік жүйе (ұрпақ өрбітуге жауапты органдар). Елімізде урологиялық патологияның өзі 42 пайызға жетіп отыр. Бұл жөнінде былтыр ТМД урологтарының конгресінде де айтылды. Денсаулық сақтау саласына қаншама қаражат бөлінеді, жыл сайын түрлі скринингтер, мамандардың тексерулері ұйымдастырылады, бірақ бәрібір науқастардың саны азаяр емес.
Жалпы урологиялық патологияға жататын ауру түрлері көп: бүйрек аурулары, бір бүйрекпен туу, екі несепағардың болуы, варикоцеле, гидроцеле (шемен), түрлі қабыну үдерістері, бүйрекке, қуыққа тас байлану және т.с.с. Сондай-ақ қазіргі медицинадағы өзекті мәселенің бірі – сәбилерде жыныс мүшесінің дұрыс жетілмеуі. Мұның бәрі репродуктивтік жүйе, яғни ұрпақ өрбітуге қатысы бар органдар ғой. Мәселен, ер адамдардың инфекциялық-қабыну ауруларын дер кезінде емдемеудің салдары белсіздікке, құрсақтағы сәбидің шетінеуіне немесе кемістікпен тууына әкеп соғады.
– Адам өмірінің ұзақтығына күнделікті өмір салты, дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, ішімдікті шектен тыс пайдалану, қоршаған ортаның ластануы, семіз­дік пен психологиялық күйзелістер сияқты көптеген факторлар әсер ететіні белгілі. Со­ның ішінде зиянды әдеттер ер адам­дар­дың репродуктивтік жүйесіне әсер ете ме?
– Зиянды әдеттердің түрі көп. Мысалы, шылым шегуді алайық. Шылым шегу қандағы оттегіні азайтады, мидың жұмыс қабілетін төмендетеді. Ал ми – ағзадағы ең басты орталық, ол тепе-теңдік сақтау, иіс сезу, репродуктивтік жүйе, гормондар, т.с.с. бәрін импульспен басқарып отырады. Ми уланған кезде ішкі органдар міндетті түрде зақымдалады. Жалпы адам ағзасының кез келген уды, инфекцияны ыдыратып жіберетін қасиеті бар. Әлемде бірде-бір дәрігер біздің ағзамыздағы қорғаныс қабілетімен бәсекелесе алмайды, ол ғажайып жаратылыс. Бірақ дұрыс тамақтанбау, тісті күтпеу және басқа зиян­ды әдеттер осы қабілетті төмендетеді. Тамақтану деген үлкен өнер. Күн мен түн сияқты, біздің ағзамызда симпатика және парасимпатика деген маңызды екі жүйе жұмыс істейді. Мысалы, жүрегіміз күндіз 70-80 рет соқса, кешке қарай 55-60 болады, яғни ағза демалу керек. Ал біз осы ырғақты дұрыс сақтамаймыз, соның әсерінен жүйкенің де, гуморальдық жүйенің (қан) де, иммунитетіміздің де қызметі бұзылады. Мұндай ағза шылымның уыттары түскен кезде жоя алмайтыны содан. Темекіні көп шегу уақыт өте келе ДНК-нің бұзылуына, белсіздікке немесе эмбрионның дұрыс жетілмеуіне әкеп соғады. Мұндай генетикалық өзгерістер ұрпақтан-ұрпаққа берілуімен қауіпті.
Ауыр дене еңбегі мен қолайсыз жағдайлар да ерлердің өмірін қысқартуда. Тағы бір айта кететін жайт, қазір жастар­дың бәрі ұялы телефоннан бір елі ажы­рамайтын болды. Бұл, әсіресе жүкті келіншектерге өте зиян. Біздің денеміздің көп бөлігі судан тұрады, ал ұялы телефоннан тарайтын толқындар іштегі баланың мүшелері қалыптасып келе жатқан кезде теріс әсер етеді. Ол аздай, декреттік демалысқа шыққанға дейін жұмыста күні бойы компьютердің алдында отырады. Ол қалай сау бала туады? Бұрын 5 мың адамда бір кездесетін хромосомдық ауру­лар (мүгедектік) да қазір жиіледі. Бұл Құдайдың ісі дегенмен де, әр адам өз денсаулығына қарауы тиіс. Жұмыс орнында да денсаулығын күтетін адамдарды ынталандырып, насихаттап отыру қажет.
– Ал семіздік ерлер денсаулығына қауіпті ме?
– Жалпы ер адам болсын, әйел болсын, артық салмақ зиян. Бұл ағзадағы зат алмасуы бұзылғанының белгісі. Шамадан тыс тамақтанып, режім сақтамаған кезде ағзадағы артық заттар ет пен терінің арасына май болып жиналады. Оны жай артық салмақ деп жүре бермей, дәрігерге қаралу керек. Өйткені ер адамдардағы патологиялық семіздік көп жағдайда гормональдық фонның төмендеуіне, репродуктивтік жүйенің бұзылуына, пролактиннің көбеюіне әсер етеді. Ал пролактин гормонының көбеюі тестостерон деңгейін төмендетеді және белсіздікке әкеп соғуы мүмкін. Гормондардың түзілуі бұзылса басқа органдардың қызметіне де зақым келеді. Тіпті ер азаматтардың бойындағы белсенділік, көшбасшылық, шешім қабылдай білу секілді қасиеттері де тестостерон гормонының деңгейіне тікелей байланысты екені анықталған.
– Бізде мемлекет тарапынан бала мен ананы қорғауға ерекше көңіл бөлініп, арнайы бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Ал ерлер денсаулығын қорғау үшін мемлекет тарапынан не істеу керек?
– Б.Жарбосынов атындағы урология орталығы, андролог-уролог мамандар мемлекеттік деңгейде ерлер денсаулығын қорғау жөніндегі бағдарлама қабылдау жөнінде мәселе көтеріп келеді. Жалпы бұл салада кезек күттірмейтін шаралар көп. Мәселен, елімізде, әсіресе ауылды жерлерде уролог, андролог мамандар же­тіспейді. Меніңше, ең алдымен ер адам­дарға медициналық кеңес беру, шы­найы жағдайды түсіндіріп, дұрыс ақпарат жеткізу керек. Бұл шаралар жұмыс орнында, мекемелерде тұрақты түрде жүргізіліп отырса құба-құп болар еді. Сонда олардың өз денсаулығына көз­қа­расы өзгереді. Ер азаматтың дүниеге келген­нен бастап дені сау болуы отбасы үшін де, қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды.
Кезінде халқымыздың саны аздығын жоңғар шапқыншылығына, одан кейін ашаршылыққа сілтедік. Ал енді өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде, бейбіт күнде халықтың басым көпшілігі ауру болып отыр. Перзентханада сәбилер ауру болып туады. Бәріміз сауатты болсақ та осыған жол беріп отырмыз. Өйткені көпшілік қауым денсаулығына жіті көңіл бөлмейді. Тіпті қарапайым гигиеналық біліміміз төмен. Ал елдегі экономиканың көтерілуі де, білімнің дамуы да денсау­лыққа тікелей байланысты емес пе. Сондықтан өз денсаулығын қадағалау әр адамның міндеті болуы тиіс. Халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Ең бастысы, әрбір ер адам өмір салтын өзгертуге – спортпен айналысуға, артық салмақтан арылуға, дұрыс тамақтануға мән берсе, оның денсаулығының сапасы да жақсарады, ұзақ өмір сүру мүмкіндігі де артады. Өйткені ғалымдардың зерттеуінше, адам ағзасының тозуы күнделікті өмір салтына тікелей байланысты. Және де 40 жастан асқан азаматтар жыл сайын профилактикалық тексерістерден өтіп, уролог-маманға қаралып отыруы тиіс. Ұзақ сақталатын азық-түлік, консерванттар, жасанды химиялық қоспалар қосылған тағамдардан бас тартқан дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Дина ИМАМБАЕВА




2 пікір “Ауырып ем іздегенше…

  1. Арман

    Қазір ауырып ем іздегенше, аурудың алдын алған арзан.

  2. Елгүл

    Ер адамдар шылым шегеді, ішімдікке әуес келеді және салауатты өмір салтын ұстанбайды. Бір сөзбен айтқанда, өз денсаулықтарын өздері құртып алады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *