Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға 5,5%-бен жеңілдетілген несие беріледі

129

Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингке жеңілдетілген несие арқылы алуға 4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Нармұхан Сарыбаев ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

 Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламасы аясында шаруаларды техникамен қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығаруды дамыту қолға алынды. Осы орайда, Ақмола және Қостанайдағы кәсіпорындар базасында аз габаритті аспалы және тіркемелі техниканы шығару жоспарланған.

«Агротехника деген несиемен берілетін өніміміз бар. Бұл несие серіктестіктер мен лизингтік компаниялар арқылы жүзеге асады. Тікелей несие беру көлемін азайтып, басқа лизингтік компаниялар, қаржы институттар арқылы несиелендіруді арттырамыз. 4 млрд теңге сомасындағы жеңілдетілген несие толығымен серіктестіктер, лизингтік компаниялармен бірге жүзеге асырылады», — деп мәлімдеді Нармұхан Сарыбаев.

Бұл жеңілдетілген несие отандық компаниялар өндірген аспалы және тіркемелі жабдықтарды қолданатын және шығаратын кәсіпорындарға беріледі. Лизинг шарты бойынша несие «ҚазАгро» ҰБХ қаражаты есебінен жылдық мөлшерлемесі 5,5%-бен 7-10 жылға дейін беріледі. Басты шарт — техника қазақстандық тауар өндірушінің өнімі болуы тиіс.

«Аспалы және тіркемелі техника түрлеріне келер болсақ оларға ауыл шаруашылығы дақылдарын құрғату, мал шаруашылығына қажетті құралдар, азық дайындайтын техника және топырақты өңдейтін техникалар кіреді. Қымбат техникаға жатпайды. Техникаларды қолданатын шаруаларды ғана емес, оларды шығаратын зауыттарды да қаржыландырудамыз. Бұл да ұлттық қор қаражатына жылдық мөлшерлемесі 5,5 пайызбен 12 жылға беріледі», — деп Мәлімдеді Н.Сарыбаев.

Бұл бағдарлама техникалардың жаңаруына, шетелден келетін техникалардың азаюы мен отандық кәсіпорындар өнімдерін ғана қолдануға алып келеді. Несие беретін компанияларды «Аграрлық несие корпорациясының» ресми сайтынан көруге болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *