Атажұрт – алтын бесік

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру және шетелдік қандастардың елімізге оралғанына 25 жыл толуына орай Ертіс-Баян жерінде биыл екінші мәрте «Ұлы Дала Елі» этнофестивалі өтті. Дүбірлі думан Ертіс өзенінің сол жағалауында ескі көпір мен Астанаға барар жолдың оң жағында тойланды. 100-ден астам киіз үй тігіліп, ұлттық болмыс-бітімімізді әспеттейтін қазақ ауылы бой түзеді.

Этнофестиваль Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы мен «Шаңырақ» халық шығармашылығы мәдени-сауық орталығы ұжымдарының өнерімен ашылды. Жұртшылық қазақ ұлтының тамыры тереңде жатқан мәдениеті мен салт-дәстүріне куә болып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татты, жәрмеңкені, ұлттық спорт сайыстарын тамашалады. Әсем ән тыңдап, би биледі.
– Киелі Ертіс-Баян жерінде «Ұлы Дала Елі» фестивалі биылғы жылы екінші мәрте өткізіліп отыр. Биылғы ұлы тойға Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінен меймандар келді. Рухымызды тіктеп, жарқын болашаққа бет түзеген сара жолымыз тек сәттілікке толы болсын. Той тойға ұлассын, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.
Түстен кейін қонақтар Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев сынды танымал ақындардың арнауларын тыңдады. Той үстінде қос ақын кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, бата берді.

Ақындардың ілтипатына бөленген кішкентай Абайдың нағашы әжесі Қорлан Қоқымбаева журналистерге берген сұхбатында:
– Халқымыздың алдында жүрген қос ақынымыздың жиеніміздің тұсауын кесіп, бата бергеніне қуаныш­тан басымыз айналып тұр. Балапанымыз жыр жарысында топ жаратын суырыпсалма ақын болсын деген ниетіміз бар. Ал нағашы атасы Сапарғали 80-ші жылдардың аяғында айтыскер ақын Аманжол Әлтаевпен сахна төрінде айтысқан, — деді.

Иә, фестиваль халыққа рухани болмысымызды насихаттаудың басты қадамы. Ертіс өңірі ақындықтың, шешендіктің, батырлықтың, ғылым­ның ордасы. Бұл шара Қазақстанның рухани жаңғыруына қосылып жатқан үлкен үлес. Осынау ауқымды шараны тамашалауға шетелдің жеті мемлекетінен делегация келді. Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан елдерінің ресми делегацияларынан бөлек, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне бара жатқан эквадорлық үндістер мен француздық байкерлер ұлы тойға ат басын бұрып, әсем фестивальді одан әрі көріктендіре түсті. Екі күндік мәдени шара барысында 300 домбырашы Жаяу Мұсаның «Құм жылан» күйін орындады. Одан кейін өнер сүйер қауым Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны», «Ұлы дала елі» сынды күйлерін тыңдаса, Ұлықпан Жолдасовтың әніне, павлодарлық ақын Асығат Тұрғанбектің сөзіне жазылған «Ұлы Дала Елінің» әнұраны шырқалды. Фестивальге келушілер эстрада жұлдыздары «МузАрт», «BN», «Ұлытау» топтарының өнерлерін тамашалады. Фестивальде сондай-ақ, Ертіс өңірінің пейзажы мен болаттан құйылған жауынгер таныстырылды. Бұл жауынгер 1-ші тамыз күні бастау алған плэнердің қорытындысы екен. Плэнер «Туған жер» бағдарламасы аясында Баян­ауыл ауданында өткен-ді.

Жұмысты астаналық жас суретші Жеңіс Молдабеков орындаған. Балалар үшін «Балдырған әлемі» жеке жұмыс істеді. Мұнда да ән орындалып, би биленді. Ұлттық ою-өнектермен жасалған балалардың туындылары көрмеге қойылған. Бір жерде балалардың асық ойнап отырғанын көрсек, енді бір жерлерде қызына жүн түту, жіп иіруді үйретін отырған ананы да көзіміз шалды. Көшпелі халықтың бес ғасырлық киім үлгісі көрсетілді. Белгілі сәнгер Жадыра Сахиеваның айтуынша, «Ұлы Дала Елі» фестиваліне өз туындыларын көрсету үшін модель таңдауда еш қиындық болмағанын айтады. Павлодар облысында көрікті қыздар көп екенін алға тартты. Жұртшылық сәнгердің тері мен күмістен әшекейлеп жасаған тарихи костюмдерін тамашалады. Сөз орайы келгенде айта кетер жайт, сәнгердің қолынан шыққан туын­дыларды бойы 170 сантиметрден төмен емес, 18-25 жастағы бойжеткендер мен 180 сантиметрден жоғары жігіттер киіп көрсетті. Ұлттық өнерді дәріптеген этнофестивальде келіндер сайысы да өтті. Ұлттық спорттық жарыстар түріне келсек, ат құлағында ой­найтын жігіттер көкпар тартты, бұқа көтерді. Теңге алып, қыз қууға қатысты.
Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап, одан әрі дамыту арқылы халықтың отаншылдық сезімі мен ұлттық рухын күшейтуге, елдік тұтастықты нығайтуға бағытталған «Ұлы Дала Елі» этнофестивалі келер жылы Баянаула елінде тойланатын болды.

Айдана АЙТУҒАН
Павлодар




2 пікір “Атажұрт – алтын бесік

  1. Санат

    Өз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді өіміз әспеттеп, бағаламасақ, басқалар оны қайтсін?

  2. Дәмелі

    Этнофестивальдің өткізілуі жыл сайынғы дәстүрге айналса, игі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *