Гүлжан МЕНДЕКИНОВА, Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы: Тарихи атауларды қалпына келтірудеміз

229

Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, тұғырына қондыру өңірлердің тіл мәселелерінде атқарып отырған іс-шараларына да тікелей байланысты болатыны анық. Осы орайда Қостанай облысында жүзеге асырылып келе жатқан жұмыстар жөнінде облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан МЕНДЕКИНОВАМЕН әңгімелескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

– Гүлжан Ермашқызы, еліміз тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында атқарылған игі істер көп-ақ. Осындай іс-шаралардың өңірдегі нақты көрінісі қандай?
– Қазіргі таңда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші кезеңі басталды. Жалпы өткен алты жылда ауыз толтырып айтарлықтай істер жүзеге асырылды. Аталмыш бағдарламада көзделген мін­дет­тердің бірқатары орындалып, осы салаға жауап беретін білікті мамандар өздерінің іскерлік қырлары мен өзге де ізгі қасиеттерін жұмыс барысында айқын танытты. Мен әңгіменің орайы келгенде, облыс басшылығы өңірімізде тілдерді дамыту мақсатында қомақты қаржы бөліп отырғандығын ерекше атап өткім келеді. Осындай қамқорлық пен қолдаудың нәтижесінде тындырылып жатқан жұмыстар ауқымды. Мысалы, облыста тілдерді оқытудың инфрақұрылымы жасалғандығын тілге тиек еткенім де орынды болар.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйек­терге сүйенгеніміз абзал. Бұл күндері өңірде 18 мемлекеттік тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Оның біреуі Қостанай шаһарында, қалғандары аудандар мен қалаларда орналасқан.
Біреу білер, біреу білмес. Мына мәселе жайлы да баяндап өт­кенім жөн шығар. Тәуелсіздіктің арқасында кешегі нәубет жылдары күнкөріс қамымен шет елдерге тарыдай шашырап кеткен бауырларымыз арамызға қосыла бастады емес пе? Сондай ағайындарымыз алғашқы кездері орыс тілін мүлдем білмейтін. Сол себепті де өзге елдерден көшіп келген қандастарымызға арналған орыс тілін оқытатын топтар құру қолға алынған-ды. Кеншілер қаласы Рудныйда оралман ағайындарға тіл үйрететін осындай топтар жұмыс істейді.
– Тіл үйрету мәселесінде этно­мәдени орталықтары қандай қызмет атқаруда?
– Облысымызда ынтымағы жарасқан көптеген ұлт өкілдері тұрады. Мәселен, біздегі 9 мәдени бірлестіктің жанында олардың өз тілдері оқытылуда. Олардың қатарында неміс, татар, иврит, поляк, орыс, армян, корей, қырғыз секілді этно-мәдени топтар бар. Бірлестік мүшелері ана тілдерін жетілдірумен бірге, мемлекеттік және ағылшын тілдерін де оқып үйренуде.
Айта кетерлігі, Тіл оқыту орта­лық­тарының оқытушылары үшін былтыр біздің басқарма бірнеше семинар өткізді. Оның екеуі облыс орталығында ұйымдастырылған онлайн және Жітіқара, Қарасу ­аудандары мен Рудный шаһарындағы тілдерді оқыту орталығы базасындағы көшпелі семинарлар.

Үстіміздегі жылдың жарты жыл­дығында «Қазтест» жүйесі бойынша қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтаудың диагности­калық тестілеуінен 18 688 адам өтті. Басқа да осы бағытта атқарылған жұмыстар аз емес.
Сондай-ақ «Мың бала» республи­калық мәдени-ағартушылық жобасын өңірімізде жүзеге асыру мақсатында барлық аудандар мен қалаларда, мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде «Тіл мектептері» ұйымдастырылды. Осы аталған жобаның аясында қазақ тілін үйрету, өскелең ұрпақты патрио­ттық тәрбиелеуге айрықша назар аударылды. Жоба аясында Алашорданың 100 жылдығына арналған «Кемел елдің — кемеңгер қаламгерлері» деген тақырыпта шығарма жазу байқауы, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына байланысты диктант ұйымдастырылғанын да айтып өткеніміз жөн.
Жалпы облысымызда тілдің мәр­те­бесін көтеру, барлық ұлттарды ауызбірлікке, қоғамдағы тұрақтылыққа, үштілді білім беруді дамыту мен насихаттауға бағытталған түрлі сайыстар өткізу дәстүрге айналды. Мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» және «Мемле­­кеттік тіл және БАҚ» секілді бай­қаулар өткізіліп келеді. «Тіл дарын», «Тіл шебері», «Тіл-парасат», «Текті сөздің төресі – терме» секілді олим­пиа­далар және өзге де байқаулар ұйым­дастырылады.
– Жер-су атауларын өзгерту, қала мен кент көшелеріне белгілі тұлғалардың есімдерін беру, маңдайшалардағы жазуларды қатесіз жазу жайында да айтып өтсеңіз?
– Иә, бұл да қазіргі таңдағы жүрегі елім, халқым деп соғатын әрбір азаматты толғандыратын мәселе. Бұл маңызды жайларды біз тұрақты назарда ұстаймыз. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар атқара беретіндігіміз даусыз.
Өткен жылдарды айтпағанның өзінде, былтыр Қостанай шаһарында Таран көшесі – Тәуелсіздік, Герцен көшесі – Қобыланды батыр даңғылы болып өзгерді. Сондай-ақ Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіндегі Калинин көшесі де Тәуелсіздік, Ұзынкөл ауданындағы Центральная және Новая көшесі – Е.Жамбыршин, Ә.Дәрменов көшелері болып аталды. Сонымен қатар бір­қатар аудандардағы бұрынғы көшелерге ұлтымыздың біртуар тұлғалары Сералы Қожамқұловтың, Мұхамеджан Сералин­нің, Өмірзақ Сұлтанғазиннің, Елубай Өмірзақовтың және басқа өңір мақтаныштарының есімдері берілгендігін атап өтер едім.
Біз ономастика мәселесіне байланысты бірқатар басқосулар өткіздік. Осы жиындарда алдағы жұмыстардың бағдары айқындалды. Биылғы қыркүйек айының ортасында Лисаков шаһарында бірқатар қалалар мен аудан өкілдерінің қатысуымен «Тарихи атауларды қайтару – тарихи жаңғырту кепілі» және қазанда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекетік университетінің базасында дөңгелек үстел және ғы­лыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылмақ.
Жарнама, көшелер мен маңдайша­лардағы жазулардың қазіргі уақыт талабына сай сауатты жазылуы да біздің тұрақты назарымызда. Сол себептен де біз осы мәселеге қатысы бар агенттіктермен тікелей жұмыс істейміз. «Нұр Отан» партиясы Қостанай об­лыстық филиалы және «Ұлт тағдыры – Қостанай» қоғамдық бірлестігімен бірге қозғалып отырған жайға байланысты рейдтер жүргізуді де дәстүрге айналдырдық.
Кемшілікке кеңшілік жасаған мекемелер мен ұйымдарға арнайы хат жазып, анықталған келеңсіздіктерді болдырмау жайын еске саламыз. Олардың арасында сыннан қорытынды шығарып, нақты жауап беріп жатқандары да баршылық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген ұлағатты сөзі бар. Егер өзгелер тілімізді сыйлап, өркендетсін десек, алдымен ана тілімізді өзіміз құрметтейік дегім келеді.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласы барша қауым тарапынан жақсы қолдау тапқаны белгілі. Өзіңіз басқаратын басқарма тарапынан болашағымызды айқындайтын осы маңызды құжатқа байланысты халыққа ғибрат боларлықтай қандай істер атқарылып жатыр? Осы жайлы қысқаша баяндап берсеңіз.
– Дұрыс айтасыз. Елбасының өзіңіз тілге тиек еткен аса құнды мақаласы бәрімізге де үлкен ой салды. Ерекше серпіліс беріп, бойымызға тың күш-қайрат құйылғандай сезіндік. Өңірде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді талқылау мәселесі бойынша облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Мұндай топтар барлық аудандар мен қалаларда да жұмысын бастады. Мәселен, облыстық топтың мүшелері Аман­гелді, Әулиекөл, Денисов, Жангелдин, Қамысты, Қостанай, Меңдіқара, Наурызым, Сарыкөл аудандары мен Арқалық және Қостанай қалаларында арнайы іссапарда болды. Олар аталған жерлерде тұрғындармен 700-ге жуық кездесу өткізіп, оларға жоғарыда аталған маңызды құжаттың мәні мен мақсатын жете түсіндірді. Халық та оларды жылы қабылдап, мемлекет басшысының мақаласына ерекше ризашылығы мен қолдауын білдірді. Сондай-ақ аудандар мен қалалардағы топтар 4500 адамды қамтитын жүзден астам басқосу ұйымдастыруға ұйтқы болды. Онда да жерлестеріміз тарапынан тек қана игі тілектер айтылды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қазымбек ­Ахметов «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру және үштілділікті өмірімізге батыл енгізу хақында сұхбат берді.
Теледидардан сөйлеп, өз пікірін ашық білдіргендердің қатарында Жітіқара аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Әлмұхамедова және өзге де азаматтар бар. Басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалар жарияланды.
Қазіргі таңда облысымыздың жер­гілікті мемлекеттік органдарының ғалам­тор-ресурстарында «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы және қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге арналған бөлім ашыл­ғанын айта кету орынды. Қықсасы, осы мақсатта атқарылған жұмыстар аз емес.

Өткен жылдарды айтпағанның өзінде, былтыр Қостанай шаһарында Таран көшесі – Тәуелсіздік, Герцен көшесі – Қобыланды батыр даңғылы болып өзгерді. Сондай-ақ Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіндегі Калинин көшесі де Тәуелсіздік, Ұзынкөл ауданындағы Центральная және Новая көшесі – Е.Жамбыршин, Ә.Дәрменов көшелері болып аталды. Сонымен қатар бір­қатар аудандардағы бұрынғы көшелерге ұлтымыздың біртуар тұлғалары Сералы Қожамқұловтың, Мұхамеджан Сералин­нің, Өмірзақ Сұлтанғазиннің, Елубай Өмірзақовтың және басқа өңір мақтаныштарының есімдері берілгендігін атап өтер едім. 

– Сіз жаңа қызметіңізге дейін де бірқатар лауазымды жұмыстарды атқар­ғаныңызды білеміз. Осы орайда оқырман қауымға өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Өзім өңірдегі Ұзынкөл ауданына қарасты Калинин кеңшарында туып өстім. Әкем Ермаш пен аяулы анамыз сегіз перзентіне кішкентайынан тағылымды тәрбие берді. Отағасы есеп саласы мен мал шаруашылығында жұмыс істесе, анамыз Нағима біздің тәлім-тәрбиемізге ерекше көңіл бөлді.
Мен текті жердің ұрпағымын. Атамыз Тәуірбай сонау 1942 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысқан азамат. Жылқы өсіріп, бүкіл өңірге танылған. Оның әкемнен басқа Сәлмәш және Қабыл есімді ұлдары да көпшілікке танымал тұлғалар еді. Ал Рабиға апамыз Қостанайдан шыққан көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор. Әкемнің туған ағасы Айтмағанбет бұрынғы Боровской аудандық партия комитетінің хатшысы секілді лауазымды қызмет атқарған. Өзім өмір жолымда осы көкемізден және білім саласында Лидия Садуақасова мен Ырымалды Аяпова сынды аяулы жандардан үйренгенім көп. Олардың маған тигізген ықпалы ерекше. Аяулы апаларымның қолдауымен 1998 жылы «Жыл мұғалімі» атандым. Басқа да сый-құрметке бөлендім. Осы қуаныштарымды өзгелерден қалай жасырайын.
Ал қызмет мәселесіне келетін болсақ, Арқалықтағы педагогикалық институттан соң қатардағы мұғалімдіктен ­бастап, директорлыққа дейін көтерілдім. Аудандық білім бөлімдерінде, Меңдіқара аудандық және Қостанай қалалық әкімдерінің аппараттарында жетекші болып жұмыс істедім. Көпшілік қауым облыстық білім басқармасында және қазіргі қызметіме дейін облыстық әкімдіктің архив және құжаттандыру басқармасында лауазымды қызмет атқарғанымды білетін болар. Отбасында сүйікті анамын. Гүлмира есімді қызым бар, үйлі-баранды. Адия, Ажар есімді немерелерім де өмірімнің сәні.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен 
Оразалы ЖАҚСАНОВ 
Қостанай облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *