Ақиқаттан айнымайық

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқи отырып, терең тамырлы тарихымызбен тікелей  байланысты туған жер туралы ойлардың иіріміне ендік. Осы орайда Еділ-Жайық қос өзен аралығын мекендеген Құрманғазы ауданының да тамсана таңырқайтын тұстары көп. Шарықтап шалқыған кезі де көп, қасірет-қайғының құшағына еніп, құлдыраған заманға да куә болған.

Қаншама жігін жатқызып айтсақ та, Қазақ елі үш ғасыр Ресейдің отарында болғанын жасыра алмаймыз. Отарлаушы елді, кейіннен Кеңес үкіметінің аймақтарды бас­қа­рудағы бөліністерді еске салар болсақ, бастапқы қоныстанғанда әр ру қаймағы бұзылмастан дербес ауыл атанып отырған. Кейіннен жер ыңғайына қарай старшиндерге бөлінді. Патшалық билік Жәңгір ханның дүниеден өтуіне орай өлкедегі хандық билікті жойып тынды.
Аймақты ежелден мекендеген халықтардан хабар беріп, ой жү­гіртіп сараласақ, бұл өлкеге қазақ­тардың 1797-1801 жылдан бастап қайта қоныстанғанын көреміз. Қазақтардың екінші келуінде оларды қоныстандырған Бөкей сұлтан болатын. Ол кісі қазақтың атажұрты сана­латын Нарынды өз иелігіне алуда көп қиындық көрген. Бөкей сұлтанның қарауындағы халқымен Нарын өңірін тұрақты қоныстануға деген ұмтылысына Астрахань линиялық казак полкінің командирі П.Поповпен арадағы достық қатынас себепкер болды. Қазақтардың Жайықтан өтуіне көмек жасауды қолға алған П.Попов өзінің ойын жүзеге асыру үшін, 1799 жылдың 2 наурызында генерал-лейтенант лауа­зымы беріліп, Грузия және Астрахань губерниясының билеушісі, Кавказ дивизиясының командирлігіне тағайындаған Карл Кноррингтің қолдауын сұрап, онымен арнайы жолыққан. Сөйтіп, Нарын қазақтың ежелгі жұрты екенін жеткізген.
1855 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский Министрлер кабинетінің ауызша келісімін алып, В.Григорьевтің басшылығымен бірінші және екінші Теңіз жағалық округін құрды.
Кеңес үкіметі орнағанда округтік билік сақталды. Құрамында 29 болыс енген 1-ші және 2-ші Теңіз аймағы уезі болды. 1919 жылдары шекаралық өзгерістерге ұшырады. 1922 жылы 6 мамырда Бөкей ордасындағы басқару жүйесі жаңа типті қайта құруға ұшырады. Теңіз жағалығындағы екі округ таратылып, жаңадан Теңіз уезі құрылды. Бұл ең алғашқы Теңіз, кейін­нен Құрманғазы атын иеленген ау­данның дербес атау алып шаңырақ көтерген күні. 1925 жылы құрамында 6 болыстық ауданы мен Бөкей уезі Орал губерниясына енді.
Ал 1928 жылғы 17 қаңтардағы шешімімен Орал губерниясы таратылып, орнына Орал, Гурьев округтері құрылды. Теңіз ауданы 1928 жылы 15 шілдеде Гурьев округіне берілді. Бірақ реформалар тоқтамады. ­Губерния, округтер таратылып, республикаға тікелей қарайтын 126 ауданның бірі ретінде Теңіз ауданы қайта құрылды. 1930 жылы кері Гурьев округінің құрамына берілді. Бұл деректерді келтіруіміздің себебі, Еділ-Жайық қос өзен аралығындағы теңіз жаға­лығын басқару мен шаруашылық жүргізудегі дербес бірлік болуының анық ақиқатын ашып беру. Туған жеріміздегі өткен уақиғалардың желісін үзбей, келер ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың ұлттық санасына себезгілеген сәулені сыналап енгізуге септігімізді тигізу.
Осы ретте Елбасының «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз танылды» деп көрсеткеніндей, метрополияның өңірді әкімшілік басқарудағы құры­лым жүйесін өз Тәуелсіздігін жария­лаған мемлекет есепке алуға тиісті емес дегіміз келеді. Өйткені Қазақ мемле­кеттілігінің бастауы Қазақ хандығы құрылған 1465 жылдан бастау алатыны еш дәлелді қажет етпейтін шын­дық. Оның айқын көрінісі – 2015 жылы қыркүйекте Қазақ хандығының құрылғандығын Ел болып атап өткеніміз.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Еліміз тәуелсіздігін жариялады. Егеменді елдің өңірлерді басқару жөніндегі облыстық, аудандық, округтік құрылымдары да сол күннен басталатындығы айдан анық мәселе.
Ауданымыздың Құрманғазы атануы – 1997 жылдың қыркүйек айы. Баба атын иемденген күнімізді ұлықтасақ, еш артықшылығы болмас. Осыған орай, барша жұртшылықтың көкейіндегі бір ұсынысымызды жеткізгіміз келеді. Елбасының мақала­сында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есім­дері ел есінде сақталған біртуар перзент­тері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деуі тарихи тұлғалары­мызды жаңғырта ортамызға әкеліп, олардың халықтың игілігі үшін жан­қиярлық еңбегін бағалауды тапсыр­ғаны деп білеміз. Сондықтан бірнеше аудан көлемін, яғни жалпы мөлшері 7 миллион 500 мың гектар жерді Қазақ елінің құрамына қосқан Бөкей ханның есімін ұмыт қалдырмау біздің тарих алдындағы міндетіміз деп есептейміз.
Егер Бөкей хан ақыл, парасат­тылығымен патшалық Ресей билеу­шілерінің тілін тауып, импера­тордың ризашылығымен Жайық өзенінің оң қанатындағы Еділге дейінгі аралықты иеленбесе, бүгінгі күні бұл өңірде кім қоныстанып, байлығын кім игеретіні беймәлім болар еді. Сол себепті аудан орталығы Ганюшкино селосының атауын Бөкей хан қаласы деп өзгерту барша тұрғынның көңілінен шығатыны анық. Солай болып жатса, перзент ретінде бабалар алдындағы қарызымызды өтер едік. Ақиқаттан аттамайық, ағайын!

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,
Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым 
академиясының академигі




1 пікір “Ақиқаттан айнымайық

  1. Олжас

    Автор ұсынысын бірауыздан қолдау қажет деп ойлаймын. Ескі, Совет атауларынан құтылатын кез келді ғой. Тәуелсіз, дербес ел бола тұра. кеңес заманының атауларымен, есімдерімен отыру ұят. Біздің өз тарихымыз бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *