Айдарбек батыр және оның ұрпақтары

41

Айдарбек батыр Өрісұлы ХVІІ ғасырда қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданы өңірінде өмір сүрген. 
Қазақ тарихында ХVІІ ғасырдың екінші және ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ ұлтының тарихындағы ең ауыр белес болып табылады, сонымен қатар халық санасына жоңғарлардың шапқыншылығынан туындаған қасірет пен жоқшылық жайлаған жылдар ретінде сіңіп қалды. Осы уақытта сыртқы басқыншылық пен жат елдердің отарлау саясаты, билік үшін өзара таластар мен алауыздық қазақ елінің енсесін түсірді.

Қазақ хандығы құрылған уақытпен бір мезгілде түркі тектес батыс моңғол халықтарының тобы, Будда дінін ұстанатын қалмақтардың арғы аталарынан тұратын Жоңғар (ойрат) мемлекеті бой көтереді. Бұл тұста халықаралық жағдайдың шиеленісіп тұрған шағы еді. Сол кездегі үлкен мемлекеттер өздеріне жаңадан жер қосып алуға өзара талас жүргізуде болатын. Батыстан – І Петрдің қазақ жерлерін өзіне қосуды мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтерген Ресей империясы. Қытай империясы тарапынан да басқыншылық қауіпі аз төнген жоқ. Осындай жағдайды пайдаланған және көрші елдерін түртпектеумен жоңғар-қалмақтар 150 жыл бойына, 1599-1750 жылдар аралығында қазақ жеріне ұдайы жортуылдар жасап тұрды. Осындай қиын заманда қазақ елін қорғауға өңкей батырлар шығады. Олардың ішінде Сыр бойының батырлары да болды. Қазақ батырларының ең басты ерекшелігі дәстүрлі қоғамда олар тек әскери тәртіппен айналысты, қазақ хандығында тұрақты әскер болмағанмен, соғыс оты тұтанғанда, әр ру, әр тайпа, әр ұлыстың батырлары өз жасақтарымен бірігіп жауға соққы берудің жолдарын қарастырды. Батырлықтың, қаһармандықтың өзіне тән дәстүрлері болады. Қазақ халқы хандарды қалай сыйласа, батырларды да солай сыйлаған.
Айдарбек батырдың тегіне келсек ­Алшын Әлімұлы Шекті. Шекті екіге бөлінеді: Сыр Шектісі мен Қыр Шектісі. Сыр Шектісі – Жақайым, Есінәлі, ­Айдарбек. Қыр Шектісі – Бөлек (Айт, Бұжыр). Айдарбек батырдың Алтынбай, Күлік, Ардана, Татыран атты төрт баласының ұрпақтары төрт рулы елге айналып Арал теңізінің солтүстік жағалауын мекендеген.
ХVІІ ғасырда осы күнгі Майлыбас бекеті тұсындағы кезекті бір ұрыста қатты жараланған Айдарбек батырды баласы ­Татыран батыр қазіргі Қожабақы ­ауылынан он шақты шақырым жердегі бір төбеге жерлейді. Бұл Айдарбек батыр Арал ауданының Ақирек, Ақбай жерлерінде қыстап, Сарыарқаны жайлаған. Кейін балалары Татыран батыр Беларықта, Ардана батыр Шөмішкөлде, Күлік батыр Бөгенде, ал Алтынбай батыр Ақирек пен Ақбайда мекен етіп қалады.
Жалпы Айдарбек батыр туралы дерек аз. Тек қазірше сүйенеріміз ­Айдарбек батырдың батыр болып өткен ұрпақтарының есімдері өздерінің лайықты орындарына беріліп отырса ­жастарымызды ұлттық, патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде таптырмас дүние болатынына сенімдімін.
«Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасам­паздығы арасында сабақтастық болса ғана біз «Мәңгілік Ел!» боламыз» деген ­Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі соған айғақ.
Айдарбек батырдың белгілі ұрпақтары: Тайғара батыр – (1713-1795), Атығай ­батыр Жақсылықұлы – ХІІ ғ. (Арал маңында Атығай төбе деген жер бар), Ақшабай батыр – ХІІ ғ. (Арал маңында Ақшабай атты жер бар), «Құттыбай» атанған Жансары батыр Құтымұлы – ХІІ ғ., Сарыайғыр батыр-әулие Сатыбалдыұлы – ХІІІ ғ. (Бейіті Арал ­ауданында), «Көп садақ» атанған Андақұл ­батыр Түйтеұлы – ХІІІ ғ. 86 жасында қайтыс болған. Бейіті Арал ауданы, Ақиректе, Сары батыр Түйтеұлы – ХІІІ ғ. Қартайған шағында дүние салды. Бейіті Арал ауданы, Ақиректе. Қылыш батыр – ХІІІ ғ., Жәнке батыр, би Құлым (Жаманкөз) ұлы – ХІІІ ғас. 2-ші жартысы, ІХ ғ. 1-ші жартысы, Қарашолақ батыр Қорлыбайұлы – ХІІІ ғ. 2-ші жартысы 19 ғ. 1-ші жартысы, Өтім батыр – ХІІІ ғасырдың 2-ші жартысы, ІХ ғ. 1-ші жартысы, Берден батыр – ХІІІ ғ. 2-ші жартысы, ІХ ғ. 1-ші жартысы, Бекмырза батыр, хан Әлдиұлы – (1812-1856), Сатыбалды батыр – ІХ ғ, Төлеш батыр Бұқарұлы – (1788-1868), Ізбас батыр – ІХ ғ., Арыстанбай батыр – ІХ ғ., Саман би, Қазанғап әулие Байтөреұлы (1868-1949).
Айдарбек батырдың ХVІІІ ғасырда өмір сүрген ұрпақтарынан елін қорғаумен, батырлығымен көптеген ұрпақтарының аты шықты. Солардың ішінде бірнешеуін атап өтейік. Күлік батырдың ұрпағы әрі би, әрі батыр Жәңке Құлымұлы (Жаманкөз), Ақтайлақ атанған Тайлақ батыр Өтеғұлұлы, Танық батыр Өтеғұлұлы, Сары батыр Түйтеұлы.
Тайлақ батыр Інісі Танық екеуі бір шайқаста көп қалмақты қырып (түнгі соғыста) қаза болғаны, мыңбасы болып Кіші жүз қолымен талай соғыстарға қатысқаны, ол өлгеннен соң мыңбасы болып туысқан інісі Жәңке батыр болғаны тарихтан белгілі.
Ал Сары батыр Түйтеұлына келсек бұл кісі Алтынбай батырдың ұрпағы, Аманөткел мен Ақбай жерлерінің маңайында жерленген. Бүгінгі күні зиратын табу қиын, жермен жексен болып кеткен. Сары батырдың жиен-немересі Ұлытау өңірінен шыққан тегі Найман, атақты Уәйіс батыр, би Байжанұлы болған. Атап кету керек Уәйіс батыр нағашы атасы Сары батырды қатты құрметтеген. Жас кезінде әдейілеп келіп сәлем беріп, батасын алған. Ал батыр нағашысы оған халықтың салт-дәстүріне сәйкес, жиен сыбағасын берген. Кейін Уәйіс батыр Кенесары ханның қозғалысына қатысады, бейіті Түркістандағы Қожа ­Ахмет Ясауи мазарында. Ал билік құрған қазақ хандарының бәрі бірдей кесененің ішінде жерленбегенін ескерсек, айтқандары ­дуалы ел билерінің бір ауыздан келіскен шешімімен мазардың ішінен орын берілуі, Уәйіс батырдың Алаш жұртындағы орны мен беделін айқындайды. 2009 жылы Жезқазған қаласынан Сары батырдың жиені Әлжаппар ақсақал менімен хабарласып, өзі ұлық тұтатын нағашысы, батыр бабасы Сары Түйтеұлының ұрпақтарымен табыстыруды өтінген. Нәтижесінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ­жауапты қызметкері, ­Алтынбай батыр туралы өз бетінше деректер жинақтап жүрген Сары батырдың ұрпағы Нысанқұлов Әмірханмен қауыштырдым. Осы жерде Әмірхан ағама ризашылығымды айтқым келеді. Айдарбек батыр жөнінде мағлұмат жинап жүрген ағам бұдан былай бірлесіп жұмыс жасауға өтініш білдірді. Сол сияқты зерттеуге ғылыми көзқараспен қарау керектігін, тарихи деректерді бұрмалаудан аулақ болуды, тек ақиқатты ғана қағаз бетіне түсіріп, тарихты шындықпен жазу керектігін айтқан болатын. Ә.Нысанқұлов өзіндегі барлық жинақтаған деректерін талдап, өңдеу жүргізу үшін маған ұсынды және Арал ауданындағы жасы үлкен, көненің көзіндей құйма құлақ ағаларымен табыстырды. Солардың бірі, бүгінгі таңда арамызда жоқ Әбілов Алдамжардың аруағы риза болсын, Алтынбай батырдың өмір сүрген жерлерін аралауға үлкен көмек көрсеткенін айтуды парыз санаймын.
Сарыайғыр батырға келсек Ардана батырдың ұрпағы. Елі бұл кісіні қатты құрметтеген. Бейіті Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылының маңайында.Айдарбек батырдың ХІХ ғасырда өмір сүрген «Аққұлақ» атанған Арыстанбай батыр, Төлеш батыр Бұқарұлы, Бекмырза батыр-хан Әлдиұлы, Қарашолақ батыр сияқты ұрпақтары Қоқан, Хиуа хандықтарының оз­бырлығына, Ресей патшалығының бас­қын­шы­лығына қарсы шыққан айтулы тұлғалар.
Аталған батырлар жөнінде Сыр сүлейлері де жырға қосқан.
«Шашақты ақ найзасын шырқ үйіріп,
Күліктің, Жәңке, Төлеш жетті ері өктеп.
Кешегі қос көкжалы Ер Күліктің,
Арынын арқыратып жел Күліктің ай­қасқан кірді топқа.. шықты тайқып…» деп Қаракеней ақын жырлаған.
Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байы­майды» деген нақыл бар. Сондықтан біз, кейінгі ұрпақ, кезінде халық мүддесін қорғап батырлығымен ел құрметіне бөлен­ген Айдарбек батырдың және оның батыр ұрпақтарының есімдерін ұмытпауымыз керек.

Ахметбек БАҚЫТЖАН,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 
«Қорқыттану және өлке тарихы» 
ғылыми-зерттеу институтының 
ғылыми қызметкері




One thought on “Айдарбек батыр және оның ұрпақтары

  1. Бақытжан Ахметбек

    Мен мына мақаланың авторымын, сіздер менен руқсат алмай көшірсеңдер қатесіз, дұрыстап көшірмейсіздерме! Менің осы мақаламды Аңа тілі газеті де батырлардың өмір сұрген ғасырларын қате жазып еді.XIII ғасыр емес XVIII ғасыр деп жазу керек және XI ғасыр емес XIX ғасыр деп жазу дұрыс. Сіздердің мына менің мақаламды жариялағаннан кейін, оқыған кісі сауатсыз зерттеуші деп қалады. Жөндеп жазыңыздар!.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *