Адамдық пен ақындықтың өлшемі

245

Жазушылық пен ақындық қасиет – Алладан келетін үлкен сый. Халық арасында жазушылар мен ақындардың ғұмыры жайлы аңыз бен ақиқат та жетерлік. Ал бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері айтыскер ақын ­Надежда ­Лушникова жайында айтылар әңгіме де, естеліктер де аз болмаса керек. Әйел – ана, әйел – ұстаз, әйел – ақын, айтыскер. Ол осындай бірнеше жүкті қатар көтеріп келе жатқан нәзік жан. Мұндай іс екінің бірінің қолынан келе бермейтін, кез келгеннің уысына түсе бермейтін бақ. Тәңір сыйлаған талантымен, қажыр-қайратымен ел-жұртын тамсандырған тума талант иесімен кездесудің сәті түскен еді. 

Ол былай болған. Жасымыз ұлғайған сайын өткен жылдарыңа есеп бергендей, артыңа қарайлайтын кездерің көп болады екен. Кімді ұмыттым, кімді көргім келеді деген сияқты ойдың жетегінде жүресің. Жас кезімізде-ақ аты алысқа жеткен, ақындығымен ғана емес, саналы ғұмырын ел баласын тәрбиелеуге, ұстаз ретінде «ұлтым басқа» демей-ақ, ұлылығымен халқының жүрегінен, әркімнің көңілінен ойып орын алған ардақты ана есімі – Надежда Андрейқызы Лушникова. Кейде пенде болғасын, біреудің «түсімде көрдім, аян берді, содан ел аралап кеттім» деген сыңайлы әңгімелерін естісек те, аса мән бере қоймайтынымыз жасырын емес. Ол жаңсақ ұғым екен. Тіпті ойда да жоқ, әңгіме де етпеген едік, әйтсе де, екі-үш күн бойы түсіме Надежда апай кіре берді. Өңімде де көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды. Бұл болған оқиға. Енді сол әңгімеге ауысайын.
Адам шын ниеттенсе, ат тұяғы жетпейтін жер жоқ. «Сұрай-сұрай Самарқанды табасың» демекші, ­Надежда апайды білмейтін қазақ жоқ әсте. Естуіміз бойынша, жол бойы Үмбетәлі ауылына ат басын тіредік. Сұрастыра келе, ауыл шетінде бірінші кезіккен орта жастағы жігіт қазір ол кісінің бұл ауылдан көшіп кетіп, Ұзынағашта тұратынын айтты. Бірақ үлкен шаңырақ – анау тұрған көк қақпалы үй деп жөн көрсетті. Бардық. Е, қайран көңілі дарқан қазағым-ай, өзі қандай кең болса, ауласы да ат шаптырым кең ғой. Есігі айқара ашық, құлып-кілт деген атымен жоқ, дастарқан жаюлы күйінде тұр. Үй иелері бір жаққа шығып кеткен болу керек,ешкім келе қоймады. Баяғы біздің бала күніміздегі мамыражай шуақты жайбарақат қазақы ауыл өмірі, жусан мен тезек иісі аңқып тұр. Балалық шақтағы өз ауылымыз еске түсіп, біраз аялдадық та, Ұзынағашқа тартып кеттік. Жол бойы әлгі бізге жөн көрсеткен жігіт Надя апай жайында айтып, тауыса алмады. «Жасыратын несі бар, кейбір өзіміздің қаракөз жеңгелеріміз Надежда апайдың шаңына да ілесе алмайды-ау!» деп ағынан жарылды. «Ауыл ғана емес, бүкіл қазақ мақтан ететін адам, аяулы анамыз, қазақылығы мен адамгершілігінде мін жоқ қой» деп сипаттап болғанша, ақын апайдың үйіне де келіп жеттік. Көшеге қараған ашық терезеден самбырлай сөйлеген бала-шағаның даусы естіліп тұрды. «Надежда апаларың үйде ме?» деп сұрадық. Ашық терезеден далаға бастарын созып қарап тұрған жеткіншектер жауап бергенше, ар жақтан «кірсін үйге, келе берсін» деген дауыс саңқ етті. Имене басып, есікті аштық. Төр алдында кәдімгі бала кезімізде өз ауылымызда көретін ақ жаулықты салмақты «сары қарын бәйбіше» дейтін, бес биенің сабасындай салиқалы ақын апамыз отыр екен. Іле-шала орнынан тұрып, бізді арқа-жарқа болып қарсы алды. Пах, шіркін! Адамның адамшылығы амандасқанынан-ақ белгілі емес пе?! Мынау соның көрінісі. Құдды бір көп жылдар көрмей кетіп, қайынсіңлі, бауыр-інілерімен жаңа қауышқандай, қауқылдасып мәре-сәре болдық та қалдық. «Шай қояйын, келін де бір шаруамен кете қалып еді» деп ақын апай шәйнекті ұстай берді. Біз аузымыздың ораза екенін айтып, апайы­мызды әрең орнына отырғыздық. Үлкен креслоға жайғасқан соң-ақ, қайдан жүрген қазақтар екенімізді, хал-жағдайымызды, келу себебімізді айтып жатырмыз. Айтулы ақынды өз көзімізбен көріп, сәлем бере келгенімізді де жасырған жоқпыз. Жылы сөз жан семіртер деген осы ғой. «Е, алтындарым, рақмет сендерге» болды екі сөзінің бірі. Күн қағып күреңденген бет жүзінен жылылықтың, әдемі көкшіл жанарынан тереңдіктің, аузын ашса ақ көңіл адалдықтың лебі есіп тұрды. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Алғашқы кездес­кен сәттің өзінде-ақ, атағы жер жарған, алты Алашқа ақындығымен танылған айтыскер апайдың қарапайымдылы­ғын, адамға деген ақ, адал, риясыз көзқа­расын, құрметін, бала-шаға, неме­релерімен жылы қарым-қатынасын, ана ретіндегі қамқорлығын өз көзімізбен көріп, әңгімесін тыңдап отырып-ақ, әйел – ана, әйел – ұстаз, әйел – қаламгер ретіндегі халыққа танылған ақынның сан қырлы жақсы қасиеттерінің куәсі болдық. Көңіліме түйгенім көп болса да, жазуға келгенде абдырап қалғандаймын ба, әйтпесе алғаш көрген сәттегі алған әсерім аз емес еді-ау! Осындай беделге ие болуының негізі адамның атағынан гөрі, оның адами болмысын танытатын ерекшелігі, аузынан шыққан сөзі мен іс-әрекеті.
«Ғалымның алдында тіліңді беземе» деген бар. «Сіздей ақынның алдында ағытыла сөйлеудің өзі әбестік болар» деп ыңғайсыздандым. «Ей, жән-нім, о не дегенің, қазақтың шөбі де сөйлеп, желі де ән айтып тұрмай ма, қыз-ау» дегені. «Қыз-ау» деп жеңгелігі басым түскен жаннан айналмайсың ба, себебі де жоқ емес. «Дулат руының отын жақтым» деп қалып еді сөз арасында. Ақын жеңгем мені қайынсіңлім деп бауырына басқаны – жүрегінің жылылығы, қазақы салт-дәстүрдің уызына қанықтығы, әулетін ардақтаған келін және ақындық пен ақылдылықтың белгісі деп түсіндім. Бұл көңілі қазақтың дарқан даласындай кең, жан дүниесі риясыз пәк, адами қасиеті мен өресі биік кісінің ғана қолынан келеді деп қабылдадым.
Нәсібін жырдан тауып, өмірлік жарын қазақ жігітінен таңдаған Надежда Лушникова апайдың әр мәселеге қатысты ортаға салар ойы, айтар әңгімесі де аз болған жоқ. Әңгіме арасында, «Қазақтың бір қызымын» атты жыр жинағынан өлеңдерін оқып, қысқаша тарихына да тоқталды. Ақын апай «Соғысты туа шақырған, қу жетімек атандық» деп өзі жырлағанындай, балалық шақтың ащы-тұщы дәмінің әлі де есінен кетпейтінін, анасына қолғабыс жасап, жан бағу үшін талай қиындықты көріп, толарсақтан саз кешіп күн көргендерін де еске алды. Құдды кинолентадай көз алдыңа елестете отырып әңгімелегенде, сол заматта қиын-қыстау жылдарға «саяхаттап» та қайттық.
Бала күнінде, ауыл қыздарымен алма бақ арасымен жаяу жүріп келе жатып, алманың хош иісі аңқыған үйге кіріп келеді. Сол сәтте, ақ киімді, ақ сақалды қария кісі бүлдіршін қызға қып-қызыл алма ұсынады. Кейіннен «Қолынан алма жедім бала кезде» деген жыр жолдарында алма ұсынған қарттың жыр дүлдүлі ­Жамбыл Жабаев екенін еске алады. Ақын апай тоқтар емес. Әр әңгімесі бірінен бірі қызық, тыңдай бергің келеді. Әттең… уақыт шіркін тежеулі.
«Қазір қасиетті Рамазан айы ғой, күнде ауызашар беріп жатыр ауыл, бір-бірімізді кезекке тұрып шақырамыз, бүгін біздің балалар дайындалуда» деді Надя апай. Ал не дерсің?! Қаны қазақ кейбір ағайынның жасай алмай, өтей алмай жүрген міндеті екені жасырын емес. Періште көңіл ақын апай мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа барып келгеннен бастап, өмірге деген көзқарасының өзгергенін, бұл дүниедегі нәрсенің бәрі адамның ниетіне қарай болатынына тоқталып, барына да, бәріне де шүкіршілік айтып, ағынан жарылды.
Қоштасар сәт те келді. Елге сыйлы, аузы дуалы ақын ана бізге батасын берді. Надежда апай бізге «Қазақтың бір қызымын» атты жыр жинағын ұсынып тұрып:
«Жеткенше жүзге пісе бер,
Бұл өмірдің піспегін.
Бұйырған астың ішінде,
Ең тәттісін тістегін.
Қолыңа не іс алсаң да,
Алда болсын істерің» деп жөпелемде өлең жолдарын да шығарып, оны қолтаңбасымен қоса кітаптың бірінші бетіне жазып та берді. Біз төбеміз көкке бір елі жетпей, ырза көңілмен қимай-қимай қоштасқан едік ақын апаймен.
«Сен – аласа, мен – биік» дейтін кейбір астамшыл ойлы адамдардан емес, тап-таза, кең пейіл, ақ жүректі ақын апайымызбен қоштасар сәтте, жазушы Қабдеш ағаның: «Ар-ұяттың тазалығы жазушы үшін басты шарт. Алдыңда жатқан қағаз қандай таза болса, жазушының жан дүниесі де сондай кіршіксіз пәк болуы керек» деген тұжырымына дәл Надежда ­Лушникова апай сияқты айтыскер ақынның болмысы нақты дәлел. «Табынамын жүрегіне қазақтың» деп қазақтың қара өлеңімен жыр көрпесін құраған айтыскер ақын апайымызды сонау бір күндері өз көзіммен көріп, сұхбаттасуға ынтық болғанымның сырын ұққандай болдым сол күні. Иә, Жамбыл бабамыздың босағасын келін боп аттаған кешегі бойжеткен Надежда Андрейқызын қазақ елі де күні бүгінге дейін келісті келін, айтулы ақын қызымыз деп алақанына салып, аялап келеді.

Рыскен ӘБІШЕВА,
филология ғылымының  кандидаты
Алматы облысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *