Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері

929

Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мен «Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы ассамблеясының» Достық үйі ғима­раты­ның мәжіліс залында латын әліпбиі мәсе­лелері бойынша «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері» атты ғылыми семинар өтті. Аталған жиынға тілші ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, заңгерлер, ұстаздар, мемлекеттік мекемелерінің іс-жүргізуші мамандары қатысты.

Ғылыми семинарда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Нәзира Әміржанова «Рухани жаңғыру және әліпби таңдау мәселелері», ­Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Сабыр «Тілдік ұстаным және латын қарпі», М.Өтемісов атындағы ­Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, PhD доктор Қамар Алдашева «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты: латын әліпбиіне көшудегі норма және кодификация мәселелері» атты баяндама жасап, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы ­туралы айтып өтті. Ал Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының директорының міндетін атқарушы, тілші-ғалым Болат Жексенғалиев «Латын ­жазуы негізінде ұлттық әліпби қалыптастыру мәселелері», филология ғылымының магистірі Әлима Дүйісмағанбетова «Латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы қоғамдық ой-пікірлер» атты баяндамаларында латын әліпбиіне қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашу керектігін сөз етті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан ­бастау алып отырған тілдік таңбаны ауыстырудағы ғылыми мәселелер, графиканың стандартын бекітуде ескерілетін тұстар жан-жақты талданды. Әсіресе, латын әліпбиінің соңғы ұсынылған үлігісіне қатысты кейбір олқы тұстарын жеткізді. Осы мәселелерге қатысты қалың бұқараға үгіт-насихат, түсінік жұмыстарының сауатты түрде жүргізілуі ерекше айтылды. Семинар қорытындысы бойынша, латын әліпбиін бекітуде маңызды мәселе ұлттық төл дыбыстарды таңбалау, диграфтар мәселесін қайта қарау ұсынылды.

Әбілмансұр ЖАСАН




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *