Білім күнінен – білім экономикасына

162

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі 
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Бүгінгі өзгермелі дүниеде ел іргетасын одан әрі нығайту басты міндет болып табылады. Бұл орайда басты назар Елбасымыздың Қазақстан-2050 Стратегиясын жүзеге асыруға аударылып отыр. Алыс болашақты көздейтін осынау құжатта білімге негізделетін экономиканы құрып, дамыту көзделген. Ал, бұл бағытта университеттер атқаратын іс ұланғайыр. Өйткені, қазіргі таңда бүкіл әлемде университеттік білім беру жоғары оқу орындарының инновациялық үдерістерге белсенді түрде араласуымен ұштастырылуда.
Мұның себебі түсінікті де. Өйткені, осы арқылы ғылым мен ғылыми зерттеулер нақты іс жүзінде жалғасын тауып, елдің дамуын жеделдетуге септігін тигізеді. Сөйтіп, бүгінгі университеттер инвестициялық тұрғыдан тартымды ғылым мен білім ордалары, инновация және білім экономикасының негізі болып отыр. Ал, ғаламдық дамудың мұндай маңызды бағытынан білім ордалары шет қала алмайтыны белгілі. Азия Даму банкінің деректеріне қарағанда, республика жоғары оқу орындары жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының тең жарымы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үлесіне тиеді екен. Қазіргі таңда мұнда екі жүзден астам іргелі, сондай-ақ қолданбалы жобалар орындалу үстінде, бұлар ғарыштық зерттеулерді, атом энергетикасын, инновациялық өндірістерді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету, термоядролық реактор жасау мен пайдалану сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асуда.
Университеттің 8 ғылыми-зерттеу институты, 23 орталығы табысты еңбек етуде, оның ішінде Орталық Азияда және Қазақстандағы жалғыз Хьюллет-Паккард ақпараттық технологиялар орталығы, технопарк, бизнес-инкубатор бар. Ал, ғылыми-технологиялық парк жастардың ғылымы, білімі мен инновациялық қызметі арасында байланыстыратын буын болып табылады. Технопарк қазіргі нарықта сұранысқа ие жаңа өндірістер мен қызметтерді өмірге әкелу жүйесін, яғни толық тізбекті — идеядан бастап инновациялық фирма құруға дейінгі үдерісті ретке келтіруді көздейді. Бүкіл әлемде бизес пен инновацияның, инфрақұрылым мен қызметкерлердің мұндай тығыз ұштасуы жаңа шағын кәсіпорындардың өмірге келуіне қолайлы жағдайлар туғызады. Мұның барлығы дамудың алғашқы сатысында оларға қолдау көрсетіп, идеяларын жүзеге асыруға, кейіннен оларды коммерциялық арнаға түсіруге саяды.
Қазіргі таңда университет ғалымдарының оншақты инновациялық жобасын экономиканың нақты секторына енгізу жұмысы сәтті жүргізілуде. Fujitsu компаниясының инновациялық шешімдері нәтижесінде ұжымдық дата-центр құрылды және жаңа университеттік Ғылыми кітапхананы сандық жабдықтандыру жасалды. Халықаралық Uniform Project консорциумы аясында Токио университетімен бірлесе отырып, алғашқы отандық наносерікті баптауға арналған бірегей жоба басталды. Университеттің инновациялық кластері инновациялық инфрақұрылымды және ғылыми-технологиялық талдамаларды басқару моделін қалыптастыруды қамтамасыз етіп, ол жаңа технологиялар трансферті кешені, университеттің инновациялық-зерттеу қызметін үйлестіру орталығы болуға тиіс. Бағдарлама аясында бизнес-инкубация және өндірістік орталықтар құрылады. Бұл инновациялық кластердегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік–конструкторлық екі бағыт болады. Бұларға нанотехнологиялар мен перспективалы материалдар, баламалы энергетика және энергия үнемдеуші технологиялар, фармацевтика, биотехнология және физика-химиялық технологиялар жатады. Бұл бағыттар бүкіл әлемде басым бағыттар болып табылады. Кластер құру арқылы ҚазҰУ ғалымдарының, ғылыми ұйымдардың өндірістегі ең үздік жұмыстары іріктеліп алынып, коммерциалияландыру, сол арқылы инновациялық кәсіпорын құру болмақ. Дамыған елдер тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, «ғылым – білім беру – инновациялық өнім» үштігі арқылы мұндай инновациялық кластерлер ірі оқу орындарында болуы керек.
Қазіргі таңда университетте бірқатар келешегі зор бағыттар, атап айтқанда отынның баламалы түрлерін жасау үшін органикалық қалдықтарды өңдеу, қоршаған ортаны қорғау үшін биотехнологиялық препараттар шығару, экологиялық таза азық-түлік алу технологияларын жасау, айналадағы ортаның қолайсыз факторларына төзімді ауыл шаруашылық дақылдарының жаңа сорттарын шығару бағыттары бойнша зерттеу жұмыстары басталды. Жану проблемалары институты өз кәсіпорындарында түрлі мақсаттағы сорбенттер, отқа төзімді кабельдер, оттан қорғайтын қабықтар сияқты ондаған өнім түрлерін өндіруде. Фармацевтика саласында ғалымдарымыз отандық өсімдік шикізатынан алынатын көптеген препараттарды өмірге әкелді.
Бүгінде ҚазҰУ әлемнің 800 үздік университет-тері арасында 236-шы орынды иеленіп, әлемдік 300 үздік жоғары оқу орындары қатарына енді. Бір айта кетерлігі, ТМД елдерінен бұл топқа 3 жоғары оқу орны ғана кіріп отыр. Бағындырар асулар бұдан да биік. Ғылым мен инновация тығыз ұштасқан, еліміздің білім экономикасын алға ұластыра алатын жоғары білікті кадрлар қанаттанып жатқан университетте бұл үшін барлық негіз жасалған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *