Ауыл шаруашылығына ғылыми зерттеулер ауадай қажет

742

Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі 
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасында қолданбалы ғылыми зерттеулердің алатын орны қомақты. Бір шаруашылықтың өзінде әрқилы топырақ жамылғылары ұшырасып отыратын өңірлерде егстіктерді ойдағыдай күтіп-баптау оңай шаруа емес. Бұл орайда диқан мен маманның көпжылдық тәжірибесін тығыз тоғыстырумен қатар қазіргі заманғы технологияларды да білгірлікпен пайдалану қажет болады. Ал, мұның өзі қазіргі заманғы жетістіктерге жүгінуді, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті үйлестіруді талап етеді.
Соңғы жылдары әртүрлі агроэкологиялық аймақтарда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырып, олардың генетикалық әлеуетін арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бойынша соңғы жылдары жүргізілген селекциялық, биологиялық, физиологиялық-биохимиялық, биотехно-логиялық, иммунологиялық, технологиялық зерттеулер нәтижесiнде ауыл шаруашылығы дақылдарының 39 сорты мен буданы жасалды. Отандық және шетелдік селекцияның 2000-нан астам дәнді дақылдары, бұршақ тұқымдастар, майлы, мал азықтық және техникалық дақылдардың сорттары мен будандары экологиялық сынақтан өткiзiлді. Әрбiр дақыл бойынша жоғары өнiмдi үлгiлер, сондай-ақ шаруашылықтық бағалы белгiлерi бар будандар мен сорттар оқшауландырылды. Өсімдік қорғау мен карантин саласында қара жолақты көбелек және колорадо қоңызына, американдық ақ көбелектің жұлдызқұрттарына тексеру жүргізілді. Алматы мен Ақмола облысы жағдайында сұлама кекiренің карантині бойынша гербицидтерді жаппай қолдану әдістемесі әзірленді. Бұл орайда гербицидтің биологиялық тиімділігі 91,1-97,3 пайызды құрады. Егіншілік бойынша жаңа технологияларды қолдану негізінде нақты және органикалық егіншілік элементтерінің негізгі әдістемесін әзірлеу, егістіктің ресурс үнемдейтін технологияларын пайдалану, атап айтқанда жеміс тұқымдары бойынша ауыспалы егістікті, ал бірнеше дақылдар бойынша атжалды егістікті қолдану, жүгері мен қытайбұршақты арнайы жабдықпен тамшылатып суару, картоп және көкөністерді тамшылатып суару бойынша зерттеулер жүргізілді. Статистика деректеріне сәйкес отандық селекция сорттары дәнді дақылдардың егістік алқап көлемінің 42,1 пайызын немесе 6,8 млн. га құрайды. Мұның өзі ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістік болып табылады.
Өткен кезең ішінде аграрлық-өнеркәсіптік кешен бойынша ресурс үнемдейтін технологиялар ауданы 12,4 млн.га дейін артқан, 30 ұсыным әзірленіп, 63 қорғау құжаты, оның ішінде 5 өнертабыс патенті, 40 инновациялық өнертабыс патенті, селекциялық жетістікке байланысты 18 патент алынған, 60-қа жуық қорғау құжатына өтінім берілген. Бұл орайда ұсынымдар мен жинақтардың 50 түрі шығарылғанын, ғалымдардың 500-ге жуық мақалалары мен ғылыми тезистері жарияланғанын, олардың 60-ы тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде және 20-ға жуығы алыс шетел басылымдарында шыққанын атап өту керек. Ауыл шаруашылығы саласы үшін машина мен жабдықтардың жаңа үлгілеріне арналған 15 техникалық құжаттама даярланған. Бұлардың негізінде өсімдік майларын гидратациялау үшін шикізаттарды таңдау әдістемесі және бидай тұқымының қауызы мен қоспаларын тазарту және ақ жүгері дәнінен крахмал алу технологиялары әзірленген. Дәнді кептірудің технологиялық үдерісін автоматтандыру және бақылау схемасы, астықты қайта өңдеу өндірісі қалдықтарынан целлюлоза алу әдісі дайындалған, аудандастырылған жүзім сорттарының сығындыларынан полифенол алудың технологиялық тәртібі зерделген. Зияткерлік меншікті қорғау құжаттарына 14 өтініш берілген.
Ауыл шаруашылығы қызметі үдерісінде табиғат қорларын ұдайы өндіру мен сақтауды қамтамасыз ету бойынша гидротехникалық құрылыстардың физикалық моделі құрылып, су ағынын есепке алу және бақылау бойынша төрт бағдарламалық өнім жасалған, суармалы жерлердің деректер базасы түзілген, су сорбент-мелиорант-топырақ жүйесіндегі су сапасы өзгеруінің физикалық моделі, жайылымдық аумақтардың экологиялық-мелиоративтік жағдайы-ның мониторинг базасының құрылымы, суды тазартудың конструкторлық құжаттамасы мен эксперименттік үлгісінің техникалық тапсырмасы орындалған. Жергілікті жерлер бойынша Қызылорда гидроторабында бақылау-өлшеу құралдарын орналастыру схемасы жасалған. Орман шаруашылығы саласында екі облыс бойынша арзан ағаш көшеттерін қайта құру үрдісі қаланған, Солтүстік Тянь-Шаньның Кіші Алматы және Жауынгер шатқалдарында тау ормандарының жағдайы зерттелген. Сонымен қатар Батыс Қазақстанның барқанды және көшпелі құм жағдайында топырақ-орман өсімдіктері бойынша бірқатар зерттеулер жүргізілген. Атап айтқанда Арал теңізінің құрғап қалған түбіндегі тұзданған топырақта өсімдік өсіру, кенді Алтай өлкесінде орман қорларын есепке алу, орманды қайта қалпына келтіру кезеңінде биоэкологиялық қорлар жағдайы бойынша мониторинг жүргізілген. Сондай-ақ Алматы облысы сексеуілдіктері және Орал өзені алқаптарындағы емен ормандары зерттелді, орман зиянкестері анықталды. Техногенді аймақтарда ауыл шаруашылығы жерлері белгіленіп, көп танапты ауыспалы егістерде дақыл өнімділігіне тыңайтқыштар әсері айқындалды. Ендігі міндет осы аталған ғылым жетістіктерін іс жүзіне жеделдетіп енгізу болып табылады.




One thought on “Ауыл шаруашылығына ғылыми зерттеулер ауадай қажет

  1. Камал

    Ауыл шаруашылығы саласы жетілдіруді қажет етеді деген ойдамын. Мұнда маман тапшылығы да анық байқалады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *