Ескерткіштегі латынша жазу

Тәуелсіздік алған жылдардан бері  елімізде латын әліпбиіне  көшу мәселесі төңірегінде алуан пікірлер айтылып келе жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында:  «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, ­байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» дегеніндей, латын қарпіне көшу мәселесі көтерілгелі бері ел ішінде қолдаушыларын аз тапқан жоқ. Бұған дәлел қазақ-жоңғар соғысының қаһарманы, ұлы Төле бидің өзі ерлігін жоғары бағалаған, Аңырақай шайқасында шымыр Қойгелді бастаған жасақтың мыңбасысы болған Қосы батыр ескерткішіндегі жазу.

Ескерткішті батыр ұрпақтары тұратын Байзақ ауданының аумағында тұрғызу қолға алынған кез өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта тұсы болатын.Қиыншылық көп, өтпелі кезең ауыртпалықтары енді еңсеріліп келе жатқан шақ. Алайда ескерткіш арзанға түсетін қоладан құйылған жоқ, тастан қашалды. Онда да шалғайдағы Мойынқұм ауданындағы Ақбақай өңірінің әйгілі көк тасынан. Сонша жерден тұтас күйінде әкелінген тастан батыр бабаның бейнесін қашауға, биік төбе жасап, тұғырға орнатуға уақыт та, қаржы да аз жұмсалған жоқ. Бәріне ұйытқы болған «Қосы батыр» қоғамдық қоры еді. Қордың сол кездегі төрағасы қоғам қайраткері, Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, облыстың қадірменді қарттарының бірі болған Жапар Түйебеков ағамыз бен оның орынбасары Мырзабек Сапарәлиев бас болып, батыр ұрпақтары басталған істі аяғына дейін жеткізе білді.
Сол жылдары Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Арғынбай Бекбосын ағамыз ғасырлар сынына төтеп беретін ескерткіш тасқа бабамыздың есімін латын қарпімен түсіру жөнінде ұсы­ныс жасады.Парламентте мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күресіп, тың ұсыныстар беріп, олары «Тіл туралы» Заңға жеке бап боп енген ағамыздың бұл ұсынысы «Қосы батыр» қоры бас­қармасы мүшелері, батыр ұрпақтары, жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Сол тұста облыстық газеттегі жур­на­листік қызметіммен қоса, «Қосы батыр» қорының қоғамдық негіздегі хатшысы болғандықтан бәрі де менің есімде.
Ал Арғынбай ағамыздың басқа да азаматтық, қаламгерлік ерліктерінен газет оқырмандары хабардар болар деп ойлаймын. Десек те, облыстық га­зеттің бас редакторы кезінде ағамыз халық депутаттары облыстық кеңесінің сессиясында тіл туралы тұңғыш рет қазақша баяндама жасап, ертеңіне газетте «Төрлет, аяулы ана тіліміз!» деген мақаласын жариялағанын еске сала кеткенді жөн деп санаймын…
Ескерткіштің ашылу салтанаты 1998 жылдың қырқүйек айының соңына таман өтті. Оған облыстың барлық аудандарынан, Алматы мен Астанадан, жер шоқтығы Көкшетаудан батыр ұрпақтары, қонақтар келіп қатысты. Сол күндері Тараз мемлекеттік уни­верситетінде М.Х.Дулати мұраларына арналған халықаралық конферен­ция өтіп жатқан. Оған қатысуға келген есімдері әлемге әйгілі ғалымдар облыстың сол кездегі әкімі С.Қалмырзаевтың шақыруымен батыр ескерткішінің ашылуына арналған салтанатты шараларға құрметті қонақ болып қатысты, қазақтың салт-дәстүрлерін, ақындар айтысын, палуандар белдесуін, ат жарыстарын тама­шалады. Олар батырдың еңселі ескерт­кішіндегі латынша жазуды да көрді.
Батыр бабамыздың ескерткіші тұрғызылуына басшылық жасаған Жапар Түйебеков ағамыз нағыз қайраткер, төңірегіне үлгі танытып жүретін адам еді.Шу ауданының жұртшылығы Жақаң басқарған жылдары қол жеткен табыстарды әлі күнге жыр етіп айтады. Еліне сіңірген еңбегіне көрсетілген құрметі емес пе, Тараз қаласы мен Шу қаласындағы көшелерге Жапар Түйебековтің есімі берілген.
Ескерткіш салтанатпен ашылған сол күннен бері жиырма жылға жуық­тап қалыпты. Бүгінде қасында Сапарәлиев­тер әулеті тұрғызған мешіт-медресесі бар Қосы батыр ескерткіші латынша жазу түскен республикадағы тұңғыш ескерткіш болар деп те ойлаймыз.
Жолы түсіп ескерткішке келген кім де болмасын, оның алдындағы тас тақтайшадағы биылғы мамыр ­айында өмірден өткен, жаны жәннатта болғыр Арғынбай Бекбосын ағамыз жазған мына өлең жолдарын оқымай кетпейді:
Қорғаған қазақ даласын,
Батыры менен данасын,
Ұмытпас мәңгі Алашым,
Аралап заман арасын,
Еліңмен бірге Ертеңге,
Қосы ата сен де барасың!..
Қандай дәл айтылған. Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында мәлімдегеніндей, 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кіріскенімізде баба ескерткішіне тағзым еткендер ондағы жазу тарихына да қанығып, келешекті болжай білген аға ұрпақ өкілдеріне алғыс арнары сөзсіз.

Тұрсынхан Толқынбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Байзақ ауданының
Құрметті азаматы

Жамбыл облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *