Нәтижелі сапар

233

Жақында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыс делегациясы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Делегация өңіраралық кооперацияны дамыту шеңберінде оңтүстік өңірдегі ауыл шаруашылығы, индустриалды аймақ саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тәжірибе алмасты.

Аталмыш делегация құрамында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармаларының, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ-ның және «ҚПО б. в.» компаниясының, «Машзауыт» БҚО машина жасау зауыттарының консорциумының өкілдері болды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибрагимовтың айтуынша, аталмыш жұмыс сапары барысында Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында инвестиция және өндіріс, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнату жөнінде меморандумға қол қойылды.
Облыс делегациясы құрамында болған «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли бастаған компания өкілдері Кентау қаласындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның өндірістік базасына болып, оның өндірістік қуатымен, технолоияларымен, өнім түрлерімен және сапа сертификаттарымен жете танысты. Нәтижесінде аталмыш кәсіпорын (Оралдағы трансформатор зауыты осы АҚ-ның филиалы) және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы арасында трансформаторларды жеткізу жөнінде меморандум жасалды. Бұдан екі жыл бұрын Қарашығанақ кен орнындағы аймақты қуатпен қамтитын трансформатор жанып кеткені белгілі. Оралдағы зауыттан шығарылатын трансформаторларға қарағанда Кентау зауытының трансформаторларының қуаты күштірек.
Сондықтан кен орнына қажетті күштік трансформаторды сырттан тасымалдамай, отандық кәсіпорыннан, оңтүстіктен жеткізу – келісілген шаруа. Сондай-ақ «Шымкент» және «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-лары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды, ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейтін меморандумға да қол қойылды. Іссапар барысында төртінші келісімшарт «Шымкент-цемент» АҚ және «BafkerHughes» компаниялары арасында жасалды. Бұл келісімшарт Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасының төртінші кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын қажетті цемент өнімдерімен қамтуды көздейді. Оралдық «BafkerHughes» кен орнындағы «ҚПО б.в.» компаниясына сервистік қызмет көрсетеді, соның ішінде бұрғылау жұмыстарын атқарады.
– Қазіргі уақытта ОҚО және БҚО араларындағы тауар айналымы жақсы жолға қойылған. Өңірден оңтүстікке ет, ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылса, ол жақтан бізге көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері тасымалданады. Бүгінде екі өңір арасында біріккен жобалар іске асуы үшін екі облыстың әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары жұмыстануда. Оңтүстік Қазақстан негізі аграрлы аймақ деп есептеледі. Онда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған, – деді Б.Ибрагимов. Оның айтуынша, ОҚО-да 11 индустриалды аймақ, тек Шымкенттің өзінде жеңіл және ауыр өнеркәсіп орналасқан үш индустриалды аймақ жұмыс істейді. Еліміздегі фармацевтика кластері дамыған жалғыз аймақ – осы Оңтүстік Қазақстан. Сонымен қатар оңтүстік өңірде жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған. Бұрындары Қазақстанға шұлық түрлері Қытайдан, Қырғызстанан тасымалданатын. Ал, бүгінде шымкенттік «Әлем БТ» кәсіпорны еліміздің өңірлерін өз өнімдерімен қамтуда.
Жылына 16 млн. дана шұлық өнімін шығаруға мүмкіндігі бар «Алем БТ» фабрикасы – «Jintex Global» корейлық компаниясымен бірлесе жүзеге асырылған жоба. Аталмыш кәсіпорын өз өнімдерін тек еліміздің аумағына ғана емес, сыртқа да шығарады. Облыс делегациясы іссапар барысында неміс технологиясымен кілем шығаратын «Бал Текстиль» ЖШС кілем фабрикасының, «ЕвроКристалл» ЖШС-ның шыны құты, банкі өндірісін көріп, жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ «Оңтүстік» индустриалдық аймағындағы ТОО «HILLCorporation» аутомобиль мотор майын өндіретін кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысудың сәті түсті.
Оңтүстік өңірдегі Ордабасы ауданының Бадам ауылындағы шетелдің ең соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған «Бөрте-Милка» кешенді фермасы сүтті өңдеп, одан сүт өнімдерін жасайды. Бір қызығы, онда сиырларды сауыншы емес, құлтемірлер сауады. Одан кейінгі жерлестеріміз бас тіреген осы Бадам аулындағы тағы бір нысан – «Ордабасы құс» ЖШС. Заманауи техногиялармен қамтылған күркетауық фабрикасы 2010 жылдың аяғында іске қосылған. Бұл – кешен еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы күркетауық етінің өндірісі бойынша алғашқы жоба. Фабрикада өндірілген күркетауық етін іргелес елдер де таныды. «Дәмді ет» деген сауда белгісімен шығарылатын күркетауық етінің қаптамадағысы, ысталғаны, тіпті шұжығы да бар. Аталмыш компанияның басшысы Мұрат Тағаевтың айтуынша, экспортқа өнім жөнелтетін кәсіпорын әлемдік нарықта технология және сапа тұрғысынан бәсекелес болуға дайын.
Ақ Жайық өңірінің делегациясы Түркістан қаласында болып, шаһар басшылығымен кездесті. Тарихтан тамыр тартқан көне қалада туризм саласы жақсы дамыған. Қазір онда 860 орындық 16 қонақ үй жұмыс істейді. Тек 2016 жылдың өзінде жаңадан төрт қонақ үй салынып, пайдалануға берілген. Қалада 270 мың адам тұрады. Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді. «Жалпы шаһарға келетін шетелдік туристер көп екенін кесенеге барған кезде байқадық. Қонақ үйлердегі, мұражай қызметкерлері, кесенедегі гидтердің барлығы шетел тілдерін меңгерген. Бір туристік агенттік өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Олар Түркістанға тур ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Тур барысында шаһарды, көрнекі тарихи орындарды аралатады. Туристерді орналастыру сықылды барлық мәселелерін шешуді өз мойындарына алады. Бұл мәселе бойынша облыстық туристік басқармасымен жұмыстанудамыз. Жалпы қорыта айсам іссапар нәтижелі болды», – деді Б. Ибрагимов.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА




One thought on “Нәтижелі сапар

  1. Жомарт

    Шымкент қаласы Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қала деп бекер айтылмаса керек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *