Әлем ғалымдары Назарбаевтың ядролық қарусыздануға қосқан үлесін жоғары бағалады

203

Астанада ғылым мен жаһандық проблемаларды талқылайтын Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-ші конференциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

Ең алғаш 1957 жылы әлем ғалымдары Канаданың Пагуош ауылында жиналып, әлемдік саясаттың маңызды аспектілері, ядролық соғыс қаупі туралы пікір алмасқан еді. 2002 жылға дейін адамзатқа төнген қауіп-қатерлер талқыланатын бұл дәстүрлі жиын әлемнің 275 мемлекетінде өткізіліп, оған қатысқан адамдар саны 4 мыңнан асып жығылды. Биылғы кездесуде Пагуош ғалымдар қозғалысының қатысушылары, БҰҰ өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қауіпсіздік саласындағы саяси қайраткерлер мен халықаралық сарапшылар  жаңа ядролық қатерлерге қарсы тұру жөнінде сөз қозғамақ. «Бір кездері Қазақстан ядролық қарудың аса ауыр зардабын шегіп еді. Бұл мемлекет ядролық сынақтарды тоқтатудың маңызды элементі болып қала береді. Біз ядролық қарудың ешбір елде болмағанын қалаймыз және бүгін ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау мәселелерін талқыға саламыз. Қазіргі уақытта 15-16 мың дана көлемінде ядролық қару бар, сондықтан ядролық қауіп-қатерлер мәселесін тасада қалдыра алмаймыз. Пікірлер сан алуан болғанымен,  түйін — біреу. Ядролық қаруды түбегейлі жоюды талқылайтын боламыз»,- деді Пагуош конференцияларының (Пагуош ғалымдар қозғалысы) Бас хатшысы Паоло Котта Рамусино шараның ашылу салтанатында.  Салтанатты ашылуда сөз сөйлеген ғалымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру процесіне қосқан үлесіне жоғары баға берді. «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет айтылған БҰҰ жиналысында мен де болдым. Біз Қазақстанның  ядролық қарусыздандыру ғана емес, Сирия мәселелері бойынша да диалогтық платформаға айналғанын көріп отырмыз. Астана процесі бұл шиеленістің саяси шешімін іздеуге елеулі үлес қосып келеді», — деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, Пагуош қозғалысының президенті Джаянта Данапала. Пагуош қозғалысы бейбітшілік, қарусыздану, қауіпсіздік және ғылыми ынтымақтастық жолындағы ғалымдардың, саяси және қоғамдық қайраткерлердің ірі халықаралық ұйымы болып табылады. 1955 жылы Бертран Рассел мен Альберт Эйнштейн әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдарын ядролық қарудың қаупіне назар аударуға шақырған манифестке  қол қойды. Эйнштейн қол қойған соңғы тарихи құжат қозғалыстың негізіне айналды. Ұйым ядролық қаруды атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынауға тыйым салу туралы шарт; Ядролық қаруды таратпау туралы шарт; Зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін шектеу туралы шарт; Биологиялық және химиялық қару түрлеріне тыйым салу туралы конвенция; Еуропадағы кәдімгі қарулар туралы шартқарусыздану және қауіпсіздік саласындағы көптарапты негізгі келісімдерді әзірлеу және қабылдауда маңызды рөл атқарды. 1995 жылы Пагуош қозғалысы Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ие болды. Пагуош қозғалысының Астанадағы кездесуі 25-29 тамыз күндері өтеді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *