Өнер өрісіндегі өнеге немесе Қали Сәрсенбай шығармашылығы туралы

Қали Сәрсенбай шығармашылығына үңілгенде бірден көңіл аудартатын нәрсе, ол – махаббат, сүйіспеншілік, адамсүйгіштік. Яғни Қали жаны, ары таза, шынайы суреткер. Ол жақсыны бірден таниды, жақсыға жаны үйір. Жамандыққа жаны қас, одан өзін аулақ ұстайды. Қалекеңнің тағы бір өзгеге ұқсамайтын ерекше қасиеті, ол – «бейстандарттық», қазақы тілмен айтқанда, қалыптан айну, тура жолдан тайқу, асфальт жолдан шығып, қара жолмен тарту немесе жүрдек жолдан кедір-бұдыры көп жайдақ жолға ауысу. Бұл қалай сонда, донкихоттық па, жоқ әлде оның басқаша түсінігі бар ма? Біздіңше, оның сыры басқада. Қалыпты жағдайда, тура жолмен тарта берген адам межеге белгіленген уақытта жетуі мүмкін және өзінің адами-рухани құндылықтарын үнемді пайдалануы ықтимал. Бірақ қанша дегенмен, «тура жол» тура іске, қажетті нәтижеге бастау болса да, тосын дүниеге, жаңалыққа, қисынсыз дүниеге қол жеткізе алмайды. Себебі бұл үзіліссіз, бірқалыпты құбылыс. Ал ерекше талант иелерінің ісі – үзілісті, аумалы-төкпелі құбылыс, қисынға келе бермейді. Міне, осындай шығармашыл тұлғалардан өзгеше, жаңашыл дүние күтуге болады. Біз Қалиды осындай тұлғалар қатарына жатқызамыз.

Ал енді Қалидың шығармашылық мінезінің ерекшеліктері туралы айтқан пікірлеріміздің дұрыстығын дәлелдеу үшін еңбектеріне жүгініп көрейік. Біріншісі, Президент сыйлығын алған «Өнер – өмір» атты кітабындағы «Сол ән» деген әңгімесінің мазмұнына үңіліп көрейік. Негізінен ол Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әніне арналған. Бұл ән «Сонау бір жылдары әр жерде аса қауіпті топ Қазақстанның солтүстігіне көз алартып, арам ниеттерін астыртын жүзеге асырғысы келіп аласұрып жатқанда туып еді» дейді автор. Одан әрі, «1986 жылдың желтоқсанындағы ызғардың бетін осы ән қайтарып еді, қайсыбір жылы «Ертөстік» балалар хоры шетелде болғанда, өңшең қарадомалақ сол әнді бозторғайдай шырылдап айтқанда, тіпті шетелдіктер жылап тұрды деседі». «Жырақта жүрген мыңдаған қазақ атажұртты аңсағанда, бір үйге жиналып алып, сол әнді айтады деседі». «Күні кеше Тәжікстаннан қайтқан сарбаздар туған елге сол әнді айтып қайтты». «Иранда өмірі өткен қазақтың бір етікші шалы жұмысын сол әнмен бастап, сол әнмен аяқтап, сақалынан жас сорғалайды деседі». Мінеки, көріп тұрсыздар, қаламгердің Шәмші Қалдаяқовтың бір әніне қатысты көзқарасы қандай екенін. Ән құдіретін, оны тудырған Шәмші құдіретін айғақтай отырып, ұлылыққа, өнер құдіретіне асқан сүйіспеншілікпен бас иеді. Жаны жайсаң жанның жүрегін жарып шыққан шырақты да сәулелі ой ұшқынынан туған оның парасатты да пайымды сөз мақамы шындық шыңына көтеріліп, айтулы әніміз тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Әнұранына айналды. Бұл дегеніңіз көрегендік емес пе?
Тағы бір «Сіз қандай ұрысыз» атты әңгімеге үңіліп көрейікші. Әр сала мамандары жиналған бір жиында облыс әкімі:
– Вы все воры и жулики, – деп қатты кетеді. Сонда бір қария орнынан тұрып:
– Қарағым, сен бізді біреумен шатастырып тұрған шығарсың, біз мұғалімдерміз, – депті. Сонда әлгі басшының тым асқақтап кеткені соншалықты, кім шақырылғанын да білмегені ғой. Иә, өзі ұры адамның өзге туралы да солай ойлауы заңдылық, әрине. Сол елде Жақып деген баукеспе ұры болған екен. Оны ел соншама жақсы көріпті. Себебі ел арып-ашып қиналған кезде ол елді асырапты. Мұндай жақсылық еш уақытта ұмытылмақ емес. Кейінгі жылдары мал ұрлығы көбейген тұста ел Жақыпқа жүгінетін болыпты. Ол ұрыны жазбай таниды. Ол жақындағаннан-ақ ұрылар «көке-жәке» деп аяғына жығыла береді. «Ұрыда ұлт болмайды» деген сөз бар. Сонда ұлтқа пайдасы тиіп отырған Жақыптың ұлты кім? Иә, Жақып ұлтжанды, ұлтшыл ұры. Қазір бізде шетелдік фирмалар қаптап жұмыс істеп жатыр. Солар тапқан-таянғанын еліне тасиды. Бұлар Жақып сияқты текті ұры. Ал біздің жоғарыдағы шенеунік ұрылар халық қазынасынан жымқырғандарын шетке жөнелтуде, яғни тексіз ұрылар. Сонымен, мұндай өз анасын, ұлтын ұрлап-тонағандарда ұлт бола ма? Жоқ, әрине. Осы бір мысалды бастан-аяқ келтіргенде, Қалекеңнің ерекше, ешкімге ұқсамайтын қабілетін көрсеткіміз келді. Не деген тереңдік, парасат-пайымдылық! Мұндай теңеулер таптырмайды ғой. Осы бір кішкентай мысалдан-ақ кімнің кім екендігі көрініп тұрған жоқ па? Жазғыштық сұлу сөзділікте ғана емес, негізі, мазмұн сұлулығында болса керек.
«Өнер – өмір» атты Президент сыйлығын иеленген кітаптан тағы бір мысал келтірейік те, екінші кітапқа ауысайық. Енді бір әңгімесі «402-ші бөлмеден тараған нұр» аталады, Бұл – КСРО, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері, даңқты өнерпаз Асанәлі Әшімовтің сыр-сұхбаты. Біз мұнда Қалекең қойған сұрақтарға аса байыппен мән береміз:
– Асеке, жақсы адам болу үшін де дарынды болу керек пе, жоқ әлде қабілет жеткілікті ме? Жауапты Асекең өнермен байланыстыра келе, «өнер биік өреден, мінезден туады» деп түйіндейді.
– Меніңше, сізде бәрі бар, не жетпейді деп ойлайсыз?
– Жеттім десем, әрине жетпегенім.
– Әдетте, өнердің құдіретіне ештеңені теңгермей жатады ғой.
– Иә, сахна – майдан. Шабытты шақтар кез келген ауру-сырқауды жеңеді, адам өмірін ұзартады.
– Өнерде жолыңыз болғанына күмәніміз жоқ, ал саяси сахнада ше?
– Біз куәлігі жоқ депутаттармыз ғой. Жанға бататыны, өнердің шаруасын көп жағдайда экономистер, саясатшылар, финансистер шешіп жататындығы.
– Өнер өртеніп тұр ғой, қазір…
– Қазір өнер орта дарындылардың қолына көшіп жатыр. Өнерге Омаровтай қамқор жандар керек. Өнерге қарағым, шырағым керек. Театр екінші мешіт болуы керек. Мешітке жұрт барын киіп, тазару үшін барады.
– Кей-кейде режиссураңыз туралы шала пікірлер естіп қаламыз…
– Іштегі запыранды шығарып тастаудың бір жолы – режиссура. Менікі еріккендік емес, сахна өнерінің киесімен ойнауға болмайды. Сұлулық саудаға, есепке айналып барады. Көркем шығармаға баға беру үшін оны көру керек, бір емес бірнеше рет көру керек. Рухани өлгендердің тірлігінде пәтуа болмайды.
– Атақ-мансап дегенге қалай қарайсыз? Жұрт білмесе ондай атақ кімге керек! Жалпы сол шіркін өзі керек пе жоқ па?..
– Бұл жүйеге байланысты, шетелде атақ­тың құны бар, ал бізде оның құны көк тиын.
– Шетелдік әріптестеріңізбен қа­ты­насыңыз қалай?
– Қазір байланыс үзілді. Өткенде ­Со­ло­минмен сөйлестім. «Абылайханды» ­тү­сірсем ақ патша офицерінің рөлін ой­най­сың ба дедім. Ешқандай ақшасыз, жа­лақысыз ойнаймын деді. Көрдіңіз бе, бар ын­тасымен достыққа, ынтымаққа құмар.
– Сахнада, кинода енді кімді ойнасам дейсіз. Армандағы кейіпкеріңіз бар ма? Тарихи тұлғалар арасын жалғастырасыз ба?
– Бала кездегі арман Гамлет пен Ақан еді, оған жетпедім. Актер арманмен, үмітпен өмір сүретін адам. Қазіргі арман Абылай, Абай, Король Лир сияқты. Бірақ ол жастан өтіп барамыз. Қазір Шекспирге, Мұхтарға баратын кез. Кім не десе о десін, мақсатым – халыққа мұра қалдыру, бағасын болашақ береді.
Мінеки, көріп тұрсыздар, өзінің сындарлы сұрақтарымен өнер тарланының сыр сандығын еркін ашып, ондағы інжу-маржанды ел игілігіне жайып салды. Бұл дегеніңіз нағыз шеберлік емес пе? Сұрақтар діттеген жеріне дөп түсіп жатыр. Жауап та парасат әлемінен алшақ жатқан жоқ. Бәрі де «өнер» деген құдіретке бағынышты. Өнердің ұлылығы, оның қасиеттілігі, құдіреттілігі, шипагерлігі адам жанын жадыратар, сәулелендіріп нұрға бөлер әсіре сұлу сипаты жарқырап көрініп тұрған жоқ па? Яғни өнер – адамның жан жарасын жазар құдіретті күш, рухани әлем. Жазушы қаламгер бауырымыз, қадірлі һәм құрметті Қалекең бізді сол әлемге тура бастап, оның нығметінен нәр алуымызға, таза ауамен тыныстап, көңіл кірін шаюымызға барынша жағдай жасап отыр.
Автордың өнерге деген сүйіспеншілігі, сый-құрметі, ынта-ықыласы айдан анық. Ол оның бұдан басқа да кез келген әңгімесінде сайрап тұр. Енді біз пәлса­памызды осымен доғарайық та, екінші кітабымызға көшейік. Ол кітап «Шал мен шындық» аталады. Көлемді, 600 бет, төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Сөз сәулесі». Иә, мұнда сәулелі сөздердің түйінді жиыны жинақталған. Немесе мақал-мәтел іспетті, аз көлемді ой түйіні көрініс тапқан. Мысал келтірейік. «Бала-шағаның, тобырдың сөзін сөйлеген адам биік болмайды». Қайдам, мүмкін ол солардың жан-дүниесін терең түсінген адам шығар. «Дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады». Енді олар соған қуанып көңілденбейтін шығар, әрине. Көңілсіздікті жеңе білетін жандар – бақытты жандар болса керек.
«Өтірік» деген әңгімеде өтіріктің бү­гінгі қоғамдағы алатын орны өте тауып айтылған. Иә, шынында да, біздің қоғамды ұстап тұрған – өтірік. Пайғамбарымыз мына үш жағдайда өтіріктің күнә болып есептелмейтіндігін айтыпты:
«Соғыс кезінде айтылған жалған сөз. Себебі ұрыс айласыз болмайды.
Араздасқан екі адамды жарастыру үшін, яғни бірлікке келу ниетінде айтылған өтірік.
Ерінің әйеліне татуласу үшін айтқан өтірігі».
Яғни өтіріктің де өтірігі бар. Өтіріктің өтірігін кешіруге болмайды, әрине. Қалай дегенмен, қоғамды бүгінгідей өтірік жай­лаған заманда, өтірік кешірімді. Оған барлық жағдай жасалған. Өтірік кешіріледі де, өтірік айту міндеттеледі де. Бұл бір шырмауық іспетті, одан босап шығу, құтылып кету мүмкін емес сияқты. Деген­мен, оның да бір шеті болуға тиіс қой. Қалекең сияқты жаны жайсаң жандар соған жетуді жеделдеткісі келеді. Жақсының жақсылығы жаманды жар қаптырар заман да алыс болмаса керек.
Кітаптың екінші бөлімінде тағылымды жайттар шынайы баяндалады. Қараңызшы, тақырып атауының өзінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады: «Партиялар алдымен Абайды оқысын», «Шіркін, шындық!?», «Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір», «Шал мен шенеунік», «Өз жаныңыз өзіңізде ме?», «Махаббаттың тілі…», «Тұл­ғаның тұлғаны тануы», «Жалғыз…», «Досы жоқ заман».
«Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген Президент сөзін жалаулатып халықты, оның басшыларын Абайды танып-білуге шақырады автор. Ұлы ұстаз ұлағатын ұлықтауды ұсынады. Ал шындыққа келгенде, оны саясиландырып, әр топ, партия өкілдері шындықты өзіне ыңғайлап, өз мүддесі тұрғысынан ғана айтуға бейімдігі қынжылтады, әрине. «Шіркін, шындық?! Шақша басы шарадай болып, шыр айналды-ау» деп өкініш білдіреді автор.
«Шал мен шенеунік» деген әңгімесінде автор қазақтың қасиет қонған қара шалдарынан кейінгі ұрпаққа көп сөз қалғандығын, оны біздің шенеуніктердің біле бермейтіндігі, білмеген соң ойына келгенін істейтіндігіне ренжісе де, заман өзгерді деп жатыр ғой, мүмкін білудің керегі де жоқ шығар деп күмәнданады. Бірақ қайран қалатының – қазақтың шалдарының айтқан сөзінің дәлдігі сондай – кешегіні, бүгінгіні, тіпті, келешегіңді де тап басып, тамыршыдай айтып кеткендігі авторды таңдандырады, ризашылық сезімін оятады, жан дүниесіне қозғау салады. Мысалы Мөңке би (шамамен 1675-1746 жж.) атамыз артында мынадай сөз қалдырыпты:
…Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
***
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Адамның жақсысы кетіп жаманы қалар.
«Қараңызшы, бұдан үш ғасырға жуық бұрын өмір сүрген атамыздың сөзі бүгінге арнап айтылғандай, ал қазіргі ше­неуніктер жұртты жазықты қылған­нан басқа бір жібі түзу сөз айта алмай кететін шығар» деп күйінеді автор. Қалекең қоғамдық, әлеуметтік болмысты жан-тәнімен сезінеді,ондағы бой көрсет­кен келеңсіздіктерді барынша әшкерелейді. Жаны тазаның ары таза. Ол өз шығармалары арқылы арсыздықпен аяусыз күресіп келеді. Енді «Махаббат тілі» деген әңгімесіне үңіліп көріңізші. Неткен нәзік үндер! Жүректі тербеп, адам жанын тәтті сезімдерге бөлейді. Жан жарыңды мәпелеп, аялағың келеді. Жазушының Шәмшіге деген, оның өнеріне деген сүйіспеншілігін, махаббатын айтып жеткізу қиын. Иә, «әнді сүйсең менше сүй» деп, Шәмшінің әндерін махаббат тіліне айналдырған жазушыға тәнті болмасқа шарамыз жоқ. Екінші бөлімге шолуымызды осымен доғарайық та, үшінші бөлімге көшейік. Ол «Тұлғатану» деп аталады. «Тұлғасын танып, қадірін білген елдің таңы ағарып атады, күні қызарып батады» дейді Қали. Не деген тапқырлық. Осындай асыл сөзді тауып айтудың өзі өнер ғой. Иә, өнерімізді осындай жігіттер қолға алса, оның өрге өрлейтіндігі даусыз, әрине.
Бұл тақырып «Әуезовтің әулиелігі» аталыпты. Сондағы «әулиеліктің» мәні Мұхаңның Д.Қонаевты танып білуінде екен. Д.Қонаевтың бойынан тазалық пен бекзаттықты байқаған Мұхаң былай дейді: «Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін. Олай дейтінім, Димаштың туыс­қандарының бәрі еңбек етеді, өз күнін өздері көреді. Шетінен еңбекқор, Димашқа біреуі де салмақ салмайды. Біздің қазақтың жаман әдеті – біреу әкім болса, «саған бақ қонды, енді бізді бағасың» деп мойнына отырып алады. Ал менің құдаларымда ондай әдет жоқ. Жақсы адамдармен туысқан бол­дым деген себебім осы. Сосын, Димаш бұйырса исі қазақтың ортақ ұлы болғалы тұр».
Шынында да, Д.Қонаев «Қазақтың ортақ ұлы» бола білді. Тұлғаны тай кезінен тану деген осы да. Әуезов әулие екен. Осындай «әулиеліктің» ғибратын танытқан жазушыны да біз әулиелер қатарына қосқан болар едік.
Өзағаң, Өзбекәлі Жәнібеков туралы жазушының пікірі адамды бей-жай қалдырмайды, адамсүйгіштіктің, талантқа табынудың, тұлға танудың биік мәресінен көрініс береді. «Жәнібековке құрмет – оның өнегесіне, халқына құрмет. Бұл құрметтің орайын тауып, жалғаса бергені дұрыс» дейді автор. Өзағаңның қандай құрметке болса да лайықтығын оның өмірінен мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Бірде Өзағаң: «Не деген бейқам халықпыз? Қанша қызмет атқардым десем де, тағдырдан аяу көрмеген мына бір қазақты білмейді екенмін» деп, қолындағы «Айткеш Толғанбаев. Исповедь судьбы жестокой» деген кішкентай кітапты көрсетеді.
– Тозаққа түсіп шыққан екен. Музыкант, понимаешь. Өзге үшін өзегі өртенген жанның жан сарайын ашып көрсеткен жазушының да жаны таза ғой.
Тағы бірде, «Кейін ойлаймын ғой. Туғаным емес, туысқаным емес, тіпті рулас та емес. Нағашы-жиенді де емеспіз. Бұл Жәнібеков мені неге қайта-қайта оқтан алып қалады» деген Шерхан Мұртаза сөзін келтіріп, Өзағаңның талантқа құштар екендігін, талантты туысынан бетер қадірлейтіндігін, оған барын беруге бар екендігін көрсетеді. Бұл – жазушы талантының көрінісі. Талантты талант ­таниды, әрине.
Енді бір көркем кісі туралы бірер сөз. Ол – академик Зейнолла Қабдолов. «Сөз өнерінің» авторы, бас кітабы – «Менің Әуезовім». Қалиұлы Мұхаңнан қалған, «Мен отырған жердің бәрі төр ғой» деген сөз төңірегінде бас кітаптан шұрайлы сөз қозғайды:
Рашидов басқарған жылдар өзбек халқының дәуірлеу жылдары болғанын тамсанып, тұшымды баяндайтын Зәкең, Зейнолла Қабдолов, сол тұлғаның Мұхаң алдында соншалықты кішік болғанын керемет суреттейді. Иә, көзі тірісінде Мұхаң отырған жердің бәрі төр болса, жылдар өте келе сол төрге Қабдоловтың шығуы да заңдылық еді» деп түйіндейді Қали. Мінеки, адамсүйгіштіктің, ұлыны ұлықтаудың шынайы көрінісі осылай болмақ. Қали бауырымыз ұлыны ұлықтаудан, жақсыны жарылқаудан еш жалыққан емес.
Кітаптың соңғы бөлімі «Бүкпесіз әңгіме» аталыпты. Ол жеті шалдың бірі – Құрманбек Жандарбековтен басталады. Жеті шал – Қалибек, Елубай, Серке, Иса, Әміре, Құрманбек және Қаныш. Иә, жалт етіп бір қарағанда жаныңа жарық сыйлайтын «сахнаның найзағайындай» болмыс-бітімі бөлекше жаратылған аймаң­дай алуан дарын иесі – әнші, актер, режиссер Жандарбеков те қазақ өнері тарихында есімі айрықша аталатын жеті шалдың бірі де бірегейі деп түйеді Қали өз әңгімесінде. Сонысы арқылы өзінің өнерді соншалықты қадір-қасиет тұтатындығын, өнер саңлақтарына деген ерекше құрметін, сұлулық танымын айғақтайды. Әрі қарай, «Музыкамыздың Мұхтары» деп өзі ат қойған Мұқан Төлебаев, көз алдымызда батыр бейнесінде қалған (бұл да Қалекеңнің теңеуі) Ыдырыс Ноғайбаев, далаға тартып туған Әбдіраштың Жарасқаны, бейнетқор көкесі Дүкенбай Досжан, т.б. шығармашылығы туралы тамсана, майын тамыза әңгімелейді.
Сонымен, Қали Сәрсенбай шығармасы туралы, өзіміз оқыған екі кітабы төңі­регіндегі ойымызды түйіндер болсақ, бұл – өнердің өрісіндегі өнеге дер едік. Өнерді сүйсең осылай сүй.
Ол мына дүниелерден ауқымдырақ, кең мазмұнды повесть дейміз бе, роман дейміз бе, сондай үлкен дүниелер жазса дейміз. Оған Қалекеңнің қабілеті әбден жетеді.

Шерәлі Біләл,
физика-математика 
ғылымының кандидаты, 
филология ғылымының 
докторы, профессор




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *